Accessibility links

Прагада қазақтар лезгинка билеп, сырнай тартты


Қазақстандық студент Динара Көбеева дарындылар байқауында лезгинканы биледі. Прага, 8 қараша 2014 жыл.
Қазақстандық студент Динара Көбеева дарындылар байқауында лезгинканы биледі. Прага, 8 қараша 2014 жыл.

Чехия астанасы Прагада оқитын қазақстандық студенттер арасында дарындылар байқауы өтті.

Дарынды жастар конкурсын Чехияда оқитын қазақстандық студенттердің Қазақстан елшілігі жанынан құрылған «Тарлан» бірлестігі өткізді.

Қарашаның 8-і күні кешке Прагадағы елшілік ауданында орналасқан Ресей ғылым және мәдениет орталығына Чехияда оқитын 200-дей қазақстандық студент жиналды. Залдағы көңіл-күйі көтеріңкі жұрт өнер көрсеткендердің бәрін ду қол шапалақтап қошеметтеп, «Қане, көрсет!», «Мықты!» деген сөздермен қолпаштап, көтермелеп отырды.

Конкурсқа қатысқан 19 адам үш категория – вокал, музыкалық аспап және хореография жанры бойынша өнер көрсетті. Конкурсанттар гитара, домбыра шертіп, пианинода ойнады, шығыс халықтарының, Латын Америкасы мен қазіргі заман билерін биледі. Әр нөмірге қосымша музыкалық клиптен немесе қатысушының жеке қорындағы фотосуреттерден жасалған видео да көрсетілді.

Исландиялық әнші Бьорктің It's оh so quiet әнін шырқаған София Шабан «үздік вокал» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. «Үздік хореография» номинациясында Маргарита Әбдірахимова жеңіске жетті. Шығыс биін орындағаны үшін оған жүлдеге Парижге жолдама және Прагада би студиясын ашқан Дарья Гусовамен бірге билеу мүмкіндігі берілді.

Петропавлдық Маргарита Әбдірахимова Прага қаласына оқуға екі ай бұрын келген. Билегеніне 11 жыл болғанымен, шығыс билерімен төрт жылдан бері шұғылданады.

– Тамаша педагогпен билеу мүмкіндігін алғаныма әрі арманым орындалып Парижге баратыныма қуаныштымын. Бірақ, ең бастысы – жағымды әсерге бөленіп, жаңа күш-қуат алдым, - деді бойжеткен Азаттық тілшісіне.

Музыкалық аспапта өнер көрсеткендер арасында домбырада ойнаған Елдар Жұман бірінші орын алды. Попурри биі үшін Әнел Есжановаға «Көрермен көзайымы» жүлдесі табыс етілді. Сырым Базарбаев пен Бақытжан Нұр «Тарлан көзайымы» сыйлығымен марпатталды.

Динара Көбеева Кавказда ер адамдардың дәстүрлі биі саналатын лезгинканы биледі. Конкурста орын алмағанымен, ол көрермендер ықыласына бөленіп, жігітінің жүрегін жаулады. Сахнаға шыққан жігіті оған «Мен сені сүйемін, мен сені қолдаймын» деген сөздермен гүл сыйлады. Өміріндегі бас жүлдесін алғандай толқыған бойжеткен көзі мөлтілдеп жігітінің мойнына асылды.

Фотогалерея: Прагадағы қазақстандық студенттер байқауы

Қазылар алқасының мүшесі әрі Қазақстанның Чехиядағы елшілігінің бірінші хатшысы Азамат Әбсалықов «баспасөзге беретін әр сұхбатты алдын ала келісуге тиіспін» деген уәжбен Азаттық тілшісі сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Ол конкурс ұнағанын, жастар арасында мұндай «дарындар мен шығармашылыққа бейім жандар» бары қуантатынын ғана айтты. Оның сөзінше, қазір Чехияда бір мыңдай қазақстандық студент білім алып жатыр.

Қазылар алқасы құрамында «Тарлан» ұйымы төрағасы Әлихан Кәрібхан, би студиясын ашқан Дарья Гусова, Go жастар ұйымы төрағасы Алижон Арибов және Smartavia компаниясының өкілі Наталья Шало болды.

Мойнына галстук тағып, костюм киген «Тарлан» ұйымының төрағасы Әлихан Кәрібхан Азаттық тілшісіне Прагадағы қазақстандық студенттердің құрылғанына алты жылға тақаған бірлестігінің 22 мүшесі барын айтты.

– Мына дарындылар конкурсы – осы семестрде өткізген ең ірі шара, бұдан бөлек футбол жарыстарын, сауық кештерін, интеллектуалдық ойындар ұйымдастырып тұрамыз, - дейді Әлихан.

Гитара мен сырнайдың сүйемелдеуімен ән айтқан Айтуар Әбділге бұл жолғы конкурста жүлде тиген жоқ. Бірақ ол осы конкурсқа келесі жылы да қатыспақшы.

XS
SM
MD
LG