Accessibility links

Иран парламентіндегі әйелдер саны жаңа «рекордқа» жетуі мүмкін


Тегеранда парламент сайлауында дауыс берген әйелдер. Ира, 26 ақпан 2016 жыл.
Тегеранда парламент сайлауында дауыс берген әйелдер. Ира, 26 ақпан 2016 жыл.

Ирандағы сайлауда 20 әйел парламенттен орын алуы мүмкін, бұл – Ислам Республикасы үшін рекордтық көрсеткіш.

Ақпанның 26-сы күні Иранда өткен сайлауда сайлаушылар ықыласын ұзақ уақыт күтуге мәжбүр болған реформашылар ғана жеңіске жетіп жатқан жоқ. Әйелдер де үлкен табысқа жетті. Әйел кандидаттардың көбі - реформашылар немесе тәуелсіз үміткерлер.

«ГЕНДЕРЛІК КЕМСІТУШІЛІККЕ ҚАРСЫ КҮРЕСЕМІЗ»

Кем дегенде 20 әйел парламенттен немесе Мәжілістен орын алуы мүмкін, бұл Иран Ислам Республикасы үшін рекордтық көрсеткіш. Қазіргі заң шығару органында тоғыз әйел ғана бар, бұл - парламент депутаттарының үш-ақ пайызы. Швейцарияда орналасқан Парламентаралық одақтың мәлімдеуінше, әлемде бұл көрсеткіш 22 пайыз шамасында.

Иранның жоғарғы көсемін сайлайтын, теологтардан құралатын Эксперттер мәжілісі сайлауына әйелдер мүлдем қатыспады. Есесіне әйелдер Иран парламентіне өтетін болды. Эксперттер мәжілісі сайлауымен қатар өткен парламент сайлауының ресми қорытындысы әлі шықпаса да, қазірдің өзінде 14 үміткер әйелдің жеңіске жеткені белгілі болды.

1979 жылғы ислам төңкерісінен кейін парламентте әйелдер алғаш рет осындай көп орынды иеленбек. Сәуірдің аяғында 34 орынға қайтадан сайлау болады, себебі үміткерлердің ешбірі қажетті 25 пайызды жинамады. Ал сайлаудың бастапқы жеңімпаздары ішінде оннан астам әйел бар.

MishaZand есімді Twitter желісін пайдаланушы «​Міне, Иранның жаңа парламентінде 14 әйел бар, сәуірдегі қайтадан сайлауда оларға тағы да дауыс береді деп үміттенеміз»​ деп жазған.

Сайлауда қажетті дауыс жинаған әйелдердің ішінде реформашыл Парвенех Салахшори да бар. Ол ел астанасы Тегеранда сайлауға түсті. Ақпанның 29-ы күні италиялық журналист Вивиана Маццаға берген сұхбатында Салахшори Иран әйелдерінің елде өзгерістер болғанын қалайтынын айтқан.

Ол ағылшын тілінде берген сұхбатында «Дискриминацияға қарсы күрессек дейміз. Әйелдер мүмкіндігін көбейткіміз келеді» деген. Әлеуметтанушы Салахшори әйелдер хиджапты кию немесе кимеуді өздері таңдауы керек деді. Ол әйелдер құқығын шектейтін заңдарды қолдаған депутат әйелдерді сынап, «бұл әйелдер әйел емес» деп мәлімдеген.

ИРАН ПАРЛАМЕНТІНДЕГІ ӨЗГЕРІС

Парламенттен орын алуға ұмтылған әйелдердің біразы қазіргі президент Хасан Роухани мен бұрынғы президент Акбар Хашеми Рафсанжани мүше болып отырған реформашылардың «Үміт тізімі» тобында болды. Бірақ сайлауға консерваторлар атынан түскен әйелдер де бар.

Сайлау алдында Иран әйелдері құқығын қорғау жөніндегі топ «Ерлер ғана отырған парламентті өзгерту» атты кампания өткізді, заң шығарушы билік құрамында әйелдердің көп болуын талап етті.

Иранның ер адамдар үстемдік ететін және консервативтік қоғамын өзгерту мақсатында белсенділер гендерлік теңдікке қарсы шыққан ер және әйел кандидаттарға «қызыл карточка» таратты.

Жаңа жыл қарсаңында шырша қасында суретке түсіп жатқан Иран әйелдері. Тегеран, 22 желтоқсан 2015 жыл.
Жаңа жыл қарсаңында шырша қасында суретке түсіп жатқан Иран әйелдері. Тегеран, 22 желтоқсан 2015 жыл.

Бұл кампания Иранның әйел депутаттарының гендерлік теңдік жолындағы ауыр күресін көрсетеді. Парламент сайлауына түскен 5 мың үміткердің 10 пайызы ғана әйелдер. Сарапшылар кеңесіне тек ер адамдар ғана үміткер болды, сайлауға түскісі келген 16 әйелді кандидаттарды тексеретін Иран конституциялық қадағалау кеңесі өткізбеді. 1979 жылдан бері Эксперттер мәжілісіне бір-ақ әйел - Монирех Годжи мүше болған еді.

Спорт жарыстарына бару немесе сотта куәгер болу сияқты көптеген шектеулер мен дискриминациялық заңдарға қарамастан, Иран әйелдерінің кейінгі жылдары әжептәуір жеңістерге жеткенін байқауға болады.

Университет талапкерлерінің 60 пайызы - әйелдер, экономиканы дамытуға да әйелдер еңбек сіңіріп келеді. 1999 жылы реформашыл Мохаммед Хатами президент болғаннан бастап әйелдер сайлауға қатыса бастады.

2013 жылы әйелдердің көбі гендердік кемсітуді сынаған Роуханиге дауыс берді. Роухани билікке келген соң да әйелдерді қорғауын жалғастырып, «жыныстық кемсіту мәдениетін қабылдамаймыз» деп, «әйелдердің қоғам өміріне араласуы қауіпті» деушілерді сынады. Роуханидің заң мәселелері мен қоршаған орта һәм әйелдер ісіне жауапты етіп, вице-президенттікке әйелдерді сайлауы да бұл мәселедегі ілгері қадам саналады.

Фруд Бежанның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG