Сарапшылардың айтуынша, кейбір қашып жүрген "қылмыскерлерді" әбден "ескірген" іс бойынша соттау "қажет кезде" шкафтан құлап түскен қаңқа тәрізді әсер қалдырады.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ФЕМИДАНЫҢ ҚОЛЫ ЖЕТПЕЙТІН "СЫРТТАЙ" СОТТАЛУШЫЛАР
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарашаның 27-сі күні Таразда шетелде тұратын Мұхтар Әблязовті банкир Ержан Тәтішевті "өлтіруді ұйымдастырды" деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырды. Істі көп жыл өткен соң қайта қарады, 2004 жылы Тәтішев опат болған кезде тергеу органдары банкир "аңшылық кезінде жазатайым жағдайға ұшырап өлді" деп айтқан еді.
БТА банктің бұрынғы басшысы, 2009 жылы Қазақстаннан кеткен Әблязовті осымен екінші рет сырттай соттап отыр. Бір жарым жыл бұрын Алматы соты оны "БТА қаржысын жымқырған" деген айыппен кінәлі деп тауып, 20 жылға соттады. Әблязов шетелге кеткен соң банкті мемлекет иемденген болатын. Мұхтар Әблязов Қазақстан билігі таққан айыптың бәрін жоққа шығарып, "билікке оппозиция болғаным үшін өш алғысы келеді" деп сипаттайды.
2018 жылы қазан айында Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновты "жемқорлықпен айналысты" деген айыппен 17 жылға сырттай соттады. Соңғы 10 жыл бойы Швейцарияда тұрып жатқан Храпунов Әблязовтің құдасы, оның ұлы Әблязовтің қызына үйленген.
2007 жылы Виктор Храпунов сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовтің бастамасымен төтенше жағдайлар жөніндегі министр қызметінен алынды. Оның қызметінен кетуіне Алматы әкімі болып тұрған кезде жасаған "құқық бұзушылық" әрекеттері ықпал еткен деседі.
Өзіне қатысты шу басылған кезде, 2008 жылдың басында зейнетке шыққан бұрынғы әкім Храпунов Қазақстаннан Швейцарияға кетті. Біраз уақыт ол туралы ештеңе айтылмады. Қазақстаннан БТА банктің бұрынғы басшысы Әблязов қашып кеткен соң Храпунов елдегі адам құқығын бұзу фактілері туралы мәлімдей бастады.
2013 жылы ол Францияда "Nazarbaev votre ami le dictateur" ("Айыптаймын! Нұрсұлтан Назарбаевтың диктатурасы туралы") атты кітап шығарды. Храпуновтың әйелі Лейланың жазуынша, кітапта Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "жемқорлыққа негізделген басқару үлгісін" әшкерелейді.
Қазір Қазақстанның батысында Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның інісі, Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы депутаты Аманжан Рысқалидің ісін қарап жатыр. Бергей Рысқалиев 2012 жылдың тамызында "денсаулығына байланысты" облыс әкімі қызметінен кетті.
Сол жылдың қыркүйек айында оның інісі, "Ақжол" партиясы атынан мәжіліс депутаты болған Аманжан Рысқали депутаттық өкілеттігін өз еркімен тоқтатуға өтініш берді, оның өтініші қанағаттандырылды. Бұдан соң Рысқалиевтерге іздеу жарияланды, бірақ ағайындылар із-түссіз жоғалды.
2018 жылы Рысқалиевтердің Ұлыбританияны паналағаны белгілі болды. Қазір Атырауда жүріп жатқан сот процесінде билік ағайындыларды "ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарған, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланған, мемлекет мүлкі мен бюджет қаражатын алаяқтық жолмен жымқырған, пара алған және ақшаның ізін жасырған" деп айыптайды.
Қазақстанда сырттай сотталған ең жоғары лауазымды адам 1998 жылы елден кеткен бұрынғы премьер Әкежан Қажыгелдин болса керек. 2001 жылы Жоғарғы сот Қажыгелдинді "лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және пара алды" деген айыппен сырттай 10 жылға соттады.
Қарай отырыңыз: Әкежан Қажыгелдиннің Азаттыққа сұхбаты
Назарбаевтың өз отбасынан шыққан адам да сырттай сотталды – президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевті "Нұрбанктің" "топ-менеджерлерін ұрлап, өлтірді", "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп айыптады. Әлиев 2015 жылы Вена түрмесінде көз жұмды (ол "банкирлерді ұрлау ісі" бойынша тергеумен әріптес боламын деп Австрия билігіне өзі берілген болатын), ол "өз-өзіне қол салған" деп хабарланды.
ШКАФТАҒЫ "ҚАҢҚАЛАРДЫҢ" СЫРТҚА ШЫҒУЫ
Қазақстан қылмыстық-процессуалдық кодексінің 335-бабының 2-бөлімі, 2-тармағы бойынша ("Басты сот талқылауына сотталушының қатысуы") "сотталушы Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жүргенде және сотқа келуден жалтарғанда" оның ісін сырттай қарауға рұқсат етіледі.
Бұл норма аталған кодексте 2001 жылы – Әкежан Қажыгелдинді сырттай соттау қажет болған кезде пайда болды. Жоғары соттың қылмыстық іс бойынша сырттай соттауға қатысты берген түсініктемесінде "іс материалында қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғаның келуін қамтамасыз ету үшін қылмыстық қудалау мекемесі жан-жақты қабылдаған шара туралы дерек болуы керек" деп көрсетілген.
Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Юрий Гусаков дәл осы нормада сырттай соттаудың "саясиланғанын" айқын көруге болады дейді.
- Мұндағы саяси логика айдан анық: адамды жазалау керек, бірақ қалай жазалау керектігін білмейміз. Ендеше сырттай соттаймыз. Бүкіл мемлекеттік машина осы мақсатта жұмыс істей бастайды. Бүкіл құқық жүйе осы шешімге қызмет көрсете бастайды. Бұл өте жаман. Құқықтық жүйе саяси шешімге тәуелді болмауы керек, - деген Юрий Гусаков сырттай соттау тәжірибесін теріс бағалайды. Ал парламент мәжілісінің депутаты, билікке қарайтын Коммунистік халық партияның бейресми жетекшісі Владислав Косарев сырттай соттау тәжірибесін оң бағалайды.
- Егер адам шетелге қашып кетсе, оған айып тағылса, демек, оған негіз бар болғаны, бекерге қашқан жоқ қой. Сондықтан оларды аяусыз жазалау керек, - дейді Косарев.
Дегенмен Владислав Косарев күдіктіні Қазақстанда жүргенде емес, тіпті шетелге кеткен мезетте емес, ұзақ уақыт өткен соң яғни, "болары болып, бояуы сіңген соң" айыптауды сынайды. Ондай іс-әрекеттен саяси сауданың "жағымсыз иісі" шығады дейді.
Шетелге кеткен адамдардың үстінен бірнеше жыл өткен соң қылмыстық іс қозғау шкафта сақталған қаңқаның "уақыты жеткенде" жерге құлауы сияқты әсер етеді дейтіндер де бар. Храпунов ісін мысалға келтірген құқық қорғаушы Розлана Таукина осындай пікір айтады.
- Сот 2018 жылы, оның кеткеніне 11 жыл өткенде болып отыр. Аяқ астынан оны жемқорлық жасады, дүние-мүлкін алаяқтық жолмен жинады деп айыптай бастады. Храпунов Швейцарияда рахаттанып тыныш өмір сүріп жатқанда ешкім ештеңе демеген болатын. Ол әйелі екеуі билікті әшкерелейтін әңгімелер айта бастаған кезде іс қозғалып, сырттай сот басталды. Бұл соттың өш алуға ұқсайтынын бәрі біледі. Неге оған 10 жыл бойы тиіспеді? - деген сауал қояды Розлана Таукина.
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхаммедов сырттай соттау практикасын құптамайды, бірақ оны тәуелсіз мемлекеттің тарихи "тәжірибесінің" аздығынан туған кемістікке жатқызады.
Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов Қазақстанда билікке қарсыларды сырттай соттау "дәстүрге айналғанын" айтады. Дувановтың пікірінше, президент Назарбаев режимінің шынайы қарсыластары Қазақстандағы соттың әділдігіне сенбегендіктен шетелде бас сауғалауға мәжбүр, бірақ билік оларды сырттай соттай береді.
Бұрынғы сенат депутаты, тәжірибелі оппозиционер және Парламентаризмді дамыту қорының басшысы Зәуреш Батталованың пікірінше, Батыс елдері Қазақстан жүйесіне сенбегендіктен сырттай соттау тәжірибесіне де күмәнмен қарайды, сондықтан Астана саяси іске қатысы бар қашқындарды қайтара алмай отыр дейді.
- Халықаралық қауымдастықта қазақстандық соттың беделі жоқ, бізде әділ сот үкіміне жету қиын, сондықтан елден қашып кеткендерді қайтарудан бас тартады, - дейді Батталова.
Сарапшылар сырттай соттау тәжірибесін әділ деп атай алмайды, себебі ол айыпталушыны толық қорғану құқығынан айырады дейді. Ал сот біткен соң сотталушы сот шешімін апелляциялық инстанцияға беріп, шағымдана да алмайды.
ПІКІРЛЕР