Accessibility links

Иран «өз YouTube-ін» іске қосты


Иран ашқан Mehr сайтының скриншоты.
Иран ашқан Mehr сайтының скриншоты.
Иран әлемде кең тараған YouTube сайтына балама ретінде өз веб-порталын ашты. Сайт Mehr деп аталады. Мағынасына «үйреншікті» деген сөзді білдіреді. Басқы бетінде «сайттың негізгі мақсаты – парсы тілінде сөйлейтін интернет пайдаланушыларды біріктіріп, Иран мәдениетін қолдау» деп жазылған.

YOUTUBE-ТІҢ «БАЛАМАСЫ»

Кейбір ресми тұлғалар бұл сайт Google жүйесіне тиесілі YouTube-тің бәсекелесі болады деп үміттенеді. Алайда жүктеу жылдамдығының баяулығы мен техникалық олқылықтардың кесірінен сайттың беделі түсіп кетті.

Иранда бұрыннан бар, видеофайл алмасатын Aparat деген сайт та ирандық Cloob әлеуметтік желісін басқаратын компанияға тиесілі.

«Иран ислам республикасы телерадио хабарлары» мемлекеттік компаниясы құрған Mehr - бәсекелесі YouTube-ке қарсы билік қолдауын алған елдегі алғашқы сайт.

Иранның мемлекеттік телевидениесінің клиптері, билік мақұлдаған музыкалық роликтер және діни уағыздар сияқты жүздеген видео сайтқа қазірдің өзінде жүктеліп қойды.

Алайда жаңа сайтқа кірген пайдаланушылар «бет жүктеліп жатыр» деген хабарламадан көз ашпайтын болды.

ИНТЕРНЕТТЕН ШЕТТЕТУ

Махмуд Ахмадинежадты президенттікке қайта сайлаудан туған даудан соң Иранда жаппай наразылықтар мен полицияның жазалау шаралары болған еді. Осы оқиғаларға байланысты 2009 жылдан бастап Иран ислам республикасында YouTube сайты жабылған.
Сайлау нәтижесіне наразылық көрсеткен халық. Тегеран, 13 маусым 2009 жыл.
Сайлау нәтижесіне наразылық көрсеткен халық. Тегеран, 13 маусым 2009 жыл.

Тегеран батыстың Facebook және Twitter сияқты әлеуметтік желілеріне, бұқаралық ақпарат құралдарына, порнографиялық сайттарға да тосқауыл қойды. Иран билігі «Олар елдің намысына тиеді және ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деген уәж айтты.

Осындай шаралар арқылы Иран билігі дүние жүзіндегі ең қуатты интернет-сүзгі енгізді. Бірақ ел тұрғындары Virtual Private Network («Виртуалды жеке меншік желі») көмегімен Батыс сайттарына кіріп жатыр. Алайда Virtual Private Network бағдарламасын Иранда сатуға заң жүзінде тыйым салынған.

Иранның ресми тұлғалары «Батыс елдерінің үкіметтері танымал сайттарды ислам республикасына қарсы «ақпараттық соғыс» бастау үшін пайдаланады» деген пікірде. Бұған жауап ретінде АҚШ «Халықты қалған әлемнен бөліп тастау үшін Тегеран «электронды шымылдық» тұтып қоймақ» деп мәлімдеді. Вашингтон бұл іске қатысқан ирандық кейбір қызметшілерге бірнеше рет қаржы санкциясын салған болатын.

Иранның кейбір ресми тұлғаларының айтуынша, елде ғаламдық желіден бөлек ұлттық интранет құру жоспары бар.

«ИРАНДЫҚТАРДЫ ҚОРҒАУ КЕРЕК»

Тегеранның пікірінше, «мұндай ішкі жүйе халықты «исламдық емес» контекстен қорғау үшін қажет, ал Mehr сайты - осы мақсатқа жету қадамдарының бірі».

Иран билігі Батыс сарапшыларының «Иран интернет желісінен мүлде шеттеп қалуы мүмкін» деген күдігін терістеді.

Наурыз айында Иран мұсылмандарының көсемі аятолла Әли Хаменеи ресми тұлғаларға интернетті қадағалау жөніндегі агенттік құруды тапсырды. «Виртуалды кеңістіктің жоғарғы кеңесі» деп аталатын органға президент, ақпарат және мәдениет министрлері, полиция және Иран ислам революциясы сақшыларының корпусы бастығы кіреді.
Иран мұсылмандарының көсемі аятолла Әли Хаменеи.
Иран мұсылмандарының көсемі аятолла Әли Хаменеи.

Әли Хаменеи өз жарлығында бұл орган ирандықтарды «әсіресе интернет желісінде кең тарап бара жатқан ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың зиянды ықпалынан қорғайды әрі жеке және қоғамдық өмірдегі маңызы зор» деп мәлімдеді.

Ислам революциясының сақшылар корпусы 2010 жылы «бүлікшіл» желілермен күресуге арналған «ақпараттық армия» құрды деген сөз бар. Сонымен қатар, «Ирандағы интернетке байланысты заң талаптарын бұзғаны үшін жүздеген интернет пайдалаушылар тұтқындалды» деген хабар да тарады.

Біріккен ұлттар ұйымы халықаралық телекоммуникациялық одағының ақпараты бойынша, 75 миллионға жуық адам тұратын Иранда интернетті пайдалану соңғы 10 жылда тез қарқынмен - 1 пайыздан 13 пайызға дейін өскен.

Mehr сайтын ирандықтардың пайдаланып жатқаны туралы ақпарат осы күнге дейін жоқ. Ал құрылғанына бірнеше жыл болған Alexa ақпараттық статистикалық компаниясының хабарлауынша, «Aparat сайты елдегі ең жиі пайдаланылатын сайттардың бірі болып отыр».

Иранда орналасқан Aparat сайты елдің интернетте жарияланатын ақпараттардың мазмұнына қатысты заң талаптарын орындайды. Оның халықаралық қамқоршылары бар, бұл желіні Оңтүстік Кореяның LG компаниясы қолдайды.

Мақала Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі Фруд Бежан әзірлеген материал негізінде жазылды.
XS
SM
MD
LG