Accessibility links

"Ресейдегі демократияны құртуды Ельцин бастаған"


Ресей парламенті алдында тұрған әскери танкілер. Мәскеу, 4 қазан 1993 жыл.
Ресей парламенті алдында тұрған әскери танкілер. Мәскеу, 4 қазан 1993 жыл.

1993 жылы Жоғары Кеңесті тарату Ресей демократиясына соққы болды ма? Неліктен Вашингтон Борис Ельциннің күмәнді іс-әрекетін қолдады? Ельциннің тұлғасы мен түпкі ниетін бағалаған батыс сарапшылары мен саясаткерлері қателесті ме? Владимир Путин – Борис Ельциннің адал ізбасары ма?

Wall Street Journal басылымына "Ресей демократиясы қалай өлді" деген мақала жариялаған америкалық публицист Дэвид Саттер постсоветтік Ресейдің бірінші парламентін таратуға 25 жыл толуына орай Азаттыққа сұхбат берді.

1993 жылы қыркүйектің 21-і күні Ресей президенті Борис Ельцин "Ресей Федерациясындағы кезеңді конститутциялық реформа туралы" №1400 жарлығын шығарды, оның бірінші тармағында ең жоғарғы заң шығарушы орган – Жоғары Кеңес пен халық депутаттары кеңесін тарату туралы айтылды. Бұл шешімге дейін парламент реформа жасауға қарсы шығып, бірнеше ай бойы президентпен тірескен еді. Екі аптаға созылған дағдарыстың соңы қазанның 4-і күні Жоғары Кеңес депутаттарының бір бөлігі баррикада орнатып, бекініп алған Ақ үйге шабуылмен аяқталды.

Батыс елдері Борис Ельциннің парламентті таратуын сөкпеді, "жақында жаңа парламентке еркін сайлау өткіземін" деген уәдесіне қанағаттанды. Дэвид Саттер батыс елдері өрескел қателік жіберді, бұл оқиға дәурені онша ұзаққа бармаған Ресейдегі демократиялық тәжірибеге нүкте қойғанын түсінбеді деп санайды.

Бұл орыс демократиясының өшуінің бастауы еді.

- Бұл орыс демократиясының өшуінің бастауы еді, - дейді Дэвид Саттер. – Ельцин Жоғары Кеңесті қысқартты, кейін армияны халық сайлаған адамдарға қарсы қолданды, бұл Ресейдегі билік бөлінісінің ақыры болды. Билік бөлінісі болмай демократиялық жүйеге жету мүмкін емес. Ельцин Ресейде демократиялық жүйе үшін өте қажет менталитеттің жоқтығын көрсетті, ол – демократиялық жүйені сақтау үшін ымыраға келу. Кез келген демократия мүдделер қақтығысына негізделеді, ол шоғырланған шиеленіс жағдайы. Жүйеге қатысушылар сол сәттегі жеке жеңісінен демократияны жоғары қойса, сол кезде ғана демократия тіршілік етеді. 1993 жылғы Ресейде базалық менталитет – дауды келісіммен және ымырамен шешу мүмкіндігін сақтау болмады. Ельцин тоталитарлық құрылымнан енді шыққан халықты жақсы ұйымдастыра алды және Ресейдің ары қарай дамуына қажетті маңызды принциптердің бірін жойды.

- 1993 жылғы оқиға мен Ресейдің авторитаризмге қайта оралуы үшін Ельцинді айыптайтын сияқтысыз. Бірақ өзіңіз Ресейде демократиялық менталитет болмаған деп отырсыз. Оның қарсыластары да демократтар емес еді ғой. Парламентті таратуға олар да айыпты емес пе?

АҚШ журналисі Дэвид Саттер.
АҚШ журналисі Дэвид Саттер.

​- Әрине, екі тарап та айыпты. Бірақ заңды, конститутцияны бұзған Ельцин ғой. Ол коммунистік конститутция еді деп қазір айту оңай. Әлбетте, конститутцияның кемшілігі көп еді, бірақ оны өзгертуге болатын, жұмыс істеуге болатын құжат еді. Қалай болғанда да ол Ресейдегі жалғыз заң құрылымы еді. Ельциннің біржақты тәртіппен оны бұзуға құқығы болмады. Ельцин заңды өрескел бұзды, оның құны мемлекетке өте қымбатқа түсті.

- 1993 жылы оқиға басқадай өрбуі мүмкін еді деп ойлайсыз ба? Оны елестету қиын. Еске түсірейік: бір жақта гайдарлық реформаны ұсынған Жоғары Кеңестің қарсылығы, екінші жақта – реформамен соңына дейін баруға әзір Ельцин тұр.

- Иә, басқаша жолы бар еді. Ол Ельцинді сайлаған, оның президент болуына жағдай жасаған парламент еді. Беловеж келісімін мақұлдаған, Совет одағын құлатқан парламент болатын. Сол парламент Ельцинге арнайы өкілдік берді, реформа жасауға жағдай жасады. Басында парламент оған жау болмады. Бірақ Ельцин мемлекетті заңнамалық биліксіз басқарғысы келді. Айтқан ұсынысы, істеген ісі не тиімсіз, не қате болып шыққанда халық жапа шекті.

Содан соң тұрғындармен байланыс жасап отырған парламенттегі адамдар қарсы шығып, наразылық танытты. Ельцин Жоғары Кеңесті елемеуге тырысты. Мемлекет экономикалық дағдарыстан зардап шеккенде ол кеңеске жеккөрінішпен қарады. Солайша жағдай шиеленісті. Ельциннің оған жол бермеуге мүмкіндігі бар еді. Елде ешқандай сенімді заң болмай тұрғанда есеңгірету арқылы емдемек ("шоковая терапия") болды. Ол Ресейде заң үстемдігін орнатудың қажеттілігін немесе мүмкіндігін көрмеді. Қылмыс көбейген кезде бұл мәселені парламентпен талқылағысы келмеді. Парламентшілер де не істеу керектігін білмеді. Бірақ басты айыпкер – Ельцин. Елде азаматтық соғыс тудыра жаздаған дағдарысқа айыпты да сол.

Ресей Жоғары Кеңесінің соңғы төрағасы Руслан Хасбулатов. (Мұрағаттағы сурет.)
Ресей Жоғары Кеңесінің соңғы төрағасы Руслан Хасбулатов. (Мұрағаттағы сурет.)

- Ельцин жалғыз емес еді ғой. 42 мәдениет қайраткерінің хатын еске алайық. Олар Ельцинді қолдады.

- Бұл орыс зиялыларының қасіреті, себебі орыс интеллигенциясы тоталитарлық ортада құрылған. Ол хатта Ельцинді қатты қолдаған көптеген достарымның аты-жөнін қатты қынжыла оқимын. Олардың арасында Ельцин құрған жүйеден жапа шеккен, тіпті соның құрбаны болған адамдар бар. Сол кезде олар ештеңе ойламады, жаппай психоз болды.

- Әділетін айтар болсақ, Батыстағы сарапшылардың біразы да Борис Ельцинді қолдауға тұрарлық демократиялық жетекші деп санады. 1996 жылы Ресей президенттігіне сайлау кезінде тарихшы Ричард Пайпстан "Ельциннің кететін кезі тумады ма?" деп сұрағанымда, ол "жоқ, Ельцин демократ адам" деп жауап берген еді.

Ельцин демократ сияқты көрінетін, бірақ оның демократияға қарсы мінезі мен карьерасы Ресейдегі көптеген адамға айқын болды.

- Ельцин демократ сияқты көрінетін, бірақ оның демократияға қарсы мінезі мен карьерасы Ресейдегі көптеген адамға айқын болды. Мысалы, 1993 жылы көктемде импичмент туралы сөз қозғалғанда Жоғары Кеңесті тарату жоспары болды, тіпті депутаттарды парламент ғимаратынан шығару үшін уландырғыш газ қолданбақ болды. Ельцин болса Шешенстанда соғыс бастады. Не үшін? Оның кеңесшілерінің бірі Олег Лобовтың айтуынша, рейтингін көтеру үшін президентке жеңіс әкелетін шағын соғыс керек болған.

Кейін өлтірілген Сергей Юшенковқа ол туралы өзі айтқан, оны 1999 жылы үйлердің жарылысын зерттегені үшін өлтірсе керек. Ельциннің рейтингін көтеру – соғысты бастауға жақсы себеп емес деген ешкімнің ойына келмесе керек. Ельцин туралы романтикалық идеяны құртатын фактілер жеткілікті. Коммунизм жеңімпазы ретіндегі рөлі адамдарды босаңсытып жіберді.

Халықтың кедейленуін былай қойғанда, жекешелендіру процесі қоғамның барлық деңгейінде қылмыстық жолмен жүрді, маңызды ресурстарды еш қиындықсыз басып алған қылмыс әлеміне шыдаммен қарау – Ельцин басқарған қоғамның нәтижесі мен менталитеті еді. Ричард Пайпс озық ойлы адам, таланты мен ақылы одан кемдеу адамдар да Ельцинді қолдау керек, себебі басқалары қолдауға тұрмайды деп ойлады, бірақ олар қателесті. Демократиялық процесті қолдау керек еді.


- Батыстың, АҚШ-тың Ельцинді қолдағаны үшін ресейліктердің көбі Вашингтонға ренжиді. "Елді тонау мен кедейлендіру реформасын жасаған адамды қолдадыңдар" деседі.

- Олар Ельциннің арандатушылығын білмеді, сол үшін кешірім танытса болар. Ең маңызды оқиға – "Останкино" маңындағы қырғын, ішкі әскер қарусыз халыққа оқ атты. Ельцин армияны Ақ үйге шабуылдауға көндіру үшін немесе бұйрық беру үшін осы жағдайды қолданды. "Останкино" телеорталығы маңында не болды? Ең басты фактілерді білеміз. Мәскеуде полицияның мыңдаған жасағы Жоғары Кеңесті қолдаған шерушілерді ұрып-соқты. Кенеттен, қазанның 6-сы күні Мәскеу орталығындағы милиция жоқ болып кетті, жүк көліктері мен автобустар, оталуға дайын кілттер қалды. Адамдар сол көлікке отырып "Останкиноға" барды, сол жерде автоматы бар ішкі әскер күтіп тұрды. Дәл сол жағдайда маргинал фашисттік элементтер "Останкино" есігін атты, кейін ғимарат ішінен жарылыс шықты, оған шерушілер айыпты емес едіғ ішкі істер әскері оларға оқ жаудырды. Бұл нағыз қырғын болатын. Ельцин кейін оны қызыл-қоңырлардың "Останкиноға", сөз бостандығына шабуылы деп атады.

"Останкино" трансляция жасауын тоқтатты – "Останкино" жетекшілері әсер қалдыру үшін сондай шешім қабылдады. Ақ үйге шабуылдауды бүркемелеп, бүкіл әлемді алдау үшін солай істеді. Оның әсері зор болды. Оның арандату екенін білмегендер, Ресейді, Ельцинді білмегендер тұзаққа түсті, Ельцинді қолдады.

Біздің мемлекеттік хатшы Уоррен Кристофер сол кезде "әдетте біз парламентті таратуды қолдамаймыз, бірақ мынау ерекше жағдай" деді. Несі ерекше екенін өзі түсінген жоқ. Ельцин арандатудың дәмін біліп алды. 1999 жылы үйлерді жарудың түбі осыған тіреледі деп ойлаймын. Арандатуға деген коммунистік сүйіспеншілік Ельцинге тән еді. КГБ немесе ФСБ-ні таратуға ешқашан бармауының бір себебі осында деп ойлаймын, себебі билікті сақтау үшін оларды қалай пайдалануға болатынын білді.

- Борис Ельцинді жағымсыз тұлға ретінде сипаттап отырсыз. Тіпті шектен тыс жағымсыз етіп көрсеттіңіз.

- Қазіргі Ресейде не бар? Иә, қазір ол коммунистік режиммен салыстырғанда еркін мемлекет, бұрынғыдан жақсырақ шығар. Бірақ демократиялық жетекші стандарт бойынша қарасақ, Ельцин Ресей тарихындағы абсолюттік жағымсыз кейіпкер. Соның кесірінен демократияға сай даму мүмкіндігі жойылды. Постсоветтік орыс халқының мінезін, коммунизм мұрасын ескерсек, басқа баламасы болды ма? Басқа жолмен жүру мүмкіндігі болды. Иә, бұл елде заңды құрметтеу дәстүрі жоқ еді, бірақ Ресей тарихындағы бұрылыс кезеңі еді, империя талқандалды, ескі идеалдар құлады. Сол сәтте Ельцин емес, басқа тұлға керек еді.

"Останкино" телеорталығы қасындағы жүк көлігі. Мәскеу, 3 қазан 1993 жыл.
"Останкино" телеорталығы қасындағы жүк көлігі. Мәскеу, 3 қазан 1993 жыл.

- Бұндай теория нақты тәжірибеге қайшы келеді. Қалай болғанда да Ресей он бес мемлекеттің бірі еді, Совет одағының мұрагері болатын, олардың ешбірінде (Балтық елдерін қоспағанда) демократиялық институт шеңберінде әрекет қылған демократиялық басшы болмады.

- Шығыс Еуропада коммунистік режим болды, ол жақта демократиялық режим құрылды. Балтық бойындағы елдер де коммунизмнен шығып, демократиялық жүйе орнатты. Қазір Грузия Ресейге қарағанда, тіпті Украинамен салыстырғанда әлдеқайда демократиялық елге айналған. Сіз айтқан мәселе өте елеулі, себебі коммунизм адамдарға әсер етті; жеке ұяттан, идеядан айырды, адам өзіне жауап беруі керек, өзін және өзгелерді сыйлауы керек деген идеяны құртты. Ондай сенім болмаса демократиялық принциппен әрекет ететін қоғам құру қиын. Ресейде демократиялық кезең болған еді. 1917 жылғы Уақытша үкіметті айтамын. Қиыр Шығыста, Приморьеде демократиялық үкімет болды. Менің ойымша, мәселенің бәрі Ресей билігінде табиғатынан демократ адамдардың болмауына келіп тіреледі.

- Расымен де, Ресейдің басшыдан жолы болмады деген түсінік бар. Соңғы ғасырда ғана емес, елдің бағытын анықтайтын тарихи кезеңдерде сондай басшы табылмаған.

Мұның бәрі Ресей басшысы болуға лайық емес адамдардың билікке келгенінің кесірі.

- Ол әлі жалғасып жатыр. Ельцин сол дәстүрді бекітіп кетті. Өте жағымды тарихи тұлға атануға мүмкіндігі көп еді. Халықтың бәрі жақсы көрді, сыртқы әлем қолдады, жаңа мүмкіндіктер ашылды. Өзі таратқан Жоғары Кеңес те оны қолдаған. Бірақ іштей коммунистік босс болып қалды, Екатеринбургтегі (сол кездегі Свердловск) Ипатьев үйін бұзуға бұйрық берді, себебі ол жерге көп адамдар тәу етуге баратын. Ельцин оның үйін бұзуға бұйрық берді. Сыртқы түрін өзгертіп, демократқа ұқсады, бірақ іші өзгермеді.

Ресей қазір өз тарихын түсінуге тиіс. Ол үшін тарихи идеяларды түсініп, оларды әшкерелеуі керек.

Ресейде, әсіресе Америкада танымал бұл идеялар бойынша, Ельцин деген тамаша, жақсы адам бар еді, оның орнына Путин деген жауыз келді. Ельциннің кім болғанын, Путинді кім таңдағанын ешкім еске алмайды. Путинді билікке әкелген үй жарылысы шын мәнінде Ельциннің ісі екенін ешкім ойламайды. Мүмкін Ельцин соны өзі мақұлдаған шығар.

Ресей тарихын біліп, содан сабақ алуы керек. Ельцин мен 1993 жылғы оқиғаның шындығын мойындамасақ – тарихтан сабақ алмаймыз. Үй жарылысын былай қойғанда Беслан, "Норд-Ост", Украинаға шабуылдау, малайзиялық ұшақты атып түсіру – мұның бәрі Ресей басшысы болуға лайық емес адамдардың билікке келгенінің кесірі, сол үшін орыс халқының төлеген құны.

- Болашақ туралы айтсақ, 93-ші жылдың мұрасы Ресейдің болашағын болжауға мүмкіндік бере ме? Қазірдің өзінде ел конститутциясын Путинге лайықтап өзгерту туралы әңгімелер бар, оның жаңа рөлде билік құруына мүмкіндік беретін конститутциялық формат құру туралы айтылып жүр.

- Әңгімелер айтылады, бірақ ең бастысы – адамдардың рухы өзгеруі керек. Өз тарихын түсінбейінше ол мүмкін емес. Ол саяси процестің үлкен қозғаушы күші. Қайта құру кезінде тарихқа мән беру басты элемент болды. Сондай түсінік арқасында нағыз демократияға қарай бағыттау қадамдары туралы ойланса болады. Мысалы, жаңа Құрылтай жиынын құру, жаңа конститутция жасау. Сіз Ельцинді тым қаралап жатырсыз дейсіз, әрине, қара нәрсені одан әрі қарайту мүмкін емес, бірақ оның іс-әрекетін бағалағанда қысылмау керек. Ресей қазіргіден көрі жақсырақ жағдайға лайық еді.

- Бұл сөзіңізге қарсы шығып, халқы қандай болса, басшысы сондай дейтіндер болады.

Путин құрған жүйе табиғатынан тұрақсыз, өтірікке құрылған, оның тұрақты болуы мүмкін емес.

- Олай ойламаймын. Адамдар қателеседі. Орыс халқының оң бастамасы көп, әлемге көп жақсы дүниелер берді. Ресейдің айналасындағы әлем өзгеріп жатыр, Ресей де өзгереді. Ресейде орта тап дамып келеді, адамдар саяхаттайды, көптеген ресейліктер шетелде тұрады. Путин құрған жүйе табиғатынан тұрақсыз, өтірікке құрылған, оның тұрақты болуы мүмкін емес. Тұрақтылық – ішкі және сыртқы есеңгірететін жағдайларға қарсы тұра білу. Патшалық Ресей әлеуметтік революцияға жағдай жасаған бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін тұрақты көрінетін.

- Оған дейін Жапон соғысы болды, ол патшалық Ресейді есеңгіретті. Ленин айтқандай "патшалық Ресейдің іріп-шірігенін көрсетті".

- Жапон соғысы процеске түрткі болды. Ресей халқы өте білімді және қазіргі саяси жүйе үшін тым дамыған. Заңсыздық бар, көп адамдар наразы, жүйе тиімсіз екенін дәлелдеді. Ресей маңында не болатынын болжау қиын. Орыс халқы өткені туралы шындықты білгісі келеді. Адамдардың өтіріктер әлемінде өмір сүруі – жасанды жағдай, нағыз фактілер әлемінде өмір сүру керек. Сондықтан бұндай талантты халықтың сауығуына барлық жағдай бар деп ойлаймын.

Наразылық акциясына қатысушылар. Мәскеу, 9 қыркүйек 2018 жыл.
Наразылық акциясына қатысушылар. Мәскеу, 9 қыркүйек 2018 жыл.

- Осы әңгіме Уақытша үкімет басшысы Керенскийдің мемуарын есіме түсірді, ол 1917 жылы өзінің демократиялық үкіметін қолдамаған Батысты айыптайды; бұдан соң өле-өлгенше, 1970 жылдарға дейін ресейліктердің демократия мен бостандыққа деген ұмтылысы туралы жазды. Сол ресейліктердің көбі (сауалнамаға сенсек) коммунистік тәжірибеден соң Ресейдің ерекше жолы туралы ұранға сенеді.

- Басқа жолды ойлап тапқан ешкім жоқ. Батыс өркениетіне негіз болған кәдімгі адамгершілік құндылық, әмбебап құндылықтардан басқа балама жоқ.

(Юрий Жигалкиннің сұхбаты орыс тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG