Accessibility links

Ақтөбе апелляция соты "балаларды азғырған" жігіттің үкімін өзгертпеді


Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

8 маусым күні Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасы "жас балаларды азғырған" деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айрылған 23 жастағы Әліби Өтепбергеннің үкімін өзгеріссіз қалдырды.

- Сотталушы Өтепбергеннің кінәсі толық дәлелденген. Бұл қылмыстық іс бойынша тергеу жан-жақты әрі объективті жүргізілген. Іс материалдарынан бейхабар кей азаматтардың әлеуметтік желіде "Өтепбергенге әділетсіз шешім шығарды" деуі шындыққа сай емес, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық соты.

Аса ауыр қылмыс санатына жатқызылған Әліби Өтепбергеннің ісі жабық сот отырысында қаралды.

Апелляция сотында Әліби Өтепбергеннің құқын қорғаған адвокаттардың бірі Жұмабай Арыстанов сот үкімімен келіспейтінін айтты. Жәбірленушілердің бірінің адвокаты Алмас Жұмағалиев "үкіммен келіспеушілер кассациялық алқаға шағымдансын, басқа айтарым жоқ" деді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы "Шабыт" университетінің студенті Әлби Өтепберген 2019 жылы жазда Ақтөбе қаласындағы балалар лагерінде тәлімгер болып істеген. Шілденің соңында бірнеше оқушының ата-анасы берген арызы бойынша, Өтепбергеннің үстінен "кәмелетке толмаған балаларға сексуалдық сипаттағы іс-әрекет жасаған" деген айыппен іс қозғалып, ол күдікті ретінде қамауға алынған.

Жабық өткен сот процесі кезінде адвокаты айыпталушының қылмыс жасағанына дәлел жоқ деп мәлімдеп, бірқатар айғақтар келтіргенімен, сот оны аса ауыр қылмыс жасаған деп таныды. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 26 наурыздағы үкімімен Әліби Өтепберген Қылмыстық кодекстің "Жас балаларды азғындық жолға түсіру" бабы бойынша 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды. Ол жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтейтін болады, бұған қоса сот оған педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салды.

8 маусымда Ақтөбе облыстық сотының алдына Әліби Өтепбергенге қолдау білдіріп ондаған адам жиналды. Үкімнің өзгеріссіз қалғанын естіген олар наразылық білдіріп, кейбірі сот ғимаратына кіруге тырысты.

Өтепбергенге наурызда сот үкімі шыққаннан кейін әлеуметтік желіде оны қолдап #Әлібигеәділдік хэштегімен істі қайта қарауға шақырғандар көбейген. Олар жігіт "жаланың құрбаны болып, жазықсыз сотталды" деп санайды.

Әліби Өтепбергенді қолдаушылар арасында актриса Меруерт Өтекешова, әнші Светлана Айтбаева (әнші Димаш Құдайбергеннің анасы), т.б. танымал адамдар бар.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі енгізілген тұста, 6 мамырда Ақтөбе сотына Әліби Өтепбергенге араша сұрап барған 22 адам "төтенше жағдай тәртібін бұзғаны" үшін әкімшілік жазаға тартылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG