"ОРАЗАДА ТАМАҚ ІШУГЕ МӘЖБҮРЛЕЙДІ"
Қазақтарды маусымның 10-ы күні Шыңжаңның Қарамай қаласындағы Душанзцы ауданында мемлекеттік қауіпсіздік қызметі өкілдері ұстаған. "Азат Азия радиосына" сұхбат берген жергілікті тұрғын тұтқындалғандардың бірі 47 жастағы Қалибият Баймолла, екіншісі - 49 жастағы Қанжытай Дошан екенін айтқан.
Сұхбат берушінің сөзінше, қазақтарды жергілікті мұсылман ұйғырлармен "тығыз байланыс" орнатқаны үшін айыптаған. "Полиция көптеген адамдарды ұстады, шағын автобус адамға толы болды" деген ол.
Шыңжаң аймағының тұрғыны күллі мұсылман ауыз бекітетін қасиетті Рамазан айында қытай билігі ислам дінін ұстанушыларды ала таңнан кешке дейін аңдитынын, жергілікті қазақтар да "қатаң бақылауда" болғанын айтады.
"Рамазан айында түскі ас кезінде олар барлық мұсылман қызметкерлерді жинап, тамақ ішуге мәжбүрлейді", - дейді ол.
ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАТЫНАС ҚИЫНДАДЫ
Қытайда этникалық азшылық топқа жататын, негізінен Шыңжаң-ұйғыр ауданында қоныстанған қазақтардың көбі ислам дінін ұстанады. Бұған дейін этникалық мұсылман ұйғырларға қойылғандай шектеулерді соңғы уақытта қазақтар да сезіне бастады. Олардың Шыңжаң аймағымен көршілес Қазақстанға қатынауы қиындап кеткен.
Өткен аптада Үрімжі қаласының билігі мемлекеттік қызметтегі этникалық азшылыққа жататындар мен биліктегі коммунистік партиясы мүшелерін адалдық туралы ант беруге мәжбүрлеген. Бұл туралы Қытай мемлекеттік баспасөз құралдары маусымның 14-і күні жазды.
Мемлекеттік қызметкерлер мен партия шенеуніктері атеистік ұстанымдағы коммунистік партияға тәуелді, оларға кез-келген дінді ұстануға тыйым салынған. Сондықтан олар Пекинге адалдығын дәлелдеу үшін Рамазан айында тамақ жеуге мәжбүр.
Ант берушілер биліктегі партияны мадақтайтын, Қытай коммунистерінің көсемі Мао Цзедун дәуірінен келе жатқан "Коммунистік партиясыз Қытай қайта жаңғырмайды" деген мазмұндағы революциялық әнұранды шырқаған.
"ОН ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ"
Рамазан айындағы аңдуға қоса, Шыңжаңда қазақтар мен ұйғырларды бақылау, "тұрақтылықты сақтау" шаралары бұрынғысынан да күшейтілген.
Жыл басында Окан есімді танымал қазақ имамы Алтай аймағының Хабахе округында қайтыс болған адамды ислам дәстүрімен жерлеу рәсімін атқарғаны үшін 10 жылға сотталған. Қазақ имам Шыңжаңның Санжи-Хуэй автономиялық округіндегі абақтыда қайтыс болған, полиция "ол өз-өзіне қол салды" деп хабарлаған.
Қытай мен Қазақстандағы этникалық топ өкілдерінің айтуынша, Шыңжаңда көп жылдар бойы ұйғырларға қолданылып келе жатқан діни шектеулер енді қазақтардың басына да түскен. Дәстүрлі ислам сөздерін қазақшалап тілек білдіргені үшін билік қылмыстық бап бойынша іс қозғауға бар дейді олар.
Ақпан айында Қазақстанмен шекаралас Іле Қазақ автономиялық облысында билік ұлты қазақ 22 жастағы Ешат есімді азаматты ұстап, WeChat әлеуметтік желісін қолданғаны үшін соттап жіберген. Ешат WeChat аккаунты арқылы "сепаратистік, экстремистік пікірлер жазып, экстремистік діни идеялар мен басқа да ақпараттар" таратқаны үшін жауапқа тартылған. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, Ешат "өзіне тағылған айыптарды мойындап, қателігін түсінген".
Ұлты қазақ дереккөздің айтуынша, оны Іле Қазақ автономиялық облысы Емин округінің билігі көпшіліктен жасырын түрде 10 жылға соттаған, қорғаушы немесе отбасымен кездесуіне рұқсат бермеген. "Азат Азия радиосы" бұл адамның тағдырын білу үшін өткен аптада Емин округының халық сотына телефон шалғанымен, ресми органнан жауап ала алмаған.
"ЫҚТИЯРХАТТЫ ҚАЙТАРА БАСТАДЫ"
Соңғы кездері Шыңжаңның Алтай қаласына жақын Арахак елдімекенінде полиция Қытай паспортына ие этникалық қазақтарға Қазақстан үкіметі берген ықтиярхатты қайтара бастаған. Бұл туралы "Aзат Азия радиосына" сұхбат берген қазақстандық тұрғын айтқан.
Азаттық бұған дейін Қытайдан Қазақстанға көшіп кеткен қазақтардың Шыңжаңда тұратын туыс-таныстары мен Қазақстан азаматтығын алып, ол жаққа қайта барған қазақтардың жергілікті биліктің "қысымына тап болғаны" туралы хабарлаған. Қытай өкілі әлгі ақпаратты жоққа шығарған.
"Сіздер осы ақпаратты қытай тілінде таратқан соң билік жасқанған болуы керек, себебі бұл халықаралық құқық пен басқа заңға қайшы ғой. Халықаралық реакция болады деп алаңдаған тәрізді. Қазақстан берген құжаттарды қайтарып беру үшін күні-түні жұмыс істеп жатыр", - деген ол "Азат Азия радиосына".