Әбубәкір Павиздің ұлты – қазақ. Қазір Иранда тұрады. Елуді еңсерген жігіт ағасы «Иран жерінде қалған жалғыз жыршы» екенін айтады. Жергілікті қазақтар оны «Әбіш» деп атайды екен. Оның сөзінше, Иранда өзінен басқа қазақтың ескі жырлары мен әуендерін айтатын адам жоқ.
Жыршы арғы атасының Бұхарада ахун («ахунд», діни қайраткер – ред.) болғанын, әкесінің 1932 жылғы аштық жылдары Түркіменстан арқылы Иран жеріне өткенін айтты.
– Бізді Иранда бірден парсы тіліндегі мектепке берді. Бірақ жас күнімнен шал-кемпірдің әңгімесіне құмар едім, қазақтың ән мен жырын жаттап өстім, – деді ол.
Павиз Азаттық радиосына Иран қазақтарының арасында сақталып қалған ауыз әдебиетінің кейбір үлгілерін жырлап берді.
Жыршының айтуынша, қазір Иран қазақтарының арасында «Тойбастар» мен «Беташардың» (той-мереке кезінде айтылатын ғұрыптық әндер – ред.) бір ғана түрі айтылады екен.
Қыз ұзату, келін түсіру тойларында айтатын «Тойбастар» мен «Беташар» нұсқаларын жыршы Азаттық радиосына былайша орындап берді.
АШТЫҚ ТУРАЛЫ ЕРЕКШЕ ЖЫР
Иран қазақтарының арасында сақталып қалған жырлардың бірі «Маңғыстаудағы 1932 жылғы аштық» деп аталады.
– Мұның авторы кім екенін білмеймін. Бірақ бала күнімде осы жырды кешкі құптанда (түнгі намаз уақыты – ред.) бастап, таң сәріге дейін тоқтамай жырлайтын жыршылар көп болды. Солардың бірі менің қарын бөлем Баубек Темірбай еді. Сосын қосайдан шыққан Қожаназар мен тобыш Жиемберген деген жыршылар болды. Мен солардан үйрендім, – дейді Әбубәкір Павиз.
Қазақстандық фольклортанушы ғалым Анарбай Бұлдыбаевтың пікірінше, Иран жерінде сақталған қазақтың салттық жырларынан шығыс мәдениетінің, рубаяттар мен ғазалдардың әсерін байқауға болады. Зерттеуші аштық туралы жырдың Қазақстанда сирек кездесетінін, ал жоғарыдағы нұсқа тек Иран қазақтарының арасында ғана сақталғанын айтты.
– Бұл жырдың Иран қазақтарының арасында сақталу себебі – осы адамдар сол ашаршылықтың кесірінен жер аударылып, өзінің қонысынан айрылып отыр. Сол ата-қоныс пен туған-туыс, жақын-жұрағаттан айырылып барған адамдардың сол жақта шығарған жыры. Ал аштықтың зарын айтқан жырлар бізде өте аз. Өйткені ол кезде халықтың өлең-жыр айтуға мұршасы болған жоқ. Ал Ирандағы қазақтар бұл жақтағы аштықтан құтылғаннан кейін, бұл жақтың аштығын көзбен көріп кеткеннен кейін жыр шығарып отыр, – деді зерттеуші.
ПАРСЫ ӘУЕНІНІҢ ӘСЕРІ
Әбубәкір Павиздің Азаттыққа жырлап берген жырларының бірі «Сал Бекет» деп аталады. Анарбай Бұлдыбайдың сөзінше, бұл жыр Қазақстанда да сақталған. 1916 жылғы көтерілістің басты кейіпкерлерінің бірі – Бекет батыр туралы жыр. Сол себепті екі жырдың айтарлықтай айырмашылығы жоқ.
Азаттық радиосы ғалымға ирандық жыршы орындаған «Аралбай батырдың айтқаны» деп аталатын терменің нұсқасы мен Қазақстанда орындалып жүрген нұсқасын қатар тыңдатқан еді.
– Мәтіндік айырмашылықтар болады. Себебі бұл тұрмақ өз ішіміздегі сақталған терме жырлардың да бірнеше нұсқасы болып жатады. Ал Иран қазақтарындағы әуен басқа. Сол жердің ауасын жұтып, дәмін татып тұрғаннан кейін ол елдің мәдениеті, әсіресе, музыкалық мәдениетінің әсер етпеуі мүмкін емес. Сондықтан мына Иран қазақтарының жырларындағы әуендер мен мақамдарда, орындауда біраз өзгешеліктер бар. Бұл парсы тілінің, парсы әуендерінің әсері, – деді ғалым.