"ОФФЛАЙННАН ОНЛАЙНҒА"
Кейінгі кезде биліктің ауысуын, Конституцияның өзгеруін талап етіп, бір адамдық пикет, акция өткізіп жүрген "Көше партиясы" тіркелмеген қозғалысының белсенділері төтенше жағдай режиміне байланысты “оффлайннан онлайнға көшкендерін” айтады. Былтырдан бері 36 күн бір адамдық пикетке шығып, сол үшін алты мәрте қамалып шыққан белсенді Асхат Жексебаевтың сөзінше, белсенділер билікке талаптарын басқа да жолмен жеткізе бермек.
- Жағдайға байланысты жалғыз адамдық пикетке шыға алмай қалғанымыз болмаса, белсенділігіміз бәсеңдеген жоқ. Флешмоб, челлендж бастап, видео түсіріп жатырмыз. Осылайша, наразылығымыз бен талабымызды онлайн білдіріп, көрсетіп жатырмыз. Бұрын бізді, “Көше партиясының” тіркелмеген қозғалысының мүшелерін, Әкімшілік кодекстің 488-бабы, яғни "Рұқсат етілмеген митингіге қатысты” деп жауапқа тартса, қазір 489-баптың 10-тармағымен "Тіркелмеген қоғамдық бірлестікке мүше болды” деп айыптап жатыр. Біз заңға қайшы ештеңе істеп жатқанымыз жоқ, билікті күшпен құлату ойымызда жоқ. Біз тек бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына көңіліміз толмайтынын айтамыз. Талаптарымыздан кейін Мұхтар Жәкішевтың (“Қазатомөнеркәсіптің” экс-басшысы, жемқорлық айыбымен 2009 жылы 14 жылға сотталып, жақында шартты жазамен босатылды. Құқық қорғаушылар оны “саяси тұтқын” деп таныған) босап шыққанына қуаныштымыз. Бірақ Жәкішевтен өзге жазықсыз қамауда отырған саяси тұтқындар әлі көп, соларды босатуды талап ете береміз, - дейді Асхат Жексебаев.
Видео: ҚДТ жақтастары құрған "Көше партиясы" қандай қозғалыс?
"Көше партиясы" тіркелмеген қозғалысы бастаған челленджге қатысқан семейлік белсенді Әлия Исенова Әкімшілік кодекстің 489-бабы бойынша ("Тіркелмеген ұйымның жұмысына араласу") айыппұл алғанын жеткізді.
- Маған "әлеуметтік желіде биіктің ауысуын талап етіп, видео түсіріп, жария еткен челлендждің заңсыз" деді. Сол үшін 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (132 мың теңге) айыппұл салды. Бұған дейін 20 ақпанда "Көше партиясы" қозғалысын қолдап жалғыз адамдық пикетке шыққанымда, дәл осы 489-баппен айыптап, 50 АЕК көлемінде айыппұл телегем, ендігі айыппұлды төлемеймін, - дейді белсенді.
Исенованың сөзінше, семейлік белсенділер Райгүл Садырбаева, Анар, Қалиева, Қуат Уәлиев және Қанат Ниқамбаев та 489-баппен айыпталып, 50 АЕК көлемінде айыппұл алған.
Билікке саяси талап айтып, наразылық шараларына шығып жүрген алматылық белсенді Әлнұр Ильяшев те елдегі төтенше жағдай кезінде интернетте онлайн митинг көбейгенін айтады.
- Карантин белсенділігімізге айтарлықтай әсер етпейді. Әрине, митингілер болмайды, дегенмен қазір белсенділер онлайн митингіге көшіп, петиция жазып жатыр. Күшімізді әлеуметтік желіге саламыз. Ал бұл уақытша үзіліс көп адамның ойлануына, жағдайды саралауға мүмкіндік береді деп ойламын. Оның үстіне биліктің қазіргі жағдайда жасап жатқан түсініксіз қадамдары, Қазақстанды құтқару мақсатында қор құру туралы [экс-президент] Назарбаевтың мәлімдемесі сияқты дүниелер болашағына әлі де болса оптимизммен қарап келгендердің үмітін сөндіргендей. Мұның бәрі Назарбаевтың рөлін арттыру үшін жасалып жатқандай. Жалпы соңғы бірнеше жылда елде болған жайттар біздің мемлекеттік аппараттың қызметі тиімсіз екенін, жемқорлыққа батқанын көрсетеді, - дейді ол.
"КАРАНТИН ҚОЛБАЙЛАУ БОЛЫП ТҰР"
Ал алматылық көп балалы әйелдердің мәселесін көтеріп жүрген белсенді Ирина Исабекова төтенше жағдай режимінің өздерінің жоспарына кері әсер еткенін айтады.
- Біз Алматы қаласы әлеуметік даму департаментіне бөлінген 10 миллиард теңгенің, оның ішінде "Бақытты отбасы" бағдарламасына бөлінген 5 миллиард теңгенің қалай жұмсалғаны жайлы материал дайындап жатқан едік. Осыған байланысты үлкен жұмыс тобы құрылып, әкімдік бізге бақылау тобын беруге, қаржының қайда жұмсалғаны жайлы есеп беруге уәде еткен еді. Қаладағы бір-біріне жақын, тығыз салынып жатқан құрылыс жұмыстарына қарсы прокуратура мен сотқа шағым түсірмек едік, қазір қол-аяғымыз байланып қалды. Себебі әкімдік онлайн режимге көшкен, бізді кіргізбейді. "Ұсыныстарыңызды жіберіңіздер" дейді, бірақ оның ескерілетіне сенім жоқ. Бұған қоса, даулы "Бейбіт митинг туралы" заң мен Денсаулық сақтау кодексінің болашағына алаңдаймыз. Сондықтан мен төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін өте маңызды барлық құжатты, заң мен жоспарды талқылауды, қабылдауды тоқтатуды талап етемін, - дейді Ирина Исабекова.
Елде "Демократиялық партия" құруды жоспарлайтын бастамашыл топ жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай жақтастарымен "уақытша үзіліс алғанын" айтады.
- Біз карантин жағдайында жеке кездесудерді уақытша тоқтатып тұрмыз, адамдардың өміріне қатер төндіргіміз келмейді. Соңғы кездесуіміз 15 наурызда болды. Дегенмен әлеуметтік желі мен телефон арқылы үнемі байланыстамыз. Карантинге дейін Жаңаөзендегі жақтастарымызды ҰҚК шақыртылды, оларға қылмыстық іс қозғалып, "алауыздық қоздырды" деген айып тағылғаны белгілі болды. Билік Мұхтар Жәкішевті (“Қазатомпромның” экс-басшысы, жемқорлық айыбымен 2009 жылы 14 жылға сотталып, жақында шартты жазамен босатылды. Құқық қорғаушылар оны “саяси тұтқын” деп таныған) босатып, елдегі белсенділердің наразылығын басқысы келді. Алайда жүйе өзгерген жоқ, билік әлі де саяси көзқарасы үшін белсенділерді қудалауын тоқтатқан жоқ. Яғни, наразылық әлі де бола беретіні анық, - дейді Жанболат Мамай.
Liberty құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ғалым Ағелеуов қазіргі төтенше жағдайда билік керісінше азаматтық белсенділерді көмекке шақырғаны абзал еді дейді.
- Атқарушы билік те, медициналық қызмет те азаматтық белсенділердің белсендігін өз пайдасына, жұмысының нәтижелі болуына пайдалануға болар еді. Алматыдағы блокпосттарды аралап, онда медициналық қызметкерлердің тепловизорлардың орнына қарапайым термометрмен тұрғанын түсірген белсенділерге қысым жасалып жатыр. Негізгі проблема ол ақпараттың тарауы емес қой, керісінше, бөлінген қыруар қаржыға қарамастан тепловизор емес, қарапайым термометр пайдаланғанын анықтау керек еді. Ал бізде әдеттегідей ақпаратты таратқан адам кінәлі болып шығады, - дейді құқық қорғаушы.
Ағелеуов елдегі коронавирусқа қатысты ресми ақпаратты енді тек ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлайтынын монополизм деп есептейді. Құқық қорғаушының пікірінше, бұл – адамдардың сөз бостандығына деген құқығын шектеу.
Алматы маңында орнатылған блокпосттардағы заңсыздықтарды анықтап, видео түсіріп, әлеуметтік желіге салған блогер Геннадий Крестянскийдің сөзінше, 21-22 наурызда өзін үйінің маңында белгісіз біреулер аңдыған. Ол мұны "қорқыту амалы" деп санайды. Крестянский мереке күндері аяқталғаннан кейін (Қазақстанда Наурыз мерекесіне байланысты 26 наурызға дейін ресми демалыс) блокпостарға тағы рейд жасауға дайын екенін айтады.
БЕЛСЕНДІЛЕРДІ “ТЖ РЕЖИМІН БҰЗДЫ” ДЕП ЖАЗАЛАУ
Өткен аптада Қазақстанның кейбір аймақтарында белсенділер “Төтенше жағдай режимін бұзды” деп жазаланды. Мәселен, Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты алдында 18 наурыз күні билікке қарсы шараға қатысқан үш белсенді – Әлібек Молдин, Асылхан Жаубатыров, Айтжан Темірғазиев “төтенше жағдай режимін бұзды” деп айыпталып, он тәулікке қамалды. Ал Қарагөз Башигулова мен Ақлима Туксикованың әрқайсына 26 500 теңгеден айыппұл салынды. Шешімді 21 наурызда Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты шығарды.
“Бұл азаматтар Әкімшілік кодекстің 476-бабының 3-тармағы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша айып тағылған. Олар Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік соты ғимараты жанында 18 наурыз күні жиын өткізген. Осылайша Қазақстан президенті [Қасым-Жомарт Тоқаевтың] 15 наурыздағы төтенше жағдай жариялау туралы жарлығын іске асыру жөніндегі нұсқаулықты бұзды” деп жазылған Ақтөбе облыстық соттың хабарламасында
Қамалғандардың бірі Әлібек Молдиннің әйелі Жадыра Нұғыманова “күйеуі Әлібек Молдин мен оның жақтастары сотта өздеріне тағылған айыпты мойындамағанын” айтады.
- Күйеуім Әлібек Молдин мен өзге де белсенділер 18 наурыз күні белсенді Асылхан Жаубатыровты ("Полицияның заңды талабына бағынбады" деп айыпталып, іс қозғалған. Отырыс кейінге қалды - ред.) қолдау үшін сотқа барған. Төтенше жағдай режиміне орай оларды сот ғимаратына кіргізбеген. Сыртта топтасып тұрған белсенділерді билік "төтенше жағдай режимін бұзды" деп айыптап, қамап тастады, - дейді ол.
Азаматтық белсенділер құқығын сотта қорғаумен танылған адвокат Ғалым Нүрпейісов те төтенше жағдай жарияланғалы Семейде және Шымкентте бірнеше белсенді "төтенше жағдай режимін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 476-бабы 3-тармағы), "билік өкіліне бағынбады" (667-бап) деп жауапқа тартылғанын айтады.
15 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде коронавирус табылуына байланысты сақтық шарасы ретінде төтенше жағдай жариялаған. Елде көп адам жиналатын шаралардың барлығына тыйым салынған.
ПІКІРЛЕР