Accessibility links

«Қытай Шыңжаңдағы басты проблемаларды жасырады»


Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің басшысы Рәбия Қадыр. Toкио, 14 мамыр 2012 жыл
Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің басшысы Рәбия Қадыр. Toкио, 14 мамыр 2012 жыл

Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің қуғындағы басшысы Рәбия Қадыр «Азат Азия» радиосына берген сұхбатында Шыңжаңдағы жарылыс пен аймақтағы шиеленіскен ахуал жайлы пікірімен бөлісті.

Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжідегі соңғы бірнеше жылдың көлемінде болмаған алапат жарылыс жұртты қатты шошытты. Бұл қастандықтан 31 кісі опат болып, 90 адам жарақат алды. Өткен айда ғана Үрімжідегі теміржол бекетінде және бір қантөгіс болған, ол жолы қаскөйлер бомба жарғанымен қоймай, халыққа пышақ ала жүгірген. Осы оқиғалардан соң Шыңжаң ауданының басшылығы аймақта қауіпсіздік шараларын күшейтті.

«Азат Азия» радиосы ұйғыр қызметі Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің қуғындағы жетекшісі Рәбия Қадырмен осы оқиғалар және аймақтағы ахуал туралы сұхбаттасқан еді.

– Үрімжі базарындағы жарылысқа қатысты Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің пікірі қандай?

Рәбия Қадыр: – Қай жерде болғанына қарамастан, Бүкіләлемдік ұйғыр конгресі қантөгістердің, зұлымдық әрекеттердің болғанын қаламайды. Сондықтан біз осы оқиғалардан қаза тапқандар мен жараланғандар үшін қатты қайғырамыз. Бізді қынжылтатыны – бұл оқиғалардың алдын алуға және болдырмауға болатыны анық еді. Керісінше [Қытай үкіметі жүргізіп отырған] саясат аймақтағы ахуалды жыл сайын, ай сайын ушықтырып барады.

Мұның алдында болған оқиғалардан сабақ алып, проблема тудырып отырған
Қытай полициясы жарылыс болған базар маңын қоршап тұр. Үрімжі, 22 мамыр 2014 жыл.
Қытай полициясы жарылыс болған базар маңын қоршап тұр. Үрімжі, 22 мамыр 2014 жыл.
түпкі себептерге үңілудің орнына бір қателіктен соң екінші қателік жасап жатқан Қытай үкіметі – Шығыс Түркістанда болып жатқан осы сияқты оқиғалардың барлығына жауапты жалғыз тарап деп санаймыз. Бұған қоса біз Қытай үкіметін қаза тапқандар мен жараланғандар үшін барлық жауапкершілікті өз мойнына алуға шақырамыз.

– Қытай үкіметі мұндай оқиғаларды болдырмай, аймақта тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық амалды жасап жатқан сияқты. Бірақ, мұнысы нәтиже бермей отыр. Мұның себебі неде?

Рәбия Қадыр: – Өйткені олар проблеманың басты себебін көзге ілмей отыр. Проблеманың басты себебі өте қарапайым: үкімет бір этностық топтың мүдделерін қорғаймын деп екінші этностық топтың мүдделерін аяққа таптап, қағажу көргендердің мұң-мұқтажына құлақ аспай отыр. Үкімет оларға өз жанайқайын жоғарыға жеткізудің заңды жолдарын қалдырмады. Осындай жағдайда дініне, ұлтына, нәсіліне не мәдени ерекшелігіне қарамастан, олар өз наразылықтарын дәстүрлі емес жолдармен жеткізуге ұмтыла бастайды. Олардың арасында қантөгіс әдісіне жүгінетіндердің болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.

Мәселенің осы қырын байқамайтындай Қытай үкіметі тым ақымақ дей алмаймын. Қытай үкіметінің басты қателігі – өз күшіне тым қатты сенетіндігі. Олар экономикалық қуатын пайдаланып Батыс елдерінің аузын жапқысы келеді, ал әскери күш-жігерін пайдаланып, көрші елдермен арадағы жер дауын және этностық мәселелерді шешкісі келеді.

Сондықтан Қытай үкіметін осы қателіктерін мойындап, этностық және саяси мәселелерді тек әскери жолымен шешу мүмкін еместігін түсінуге шақырамын.

– Қытай үкіметі мемлекеттің және халықтың мүдделерін қорғау үшін аймақта осындай қатаң саясат ұстанып отырмыз деп ақталады. Бұл туралы сіздің көзқарасыңыз қандай?

Рәбия Қадыр: – Қытай үкіметі өз іс-әрекеттері тек ханзу ұлтының мүдделері үшін жасалып жатқан жоқ дейді. Қытай үкіметінің билікке демократиялық жолмен келмегенін бәріміз білеміз. Олардың заңдық билігі әлемдік саяси нормаларға сай келмейді. Сөйтіп, өзінің кемшіліктерін бүркемелеу үшін және ханзуларды алдаусырату үшін Қытайдың коммунистік басшылығы елде ханзу ұлтшылдығын
Үрімжідегі жарылыстан соң Пекин теміржол вокзалында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 23 мамыр 2014 жыл.
Үрімжідегі жарылыстан соң Пекин теміржол вокзалында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 23 мамыр 2014 жыл.
орнатып жатыр. Қытай халқы бұл қақпанға түсіп қалмауы керек.

Қытай халқына экономикалық даму қажет, бірақ оларға ең алдымен қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі және адами қадір-қасиеттерінің сақталуы маңызды. Болашақ ұрпаққа өшпенділік пен ыза-кек жайлаған қоғамды мұраға қалдыру Қытайдағы ханзу халқына да, кең ауқымда алып қарасақ, әлемдік бейбітшілікке де ешқандай жақсылық әкелмейді.

Мемлекеттің қантөгіс жолымен тыныштандыру әрекеттерін, бұған қарсыласқандардың зорлық-зомбылығын алып қарастырар болсақ, бұлардан ақыр соңында қарапайым халық жапа шегеді, олардың арасында қытайлар да, ұйғырлар да бар. Ал бұдан ұтатын – өз ұстанымдарын нығайтып, экономикалық пайда табатын партия басшылары ғана.

– Базардағы оқиғаға қатысты толық әрі шынайы ақпарат таратылды деп ойлайсыз ба?

Рәбия Қадыр: – Меніңше, оқиға туралы толық ақпарат берілген жоқ. Дегенмен, мен үшін бұдан да маңыздысы – оқиғаға түрткі болған түп себептер туралы ақпарат жеткіліксіз болды. Осыған байланысты қытай ақпарат құралдарын әділ әрі адал болуға шақырамын.

«Синьхуа» ақпарат агенттігінің оқиға туралы ақпаратты еш кідірместен, жылдам таратуы – құптарлық жайт. Алайда, олар Үрімжі базарындағы жарылыстан 39 сағат бұрын Кучада болған оқиға туралы хабар беруде осындай шапшаңдық танытпады. Осы мүмкіндікті пайдаланып Қытай ақпарат құралдарын ұйғырлардың діни рәсімдерін орындауына қатаң шектеу себеп болған Кучадағы осы оқиғаны зерттеуге шақырамын. Кез келген ұлт өкілінің баға жетпес байлығы – оның өмірі, ал қауіпсіздік – кез келген ұлттың қажеттілігі.

– Қытай үкіметі аймақтағы шиеленіскен ахуалды реттеу үшін не істеуі керек деп ойлайсыз?

Рәбия Қадыр: – Қытай үкіметі қазіргі жағдайды түзетуі үшін біраз қадамдар жасауы керек. Бірақ қазір бұл туралы айтып отыратын уақыт емес. Кезек күттірмес мәселе болғандықтан, ең алдымен Қытай үкіметін ұлттар арасында өшпенділік тудырып отырған арандатушы риториканы тоқтатуға шақырамын. Бұған қоса үкімет жекелеген адамдардың әрекеттері үшін олардың отбасыларын, туыстарын, кейде тіпті көршілері мен достарын жазалау әдісін
Тяньаньмэнь алаңында жолаушыларды қағып, қабырғаға соғылып жанған автокөлік түтіні. Қытай билігі оқиғаға «ұйғырлардың қатысы барын» айтады. Пекин, 28 қазан 2013 жыл.
Тяньаньмэнь алаңында жолаушыларды қағып, қабырғаға соғылып жанған автокөлік түтіні. Қытай билігі оқиғаға «ұйғырлардың қатысы барын» айтады. Пекин, 28 қазан 2013 жыл.
қолдануды доғаруы керек. Екі тараптың да пікірін қамтитын ақпараттың таралуына мүмкіндік берілуі тиіс.

Үкіметтің озбырлығын ақтап алуға тырысатын ақпараттың барлығы ұлттар арасындағы кикілжіңді ұлғайтып, болашақта бұдан да ірі қантөгістерге алып келуі мүмкін. Бұл оқиғаларды ұйымдастырғандарды қамау және соттау шараларының бәрі ақпарат құралдарында ашық жазылуы керек. Бұған қоса қылмыстық сот халықаралық деңгейде мойындалған нормаларды пайдалануы тиіс. Яғни, Қытай үкіметі заң үстемдігі салтанат құрған елге лайықты шаралар қолданса, онда кикілжің біршама бәсеңдеген болар еді.

– АҚШ сияқты кейбір елдер Үрімжідегі оқиғаны террорлық әрекет деп айыптады. Бұл туралы пікіріңіз қандай?

Рәбия Қадыр: – Тәуелсіз БАҚ-қа шектеу қойылған Қытайдан келіп жатқан ақпаратқа баға бергенде абай болған жөн. Оқиғаның түпкі себептеріне үңіліп көрген артық емес. Басқа елдер мемлекеттік ақпарат құралдары ашық хабар таратып жатқан оқиғалар туралы ғана емес, үкімет жасырып-жауып отырған қасіреттер туралы да зерттеу жүргізсе екен деймін. Дүниежүзіндегі мемлекеттерді қысым көрсетушінің емес, қысым көрушінің жағында болуға шақырамын. Қаза тапқандарға көңіл айтып, шабуылдарды айтыптаумен шектелу жеткіліксіз. Ең дұрысы – оқиғаға түрткі болған түпкі мәселелерді шешуге жәрдемдесу. Бұдан да маңыздысы – Қытай үкіметін ішкі ұлттық, саяси мәселелерді шешуде тек әскердің күш-қуатына сүйенбей, заң мен әділдікке жүгінуге шақыру керек.

Азат Азия радиосының материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG