Өмірхан Алтын өткен жылы Астанадағы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде Қытай қазақтарының басындағы жағдайды Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да жеткізген.
Азаттық: – Өмірхан мырза, мамырдың 15-і күні сіз Еуропарламентте Қытайдағы қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы мәселе көтердіңіз. Осы сапарыңыз қаншалықты нәтижелі болды?
Өмірхан Алтын: – Өз ойымша, айтарлықтай нәтижелі болды. Неге десеңіз, бұған дейін ол комитетте Қытайдағы тибеттіктер, моңғолдар, ұйғырлар мәселесі туралы көбірек айтылып келген. Ал бұл жолы Еуропарламентте Қытай қазақтарының қысым көріп жатқаны туралы алғаш рет егжей-тегжейлі баяндалды. Тіпті жиынға қатысушылардың кейбірі кездесуден соң қазақтардың мәселесінің көтерілуімен отырыстың салмағы артқандығын, "қазақтарда мұндай мәселенің бар екендігін көп біле бермейтіндерін" айтты. Сондықтан өзім толықтай қанағаттандым.
Азаттық: – Брюссельге қай ұйымның атынан бардыңыз?
Өмірхан Алтын: – Ешбір қоғамдық ұйымның немесе мемлекеттік мекеменің атынан барған жоқпын. Жеке бастамам бойынша алдын ала Германия парламентіндегі депутаттармен сөйлесіп, солар арқылы Еуропарламентке шықтым. Және оған дейін Еуропадағы адам құқықтары жөніндегі ұйымдармен байланысып, соңғы бір жыл ішінде Қытайдағы қазақтардың қысым көріп жатқанына қатысты бүкіл деректерді неміс және ағылшын тілдерінде жіберген болатынмын. Сол деректердің негізінде адам құқығын қорғау ұйымының өкілдері Брюссельдегі жиында біздің атымыздан сөз сөйледі.
Азаттық: – Ол хатты алдын ала кімдерге жібердіңіз?
Өмірхан Алтын: – Үш апта бұрын халықаралық адам құқықтары жөніндегі ұйымдарға және осы мәселемен (адам құқықтары - ред) шұғылданып отырған парламенттегі комитеттерге хат жібердім. Өзім дайындап апарған хатты сол жердегі мамандарға қолма-қол тараттым.
Азаттық: – Хатқа сізден басқа кімдер қол қойды?
Өмірхан Алтын: – Шынын айтқанда, басқа ешкім қол қойған жоқ. Бірақ ол мәліметтердің жиналуына осы мәселені қозғап жүрген Қазақстандағы белсенді азаматтар көмектесті.
Оқи отырыңыз: Қытайда қамауда отырған туыстарын босатуды сұрады
Азаттық: – Қытайдағы қазақтар мәселесіне байланысты Қазақстандағы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қандай да бір пікір білдірді ме, сізге қолдау танытты ма?
Өмірхан Алтын: – Өкінішке қарай, ондай болған жоқ. Құрылтайдан кейін жаңа сайланған басшылықпен бір-екі рет кездесіп, осы мәселе туралы сөйлескенбіз. Бірақ нақты бір әрекет немесе бірге жұмыс істейік деген ұсыныс я талпыныс болған жоқ.
Азаттық: – Жуырда Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытайда қамалған қазақтардың саны 170 адам деп айтты. Расымен солай ма?
Өмірхан Алтын: – Ол кісінің айтып отырғаны – Қазақстаннан барған азаматтардың саны. Өкініштісі сол, ар жақта [Қытайда – ред.] мыңдаған қазақ түрмеде жатыр. Ал түрмеде жатқан әрбір қазақтың екі-үштен туысы бар десеңіз, олар солармен бірге қан құсып отыр.
Оқи отырыңыз: Қамауда не көргенін айтушылар көбейді
Азаттық: – Өзіңіз жинаған деректер мен құжаттарды халықаралық адам құқықтары жөніндегі ұйымдарға тапсырғаныңызды айттыңыз. Ал енді сол ұйымдар немесе Еуропа елдері тарапынан бұл мәселені шешу үшін қандай да бір әрекет бола ма?
Өмірхан Алтын: – Болады. Өйткені біз сөйлескен адамдар парламенттің төменгі палатасының өкілдері. Олар: "Біз қазір бәрін талқыладық. Енді жоғарғы палатаға ұсыныс жасаймыз" деп айтты. Менің ойымша, алдағы уақытта БҰҰ тарапынан болсын, Еуропарламент тарапынан болсын түрлі шаралар қолданылады. Мұндағы ең үлкен мәселе – біз оларға нақты құжаттар тапсырдық.
Азаттық: – Осы жолғы Қазақстанға сапарыңыздың мақсаты не?
Өмірхан Алтын: – Еуропада тұратын қазақтар Ораза айы кезінде бас қосып, ауызашар жасаймыз. Сол кезде ағайындар пітір-садақаларын жинап, қайырымдылық шараларына жұмсайды. Биыл Мюнхендегі ағайындар пітір-садақаларын жинастырып, адамдары Қытайда қалып отырған Қазақстандағы отбасыларға көмек ретінде беруді ұйғарды. Мен соларды жеткізу үшін келдім.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.
ПІКІРЛЕР