Accessibility links

"Екпе алмаса, қауіп көп. Басқа амалымыз жоқ". Иммунолог вакцинаның пайдасы мен "чиптеу" жайлы не айтты?


Коронавирусқа қарсы вакцина салдырып отырған адам. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.
Коронавирусқа қарсы вакцина салдырып отырған адам. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.

Әлемде және Қазақстанда коронавирустың "дельта" варианты тарап, билік жұртты вакцина алуға міндеттеп жатыр. Қазақстанда да білім, қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндерге, еңбек ұжымдарына екпе алуды міндеттеген. Жұрт арасында вакцина салдыруды міндеттеуге қарсылар да бар. Ал иммунолог-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Рафаиль Розенсон пандемияны тек вакцина тоқтата алады дейді. Азаттық маманнан екпенің пайдасы, оның әсері жайлы сұрады.

Азаттық: Екпе қандай қызмет атқарады? Адамды қалай қорғайды?

Рафаиль Розенсон: [Вакцина] – адамзаттың ең үздік ғылыми жаңалығының бірі. 1794 жылы дәрігер, [ағылшын Эдвард] Дженнер сиыр желінінен алынған шешек вирусын ағылшындарға екті, сөйтіп [шешекпен] ауырғандар азайды. Бірақ бұл вакцинация басқа инфекциялық ауруларға қарсы дәрменсіз болды. Тек 70 жылдан кейін француз Луи Пастер вирусты әлсіретіп, соны вакцина ретінде егу жолын ойлап тапты. Қазіргі кезге, коронавирусқа дейін барлық вакцинаны жасаған кезде осы принцип басшылыққа алынды.

Иммунолог-дәрігер Рафаиль Розенсон Азаттыққа сұхбат беріп отыр.
Иммунолог-дәрігер Рафаиль Розенсон Азаттыққа сұхбат беріп отыр.

Коронавирустың үлкен минусы – миллиондаған адамның өмірін жалмады. Ал бірақ кішігірім плюсі де бар. Осы эпидемияның арқасында РНҚ-екпелер дүниеге келді.

Жалпы вакциналардың принципі бір. Вирусқа өте ұқсас нәрсені егеміз. Адам ағзасы антидене бөліп, клетка иммунитетін нығайтады және фагоциттер (қорғаныш жасушалар – ред.) мен интерферондарды (қорғаныс заттары – ред.) жаттықтырады.

Әскерді елестетіңізші. Ел шабуылға тойтарыс беру үшін сарбаздарды ғана жаттықтыру жеткіліксіз. Авиация, флот, танкілерді дайындау керек. Адам ағзасы да сол сияқты; бір жүйені ғана жаттықтырсақ, вирусты жеңе алмаймыз.

Вакцина бізде барды: [вирусқа қарсы] антидене мен клетканы, фагоцентар, комплиментар жауаптарды жаттықтырады. Әр вакцина әртүрлі қызмет атқарады, бірақ бәрінің мақсаты – ағзаны вирус шабуылына төтеп беруге дайындайды. Микроб, бактерия я вирус ағзаға түскенде не күтіп тұрғанын білмейді. Ал оларды жаттыққан антиденелер тосып алып, жібермейді. Екпе алғандардың шамамен 92 пайызы [Covid] дертімен ауырмайды, сегіз пайызына коронавирус жұғуы мүмкін, бірақ ауыр халге, жан сақтау бөліміне түспейді. Ауру әлдеқайда жеңіл өтеді. Былтыр осы уақытта екпе жоқ кезде елде ауырғандар да, қайтыс болғандар да көп еді.

Азаттық радиосы: "Вакцина құрамында вирус болады, ағзаға әлсіз я өлтірілген вирус егіледі" дейді. Осыны қарапайым тілмен түсіндіріп бересіз бе?

Рафаиль Розенсон: Полиомиелит деген қорқынышты инфекция болған. Бұл инфекция адамның қозғалыс жүйесін мүжіп тастайды да, адам өз ағзасына қозғалуға бұйрық бере алмай қалады. Яғни, аяқ-қолынан бастап, тыныс алу жүйесі істен шығады. 1952 жылы Питтсбург университетінің қызметкері Джонас Солк полиомиелитке шалдықтыратын вирустарды алып, өлтіріп екпе жасады. Осыдан соң АҚШ полиомиелитті жеңді. Екпеде өлтірілген вирус болса, оны сегіз айда, бір жылда салып отыру керек. Кейін америкалық ғалым Альберт Сэйбин вирусты өлтірмей, тек әлсіретіп вакцина жасады. Оны мұрынға тамызуға болатын. Принцип бір – ағзаға өлтірілген я әлсіреген вирус енгіземіз. Жалпы бұл екпе өте тиімді әрі бағасы да арзан болды.

Азаттық: Коронавирусқа қарсы екпелердің пайдасы жайлы не айтуға болады? Қауіптенуге негіз бар ма?

Рафаиль Розенсон: Антиваксерлер [вакцина егуге қарсы адамдар – ред.] "бізге қайдағыны салып жатыр, чиптейді, генетикамызды өзгерткісі келеді" деп шулап жүр. Оның бәрі бос сөз. Егер шынымен рас болса, адам баласы құрып кетер еді. Әлемдегі адамзат баласы өмірінде шешекке қарсы вакцина алған. 1958 жылы мен де шешекке қарсы вакцина алдым. Өзім құралыптастардың бәрі екпе салдырды. 1962 жылы екпе салу тоқтады, өйткені әлемде шешек жойылды. Қазір менің басымнан мүйіз көріп тұрсыз ба? Құйрық өсіп шықты ма? Жоқ. Өзгелердегі сияқты екі көз, екі құлағым бар. Ешқандай генетикалық өзгеріс болған жоқ. Сондықтан оның бәрі құр хайп қуу ғана.

Иммунолог-дәрігер Рафаиль Розенсон Азаттыққа сұхбат беріп отыр.
Иммунолог-дәрігер Рафаиль Розенсон Азаттыққа сұхбат беріп отыр.

Вакцинаның барлық түрі пайдалы, бірақ оған парасатпен қарау керек. Қазір бізде екі таңдау бар. Адам екпе алған кезде қауіп барын да жоққа шығаруға болмайды. "Спутник V" екпесін салдырғанда қауіп бары рас, бірақ ондай қатер 500 мың жағдайдың тек біреуінде кездесуі ықтимал. Ал екпе алмаған әр 30 адамның біреуі жансақтау бөліміне түсіп, қайтыс болуы да мүмкін. Осы екеуінің қайсын таңдар едіңіз? 500 мың адамның арасында болғыңыз келе ме, жоқ әлде 30 адамның ба? Өз басым 500 мың адамның арасында болғанды қалар едім. Иә, бұл екпе реактагенді. Мысалы, мен екпе алдым, егде жастағы адаммын. Екпе маған теріс әсер еткен жоқ. Егде адам екпе алса, теріс әсері аз болады. Ал балаларым екпе алған соң бір-екі күн қызуы көтерілді, бірақ жұмыс істеу қабілетінен айрылған жоқ. "Спутник V" құрамында әлсіретілген вирус бар. Егер әлсіреген вирустан қорықсаңыз, реактагендігі төмен қазақстандық QazVac немесе Hayat Vax (БАӘ-де өндірістен шыққан Қытай вакцинасы өлтірілген вирустан жасалған – ред.) алыңыз. QazVac пен Hayat Vax алсаңыз, кемінде бір жыл сізге қорғаныш болады.

Азаттық: Қалай ойлайсыз, екпеге секеммен қарайтындар неге көп? Бұл ақпараттың аздығынан ба?

Рафаиль Розенсон: Коронавирус – адамзат тарихындағы төтенше жағдай. Егер жаңа бір дүние шықса, адамдар оны қабылдайтын немесе оған қарсы болып, екіге бөлінеді. Жалпы вакцина алғаш пайда болғалы 225 жылдай уақыт өтті. Дженнер өзі тұратын Лондонда адамдарға вакцина егуді ұсынғанда жұрт оны келемеждеп, Дженнердің екпесін алсақ, мүйіз, мұрын өсіп шығады деп шулады. Басында шулағандар кейін Дженнерге қошемет көрсетіп, "қандай кемеңгер адам" десті. Қазір де сондай жағдай болып жатыр. "Екпе егіп, бізге чип орнатып жатыр, өлтірмекші" деп байбаламға салады. 230 жыл уақыт көрсеткендей қазір вакцинаға балама жоқ. Екпені алмастыратындай пайдалы, арзан дәрі табылмады. Мысалы, полимелия вакцинасының құны 22 доллар тұрады. Ал адам бұл ауруға шалдықса, жүздеген мың доллар жұмсау қажет болады.

Қымбатты қазақстандықтар, патриот болайық деп айтқым келеді. Еліңізді сүйсеңіз, өзіңіз де екпе алып, туыс-туғанға да салдырыңыз. Осылайша ұжымдық иммунитет қалыптастырайық. Күшіміз артып, кейінгі жылдары болған жамандықтарды ұмытамыз.

Азаттық: Covid індетіне қарсы екпелер коронавирустың жаңа түрлерінен қалай қорғайды?

Рафаиль Розенсон: Вакцина коронавирустың жаңа варианттарынан қорғайды. Коронавирустың құрамы екі бөліктен тұрады: ядро және тікен пішінді ақуыз. Коронавирустың ішкі компоненттері шамалы өзгеріп еді, бразилия мутациясы, оңтүстік африкалық мутация, британ мутациясы дегендер пайда болды. Екі рет бұрылып еді, үнді мутациясы шықты. Бірақ тікен пішінді ақуыздар өзгерген жоқ. Сондықтан екпе мутациялардан қорғайды. Иә, қазіргі екпелер басқа штамға келгенде, алғаш рет Қытайда байқалып, кейін әлемге тараған "біртоға", "тұрақты" штамнан қорғағандай жақсы қорғай қоймас. Осы бір "тұрақты" штамның өзі талай адамның өмірін қиды. Үнді штамы - зымиян әрі залалы көп, әрекет етуші механизмі де басқа вирус. Бірақ екпе алған адамға үнді штамы жұқса, қатты ауыра қоймайды. Ал екпе алмаса, қауіп-қатер ұлғаяды. Бізде бұл вирусқа қарсы вакцинадан басқа қорғаныс жоқ. Екпе адамды, елді, бүкіл адамзатты құтқарады.

Ақпарат жеткілікті. Тек хайп қуатындар, журналистер, тіпті дәрігерлер хайп жасағысы келіп, "сіздерге вакцина егіп, сынақ жүргізіп жатыр" дейді. Ешқандайда сынақ жоқ, қазір әлемнің 30 пайызы коронаирусқа қарсы екпе алды. АҚШ халқының 80 пайызына, Израиль – 90 пайызына вакцина салды.

Азаттық: Қазақстан және басқа да елдер халыққа екпені міндеттеп жатыр. Бұл қаншалықты дұрыс?

Рафаиль Розенсон: Біз егер екпе науқанын ерте бастан агрессивті жүргізгенде... Оның екі жағы бар: "таяқ механизмін" қолдану. Англияда, АҚШ, Израильде "сізге екпені тегін саламыз, ал вакцина алмай, кейін ауырсаңыз, онда ем-домға кететін шығынды өзіңіз төлейсіз" дейді. Бұл – агрессивті науқан: екпе алмағандарды "ұжымға қауіп төндіресіз" деп жұмысқа кіргізбейді.

Үнді штамы тараған тұста вакцинаға кезек көбейді (24 маусым 2021 ж.)

Үнді штамы тараған тұста вакцинаға кезек көбейді. Иммунолог "індетті тек екпе тоқтатады" дейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

Бұдан бөлек ынталандыру әдісі бар, онда лотерея ойнатып, ұтысқа көлік тігіп, жеңілдіктер жасайды. Әлемде мұның бәрі қолданылады және тиімді әдіс екенін дәлелдеді.

Біздің жағдайымыз мәз емес. Бізде елдің 30 пайызы вакцина алды. Ұжымдық иммунитетке дейін әлі қайда! Тіпті қалған адамның бәрі осы қазір келіп, екпе алса, екінші дозаны салғанша 21 күн күту керек. Екінші дозаны алған соң ағза сонымен жұмыс істеу үшін тағы 14 күн қажет. Яғни, осының бәріне бір жарым ай уақыт кетеді.

Біз екпені міндеттеу басқа елдерде нәтижелі болғанын көрген кезде, яғни, ақпан, наурыз, сәуірде-ақ осы әдісті бастағанымыз жөн еді. Әйткенмен әлі де болса уақыт, мүмкіндік бар.

Әркім "егер өмір сүргім келсе, вакцина аламын; ата-анам өмір сүрсін десем, оларды екпе алуға апарамын, балаларым бақытты, аман болсын десем, үйімдегі ересектердің бәріне екпе салдырам" деген шешімді өзі қабылдауы тиіс. Отбасымдағы 12 жастан асқан балаларға екпе салуға болады деп айтылысымен оларға да вакцина салдырамын.

Вакцинацияны ақылды өлшемге салып, қолайлы ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Қазір ақылға сыймайтын бір шектеу бар. Жүкті әйелге, омырауда баласы бар анаға екпе салмай жатыр. Күллі әлемде оларға вакцина салып жатқанына бес ай болды. Өйткені оларды бірінші кезекте қорғау керек, себебі ағзасы әлсіз. Жүкті болудың өзі иммунитетті әлсіретеді. Ал вирустың негізгі екі әсері – иммунитетті әлсіретіп, тамырдағы қанды ұйытады. Жүкті әйелдің қаны ұйығыш келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG