Мұсылман ғұрпымен хиджаб киетін апалы-сіңлілі Диана мен Жәннат екі елдің – Қазақстан мен Ресейдің мектептерінде онлайн оқып жатыр. Диана Ресей онлайн мектебінің 9-сыныбында оқиды. Ал Жәннат Ақтөбедегі №23 мектептің 4-сынып оқушысы. Қазақстанда коронавирусқа байланысты мектеп оқушылары онлайн-сабақ оқиды. Егер билік сыныпта оқуға рұқсат етсе, Жәннат мектепке баруы керек. Қазақстанда мектепке діни киіммен баруға тыйым салынған.
Диананың шешесі Гүлжан Сәбенова "қызым осы ереженің кесірінен қоғамнан өз еркімен емес, мәжбүрліктен оқшауланып қалды" деп санайды. Жасөспірім Ресейдегі онлайн мектепке ауысқанда мектебі мен достарын сағынып қатты қиналған. Кейін онлайн оқуға көндігіп кеткен.
Диананың Ресей мектебіндегі оқуы ақылы. Отбасы қызының онлайн оқуына ай сайын 25 мың теңге төлейді. Одан бөлек, қосымша сабақтардың ақысы тағы бар. Анасының сөзінше, жылына бір рет болатын аттестация да ақылы. Аттестацияға 80 мың теңгедей жұмсайды.
– Жеке кәсіпкермін. Пандемия жеке кәсібіме зардабын тигізді. Бұл – жалғыз менің басымдағы жағдай емес. Пандемиядан халықтың тұрмысы анағұрлым ауырлай түсті. Оқу ақысын төлеу қиындап кеткендіктен үлкен қызым Диананы бұрынғы мектебіне ауыстырғым келеді. Бірақ пандемиядан соң оқушыларға міндетті мектеп формасы туралы талап тағы қойылары анық. Қазақстан мектептерінде онлайн оқу заңдастырылса, "орамал дауы" шешілер еді, – дейді қыздардың анасы Гүлжан Сәбенова.
Диана жетінші сыныпқа дейін Ақтөбедегі №23 мектеп-лицейде оқыған. Мектеп директоры Гүлнәр Нарымбетова оқушыны қайта қабылдауға қарсы емес. Бірақ ол арнайы комиссияның сынағынан өтуі тиіс.
Арнайы комиссия баланың 7-8 сыныптың оқу стандартын қаншалықты меңгергенін тексереді. Білім деңгейін дәлелдей алмаған жағдайда биыл 9-оқып жүрген Диана 8, тіпті 7-сыныпқа қайта баруы мүмкін. Оқушыға қойылатын ең басты талап – мектеп формасының сақталуы.
– Қазір 5-11 сынып оқушылары қашықтан оқып жүр. Сондықтан біз әрбірінің үйіне барып, киімін тексере алмаймыз. Мектепке қайта оралған жағдайда балалар біркелкі форма киюге міндетті, – дейді мектеп басшысы Гүлнәр Нарымбетова.
Ал Диана орамалын шешкісі келмейді.
Ақтөбе мектептеріндегі "түсіндіру жұмыстарынан" соң біраз оқушы орамалын шешуге келіскен. Солардың бірі – Томирис қазір қаладағы №46 мектептің 9-сыныбында оқиды. Анасы Ғалия Әминова да Қазақстан онлайн оқуды заңдастырып, хиджаб киетін қыздарға үйден оқуға мүмкіндік бергенін қалайды.
– Қызым қоғам тарабынан көрсетілген қысымға шыдай алмады. Үйге талай рет жылап та келді. Ересектер мен олардың ықпалынан шыға алмаған ұл-қыздар ала көзбен қарай бастағанда қызымның психологиясы күрт өзгергенін аңғардым. Кісікиік болып алды. Тіпті үйде телефонмен сөйлесіп отырып та құрбыларымен шекісіп қалатын, – дейді Томиристің анасы.
Мамандығы заңгер, өзі де дін жолын ұстанатын Ғалия Әминова "орамалға қарсы күрес кезінде конституциялық құқымыз шектелді" деп санайды. Бірақ ол баласының психологиясын ойлап, лажсыздан мектеп талабымен келіскен. Томирис мектепке барғанда хиджабын шешеді, өзге жердің бәрінде орамалын тағады.
Ақтөбедегі колледждердің бірінде мемлекеттік грантпен оқып жүрген Әмина "мектептегі қысымнан кейін колледжге кеткенін айтады. Оқуы онлайн форматта болғандықтан әзірше орамалға байланысты дау болмаған. Оның да Қазақстан үкіметі онлайн сабақты заңдастырса деген тілегі бар.
– Орамал дауы мектептерде ғана емес, орта және жоғарғы оқу орындарында да бар деп есептеймін. Сондықтан мен де Қазақстанда онлайн оқудың заңдастырылғанын қалаймын. Өйткені пандемиядан соң не боларына көзім жетіп тұрған жоқ. Барлығы Алланың қалауымен болады, әрине. Негізі, 11-сыныпты бітіргім келген. Бірақ... Айтыс-тартыспен жүріп 9-сыныпты әрең аяқтадым. Пандемиядан соң колледжде не күтіп тұрғаны бір Аллаға аян. Таңдау жасау керек болып жатса, оқуды емес, орамалды таңдарым анық, – дейді Әмина.
БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ НЕ ДЕЙДІ?
Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова Қазақстанда мектеп оқушысына онлайн-білім алуға рұқсат денсаулығына байланысты берілетінін айтады.
– Қазіргі онлайн формат балалар мен педагогтардың өмір қауіпсіздігін, денсаулығын сақтау мақсатында мәжбүрліктен енгізіліп отыр. Пандемия кезінде оқушыларға мектеп формасына байланысты қатаң талап қойылмады. Көп отбасының табыссыз қалғанын ескердік. Бірақ бұл мектепке орамал тартып келуге болады деген сөз емес. Балалар мектепке оралған жағдайда ресми стиль сақталады. Қазақстандағы "Білім туралы" заңда қашықтан оқыту нормативтік-құқықтық жағынан негізделмеген. Қазақстан заңдарына сай, қашықтан оқуға денсаулығына байланысты ерекше білім алатын балаларға ғана рұқсат етілген. Эпидемиологиялық ахуал жақсарғанда балалар мектепке оралады. Сол кезде мектеп формасы туралы талап мүлтіксіз орындалуы тиіс, – дейді Бертілеуова.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, осыдан екі жыл бұрын аймақта 340 оқушы қыз мектепке хиджабпен келіп жүрген. Ата-аналар мен оқушылар арасындағы ұзаққа созылған түсіндіру жұмысынан кейін облыс мектептеріндегі "орамал дауы" толық шешілді деп санайды шенеуніктер. Бірақ облыста орамалын шешуден бас тартқан 11 оқушы қазір Ресей мектебінде онлайн оқып жүр.
Оқу жылы қарсаңында орамал дауы қайта көтерілді (29 тамыз 2019 ж.)
"ҚОҒАМ ОРАМАЛ ТАРТАТЫН ҚЫЗДАРДЫ ШЕТТЕТІП ТАСТАДЫ"
Психолог Гүлжан Рахымова орамал тартқанына бола мектепке кіре алмаған қыздардың бәрін қоғамнан шеттетілгенге жатқызады.
– Қоғам орамал тартатын қыздарды шеттетіп тастады. Бұл жағдай олардың психологиясы мен болашағына кері әсер етпей қоймайды. Психологияда шеттетілгендердің жан жарасы деген түсінік бар. Ондай адамдар болашақта өзіне шетқақпай көрсеткен қоғамнан орын таба алмауы, тіпті теріс айналуы да мүмкін. Әрине, әр отбасы бір-бір әлем. Жан-жақты зерттеуді керек етеді. Өз тәжірибемнен білетінім, дін ұстанушының бәрі радикал емес. Әдетте күш кімнің қолында болса, жауапкершілік те сонда болады. Зайырлы қоғам азаматтарына күш көрсетпейді. Балаға шарт қоймас бұрын мемлекет оның ортасын, отбасын зерттеуі керек еді. Өкінішке қарай, бізде ондай зерттеу жүргізілген жоқ. Балалар ата-ана мен биліктің арасындағы текетірестің құрбаны болды. Орамал тартқанына бола мектепке кіре алмағандардың бәрін шеттетілгендер деп санаймын, – дейді психолог Рахымова.
2016 жылы қаңтарда Қазақстан білім және ғылым министрлігі бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы № 26 бұйрықты қабылдаған. Бұл ереже Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы) облыстарындағы кейбір мектеп пен ата-аналар арасындағы дау-дамайға себепші болды.
Қабылданған ережеге сай, мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Мектеп формасына қойылған бұл талапты меншік нысанына қарамастан елдегі жалпы білім беру мекемелерінің барлығы бірдей орындауға міндетті.
Қазақстанда мектеп пен басқа да оқу орындарында хиджаб пен өзге де діни киім түрлерін киюге байланысты түпкілікті шешім билік діни экстремизм проблемасына алаңдай бастаған кезде қабылданған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) исламда шариғат талабы бойынша ата-анасы кәмелетке толмаған қызына орамал таққызып, жалпыға ортақ білім алуына тыйым салмауы тиіс екенін айтады. Діни басқарма 2013 жылы орамал туралы пәтуа шығарып, ата-аналарды қыз баланың міндетті зайырлы білім алуына көбірек көңіл бөлуге үндеген.
ПІКІРЛЕР