Бағдаттағы өкімет елдің солтүстігін жайлаған исламист сүннит жасақтармен соғысып жатқанда Ирактың күрд аймағы тәуелсіздікке қарай жылжыды.
Көршілес елдер мен ірі державалар Ирактың біртұтас мемлекет болып қалуын қолдап отырғанын ескерсек, күрдтер дербес ел болып бөлініп шықпай-ақ оңтайлы сәтті пайдаланып, өздеріне ауқымды құқық алып, жерін кеңейтіп қалуды көздеп отырған сыңайлы.
ЖЕКЕ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ ЖАЙЛЫ МӘЛІМДЕМЕ
Соңғы апталарда күрдтердің көсемі Масуд Барзани Күрд аймақтық үкіметінің жеке мемлекет құруға дайындалып жатқанын бірнеше рет мәлімдеді.
Өткен айдың соңында жасаған бір мәлімдемесінде ол «Ирак пен Шам ислам мемлекеті» тобы елдің екінші ірі қаласы Мосулды басып алғалы
Ирак іс жүзінде бірнеше елге бөлшектеніп кеткенін айтты.
Шілденің 15-інде Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанмен және осы ел президенті Абдулла Гүлмен Анкарада оңаша келіссөздер өткізген Масуд Барзани күрдтер аймағының тәуелсіздігі жөнінде референдум өткізбек ойын жеткізіп, мұны ұйымдастыруға Түркиядан көмек сұрады. Ал ақпарат құралдарының хабарлауынша, Анкара Ирактың біртұтас ел болып қалуын жақтап мәлімдеме жасаған.
Шілденің 3-інде Күрд автономиялық аймағының парламенті тәуелсіздік жөнінде референдумды ұйымдастыратын және дауыс беретін күнді белгілейтін сайлау комиссиясын бекіту жөнінде шешім қабылдады. Содан бері Ирак күрдтерінің тәуелсіздігі мәселесі ашық айтыла бастады.
Алайда, көп сарапшылардың айтуынша, күрдтер жеке бөлініп шықпай-ақ, дер сәтті пайдаланып, Бағдатты бұрыннан айтып келе жатқан шарттарына көндіріп алғысы келеді. 2011 жылдың соңында АҚШ әскері кеткелі бері қалыптасқан ең ауыр дағдарыс жағдайында тұрған Ирак басшылығына күрдтердің саяси қолдауы дәл қазір ауадай қажет.
САЯСИ КЛИП
Бұл аймақтағы халықтың тәуелсіздік жайлы көңіл-күй ауанын күрдтердің әйгілі эстрада әншісі Хелли Лувтың тәуелсіздікке үндеген «Бәрін қи» деген әнін интернетте 2,5 миллион рет көргенінен байқауға болады.
Күрдтерді тәуелсіздікке шақыратын ағылшын тіліндегі алғашқы видеоклипте саяси үндеу ашық айтылады. «Мені босат, мені жібер» деп
ән салған Лув бірде жанғыш зат толы бөтелкені лақтырып, бірде күрдтердің «Пешмерга» жасақтарымен би билейді, одан соң Сириядан қашып келе жатқан күрд босқындарының балаларын көтеріп жүреді, соңынан Күрд автономиялық аймағының жалауын желбіретеді.
Күрдтерді клиптің мазмұны рухтандырғанымен, ондағы көріністер консервативті қоғам үшін мүлде жат болып көрінді. Аймақтың орталық қаласы Эрбилдің көшелерінде еркін киініп жүрген оның істегенін жергілікті күрд әйелдері қайталай қоймасы анық.
Хелли Лув АҚШ-қа эммиграцияға кеткен ирактық күрд отбасынан шыққан. Әке-шешесі 1980-88 жылдардағы Иран-Ирак соғысы кезінде елден кеткенде ол кішкене сәби болған.
Лос-Анджелесте карьерасын бастаған 25 жастағы Лув Эрбилдің ежелгі цитаделінің айналасында қысқа етек көйлекпен билеп жүреді, одан соң мопедке мініп көшені аралайды, күрдтердегі биліктің символы саналатын арыстандар қоршаған таққа отырады. Әнде қазіргі хип-хоп және дәстүрлі Таяу Шығыс мақамдары аралас.
Жас әнші осы клипі үшін консерватор жұрттың қаһарына ұшырағанын айтады. Тіпті бірнеше исламшыл топтар оны өлтіреміз деп қорқытқан. Reuters агенттігіне берген сұхбатында әнші өз клипі үшін ешқандай өкінбейтінін айтты.
– «Бәрін қи» деген алғашқы клипім арқылы халыққа ойымды ашық жеткізгім келді. Менің айтпағым – арманымыз орындалуы үшін күрд халқы барлық тәуекелге барып, мемлекетіміз үшін күресуіміз керек, – дейді Лув.
АВТОНОМИЯ АУМАҒЫН КЕҢЕЙТУ
Al-Monitor басылымының журналисі әрі Вашингтондағы Джеймстаун қорының сарапшысы Владимир ван Вильгенбургтің айтуынша, Барзани тәуелсіздікке ұмтыла отырып бір жағынан Күрд автономиялық ауданының құрамына мұнайға бай Киркук қаласын қосып алу үшін Бағдатқа қысым жасап жатыр.
Барзани Киркук аймағында референдум өткізіп, халықтың Күрд автономиялық ауданының құрамына кіргісі келер-келмесін анықтайтынын
да айтты. «Ирак пен Шам ислам мемлекеті» солтүстік Иракта үстемдік етіп тұрған тұста күрдтер де күшіне еніп, маусым айынан бері Киркук пен оның айналасындағы елдімекендерге бақылау орнатып алған.
Күрд автономиялық ауданының өз ішінде тәуелсіздік туралы референдум өтетін болса, Киркукта бұл аймақтың Күрд автономиясы құрамына өтуі туралы бөлек дауыс беру ұйымдастырылмақ. Бұл жайт Күрд аймақтық үкіметінің мұнайға бай осы қала мен оның айналасындағы аудандарды автономия құрамына қосу туралы бұрынғы ұсынысын қайтадан күн тәртібіне шығарады.
Сарапшы Ван Вильгенбургтың айтуынша, Барзани келіссөздер кезіндегі өз ұстанымын нығайтып алу үшін екі референдумды қатар өткізуді көздеп отыр.
– Екі референдумды қатар өткізу арқылы күрдтер Ирак үкіметін осы даулы аймақты, соның ішінде Киркук қаласын өзіне қосып алуға көндіргісі келетін сияқты. Меніңше, тәуелсіздік туралы референдум бойынша әлі де келіссөздер өткізуге болады, – дейді сарапшы.
Киркуктағы референдум осы бір мұнайға бай аймақтың статусына қатысты дауды доғарар деген болжам айтылды. Аймақта тұратын күрдтер, арабтар мен түркімендердің әрқайсысы бұл өңірді өз жері деп санап, бір-бірімен бұрыннан дауласып келе жатыр.
Мұндай плебисцит өткізу туралы бастаманы 2007 жылы Бағдаттың өзі көтерген. Алайда саяси тірестердің кесірінен аймақтың мәртебесі туралы референдум өткізу кейінге қалдырылған.
Сарапшылар пікірінше, Барзанидің көксегені – тек автономияның аумағын кеңейту ғана емес.
Күрдтердің қазіргі басты мақсаты – осы даулы аудандарға қатысты референдумды ойдағыдай өткізу.Сарапшы Ван Вильгенбург.
– Күрдтердің қазіргі басты мақсаты – осы даулы аудандарға қатысты референдумды ойдағыдай өткізу. Сонымен қатар олар Түркияға өз мұнайын тікелей сатып отыратындай мүмкіндік берілуін қалайды, – дейді Ван Вильгенбург.
Киркукты өзіне қосып алса, әрі мұнайын Түркияға экспорттауға мүмкіндік алса, Күрд аймақтық үкіметі өзінің экономикалық базасын нығайтып қана қоймай, Бағдаттың экономикалық қысымынан да құтылар еді. Қазір Бағдат аймақта мұнай саудасынан түскен табыстың 17 пайызын өзіне алып қалып отыр. Күрд аймақтық үкіметі жақында Бағдатқа өзінің Түркиға сатқан мұнайына қатысты қаржылық ақпаратты жіберуден бас тартты.
ТӘУЕЛСІЗДІККЕ АСЫҒУ ЖОҚ
Барзанидің тәуелсіздік туралы тәтті әңгімесі шын дербестікке ұмтылудан гөрі саяси ойынға көбірек ұқсайды. Бұған бірнеше дәлел бар.
Біріншіден, тәуелсіздікті жариялау үшін Күрд аймақтық үкіметі басқа елдердің қолдауына ие болуы керек.
Экстремистік ұйымдар Ирак пен Сирияны қосып халифат құрмақ болып жатқан қазіргі алмағайып тұста халықаралық қауымдастық Ирактың біртұтас мемлекет болып қала бергенін құптайды. Әзірге тек Израиль премьері Беньямин Нетаньяху ғана күрд мемлекетінің құрылуын жақтайтынын айтты.
Басқаның қолдауын алмаса да, Күрд аймақтық үкіметі ең алдымен Түркияның қолдауына ие болуы керек. Бірақ Анкара да Ирактың біртұтас ел болып қалуы керегін айтып келеді.
Анкара Күрдістанның Ирак құрамында қала бергенін қалайды.Лондон экономика мектебінің аймақ бойынша сарапшысы Джеймс Кер-Линдзи
– Қолда бар мәліметтерден тұжырым жасасақ, Анкара Күрдістанның Ирак құрамында қала бергенін қалайды. Ресми Түркия осы ұстанымын жеткізгісі келетін сияқты, – деді Лондон экономика мектебінің аймақ бойынша сарапшысы Джеймс Кер-Линдзи.
Түркия өз ішіндегі бұрыннан артық құқықтар талап етіп отырған күрдтердің делебесін қоздырып жібереді деп, Ирактағы күрд автономиясына қауіптене қарайтын. Соңғы он жыл ішінде Түркия мен Күрд аймақтық үкіметі керісінше тығыз сауда қарым-қатынасын орнатты. Түркиядағы радикалды әрекеттерге барып жүрген Күрд жұмысшы партиясымен бейбіт келіссөздер жүргізуде Күрд аймақтық үкіметі ара ағайын болды.
Сарапшы Кер-Линдзидің айтуынша, Иракта азамат соғысы басталып, мемлекет ыдырап кеткен жағдайда ғана Анкара күрдтердің тәуелсіздігін қолдауы мүмкін. Бірақ «бұл Түркияның басты қалауы емес».
Күрд аймақтық үкіметінің тәуелсіздікке ұмтылуына кедергі келтіріп отырған тағы бір фактор бар. Мемлекет толық тәуелсіз болуы үшін көршілес жатқан елдердің кем дегенде бірнешеуімен жақсы қарым-қатынас орнату керек.
– Тіпті аймақтың тәуелсіздігін бір мемлекет мойындаған күннің өзінде (күрд автономиясы жағдайында Түркия болды делік) «енді толығымен сол мемлекеттің айтқанына көнесің» деуге болады. Тіпті ол қалыптасқан ахуалға байланысты осындай шешім қабылдауға мәжбүр болған күннің өзінде де сөйтесің, – дейді АҚШ-тағы Лехай университетінің халықаралық қатынастар бойынша профессоры Генри Бэрки.
Ол «бірдеңе бола қалса, Түркия кранды жаба қояды, сөйтіп толық бір елдің уысында қалу шын мәнінде тәуелсіздік емес» деп біледі.
Мұхитқа шығар жолы жоқ Күрд автономиялық аймағын Түркия, Иран, Ирак және Сирия қоршап жатыр. Қазіргі кезде оның әлемдік нарыққа шығатын басты жолдары Ирак пен Түркия арқылы өтеді. Иранмен арада аз-маз сауда қатынасы бар. Ал азамат соғысына шарпылған Сирияға мүлде жол жоқ.
Азаттық тілшісі Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.