Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы соты "Нұр Отан" партиясының белсенділерге қарсы талабын қанағаттандырды

Алматыдағы Жетісу аудандық соты. Көрнекі сурет.
Алматыдағы Жетісу аудандық соты. Көрнекі сурет.

18 қарашада Алматы қаласының Жетісу аудандық соты "Нұр Отан" партиясы мен оның төрт мүшесінің үш белсендінің үстінен түсірген шағымын қанағаттандырды. Сотқа жауапкер болып қатысқан азаматтық белсенділер Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетов биыл көктемде "Наше" право" деп аталатын партия құратынын жариялаған болатын. "Нұр Отан" партиясы мен оның төрт мүшесі үш белсендіні әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында "шындыққа сай келмейтін ақпарат жариялады" деп сотқа берген.

- "Нұр Отан" партиясы қоғамдық бірлестігінің талабы қанағаттандырылсын. Тамара Шакированың, Ержан Медеуовтің, Дидар Аққұловтың, Рәзия Бахибекованың талап арыздары ішінара қанағаттандырылсын, - деген шешім шығарды судья Орынғали дүйсенбі күні.

Сот "Наше право" партиясын құруға "Нұр Отан" партиясы тарапынан кедергі жасалды" деген ақпарат "Нұр Отан" партиясының іскерлік беделіне және сотқа талап арызбен жүгінген ұйымның төрт мүшесінің ар-намысына нұқсан келтірді" деп таныды.

"Нұр Отан" партиясының жауапкерден моральдық зардап келтіргені үшін өтемақы өндіріп алу туралы талабы арыз иесі өкілінің өтініші бойынша сотта қаралған жоқ.

Сот ұйғарымына сай, жауапкерлер шешім күшіне енген соң 10 күн ішінде өздерінің Facebook парақшаларында бұрынғы айтқандарын терістейтін ақпарат жариялауға міндетті. Бұған қоса сот жауапкерлерді талап арыз берген "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесінің әрбіріне бір жарым миллион теңгеден (шамамен 3875 доллар) ортақтасып төлеуді міндеттеді. Сот шешімі күшіне енген жағдайда жауапкерлер "Нұр Отан" партиясына сот шығыны үшін 60 мың теңгеге жуық ақша төлеуі тиіс.

Жауапкерлер соттан талап арызды қанағаттандырудан толық көлемде бас тартуын сұрады.

Оқи отырыңыз: "Нұр Отан" партиясы іскерлік беделін сотта даулайды

Бұған дейін сот жауапкерлердің судьяларға сенімсіздік білдірген өтінішін кері қайтарған. Жауапкердің бірі Әлнұр Ильяшев бұл судьяларды қызметке бұрын Қазақстан президенті болып тұрған кезінде "Нұр Отан" партиясының қазіргі төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тағайындағанын алға тартып, Жетісу аудандық соты судьяларына түгелдей сенімсіздік білдіретінін мәлімдеген еді.

Қазақстанда судьяны қызметке ел президенті тағайындайтынын сынап жүрген құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер судьяны сайлау жүйесін енгізу керек деп санайды.

Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда Қазақстан президенті қызметі өкілетін мерзімінен бұрын доғарған, бірақ елдің Қауіпсіздік кеңесін әлі басқарып отыр. "Нұр Отан" партиясының талап арызы бойынша сот ісі Алматының Жетісу аудандық сотында 30 қыркүйекте басталған. Дүйсенбі күні сот шешімі жарияланған отырысқа үш жауапкерден тек Әлнұр Ильяшев қана қатысты.

Биыл көктемде белсенді Санавар Закирова "Наше право" партиясын құру және құрылтайын өткізу туралы бастама көтеріп, ақпарат жариялағалы бері түрлі кедергілерге тап болғанын мәлімдеген. Партия құрылтайы өтеді деп алдын ала хабарланған жерді 9 наурыз күні полиция қоршауға алып, белсендінің өзі қуғынға ұшырады. Біраз уақыт өткен соң белсенділер "жаңа партия құруға кедергі жасады" деп айыптап, Алматы қаласы әкімін, Бостандық ауданы прокуратурасын, Алматы қаласының полиция департаменті мен "Нұр Отан" партиясының Алматыдағы филиалын сотқа берді.


Қазіргі кезде Қазақстанда ресми тіркелген алты саяси партия бар. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын, саяси алаңда үстем күшке айналған "Нұр Отан" мен билікшіл тағы екі ұйым – "Ақ жол" және Қазақстанның коммунистік халық партиясы үшеуі парламентте отыр. Заң бойынша, партия құрғысы келгендер алдымен мың адам қатысқан құрылтай өткізуі, оған Қазақстан облыстары, астанасы мен республикалық маңыздағы қалаларының кемінде үштен екісінен өкілдер қатысуы тиіс. Мемлекеттік тіркеуден өту үшін партияның кемінде 40 мың мүшесі болуы шарт.

Басқа да жаңалықтар

Франция соты әсіреоңшыл саясаткерге шартты жаза кесті

Франция парламентінің мүшесі Марин Ле Пен Еуропарламент ақшасын жымқыру ісі бойынша сот процесіне келіп тұр. Париж, 13 қараша, 2024 жыл.
Франция парламентінің мүшесі Марин Ле Пен Еуропарламент ақшасын жымқыру ісі бойынша сот процесіне келіп тұр. Париж, 13 қараша, 2024 жыл.

Франция соты әсіреоңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясының жетекшісі Марин Ле Пен мен Еуропарламенттің тағы 8 депутатын Еуроодақ ақшасын орынсыз жұмсағаны үшін кінәлі деп тапты.

Сот шешімі бойынша, Ле Пен төрт жылға бас бостандығынан айырылды (екі жыл шартты жаза, екі жыл электронды браслетпен жүреді) және алдағы бес жыл ешқандай саяси қызметке сайлана алмайды. Бұған қоса ол 100 мың еуро көлемінде айыппұл төлеуге тиіс.

Тергеушілер тұжырымы бойынша, Марин Ле Пен мен оның партиясынан сайланған басқа депутаттар Еуропарламентке көмекші ретінде алған адамдар «Ұлттық бірлестік» партиясының мүшелері болған және олар жұмысқа келмеген. Соның кесірінен олар Еуроодаққа 2,9 млн еуро шығын келтірген.

Ле Пен мен сегіз депутаттан бөлек олар жұмысқа алған 12 адам да сотқа тартылған. Жалпы істе 25 айыпкер бар.

Марин Ле Пен басқаратын «Ұлттық бірлестік» 2024 жылғы шілдеде Францияда өткен парламент сайлауында үшінші орын алған. Парламенттегі ең көп орын солшыл альянс – «Жаңа халық майданы» (182 орын), президент Макронның жақтастары 168 орын алған.

Сот бұл істі былтыр қыркүйектен қарай бастаған. Прокурорлар Ле Пенді бес жыл бостандығынан айырып, бес жыл саяси қызметке сайланудан шектеуді, 300 мың еуро көлемінде айыппұл салуды сұраған.

Францияда келесі президент сайлауы 2027 жылы өтуі тиіс. Ле Пен 2012, 2017 және 2022 жылдары өткен үш сайлауға да қатысқан. Соңғы екі сайлауда ол екінші кезеңге өткен, әр сайлау сайын оның қолдаушысы артқан. Саясаткер алдағы сайлауға да қатысу ниеті бар екенін, прокуратура француз халқын «таңдауынан айырмақ болып жатқанын» мәлімдеген.

Армения ҰҚШҰ-ға жарна төлеуден бас тартты

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен оған мүше елдердің тулары.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен оған мүше елдердің тулары.

Армения Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бюджетіне жарна төлеуден бас тартты. Арменияның сыртқы істер министрлігі Ереван өз шешімі туралы ұйымның хатшылығын ресми түрде хабардар еткенін айтты. Сөз болып отырған жарна былтырғы жылға тиесілі.

"Армения 2024 жылға арналған ҰҚШҰ бюджетін бекіту туралы шешімге қол қоюдан және, тиісінше, ұйымның қызметін қаржыландыруға қатысудан да қалыс қалады", — деп мәлімдеген Армения сыртқы істер министрлігі.

Армения сыртқы істер мекемесі ҰҚШҰ-ның ішкі ережелеріне сәйкес, ұйымның бюджеті жайлы мәліметтер жариялауға жатпайтынын айтты.

Бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрлігі егер Армения 2025 жылдың аяғына дейін ҰҚШҰ-ға берешегін өтемесе, түрлі шаралар қабылдануы мүмкін екенін, бірақ Арменияны ұйымнан шығару ықтималдығы аз деген еді.

Өткен аптада Армения парламенті елдің Еуропа одағына кіру процесін бастау туралы заңды қолдаған болатын, бірақ Брюссель әзірге Арменияға Еуроодаққа мүше болуды ұсынған жоқ.

• ОДКБ құрамына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Армения кіреді.

• 2024 жылдың басында Армения премьер-министрі Николь Пашинян Армения ҰҚШҰ-дағы мүшелігін тоқтата тұратынын мәлімдеп, егер ұйым өз міндеттемелерін орындамаса және жауапкершілік аясын мойындамаса, өз елі бұл ұйымнан шығуы мүмкін екенін айтты. Пашинян мұны 2023 жылдың қыркүйегіндегі Әзербайжанның Қарабақтағы әскери операциясына қатысты айтты. Кейін ол ҰҚШҰ-ны Арменияның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін ұйым деп атады.

• Халықаралық құқық бойынша, Қарабақ Әзербайжанға тиесілі аймаққа жатады, бірақ 1990-жылдардың басынан бастап бұл аймақ Бакуге бағынбай келді. 2020 жылы әскери іс-қимылдар нәтижесінде Әзербайжан армиясы аймақтың ауқымды бөлігін бақылауына алды.

• 2023 жылы Әзербайжан Қарабақта қысқамерзімді әскери операция өткізіп, нәтижесінде аймақты толық бақылау орнатты, халықаралық қауымдастық мойындамаған, өзін өзі жариялап алған «Таулы Қарабақ республикасының» дәурені бітті. Аймақта тұратындардың басым бөлігі армян ұлтының өкілдері еді. Шамамен 120 мың адам Әзербайжанның қудалауына тап боламыз деп қорқып, мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болды. Ал Баку билігі болса Қарабақтағы жергілікті халықты Әзербайжан азаматтығын қабылдауға және үйін тастап кетпеуге үндеді.

Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан президенттері шекара жайлы құжатқа қол қоймақ

Солдан оңға қарай: президенттер Садыр Жапаров (Қырғызстан), Эмомали Рахмон (Тәжікстан) және Шавкат Мирзияев (Өзбекстан) "Датқа – Соғды" электр тасымалдау желісін онлайн режимде іске қосу рәсімі кезінде. Хожант, 31 наурыз, 2025 жыл.
Солдан оңға қарай: президенттер Садыр Жапаров (Қырғызстан), Эмомали Рахмон (Тәжікстан) және Шавкат Мирзияев (Өзбекстан) "Датқа – Соғды" электр тасымалдау желісін онлайн режимде іске қосу рәсімі кезінде. Хожант, 31 наурыз, 2025 жыл.

Бүгін, 31 наурызда Тәжікстанның Хожант қаласында Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан президенттері Садыр Жапаров, Шавкат Мирзияев және Эмомали Рахмон кездесті. Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі – үш елдің шекарасы түйісетін жер туралы келісімге қол қойылмақ деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосы.

Бұған қоса үш елдің басшылары Наурыз халықаралық мерекесіне арналған салтанатты іс-шараларға қатысады. Тәжікстанның Соғды облысының шекаралық аймағында өтетін бұл мерекелік іс-шаралар ынтымақтастық пен тату көршілер қарым-қатынасын бейнелейді.

Қырғызстан президенті биыл наурыз айының ортасында қырғыз-тәжік шекарасы ашылғаннан кейін Тәжікстанға алғаш рет сапармен барып отыр. 31 наурыз таңертең Жапаров пен Рахмон екіжақты келіссөз барысында су ресурстарына қол жеткізу және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол қойды. Сонымен қатар, екі тарап 12 наурызда Рахмоновтың Бішкекке сапары кезінде қол қойылған мемлекеттік шекара туралы тарихи келісімнің ратификациялық грамоталарды алмасты.

Бүгінгі кездесу кезінде CASA-1000 энергия жобасы аясында салынған, қуаты 500 кВ "Датқа – Соғды" электр тасымалдау желісін онлайн режимде іске қосу рәсімі өтті. Бұл жоба аймақтың энергия қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Ортақ шекарасы 1000 шақырымнан асатын Қырғызстан мен Тәжікстан арасында шекара бойындағы жер дауы талай жылдан бері шешімін таппаған аса түйткілді мәселе болатын. 2021 және 2022 жылдары шекара маңындағы жер дауынан шыққан қақтығыстарда қос тараптан да ондаған адам қаза тауып, жағдай қатты шиеленісіп кеткен еді. Содан бергі кезеңде екі елдің үкіметтері бұл мәселені келіссөздер мен келісім арқылы шешіп, тиісті құжаттарға қол қойған.

Қазақстандық блогерлер желіде ұтыс ойынын өткізсе жазаланатыны жайлы ескерту алған

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстандық блогерлерге әлеуметтік желілерде ұтыс ойынын ұйымдастырғаны үшін айыппұл арқалайтыны туралы ескертілді. Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттық сауалға осылай жауап берген деп жазды "Информбюро" басылымы.

Қазақстандық блогерлерге әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын өткізу заңсыз екендігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр хабарлаған вице-министр. Ол интернет кеңістігі күні-түні бақылауда екенін айтып, ондағы мақсат – құқық бұзу фактілерін анықтау деп түсіндірген.

Қазіргі заңда лотерея ұйымдастырып өткізуге құқығы бар операторлар ғана ондай ұтыс ойынын ұйымдастыра алатынын, ал өзгелерге ондай ойын өткізуге тыйым салынғанын еске салды. Қазақстанда лотерея ұйымдастыру құқығына ие жалғыз оператор бар – "Сәтті Жұлдыз" акционерлік қоғамы, оған ұтыс ойындарын өткізу құқы 15 жыл мерзімге берілген. Заңсыз ойын ұйымдастырушыларды жауапқа тартумен ойын бизнесі мен лотереяларды реттеу комитеті айналысады.

Құқық бұзғандарға 7,8 миллион теңгеге (қазіргі бағаммен 15600 доллар) дейінгі мөлшерде айыппұл салынып, табыстары тәркіленуі мүмкін.

Үкіметтің дерегінше, биылғы жылдың басынан бастап мониторинг барысында 1870 интернет алаяқтық оқиғасы анықталған. Оның ішінде әлеуметтік желілерде 389 факт тіркелген, 1480 интернет ресурс пен сілтемелері бұғатталған. Интернет-казино қызметіне қатысты 8616 факт әшкереленген, оның 6399-ы әлеуметтік желілерде анықталған, 2195 интернет-ресурс пен сілтеме бұғатталған.

2024 жылдың ақпан айынан бері 113 адам жауапқа тартылып, салынған айыппұлдың жиынтық мөлшері 50 миллион теңгеден асқан.

2023 жылдан бастап Қазақстанның заңнамасына "жалған ақпарат таратқаны үшін" жауапқа тарту көзделген бап енгізілді. Бұл бап бойынша блогерлер мен журналистерге қарсы бірсыпыра әкімшілік іс қозғалған.

Трамп Иран тікелей келіссөз жүргізуге көнбесе бұрын-соңды көрмеген шабуылға ұшырайды деп сес көрсетті

Иран президенті Масуд Пезешкиан
Иран президенті Масуд Пезешкиан

Иран өзінің "жылдам дамып келе жатқан" ядролық бағдарламасы бойынша АҚШ-пен тікелей келіссөз жүргізуден бас тартады. Бұл жөнінде 30 наурызда Иран президенті Масуд Пезешкиан мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранның жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменейге жолдаған хатына ресми Тегеранның берген жауабы осы болды.

Пезешкианның айтуынша, Трамптың хатына Иран үкіметі Оман арқылы (АҚШ пен Иран арасында дипломатиялық байланыс жоқ) жіберген жауапта жанама келіссөз жүргізу мүмкіндігін жоққа шығармаған. "Біз келіссөзден қашпаймыз. Бізді алаңдатып келе жатқан нәрсе – уәделер бұзылатыны. АҚШ сенім білдіруге лайық екенін дәлелдеуі керек", – деді Пезешкиан.

Иран президенті осы сөзін айтпас бұрын, Дональд Трамп NBC арнасына берген сұхбатында, егер Тегеран АҚШ-пен келісім жасамаса, "Иран бұрын-соңды көрмеген ауқымда бомбалауға ұшырайды" деп мәлімдеген. Оған қоса Трамп Иранға қарсы санкцияларды қатаңдатуға уәде берді.

Трамп Иранға ядролық бағдарламадан бас тарт деген талап қойып отыр. АҚШ пен Израильдің пікірінше, Иран ол бағдарламаның арқасында жақын уақытта ядролық қару жасау қабілетіне ие болуы мүмкін. Ал Иран ондай мақсат-міндет көздеп отырған жоқпыз дейді.

Иран билігі Трамп әкімшілігіне сенбейтінін айтады, өйткені 2018 жылы Трамп АҚШ президенті қызметіндегі алғашқы мерзімінде барлау мәліметтеріне сүйеніп, АҚШ-ты 2015 жылы бірқатар әлемдік державалар мен Иран арасында жасалған "ядролық келісімнен" шығарып алған-ды. Ол келісімде тараптар Иран ядролық бағдарламасын тоқтатады, оның қарымына халықаралық санкциялар күшін жояды деп уағдаласқан еді.

Иранның ядролық қаруға ие болуды көздеп отырған жоқпыз деген мәлімдемелеріне Вашингтон сенбейді, бұл пікірді Израиль де қолдайды, және олардың өкілдері Иранның ядролық нысандарына соққы беру мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

Сирияда уақытша үкімет құрылды. Құрамында әйел адам да бар

Ахмед әш-Шараа
Ахмед әш-Шараа

Сирияны іс жүзінде басқарып отырған Ахмед әш-Шараа жаңа үкімет құрамын бекітті. Салтанатты рәсім Дамаск қаласындағы президент сарайында өтті.

Үкімет құрамына енген 23 адамның арасында елдегі аз ұлттардың – алавит, друз және күрдтердің өкілдері бар. Әлеуметтік істер және еңбек министрлігін христиан дінін ұстанатын әйел Хинд Кабават басқарады. Ол –жаңа үкіметтегі жалғыз әйел.

Уақытша министрлер кабинетінде қорғаныс және сыртқы істер министрлері болған адамдар жаңа үкіметте осы лауазымында қалды.

Сирияда алғаш рет спорт министрлігі және төтенше жағдайлар министрлігі құрылды. Төтенше жағдайлар министрлігіне "Ақ дулығалар" азаматтық ұйымының жетекшісі Раед әл-Салех басшы болып тағайындалды.

Премьер-министр қызметін әш-Шарааның өзі атқарады. Заңнамалық база исламдық құқық нормаларына сәйкес болмақ.

Жаңа үкімет Сирияда бес жыл билік жүргізбек. Осы уақыт ішінде елде жаңа Конституция қабылданып, сайлау өтеді деп жоспарланып отыр.

• Былтыр желтоқсанда Сириядағы билік "Хайят Тахрир әш-Шам" қарулы тобының қолына өткен. Бұл топты АҚШ, Еуроодақ және басқа да елдер террористік ұйым деп таныған. Топ жетекшісі Ахмед әш-Шараа Сирияның іс жүзіндегі басшысына айналды. Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад елден қашып, отбасымен бірге Ресейді паналады.

• Наурыздың ортасында әш-Шараа уақытша конституциялық декларацияға қол қойды. Құжат өтпелі кезеңде күшінде болады. Оған сәйкес, қолданыстағы заңнама исламдық құқықты негізге алатын болады. Сонымен қатар, құжатта әйелдер құқықтарын, пікір еркіндігін және БАҚ бостандығын қорғауға кепілдіык берілетіні көрсетілген.

• Әш-Шараа билікке келгеннен кейін Батыс елдерінің жетекшілері егер Сирия адам құқықтарын, соның ішінде діни және этика бостандықтарын сақтайтын болса, онда бұл елге бұрынғы билік кезінде салынған санкцияларды алып тастауға мүмкіндік болатыны жайлы жиі айта бастаған.

• Наурыздың басында Сирияда алавиттер (Башар Асад әулеті шыққан азшылық) көтерілді. Лондонда орналасқан Сирияның адам құқықтары жөніндегі мониторинг орталығы көтеріліс салдарынан шамамен мыңға жуық бейбіт тұрғын қаза тапқан деген дерек келтіреді.

Трамп Signal чаты жайлы дауға бола ешкімді қызметтен алмайтынын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц
АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц

АҚШ президенті Дональд Трамп NBC News арнасына берген сұхбатында Йемендегі хуситтерге шабуыл жасауды Signal чатындағы құпия чатта талқылаған өз командасының мүшелерін жұмыстан шығару ойы жоғын айтты. Әлгі чатқа ұйымдастырушы қателесіп қосқан The Atlantic басылымының бас редакторы Джеффри Голдберг ондағы өзі куә болған әңгімені кейін жұртқа жариялаған.

Трамп сұхбатында өзінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолцке бұрынғыдай әлі де сенетінін және оның әлгі чатты өзі құрғанын айтып жауапкершілікті мойнына алғанын атап өткен. АҚШ президенті хуситтерге шабуыл "аса сәтті" болғанын айтып, ол әңгімені баспасөзде талқылауды сөккен.

"Сіздерге тек бір нәрсе айта аламын, бұл – ел ішінен жау іздеу, ал баспасөз тек соны ғана сөз қылып жатыр, өйткені олардың басқа айтар ештеңесі жоқ", – деген Трамп NBC News арнасына.

Бұған дейін Politico басылымы өз дереккөзіне сүйеніп, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, Ақ үй аппаратының басшысы Сьюзи Уайлс және кадр мәселелері жөніндегі кеңесші Серхио Гор Трампқа Уолцты жұмыстан босату жайлы ұсыныс айтыпты деп хабарлаған.

Politico деректері бойынша, Трамп Уолцтың қателескенін мойындаса да, демократтар мен либерал ұстанымдағы БАҚ тарапынан сынға жол бермеу үшін оны қызметтен алмауды ұйғарған. Басылымның дереккөздерінің пікірінше, бұл Уолц болашақта осы қызметінде қала береді дегенді білдірмейді.

Трамптың әкімшілігінде де Уолцтың іс-әрекетіне көңілі толмайтындар бар, деп жазды Politico. Басылым дереккөздерінің бірі Ақ үй әзірше кеңесшіні қолдап отыр, бірақ ол көз ұзамай қызметінен кетуі мүмкін деп топшылайды.

• 24 наурызда The Atlantic басылымының бас редакторы Джеффри Голдберг Йемендегі хуситтерге шабуылды талқылаған топ адам отырған чатқа тосыннан оны да қосып жібергенін мәлімдеді. Чатқа қосылған 18 адамның арасында АҚШ вице-президенті Вэнс, қорғаныс министрі Пит Хегсет, Таяу Шығыс бойынша арнайы елші Стив Уиткофф, ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Майк Уолц және мемлекеттік хатшы Марко Рубио бар.

• Бұл ақпарат жұртқа жария болып кеткеннен кейін Трамп әкімшілігінің өкілдеріне Сенаттағы демократтарға түсініктеме беруге тура келді. Ақ үй өкілдері әлгі чатта әскери жоспарлар талқыланған жоқ деп ақталды. Уолц даулы чаттың құрылуына жауапкершілікті өз мойнына алды, бірақ ол чатқа Голдбергті қоспағанын айтты.

• Кейінірек The Atlantic басылымы чаттағы жазбалардың скриншоттарын жариялады, онда америкалық F-18 жойғыш ұшақтарының әуеге көтерілу уақыты, сондай-ақ Йемендегі нысаналарды көздеген дрондар мен "Томагавк" зымырандары ұшырылғаны айтылған.

WP: Пентагон құпия құжатта Қытайды тежеуге басымдық беретінін мәлімдеген

Пентагон
Пентагон

АҚШ үшін басты қатер Қытай деп есептелуі керек, ал Ресейді тежеумен Еуропадағы одақтастар айналыссын. Бұл жөнінде Пентагон басшысы Пит Хегсеттің тиісті нұсқаулығында айтылған, деп жазады The Washington Post басылымы.

Басылым танысқан құпия құжат АҚШ қорғаныс министрлігінде таратылған және жоғары лауазымды тұлғалар үшін басымдық жүйесі бар ұлттық қорғанысқа арналған уақытша стратегиялық нұсқаулық болып саналады.

Хегсет Қытайды министрлік назар аударатын жалғыз қатер деп атайды және Қытайдың Тайваньға ықтимал басып кіруін ең маңызды сценарий деп санайды.

Құжат өзге жайттармен бірге, Тайбэйге қорғаныс шығындарын айтарлықтай ұлғайту үшін қысым көрсетуге шақырады. АҚШ президенті Дональд Трамп және оның одақтастары Тайваньды өз қорғанысына аз қаражат жұмсады деп сынап, аралды қару-жараққа жалпы ішкі өнімнің 10%-на дейін жұмсауға шақырған еді. Бұл АҚШ пен оның одақтастарының қорғанысқа жұмсаған қаржысынан едәуір жоғары, деп жазады басылым.

Құжатта Пентагонның Еуропадағы, Таяу Шығыстағы және Азиядағы одақтастарын қорғанысқа көбірек ақша жұмсап, Ресей, Солтүстік Корея және Иранды тежеуге шақыратыны жазылған.

Басымдықты Қытайға беру бұл аймақтағы АҚШ әскерін арттырып, нысаналарға соққы бере алатын қару-жараққа назарды күшейтуді білдіреді. The Washington Post басылымының жазуынша, құжат сонымен бірге Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы америкалық базаларды қорғауды күшейтуді, стратегиялық резервтерді құруды және логистиканы жақсартуды көздейді, деп жазады The Washington Post.

Онда сонымен бірге АҚШ-тың мүддесін (Гренландия мен Панама каналы да бар) қорғауға назар аударылады. Заңсыз көші-қон және есірткі айналымымен күресте әскердің рөлін кеңейтуге ерекше назар аударылған.

Пентагон құжаты Конгрестің ұлттық қауіпсіздік комитеттеріне ұсынылған. The Washington Post дереккөзінің хабарлауынша, Хегсеттің ұсыныстары республикашылдар мен демократтар арасында түрлі реакция тудырған.

Дереккөздің айтуынша, құжатқа консервативті сарапшылардың ықпалы көп болған және құжат бір мезгілде көптеген елдерде, соның ішінде Таяу Шығыста да АҚШ әскерін азайтуды ұсынады. Бірақ соған қарамастан Трамп әкімшілігі Йеменде хуситтерге қарсы әрекеттерді жалғастыруды және Иранға қысым көрсетуді көздейді.

Украина Харьковтегі әскери госпиталь атқыланғанын хабарлады. Қаза болғандар бар

Ресей әскерінің атқылауына ұшыраған Харьков, 30 наурыз 2025 жыл.
Ресей әскерінің атқылауына ұшыраған Харьков, 30 наурыз 2025 жыл.

Ресей әскері Украинаның Харьков қаласына шабуыл жасап, екі адам қаза болды, кемінде 30 адам зардап шекті. Бұл жөнінде Украинаның қарулы күштері мәлімдеді.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, әскери аурухана мен маңындағы тұрғын үйлерге соққы тиген. Алдын ала мәлімет бойынша, ауруханада емделіп жатқан әскери қызметкерлер зардап шеккен. Украина медициналық мекемені атқылауды әскери қылмыс деп атады.

Қаладағы кемінде үш аудан жаппай шабуылға ұшырады. Тұрғын үйлер, кеңсе ғимараттары, сауда нысандары, гараждар мен көліктер қираған. Дрондардың бірі тұрғын үйге түсіп, ғимарат толық қирады.

Жексенбіге қараған түні Украинаға 111 ресейлік дрон шабуылдады деп жазды Украинаның қарулы күштері. 65 дрон жойылған, тағы 35 дрон радардан көрінбей кеткен. Әскерилердің мәліметінше, шабуылдың салдарынан Харьков, Сумы, Одесса, Донецк облыстары зардап шеккен.

Ресей әскерінің жұма күні кешке Днепрге соққысынан жарақаттанғандар саны 28-ге жетті. Бұған дейін 21 адамның зардап шеккені хабарланған еді. Төрт адам қаза болды. Бүгін - Днепрде қаза болғандарды аза тұту күні.

Ресейдің қорғаныс министрлігі Харьков пен Днепрге жасалған соққыға түсініктеме бермеді. Мәскеу Украинаның азаматтық нысандарын атқылағанын мойындамай келеді.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдаров әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды

Михаил Шайдаров. Скриншот
Михаил Шайдаров. Скриншот

Мәнерлеп сырғанаудан Бостонда (АҚШ) өткен әлем чемпионатында қазақстандық Михаил Шайдаров ерлер арасындағы жарыста күміс медаль иеленді. Ол қос бағдарламада 287,47 ұпай жинады. Алтынды америкалық Илья Малинин (318.56), қоланы жапониялық Юма Кагияма (278.19) алды.

Шайдаров - мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында жүлде алған үшінші қазақстандық. Бұған дейін Денис Тен (2013 жыл) мен Элизабет Тұрсынбаева (2019 жыл) әлем біріншілігінде екінші орын иеленген.

AP: Украина Ресей әскері жаңа шабуыл бастайтынын айтып отыр

Ресей атқылауынан қираған үйдің маңынан өтіп бара жатқан украиналық жауынгер. Донецк облысы Покровск қаласы, 6 наурыз 2025 жыл.
Ресей атқылауынан қираған үйдің маңынан өтіп бара жатқан украиналық жауынгер. Донецк облысы Покровск қаласы, 6 наурыз 2025 жыл.

Украина әскері мен үкімет сарапшылары Ресей әскері Киевке қысым жасап, келіссөзде Мәскеудің позициясын күшейту үшін жаңа шабуылға көшеді деп болжайды. Бұл жөнінде Associated Press агенттігі жазды.

Агенттік дереккөзінің айтуынша, алдағы айлары Кремль мың шақырымға созылатын майдан сызығында жаппай шабуыл бастауды жоспарлап отыр.

27 наурызда Париждегі саммитте Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскері Украинаның Сумы, Харьков, Запорожье облыстарына шабуыл жасауға дайындалып жатқанын айтқан. Ол Ресейді "көбірек жерді жаулап алу үшін" келіссөзді әдейі созбалақтап отыр деп айыптады. Бұл бағалаумен "Үлкен жетілік" елдерінің екі дипломатиялық өкілі келіседі.

Ресей Украинамен атысты тоқтату туралы келісімге қол қоюды әдейі созып отыр деген пікірді бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп та айтқан.

АҚШ өкілдері 23-24 наурызда Эр-Риядта украин және орыс делегацияларымен кездескен. 25 наурызда Ақ үй АҚШ соғысушы тараптармен Қара теңізде атысты тоқтатуға және энергетика нысандарын атқылауды доғаруға келіскенін мәлімдеген.

Кремльдің айтуынша, Ресей Қара теңізде атысты ресейлік өндірушілерге, тасымалдаушыларға қарсы салынған санкция алынғаннан кейін және Россельхозбанкті SWIFT төлем жүйесіне қосқаннан кейін тоқтатпақ. Трамптың сөзінше, Вашингтон Ресейдің шарттарын зерттеп жатыр.

Адвокат қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратов түрмеде азаптау мен қысымға ұшырап жатқанын мәлімдеді

Дәулетмұрат Тәжімұратов
Дәулетмұрат Тәжімұратов

28 наурызда ташкенттік адвокат Сергей Майоров түрмедегі қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың жағдайы туралы мәлімдеме жасап, оның азаптау мен қысымға жиі ұшырайтынын жеткізді. Адвокаттың сөзінше, ол соңғы рет Тәжімұратовқа 24 наурызда кіріп шыққан.

Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптарды Өзбекстан Конституциясында сақтап қалуды талап еткен наразылыққа байланысты ұзақ жылға сотталған белсенді түрмеде адвокаттың сөзінше, физикалық және психологиялық азаптауға ұшырап жатыр. Айтуынша, Өзбекстанның әнұранын, патриоттық әндерін айтуға міндеттейтін ереже болмаса да, түрмеде сотталушыларды, оның ішінде белсендіні де түрме әкімшілігі соған мәжбүрлейді. Ал мұны орындамағандарды "жазалайды".

"Түрме әкімшілігі барлық тұтқынға өздерінің лайықты жазасын алып отырғандарын, ендігәрі мұндай қылмыс жасамауға уәде бергізіп, ата-анасынан, түрме мен президенттен, махалладан жасаған қылмысы үшін кешірім сұрауға мәжбүрлейді. Ал менің қорғауымдағы азамат түрме әкімшілігінің бұл талабын орындамайды. Ол мұндай ант бермейді. Нормативтік құжат бойынша, өзге тұтқындар сияқты оның да мұны орындауы шарт емес" деді адвокат Сергей Майоров мәлімдемеде.

Оның сөзінше, бұған қоса түрмеде әкімшілікке болысатын "белсенді-сымақтар" бар. Олар Дәулетмұрат Тәжімұратовты тұрақты түрде ұрып-соғады және соққанда да денесінде із қалмайтындай соғады.

"Бұл мен қорғап отырған азаматты азаптаудың жалғыз түрі емес. Әсер етудің басқа да түрлері бар. Колония қызметкерлерінің нұсқауымен Дәулетмұраттың жеке жазбалары мен жеке заттары ұрланып, оның маңында күрделі, қиын жағдай туғызады. Және олар оны ауық-ауық ұрып-соғады" деді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, белсендінің туыстары мен жақындарына сегіз рет қоңырау шалуына құқығы болса да, оның бұл құқығы іс жүзінде жүзеге аспайды. Одан бөлек, оған түрмедегі ең лас, иісі мүңкіген көрпе беріп те "рухын сындыруға тырысып жатыр" дейді адвокаты.

Белсенді шағымдануға тырысқанмен оның шағымы түрме шеңберінен шықпайды. Адвокат мәлімдемесінде Өзбекстан омбудсмені және прокуроры, өзге де құзырлы органдардан белсендінің шағымына назар аударуды сұраған.

Өзбекстанның құзырлы органдары әзірге адвокаттың мәлімдемесіне жауап бермеді.

Былтыр белсендінің туыстары Науаи қаласындағы қатаң режимдегі колонияда отырған Тәжімұратовтың денсаулығы қатты нашарлағанын айтқан еді.

2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын туғызды. Мұның соңы қақтығысқа ұласып, ресми дерек бойынша 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Көтеріліс Қарақалпақ астанасы - Нөкісте басталғандықтан, ол "Нөкіс оқиғасы" аталып кетті.

Кейін жыл соңында наразылыққа қатысты ондаған адамға үкім оқылған. "Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты әрі журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзуға тырысты", "билікті басып алу мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, 16 жылға сотталды. Қорғау жағы үкімді апелляцияға бергенмен өзгермеген. Тәжімұратов қазір Науаи облысындағы №11 колонияда қамауда отыр.

Мьянмада жер сілкінісінен қаза болғандар 1600-ден асты

Құтқарушылар Мандалай қаласында үйінді астында қалған тірі қалғандарды іздеп жатыр. Мьянма, 29 наурыз 2025 жыл.
Құтқарушылар Мандалай қаласында үйінді астында қалған тірі қалғандарды іздеп жатыр. Мьянма, 29 наурыз 2025 жыл.

Мьянмада жер сілкінісінен қаза болғандар 1644-ке жетті, 3408 адам зардап шекті. Сенбі күні басқарушы әскери хунта Мьянмаға жүздеген шетелдік құтқарушыны кіргізді деп хабарлады Reuters.

Жергілікті мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің жазуынша, қытайлық құтқарушы топ Янгон қаласының әуежайына жеткен. Қытайдың Мьянмадағы елшілігі Пекин құны 13,77 млн доллар болатын көмек беретінін мәлімдеді. Оған шатыр, көрпе, шұғыл медициналық көмек құралдары да кіреді.

Бұған қоса, Янгонға Үндістаннан гуманитарлық жүк тиелген әскери ұшақ қонған. Үндістан үкіметі 40 тонна гуманитарлық жүк тиелген кемелерді жіберетінін де айтты.

Оңтүстік Корея Мьянмаға халықаралық ұйымдар арқылы 2 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек береді. Одан бөлек, Ресей, Малайзия және Сингапур да гуманитарлық көмек пен құтқарушы мамандары бар ұшақ жіберген.

28 наурызда Мьянмада магнитудасы 7,7 болатын қуатты жер сілкінісі болған. Табиғи апаттан әсіресе миллионнан астам халқы бар Мандалай қаласы қатты зардап шекті. Жер сілкінісінің ошағы сол қаланың маңында орналасқан. АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, Мьянмада қаза болғандар 10 мыңнан асады.

Мьянманың ұлттық бірлік үкіметінің алдын ала мәліметінше, жер сілкінісінен кемінде 2900 ғимарат, 30 жол мен жеті көпір қираған.

Жер сілкінісі Таиланд, Вьетнам мен Қытайда сезілген. Бангкокта салынып жатқан ғимарат опырылып құлап, 9 адам қаза болған. Жүзден астам адам із-түзсіз жоғалды.

АҚШ соты "Америка дауысын" жоймақ болған Трамп әкімшілігінің әрекетіне тосқауыл қойды

Нью-Йорк судьясы "Америка дауысын" жоймақ болған Трамп әкімшілігінің әрекетіне тосқауыл қойды деп жазды New York Times.

Сотқа шағымды медиа қызметкерлері мен кәсіподақтар түсірген. Олар биліктің әрекеті журналистердің сөз бостандығы құқығын бұзады деп мәлімдеді.

Reuters-тің жазуынша, сот шешімінде хабарды қалпына келтіру туралы талап жоқ, алайда радионың қызметкерлерін сот аяқталғанға дейін жұмыстан шығаруға тыйым салынған. Сот енді "Америка дауысын" күштеп жапқан ба, жоқ па, соны анықтауы керек.

"Америка дауысының" директоры Майкл Абрамовиц Ақ үйдің әрекетіне қатысты бөлек шағым түсірді.

Наурыздың ортасында АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің, соның ішінде USAGM-нің жұмысын қысқарту туралы жарлық шығарған. "Америка дауысы", Азат Еуропа/Азаттық радиосы және өзге де халықаралық америкалық ақпарат құралдары USAGM-ға қарайды. Бұдан соң Азат Еуропа/ Азаттық радиосына Конгресс бөлген қаржыны тоқтату туралы шешім шықты.

Трамптың жарлығынан кейін "Америка дауысы" да жұмысын тоқтатты, ал USAGM кәсіподақтарға 600-ден астам қызметкерді жұмыстан шығару жоспарын айтты. Бұл шешім сотта қаралған.

АЕ/АР да Конгресс-тің 2025 жылы бөлген грантына қол жеткізу үшін USAGM-мен соттасып жатыр.

  • Сот қарсаңында АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі Азат Еуропа/Азаттық радиосына АҚШ Конгресі бөлген қаржының бір бөлігін беруге келіскен. Бұл жөнінде 24 наурызда агенттіктің өзі, АЕ/АР медиакорпорациясы мен USAGM басшылығы арасындағы сот отырысынан бұрын хабарлаған. Нәтижесінде АЕ/АР 1-14 наурыз аралығындағы грантты қамтитын 7,46 млн доллар соманы алады.
  • 27 наурызда медиакорпорация USAGM-ның гранттың толық ұзартылғанын ресми түрде растағанын күтетінін мәлімдеген. 28 наурыз, жұма күні агенттіктен растау келмеді.
  • USAGM сайтында агенттік төрағасы міндетін атқарушысының бас кеңесшісі Кэри Лейктің мәлімдемесі жарияланды, онда Трамп әкімшілігінің көзқарасы тұрғысынан салық төлеушілердің ақшасы тиімсіз жұмсалып жатқаны айтылған. Дегенмен One America News сайтына берген сұхбатында Кэри Лейк USAGM арқылы қаржы алатын ақпарат құралдарының қызметін зерттеуге тиісті уақыты болмағанын айтқан.

Астанада қарақалпақ белсендісі қамаудан шықты. Ол бір жыл экстрадициялық қамауда болды

Расул Жұманиязов
Расул Жұманиязов

Ташкенттің өтініші бойынша ұсталып, 12 ай экстрадициялық қамауда болған қарақалпақ белсендісі Расул Жұманиязов Астанадағы изолятордан босап шықты. Жұманиязовтың босатылғанын 29 наурызда Адам құқығы жөніндегі Түркімен Хельсинки қоры хабарлады. Құқық қорғау тобының мәліметінше, 32 жастағы белсенді тергеу изоляторынан 25 наурызда шыққан.

Өзбекстанда іздеу жариялануына байланысты Жұманиязов 2024 жылы наурызда Астанада ұсталған. Өзбекстанда арнайы қызметтің қудалауына байланысты Қазақстанға 2022 жылы наурызда өткен. Түркімендік Хельсинки қорының хабарлауынша, Өзбекстанда оған "қоғамдық тәртіп пен қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін материалдарды әзірлеу, сақтау, тарату және көрсету" бабы бойынша айып тағылған. Мәселе белсендінің Қарақалпақстаннан кетпей тұрып әзірлеген видеосы жөнінде болып отыр.

Расул Жұманиязов - Өзбекстан билігінің өтініші бойынша Қазақстанда ұсталып, қамауда болған соңғы қарақалпақ белсендісі.

Ақпан айында қарақалпақ диаспорасының жетекшісі Ақылбек Мұратбай да бір жыл экстрадициялық қамаудан кейін изолятордан босап шыққан еді.

Қазақстан босқын мәртебесін сұраған Ақылбек Мұратов және тағы бес белсендінің өтінішін қанағаттандырмаған. Бұлар: Жангелді Жақсымбетов, Зиуар Мирманбетова, Раиса Құдайбергенова, Тілеубике Юлдашева және Қошқарбай Төремұратов. Алғашқы төртеуі былтыр АҚШ-қа кеткен. Төремұратовқа Польша босқын мәртебесін берген.

Қазақстанда ұсталған белсенді Ринат Утамбетовті билік 2024 жылы желтоқсанда еліне экстрадициялаған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Утамбеков баспана беру туралы өтінішін тоқтатуды сұрап, "өз еркімен" отанына кетуге келіскен. Ол Нөкістегі тергеу изоляторында отыр, жуырда соты басталды. Оған "билік органының заңды қызметіне кедергі жасау" және "қоғамға қатер төндіретін материалды алдын ала сөз байласып, интернет арқылы тарату" бабы бойынша айып тағылған.

  • 2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын туғызды. Мұның соңы қақтығысқа ұласып, ресми дерек бойынша 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Құқық қорғаушылар бұдан да көп адам өлген болуы мүмкін деп санайды.
  • Көтеріліс Қарақалпақ астанасы - Нөкісте басталғандықтан, ол "Нөкіс оқиғасы" аталып кетті. Наразылықтан кейін Ташкент халық пікірін ескеретінін айтып, даулы өзгерістерден бас тартқан. Бірақ құқық қорғаушылар қарсылық білдірген қарақалпақ белсенділерін жазалап, қудалауды күшейткенін айтқан. Қазақстанда Өзбекстан өтінішімен қарақалпақ белсенділері ұстала бастады.

Ресей әскері Днепрге шабуыл жасады. Қалада ірі өрт болды

Днепрге шабуылдың салдары, 29 наурыз 2025 жыл.
Днепрге шабуылдың салдары, 29 наурыз 2025 жыл.

Ресей әскері Днепрге дронмен соққы жасап, төрт адам қаза болды, 21 адам жарақаттанды деп хабарлады Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Лысак.

Оның сөзінше, қалада жарылыс болып, өрт шыққан, тұрғын үйлер қираған. Украина ақпарат құралдарының хабарлауынша, Bartolomeo мейрамхана-қонақүй кешеніне соққы жасалған. Видеодан көп қабатты тұрғын үй мен жеке үй өртеніп жатқаны көрінеді.

Днепрдің мэрі Борис Филатов жұма күні кешке сондағы жұрт арасында белгілі мейрамхана бұзылғанын растап, оқиға орнынан сурет пен видео жарияламауға шақырды.

29 наурыз, сенбі күнгі мәлімет бойынша, төрт жеке үй тұтас өртеніп кеткен. Кемінде он жеке үй мен бірнеше көп қабатты тұрғын үй, оқу, әкімшілік ғимараты, қоймалар бүлінген. Ондаған көлік қираған.

Ресей қорғаныс министрлігі Днепрге шабуылға түсініктеме берген жоқ.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкина қысқы Олимпиада ойындарына алғашқы жолдаманы ұтып алды

Софья Самоделкина
Софья Самоделкина

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкина Бостондағы әлем чемпионатында 14-орынды иеленді. Ол 2026 жылы Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына алғашқы жолдаманы ұтып алды.

18 жастағы Самоделкина 181,36 ұпай жинады. Бірақ спортшы өзінің өнер көрсетуіне көңілі толмады. Goldenskate басылымына берген сұхбатында ол жаттығу залдарында көп шыныққанын, алайда мұз айдынындағы соңғы комбинациясы ойдағыдай шықпағанын жеткізді.

Бостондағы әлем чемпионатында америкалық Алиса Лю (222,97 ұпай) бірінші орынды иеленді. Күміс жүлдені жапон спортшысы Каори Сакамото (217,98), ал қоланы оның отандасы Моне Чиба (215,24) жеңіп алды.

Самоделкина Қазақстан азаматтығын 2023 жылы алған. Бұған дейін ол Ресейде тұрған.

2022 жылы спортшы Ресейдегі ересектер чемпионатында 233,09 ұпаймен төртінші орын алған. Бұл чемпионатта Александра Трусова (Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері), Анна Щербакова (Пекин Олимпиадасының чемпионы) және Аделия Петросяннан алғашқы орындарға ие болды. Осыдан кейінгі 2022/2023 маусымында Самоделкина Ресейдегі кубоктардың бірінде алтын, екіншісінде күміс жүлдеге ие болды. 2022 жылы Алматыда Денис Тенті еске алу күніне орай өткен турниде жеңіске жетті.

Қазір Самоделкина америкалық жаттықтырушы Рафаэль Арутюнянмен бірге АҚШ-та жаттығып жатыр.

Зеленский Вашингтонмен пайдалы қазба бойынша келісімнің жаңа шарттары туралы айтты

Владимир Зеленский және Дональд Трамп. Вашингтон, 28 ақпан 2025 жыл.
Владимир Зеленский және Дональд Трамп. Вашингтон, 28 ақпан 2025 жыл.

Киев АҚШ-тан пайдалы қазба туралы келісімнің жаңа нұсқасын алды деп жазды Азаттықтың Украин қызметі.

Құжатты Америка жағы Украинаның вице-премьері Юлия Свириденко арқылы беріп жіберген. Зеленскийдің сөзінше, вице-премьер келісімнің жаңа нұсқасын "мүлде басқа құжат" ретінде сипаттаған.

"Онда бұған дейін сөз болмаған жайттар көп, сонымен бірге осыған дейін тараптар қабылдамай тастаған кейбір нәрселер де қайта пайда болған" деді Свириденконың сөзін жеткізген Зеленский.

Зеленский Киев өзін АҚШ алдында қаржылық міндеттемесі бар деп санамайтынын тағы қайталады.

"Біз қолдағаны үшін алғыс айтамыз, алайда бұл несие емес, біз бұған жол бермейміз" деді саясаткер. Оның сөзінен УНИАН үзінді келтіреді.

Бұған дейін Financial Times пен Bloomberg АҚШ пен Украина арасындағы пайдалы қазба туралы жаңа келісім жобасындағы жайттарды жариялаған.

Құжатқа Вашингтон Украинаның барлық табиғи ресурсын енгізген. Арасында мұнай-газ, сонымен бірге пайдалы қазбаны пайдаланумен байланысты инфрақұрылымдар да бар.

Осы келісім аясында АҚШ барлық инвестицияны бақылап, берген ақшаны қайтармайынша кірісті ала бермек.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының шағымы бойынша сот жалғасып жатыр

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Прагадағы ғимараты
Азат Еуропа/Азаттық радиосының Прагадағы ғимараты

Азат Еуропа/Азаттық радиосы АҚШ Конгресінің 2025 жылға бөлген грантына қол жеткізу үшін АҚШ Ғаламдық медиа агенттігімен (USAGM) соттасып жатыр. АЕ/АР басшылығы 28 наурызда осылай деп мәлімдеді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы және өзге де халықаралық америкалық ақпарат құралдары USAGM-ға қарайды. Наурыздың ортасында АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің, соның ішінде USAGM-нің жұмысын қысқарту туралы жарлық шығарған. Бұдан соң Азат Еуропа/ Азаттық радиосына Конгресс бөлген қаржыны тоқтату туралы шешім шықты.

Вашингтондағы (Колумбия округі) федералды округтік соты 25 наурызда Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясының АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігіне (USAGM) қарсы берген талап-арызында көрсетілген осы медиаұйымға қаржы беруді доғару туралы шешімді уақытша тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырған.

Сот қарсаңында АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі Азат Еуропа/Азаттық радиосына АҚШ Конгресі бөлген қаржының бір бөлігін беруге келіскен. Бұл жөнінде 24 наурызда агенттіктің өзі, АЕ/АР медиакорпорациясы мен USAGM басшылығы арасындағы сот отырысынан бұрын хабарлаған. Нәтижесінде АЕ/АР 1-14 наурыз аралығындағы грантты қамтитын 7,46 млн доллар соманы алады.

27 наурызда медиакорпорация USAGM-ның гранттың толық ұзартылғанын ресми түрде растағанын күтетінін мәлімдеген. 28 наурыз, жұма күні агенттіктен растау келмеді. "Конгрестің бізге АҚШ Ғаламдық медиа агенттігі арқылы бөлген қаражатын асыға күтеміз. Оған дейін Конгресс шешімдерінің сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті құқықтық құралдарды қолданамыз. Азаттық радиосы өз аудиториясы мен Конгресс бекіткен миссиясына адал болып қалады" деп жазылған хабарламада.

  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 18 наурызда ұйымның жұмысына Конгресс бөлген қаржыны тоқтату әрекетін болдырмау үшін АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігін және оның лауазымды тұлғалары Кэри Лейк пен Виктор Моралесті сотқа берген.
  • USAGM сайтында агенттік төрағасы міндетін атқарушысының бас кеңесшісі Кэри Лейктің мәлімдемесі жарияланды, онда Трамп әкімшілігінің көзқарасы тұрғысынан салық төлеушілердің ақшасы тиімсіз жұмсалып жатқаны айтылған.
  • Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
  • Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы - Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істейді. Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, түрлі пікір айтты.

Құлсары ауруханасында ер адам әйелді өлтірген. Күдікті ұсталды

Әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегуі мәселесін қозғап жүрген "Немолчи" қоры Атырау облысы Құлсары қаласында ер адамның өзінің бұрынғы әйелін өлтіргенін хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, қайғылы оқиға қалалық поликлиникада болған. Бұрынғы күйеуі әйелін пышақтап, қашып кеткен. Қаза болған әйелдің екі кішкентай қызы бар екені айтылады.

Атырау облыстық полиция департаменті Азаттық Азияаға ақпаратты растады.

"Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, тергеу басталған.

Полицияның айтуынша, 33 жастағы күдікті ұсталып, қамалған. Басқа ақпарат айтылмайды.

Atyrau ONLINE қауымдастығының жазуынша, "қайғылы оқиға 27 наурызда түстен кейін әйел адамның жұмыс кабинетінде болған, ол жерге бұрынғы күйеуі кенеттен баса-көктеп кіріп, пышақпен шабуылдаған".

Оқиға орнына медбикелер мен полицейлер жедел барған, бірақ әйел алған жарақаттан сол жерде қайтыс болған.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық және фемицид Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанда өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Ресми мәлімет бойынша, 18-49 жастағы әрбір алтыншы қазақстандық өмірінде бір рет физикалық немесе жыныстық күш көрсетуге ұшыраған.

Қарағанды медицина университетінің зерттеуіне қарағанда, Қазақстанда көп жағдайда әйелдердің басым бөлігіне өзінің серігі күш көрсетеді, 12 пайыз жағдайда ғана өзге адамдар озбырлық жасайды.

Қазақстан бас прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылы елде әйел адамды өлтіру фактісі бойынша 137 іс тіркелген. "Адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша - 191, "Орта дәрежеде зақым келтіру" бойынша 594 іс қозғалған. 198 әйел өзіне қол жұмсаған.

Қазақстан мен Еуропа арасында виза беру тәртібі жеңілдеуі мүмкін

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Еурокомиссияның вице-президенті Кая Каллас қол алысып тұр. 28 наурыз 2025 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Еурокомиссияның вице-президенті Кая Каллас қол алысып тұр. 28 наурыз 2025 жыл.

Қазақстан мен Еуроодақ виза тәртібін жеңілдету келісімін бекіту процесін бастады. Ақорданың жазуынша, Еурокомиссияның вице-президенті Кая Каллас Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу кезінде осылай деп мәлімдеген.

Ол виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісімді бекіту үдерісі басталғанын айтқан.

Тоқаев қазақстандықтар аталған жаңалықты өте жылы қабылдағанын атап өтіп, бұл қадам еуропалық елдермен жеке және іскерлік қатынастарды нығайтуға мол мүмкіндік беретінін айтқан.

Ақорданың жазуынша, тараптар кездесу кезінде “сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарына, атап айтқанда, энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуды көздейтін ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне” ерекше мән берген.

Кездесуде «Орталық Азия – Еуропа Одағы» форматындағы ықпалдастықтың жай-күйі де қаралған.

3-4 сәуірде Самарқанда өтетін ЕО-Орталық Азия саммитіне Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропа кеңесінің басшысы Антониу Кошта қатыспақ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов те қатысады.

Бұл – "Еуропа+Орталық Азия" форматында өтетін алғашқы саммит. Бұған дейін мұндай форматтағы саммит АҚШ, Қытай, Ресеймен болған.

Бұған дейін құқық қорғаушылар Еуропа Одағын Орталық Азиямен байланысты адам құқығын ортаға қоюға шақырған.

ҚМГ Атырау мұнай өңдеу зауытындағы үлесті ресейлік компанияға беру мәселесін талдап жатыр

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы үлесті ресейлік "Татнефть" компаниясына беру мәселесін талдап жатыр. Бұл жөнінде компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

"Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының акцияларын жекешелендіру – бұл бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің квазимемлекеттік сектор үлесін азайту арқылы мұнай өңдеу және мұнай өнімдері нарығында бәсекелестікті дамытуға бағытталған ұсыныс. «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) мұндай шешімдерге дайындық корпоративтік шешім деңгейінде де, техникалық-экономикалық аспектілер тұрғысынан да айтарлықтай уақытты қажет ететінін ескере отырып, бұл мәселені талдап жатыр. Іс жүзінде мұндай процестер бірнеше жылға созылады" деп жазылған компанияның баспасөз қызметінің хабарламасында.

ҚМГ-ның айтуынша, "өндіріс тізбегін бірлесіп құру үшін" компания шетелдік компаниялармен әріптестікке ашық және осы мақсат аясында "ресейлік "Татнефть" компаниясымен де ынтымақтастық орнатқан".

Компанияның хабарлауынша, "Ресей жағы мұнай өңдеу зауыттарымен байланысты мұнай-химия жобаларын инвестициялауға қызығушылық білдірген".

Редакцияға түскен құжаттарға сүйенген Ulysmedia сайтының жазуынша, мәселе "сату емес, мұнай өңдеу зауытын ресейлік "Татнефеть" компаниясына сенімді басқаруға беруде" болып отыр.

Атырау мұнай өңдеу зауыты - елдегі негізгі үш мұнай өңдеу зауытының бірі. 99 пайыз акциясы "ҚазМұнайГазға" тиесілі. Зауыттың ресми сайтында жобаның қуаты жылына 5.5 млн тонна деп жазылған. Кәсіпорын 20 шақты мұнай өнімін өндіреді: көмірсутекті газ, сұйытылған газ, отындық газ; К4 және К5 экологиялық санақа жататын автомобиль және дизель отындары, реактивті қозғалтқыштарға арналған отындар, вакуумдық газойль, мазут, мұнай коксы, техникалық күкірт және тағы басқа өнімдерді өндіреді.

Мьянмада қатты жер сілкінісі болды

Мьянмадағы жер сілкінісінен кейін Бангкокта қираған ғимарат.
Мьянмадағы жер сілкінісінен кейін Бангкокта қираған ғимарат.

Мьянмада магнитудасы 7,7 болатын қуатты жер сілкінісі болды. Шамамен он минуттан кейін болған афтершок 6,4 балл болған.

Жер сілкінісінің ошағы Сикайн қаласының солтүстік-батысында орналасқан. Мьянманың бұрынғы астанасы Рангон қаласы тұрғындарының сөзінше, жұрт үйлерінен жүгіріп шыққан.

Ақпарат құралдары Мьянма аумағында ғимараттар қирағанын жазды. Болжам бойынша, ондаған немесе жүздеген үй қираған болуы мүмкін. Сикайн қаласын Авамен жалғап тұрған Ираведи өзеніндегі көпір қираған. Агенттіктер мен қолданушылар, еріктілер жариялаған суреттерде адамдардың үйінді астынан шығуға тырысып жатқаны көрінеді.

Эпицентрден шамамен 1400 шақырым қашықта орналасқан Таиланд астанасы Бангкокта да үйлер қирағаны жөнінде ақпарат тарады. Желіде құрылысы әлі толық бітпеген көпқабатты ғимараттың қирағаны жөнінде видео жарияланды. AFP мәліметінше, үйінді астында ондаған жұмысшы қалған.

Таиланд билігі елде төтенше жағдай жариялады. The Nation сайтының жазуынша, елдің барлық әуежайында ұшуға тыйым салынған.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, жер дүмпуі Бангладеш, Үндістан, Лаос және Қытайда сезілген.

Зардап шеккендер мен қираған үйлер саны анықталып жатыр.

Арабша жазуы бар Қазақстан туының суреті тарағаннан кейін Атырауда төрт адам ұсталды

 Бет-жүзін қара ниқабпен жауып алған төрт адам Қазақстан туын ұстап тұр. Әлеуметтік желіден алынған сурет.
Бет-жүзін қара ниқабпен жауып алған төрт адам Қазақстан туын ұстап тұр. Әлеуметтік желіден алынған сурет.

Әлеуметтік желіде бет-жүзін қара ниқабпен жауып алған төрт адамның Қазақстан туын ұстап тұрған суреті тарады. Қазақстан туының жоғарғы бөлігінде діни символика мен арабша жазу бар.

Атырау облысының полиция департаменті "Азаттық Азияға" ақпаратты растады.

"Мемлекеттік рәмізді қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Барлық күдікті анықталып, полицияға жеткізілді" деді ведомство өкілдері.

"Мемлекеттік рәмізді қорлау" бабы (Қылмыстық кодекстің 372-бабы) 3 мың АЕК-ке дейін (23 мың доллардан астам) айыппұл немесе қоғамдық жұмыс немесе екі жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасын қарастырады.

Қазақстандық ақпарат құралдарының мәліметінше, суреттегі төрт адамның екеуі - кәмелет жасына толмаған қыз балалар.

Kursiv телеграм-арнасының жазуынша, Wildberries интернет-дүкені арабша жазуы бар туды платформадан алып тастап, сатушыларға ескеру жасаған. Интернет-дүкеннің өкілдері басылымға аталған тауарлар Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес емес екенін айтқан. Олар тыйым салынған тауарлар ендігәрі маркетплейсте шықпас үшін тиісті шаралар атқарып жатқанын айтқан.

Зеленский АҚШ-ты Херсондағы шабуылға реакция білдіруге үндеді

Атқылаудан кейінгі Херсон. Наурыз 2025 жыл.
Атқылаудан кейінгі Херсон. Наурыз 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский бейсенбі күнгі баспасөз жиынында АҚШ-ты Ресей әскерінің Херсонға - ондағы энергетикалық инфрақұрылым нысандарына соққысына реакция білдіруге шақырды. Ол Ресейді энергетикалық нысандарды атқылауға мораторий енгізу туралы Ресей мен АҚШ қол жеткізген келісімдерді бұзды деп айыптады.

"Бүгін келісім бұзылды, Херсонға, темір жол вокзалына соққы жасалды, электр жүйесі бүлінді, себебі энергетика [нысандарына да] соққы жасалды" деді Зеленский.

Энергетикалық нысандарға шабуыл жасауға мораторий жарияланғаны жөнінде ресми түрде хабарланған жоқ. Алайда келіссөзге қатысқан АҚШ шенеуніктері бұған дейін Ресей жағы энергетика нысандарын атқылауды тоқтату идеясын қолдады деп айтқан еді.

Ақ үйдің Эр-Риядтағы кездесулерінің қорытындысы туралы мәлімдемесінде тараптар осындай келісімді жүзеге асыру үшін және Қара теңіздегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын әзірлеп жатыр деп жазылған. Украинаның қорғаныс министрі Рүстем Умеров тараптар бір-бірінің энергетикалық нысандарын атқыламауға келіссе, Украина Қара теңізде де атысты тоқтатады деп айтқан.

Ресей әскері 27 наурызда Херсонға артиллериямен соққы жасаған. Қала орталығында екі адам қаза болып, бес адам зардап шекті. Қалада электр энергиясы өшіп, электр көліктер тоқтаған.

Тағы

XS
SM
MD
LG