Accessibility links

"КМК Мұнай" жұмысшылары жалақыны екі есе көбейтуді талап етті, басшылық келіспеді


Ақтөбе облысында мұнайшылар ереуілі жалғасып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

Ақтөбе облысында "КМК-Мұнай" компаниясы жұмысшылары жалақыны екі есе көбейтуді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, жұмысты тоқтатты. Кәсіпорын басшылығы еңбекақыны 20 пайызға көбейтуге әзір екенін айтты. Әзірге екі тарап келісімге келген жоқ.

"АЗ ЖАЛАҚЫ, ТАР ЖАТАҚХАНА, НӘРСІЗ ТАМАҚ"

Ақтөбе облысының Темір ауданы Көкжиде кенішінде "КМК Мұнай" компаниясында еңбек ететін 200-ге жуық жұмысшы басшылықтан жалақыны 100 пайызға көбейтуді талап етіп отыр. Олар компания басшылығы мен облыс билігіне 12 қаңтарда жолдаған жалақы туралы талабы орындалмаған соң, 25 қаңтардан бастап ереуіл жариялап, жұмысты доғаратынын мәлімдеген. Мұнайшылар осы туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялаған.

"Біздің компания облыстағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Жыл сайын мұнай өндіру жоспарын артығымен орындап келеді, бірақ басқа мұнай компанияларымен салыстырғанда біздегі жұмысшылар өте аз жалақы алады" деді үндеуінде мұнайшылар.

"КМК Мұнай" компаниясы жұмысшылары еңбекақыны екі есеге көбейтуді талап етіп тұр. Көкжиде кеніші, Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 26 қаңтар 2021 жыл.
"КМК Мұнай" компаниясы жұмысшылары еңбекақыны екі есеге көбейтуді талап етіп тұр. Көкжиде кеніші, Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 26 қаңтар 2021 жыл.

2004 жылы құрылған "КМК Мұнай" компаниясы Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Құмсай және Мортық кеніштерінде көмірсутек шикізатын барлау мен өндіру жұмыстарымен айналысады. 400-ге жуық адам еңбек ететін бұл компанияға Панамада тіркелген Yukon Energy Holding S.A. компаниясы және Қытайдың CNPC деп аталатын ірі мемлекеттік компаниясының еншілес кәсіпорны – "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамы тең иелік етеді.

26 қаңтарда болған келіссөз кезінде "КМК-Мұнай" компаниясы президенті Ван Цзиньбао жалақыны 20 пайызға көбейтуді ұсынған, бірақ жұмысшылар оған келіспеген. Бұл туралы сейсенбіде Азаттыққа Көкжиде кенішінде екі күннен бері ереуілде тұрған жұмысшылар хабарлады. "Талаптарымыз толық орындалмайынша жұмысқа шықпаймыз!" деген мұнайшылар жалақыға қоса компания басшылығына тағы бірнеше мәселе бойынша талап қойғанын жеткізді.

– Мұнай өндірісінің көлемі жыл сайын ұлғайып жатса да, жұмысшылардың жағдайы бәз-баяғыша. Әу баста 50-70 адамға арналып салынған ескі жатақханада 300-дей жұмысшы тұрып жатыр. Жуынатын бөлмесі де, әжетхана да, асхана да 300 адамға арналмаған. Жатақханаға сыймаған соң жұмысшылар сол маңдағы вагондарда тұрып жатыр. Барлық жерге қос қабатты кереует қойылған. Жатақханамыз мұнай ұңғымасына өте жақын орналасқан, өндіріс аумағы болғандықтан ол маңда ауаға тым көп мөлшерде күкірт пен газ тарайды. Жатақхананы кеніштен аулақтау жерге көшіру керек, – деді ереуілде тұрған мұнайшылардың бірі Жасұлан Мерғалиев.

"КМК Мұнай" компаниясы жұмысшылары жалақыны екі есеге көбейту жайлы талабы орындалмайынша, жұмысты доғаратынын мәлімдеді. Көкжиде кеніші, Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 25 қаңтар 2021 жыл.
"КМК Мұнай" компаниясы жұмысшылары жалақыны екі есеге көбейту жайлы талабы орындалмайынша, жұмысты доғаратынын мәлімдеді. Көкжиде кеніші, Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 25 қаңтар 2021 жыл.

Мұнайшылар өздері тамақтанатын асханадағы ас мәзірін жақсартуды да сұрайды.

– Бұрын жұмысшы асханасында таңдау бар еді, тәбетіміз тартқанын таңдап алатынбыз. Ал қазір не берсе, соны ішіп-жеп жүрміз. Ет дегенді көруден қалдық. Беретіні өкпе-бауыр мен суға бөктірілген қарақұмық, макарон. Былтыр қарашада жұмысшылардың бірқатары ас мәзіріне наразылық білдіріп, үш күн аштық жариялаған. Содан кейін дұрысталғандай болып еді, қазір қайта нашарлап кетті. Қысы-жазы ауыр жұмыс істеп, далада жүретін адамға құнарлы тамақсыз тіпті қиын, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген жұмысшылардың бірі.

Мұнайшылар кәсіподақ жұмысын жандандыруды да талап етіп отыр. "Құқығын не жұмыс беруші, не кәсіподақ, не болмаса атқарушы билік қолдамайтын ереуілшілерге қысым жасалмасын" дейді мұнай-газ өндірісінің операторы Ерболат Оразбаев.

– Екі күннен бері сөзімізді өзімізден басқа ешкім сөйлеп жатқан жоқ. Азғантай жалақымыздан ай сайын кәсіподақ ұйымына жарна төлейміз. Бірақ кәсіподақтан да қайыр болмай тұр. Мұнайшылар арасындағы мүгедек баласы бар 4 жігітке ара-тұра көмектескен кейіп танытатыны болмаса, кәсіподақ ұйымының жұмысшы қамын күйттеген кезі жоқ. Басшылар әр жиналыс сайын "былтыр тамыз айында жалақы 33 пайызға көбейді" дегенді айта береді. Ол кезде де арызданып жүріп, тиын-тебенге әрең қол жеткізгенбіз. Жұрттың бәріне 33 пайыз қосылды деуге келмес, компания бойынша жалақы 6-33 пайыз аралығында көбейгені рас, – дейді ол.

Оразбаев басшылар жалақыға, жұмыс жағдайына наразылық айтқандарға "аттестациядан өте алмайтынын", "жұмыстан босайтынын" ескертіп, қысым көрсетеді деп шағынды.

Жұмыс берушіден еңбекақыны екі есеге көбейтуді талап етіп тұрған "КМК Мұнай" компаниясы жұмысшылары. Көкжиде кеніші, Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 26 қаңтар 2021 жыл.
Жұмыс берушіден еңбекақыны екі есеге көбейтуді талап етіп тұрған "КМК Мұнай" компаниясы жұмысшылары. Көкжиде кеніші, Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 26 қаңтар 2021 жыл.

"КМК Мұнай" компаниясының Көкжиде кенішінде 25 қаңтар күні вахтада істеп жатқан жұмысшылар ауысып, 120 мұнайшы үйіне қайтуы тиіс болған. Бірақ олар өндірістік базаға жиналып, жалақыны 100 пайызға көбейтуді талап етті. Өз айтуынша, 4-разряды бар мұнай-газ өндіру операторы (аты-жөнін атамауды өтінді - ред.) жұмыс берушіге қойған талабы туралы сұраған Азаттық тілшісіне ай сайын қолына 155 мың теңге тиетінін айтып, жалақының мардымсыздығына шағымданған еді.

"БАСШЫЛАРДЫҢ ҚОЛЫ БОС ЕМЕС"

Азаттық жұмысшылар талабына байланысты "КМК Мұнай" компаниясы басшылығынан түсініктеме алуға талпынғанымен, екі күн бойы олармен сөйлесудің сәті түспеді. Компания кеңсесіндегі қызметкер 26 қаңтарда қайта байланысқа шыққан Азаттық тілшісіне "басшылардың бәрі кеніште жүргенін" айтты.

"Жалақы өспесе, аштық жариялаймыз". Ақтөбе облысында мұнайшылар ереуілге шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:06 0:00

Ақтөбе облысының әкімдігі "КМК Мұнай" компаниясы жұмысшыларынан шағым түскенін растап, мұнайшылардың облыстық еңбек инспекциясына да жүгінгенін хабарлады.

"Инспекция өткен аптада "КМК Мұнай" компаниясын тексерді. Еңбек жағдайына байланысты мұнайшылардың наразылығы бары белгілі болды" делінген әкімдіктің қысқаша хабарламасында.

Азаттық тілшісі Темір ауданы әкімдігіне де хабарласқан болатын. Аты-жөнін атамаған әкімдік қызметкері "жұмыс берушінің жалақыны 20 пайызға көбейту туралы ұсынысына мұнайшылар келіспей, келіссөз әлі жалғасып жатқанын" айтты.

Көкжиде кенішіндегі мұнайшылар ереуілі жаңа, 2021 жыл басталғалы бері Қазақстанда болған алғашқы наразылық емес.

6 қаңтарда Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында мұнай-газ саласында жұмыс істейтін Италияның Bonatti S.p.A сервистік компаниясының жұмысшылары ереуілге шығып, жалақыны кемінде 50 пайызға көбейтуді талап еткен. Екі күннен кейін компания басшылығы жұмыс берушінің қаңтар айында "жалақыны қазіргі инфляция деңгейін ескере отырып қайта есептеуге", келесі айда бір айлық жалақы мөлшерінде сыйақы тағайындауға уәде бергені туралы хабарлама таратты.

Онда жалақыны 50 пайызға өсіру туралы жұмысшылар талабы қаңтардың ортасында Қазақстанға бас директор келгенде талқыланады деп жазылған.

2011 жылы Маңғыстау облысында жұмысшылар жалақысын көбейту және еңбек жағдайын жақсарту талабымен жеті айға жалғасқан мұнайшылар ереуілі қантөгіспен аяқталған. 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында мұнайшылар ереуілі кезінде полиция наразыларға оқ атқан. Ресми мәлімет бойынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG