Accessibility links

Құрық порты құрылысының екінші кезеңі аяқталды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Құрық портының презентациясы барысында. Маңғыстау облысы, 11 тамыз 2018 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Құрық портының презентациясы барысында. Маңғыстау облысы, 11 тамыз 2018 жыл

Каспий саммиті қарсаңында Құрық портында "мультимодальды транспорттық хаб" ретінде аталып жүрген жаңа паром кешені таныстырылды. Кешеннің тұсаукесері "президентке шексіз алғыс айту мен ризашылық сезім білдіру" рәсімімен жалғасты.

Каспий саммиті қарсаңында жиналған қонақтарға тамыздың 11-інде Құрық порты таныстырылды. Арнайы рәсімге президент Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Иран, Қытай және Орталық Азия елдерінің мемлекеттік орган басшылары, транспорт-логистикалық компания өкілдері қатысты.

ТЕЛЕКӨПІР

Құрық портына жүк тасымалын жеткізуге ықпал ететін жаңа бағыттардың ашылуы телекөпір арқылы көрсетілді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Тәжен" кеден бекетінен басталатын көлік пен "Қорғас-Шығыс" қақпасынан жолға шығуы тиіс контейнерлік пойыздардың қозғалысын бастауға рұқсат беретінін айтты.

- Қорғас туралы Қытаймен арадағы мәселе баяғыда шешілген. Бұл жерде кейін аса ірі қала болады. Қытайдың шығыс және оңтүстік провиянциялары осы порт арқылы тауарларын таситын болды. Жұмыстарыңызға рақмет! Мен ашуға команда беремін, - деді ол Қорғас портынан телекөпірге қосылып тұрғандарға қарата.

Каспийдің шығыс жағалауында орналасқан Құрық порты. 11 тамыз 2018 жыл
Каспийдің шығыс жағалауында орналасқан Құрық порты. 11 тамыз 2018 жыл

Президенттің сөзінше, Құрық портында жаңадан іске қосылған инфрақұрылым көлік транзитін дамытуға жол ашады. Оның айтуынша, Құрық пен Транскаспий бағыты арқылы Қытай, Орталық Азия елдері мен Ресейдің Орал-Сібір аймағынан Түркия мен Еуропаға тауар тасу процесі оңайлайды.

- Қазақстан да 2020 жылға қарай транзиттік жүк тасымалдаудан түсетін жылына бес миллиард доллар қаражатты қазынасына құяды, - деді президент.

Назарбаевтың айтуынша, Құрықтағы мультимодальды хабтың іске қосылуына байланысты 20 мың жұмыс орны ашылады.

"ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЕРЕН ЕҢБЕГІН АТАП ӨТУ"

Құрық портындағы мультимодальды хабтың жұмысын бастау әрі қарай президент Назарбаевқа деген "шексіз алғыс пен ризашылық сезімді білдірумен" жалғасты. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев, Өзбекстан премьер министрінің орынбасары Ачилбай Раматов, "Әзербайжан темір жолы" компаниясының бастығы Джавид Гурбанов, қытайлық COSCO компаниясы директорының орынбасары Суйт Цзюн және тағы да басқа қатысушылар Назарбаевтың "қарым-қатынастың өркендеуіне үлес қосып, Қазақстанның көлік әлеуетін арттырып отырған зор еңбегі" үшін алғыс айтты.

Шара соңында тағы бір мәрте сөз сөйлеген президент Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу туралы амбициялық мақсаты бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, "соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасының 21 есе өскен", сәйкесінше "халықтың да тұрмысы жақсарған".

Құрық порты. Маңғыстау облысы, 11 тамыз 2018 жыл
Құрық порты. Маңғыстау облысы, 11 тамыз 2018 жыл

Президент Назарбаев:

- Құрық портының екінші кезеңінің іске қосылуы - елдегі біресе жоғарылап, біресе төмендеп отырған шикізат экономикасынан әлдеқайда бөлек, индустриялық-инновациялық, әлеуметтік бағдарламалар тәрізді экономиканы диверсификациялаудың бір жолы, - деді.

Президенттің елдің дамыған экономикасы жайлы көтеріңкі көңіл-күйі Қазақстандағы теңге бағасының күрт құлдырауымен сәйкес келсе де, ол туралы жиында еске алынбады.

Жиын соңы әнші-әртістердің концертіне ұласып, қатысушылар сән- салтанатты дастарқанға жайғасты. Содан соң президент Нұрсұлтан Назарбаев тікұшақпен Ақтауға ұшып кетті.

Құрық порты Ақтаудан 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Жалпы құны 32 миллиард теңгені құрайтын Құрық паром кешені 2016 жылы желтосқанда іске қосылған.

2018 жылдың қаңтар-маусым айларында Құрық портынан 856 мың тонна жүк тасымалданған. Порт астық, мұнай өнімдері, химикаттар, тыңайтқыштар және басқа да жүктерді тасымалдауға лайықталып жасалған.

Көре отырыңыз: Құрық портының ашылуы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG