Accessibility links

Жапония екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі апатқа ұшырады


Қирап қалған қала орнында жылап отырған жас әйел. Натори, Мияги префектурасы, 13 наурыз 2011 жыл
Қирап қалған қала орнында жылап отырған жас әйел. Натори, Мияги префектурасы, 13 наурыз 2011 жыл

Жапонияда жұма күні болған жер сілкінісі мен цунамиден кейін Фукусимо атом электр стансасында тағы бір реактор жарылып кетті.


Атом қуаты саласындағы төтенше жағдай елдегі табиғат апатынан зардап шеккендерді құтқару шараларына қиындық тудырып отыр. Жапон үкіметі елдегі жағдайды екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен апат деп атады.

Жапония билігі Фукусимо атом электр стансасының салқындатқыш жүйесі істен шыққан соң, үшінші жарылыстың алдын алуға күш салып жатыр. Жұма күні елде болған қуатты жер сілкінісі мен алапат цунамиден кейін бұл АЭС-тің екі реакторында жарылыс болған.

Жапония премьер-министрі Наото Канның айтуынша, дүйсенбі күні де атом электр кешеніндегі жағдай қатты алаң тудырып отыр. Мамандар келесі бір апатты болдырмау үшін қолдан келгенін жасап жатыр. Ел үкіметі халықты бұл ядролық реактордан тарайтын радиацияның қаупі аз деп сендіреді.
Дәрігер аман қалған тұрғындардың денесіндегі радиация мөлшерін өлшеп жатыр. Нихонмацу, Фукусима префектурасы, 13 наурыз 2011 жыл
Радиацияның төменгі қабаты қуалай соққан желмен бірге зілзаладан қираған ядролық кешен үстімен ел астанасы Токиоға қарай жылжыған. Бірақ ауа-райын болжайтын агенттік желдің күші ақырын болғандықтан, радиацияның Токиоға әсері бола қоймайды деді.

Сенбі күні зілзала әсерінен Атом электр стансасының төбесінде болған жарылыстан кейін оның алты реакторы бірден тоқтап қалды.

Ядролық мамандар дизельдің күшімен істейтін генератордың көмегімен төтенше жағдайда реакторды салқындатып тұрмақшы болған еді. Бірақ олардың өзін цунамиден кейін су басып қалды. Сондықтан салқындатып тұратын жүйені ұстап тұру үшін тек төтенше жағдайда қосылатын аккумуляторлар қалған.
Жапон үкіметінің хатшысы Юкио Еданоның пікірінше, үшінші реактордағы жарылысқа аккумулятордың отыруы себеп болды. Билік оны соңына дейін теңіздің суымен салқындатып ұстап тұруға тырысқан.

«Жарылыс дәл бірінші реактордағы жарылыс сияқты болады делінген. Біз адамдарды ядролық кешеннен 20 шақырым қашықтыққа шығару керек деген нұсқау бердік. Енді қазір біз эвакуация процесіндегі адамдарға тез арада ішке кіріңдер деп айттық».

Токионың электр қуаты компаниясының өкілі Каору Йошида үшінші реакторда болған жарылысты сутегі жарылысы деп түсіндірді:

«Күндізгі сағат 11 шамасында үшінші реакторда қатты дыбыс шығып, аппақ түтін көтерілді. Біздің ойымызша, бұл су тегі жарылысы».
Зілзала мен цунамиден соң отқа оранған Натори қаласы. 11 наурыз 2011 жыл
Ал Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік өкілдері екі реактордың жанындағы сұйықтық тұрған ыдыстар қирады деп ойламайды. Олай болған болса, 1986 жылғы Чернобыль атом стансасындағыдай радиация ауаға тарауы мүмкін еді деген.

Бұл тұста Жапонияның солтүстік жағалауындағы миллиондаған адам үшінші түнді сусыз, тамақ-жылусыз далада өткізді. Жұма күнгі қуатты жерсілкінісінен кейін де 150-ден аса жер асты дүмпулері болған.

Құтқарушылар жағалаудағы су басқан қалалардан адамдардың мәйітін іздеп, тірі қалғандарын құтқарып жатыр.

Бүгін солтүстік-шығыс жағалаудың өзінен 2 мыңдай адамның мәйіті табылған. Жұма күні болған күшті зілзала мен жойқын цунамидің құрбандары ондаған мың адамға жетуі мүмкін деп айтылып отыр. Ондаған мың адам, оның ішінде 18 мың қала тұрғыны хабарсыз кеткен.

Апаттан кейін Жапония экономикалық қиындықтарды да бастан кешіп жатыр. Жапония үкіметінің басшысы төтенше жағдайды Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауыр апат деп бағалады.
XS
SM
MD
LG