Иран астанасында кешеден бері Қазақстан-Иран экономикалық қатынасы талқыланып жатыр. Осы орайда ұйымдастырылған қазақстандық «сауда миссиясы» - Иран халықаралық санкциядан шыққаннан кейінгі екі ел экономикалық қатынасын дамытудағы алғашқы шара.
«САУДА МИССИЯСЫНЫҢ» САЯСИ КЕЗДЕСУІ
Қазақстандық «сауда миссиясының» Тегеранға сапары аясында бизнес-форум өткізіліп, әртүрлі іскерлік кездесулер ұйымдастырылған. Иран қазақстандық делегацияның Тегеранға сапарының басты мақсаты ретінде банк және экономика саласындағы кедергілерді жою екенін хабарлады. Қазақстан болса, тауар экспорттау жолдарын қарастыруға мән берген.
Бұл жолы Тегеранға барған қазақстандық делегация құрамында министрліктер, әкімдіктер және бизнес өкілдері бар. 250 адамдық делегацияны инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бастап апарған. Ақпанның 7-сінде оны Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф қабылдап кездесуге ресми сипат берді. Осы кездесуде Қазақстанның Иранның ядролық бағдарламасы келіссөзіне ат салысқаны ескерілетіні айтылды. Иран жағы қазақстандық компанияларды Парсы шығанағындағы порттарда бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Ирандықтар бұл ретте инвестиция құюда жеңілдіктер қарастыру жоба жұмысын жеңілдетеді деген сенімде.
Осы кездесуде Қазақстанның облыстары мен Иранның провинциялары арасында өңіраралық байланыстарды нығайту шаралары да сөз болды. Қазақстан екі ел арасындағы транзит, логистика қатынасын дамытуға мән беретінін айтты. Исекешов жүк транзиттеуде Қытай базарының да ерекше орын алатынын еске салды.
СЕРІКТЕСТІК ЖОЛДАРЫ
Қазақстандық «сауда миссиясының» Тегеранға сапарында Қазақстанның Иранға ет экспорттауына қатысты ұзақ мерзімдік келісімге қол қойылды. Келісімнің құны - 30 миллион доллар. Бүгінде әлемде «экологиялық таза тағамның» маңызы артып отырғанын айтқан Қазақстан сыртқы сауда палатасының басшысы Мейірбек Мәжитов ет экспортына қатысты келісімді «жаңа стратегиялық серіктестіктің бастауы» ретінде түсіндірді.
Қазақстан-Иран экономикалық қатынасындағы жиі айтылатын мәселенің бірі екіжақты тауар айналымын арттыру. Иранның ядролық бағдарламасына қатысты санкция жарияланғанға дейін тауар айналымын 2 миллиард долларға жеткізу жөнінде жиі айтылатын. Кейін бұл туралы ұмытылған. Алайда 2014 жылы ғана екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллардың өзіне әрең жетті. Ал Қазақстанның инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің пікірінше, бұл көрсеткішті 3 миллиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.
Өткен қаңтар айында Тегеранда "Air Astana" әуе компаниясы Қазақстан мен Иран арасындағы әуе қатынасын дамыту келісімі бекітіп қайтқан. Биыл жазда іске қосылатын жаңа әуе қатынасы Тегеранды Астанамен жалғамақшы. Қазірге дейін Қазақстан Ирандағы алтын өндірісіне инвестиция құйып келсе, Иран Қазақстандағы мыс өнеркәсібін қаржыландырады. Ирандықтар Қазақстанда салынып жатқан Батыс Қытай - Батыс Еуропа күре жолы құрылысына да қатысып жатыр. Осы жолы Қазақстан инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Астананың екі ел арасында туризм және білім беру саласындағы қатынасқа да ынталы екенін білдірді.
Қазақстан Иран халықаралық санкцияға алынған тұста да байланысын үзген емес. Дегенмен санкция салдары екі ел арасындағы экономикалық қатынастың баяулауына әсер етті. Ядролық бағдарлама келіссөзін өткізуге алаң беріп, ат салысып жүрген Қазақстан былтырдан бері санкциядан кейінгі қатынас жайлы айта бастаған. 2013 жылы Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолы іске қосылғанда халықаралық санкция күшінде болатын.
2014 жылы Иран президенті Хасан Роуханидың Астанаға алғашқы сапары кезінде де бизнес-форум өткен. Ал былтыр қазан айында Астанадағы екі ел үкіметаралық комиссиясының отырысында да қазіргі «сауда миссиясы» кездесулерінде айтылған жайттарға ұқсас мәселелер талқыланған. Ресми мәліметке сәйкес қазір Қазақстанда 160 қазақстан-иран бірлескен кәсіпорыны жұмыс істейді.