Accessibility links

Желтоқсан оқиғасына саяси баға беру, халықты қуғын-сүргінге салғандарды жауапқа тарту талабы неге аяқсыз қалды?


Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің бір топ депутаты Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп аштық жариялаған белсенділермен кездесіп тұр. Ортада депутат Сұлтан Сартаев. Алматы. Мамыр, 1990 жыл. Сурет Хасен Оралтайдың коллекциясынан алынды.
Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің бір топ депутаты Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп аштық жариялаған белсенділермен кездесіп тұр. Ортада депутат Сұлтан Сартаев. Алматы. Мамыр, 1990 жыл. Сурет Хасен Оралтайдың коллекциясынан алынды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясының қорытындысы қандай болды, ұсыныстар қаншалықты ескерілді? Желтоқсан оқиғасында Алматыдағы орталық алаңға жиналған адамдардың кейбір суреттері Азаттық радиосына да жеткен. Азаттық радиосының 70 жылдығына арналған подкастың үшінші эпизодында осы туралы айтамыз. Төменде подкастың қысқаша мазмұны ұсынылып отыр. Толық мәліметті төмендегі подкастан тыңдай аласыз.

Желтоқсанның 5 жылдығында Назарбаевтың риторикасы өзгерді
please wait

No media source currently available

0:00 0:27:27 0:00

1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы кезінде бейбіт жиынға келген адамдардың езуінде күлкі бар, жүзі жайдары. Олар өздерін суретке түсіріп жатқанда да жасырынып бұқпантайламайды. Бұл, сірә, оқиғаның алғашқы күні болса керек. Суреттердің бір парасына қарап отырсақ, сол кездегі совет билігі "бұзақы", "экстремист" дейтіндей адамдардың бет-әлпетінде, көзқарасында агрессияның еш белгісі жоқ.

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНЫҢ АЗАТТЫҚҚА ЖЕТКЕН СУРЕТТЕРІ

Мюнхенде 1988-1995 жылдар аралығында Азаттық радиосының директоры болған Хасен Оралтайдың жеке коллекциясында Желтоқсан оқиғасынан түсірілген осындай ондаған фотосурет сақталған.

Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген суреттер. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сақталған Хасен Оралтайдың коллекциясынан алынды.
Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген суреттер. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сақталған Хасен Оралтайдың коллекциясынан алынды.

Кейбір суреттердің екінші бетінде "17-18 желтоқсан. 1986. Заң орындары түсірген суреттер" деп жазылған. Фотограф жеке планда да, жалпы планда да түсірген кадрлар бар. Бірсыпырасы оқиға кезінде және одан кейін түсірілгені байқалады.

Кейбір адамдардың бет-жүзінде қан дағы бар. Кейбір суретте адамның фамилиясы жазылған. Суреттегі адамдар кімдер, олардың тағдыры не болды? Әзірге бұл туралы толымды дерек жоқ.

Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген сурет. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сақталған Хасен Оралтайдың коллекциясынан алынды.
Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген сурет. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сақталған Хасен Оралтайдың коллекциясынан алынды.

Бірақ Желтоқсан оқиғасынан түсірілген бұл суреттердің қаралама нұсқасын алдын ала әлеуметтік желіге жариялап көргенімізде, кейбір адамдар өзін немесе таныстарын танып жатты.

Суреттердің бір бөлігі 1986 жылғы оқиға кезінде, кейбірі 1990 жылы түсіріліпті. Желтоқсан оқиғасына қатысқандар сол жылы мамыр айында Алматыда оқиғаға әділ баға беруді талап етіп аштық жариялаған еді. Суреттердің кейбірінде желтоқсандықтар талабымен танысып, аштық жариялағандармен кездескен депутаттардың да бейнесі бар.

Аштық жариялаған адамдардың суреттерін көріп, Азаттыққа хабарласқандардың бірі – Желтоқсан оқиғасына қатысқан Ерлан Декелбаев.

Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп, аштық жариялаған адамдар. Алматы, 1990 жылғы мамырда түсірілген.
Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп, аштық жариялаған адамдар. Алматы, 1990 жылғы мамырда түсірілген.

Ол суреттегі жайға орай "1990 жылы мамыр айының 14-18-і аралығында "Желтоқсан" ұйымының саяси аштыққа шыққан кезі. Талап: "Қазақ ұлтшылдығы" деген қаулы жойылсын, түрмеде жазықсыз жаза өтеп жатқан желтоқсандықтарға бостандық берілсін, Желтоқсан жендеттері жазаға тартылсын. Өзім де осы саяси акцияға басынан аяғына дейін қатыстым" дейді Ерлан Декелбаев.

Азаттық радиосының бұрынғы директоры Хасен Оралтай өзінің жеке қоры құрамында Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасына өткізген бұл суреттердің айтары алда сияқты.

Суреттердің кейбірі бұған дейін басқа да басылымдарда жарыққа шығуы мүмкін. Кейбір суреттердің сапасына қарамастан, Азаттық радиосы бұл фотосуреттер топтамасын бүгін алғаш жариялап отыр.

Желтоқсан оқиғасынан түсіріліп, архивте сақталған суреттердің бір парасын Азаттық бұған дейін, 2009 жылы тауып, жариялаған болатын.

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫН ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ

1989 жылы депутат Мұхтар Шаханов Мәскеуде СССР халық депутаттарының бірінші съезінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты Совет Одағы үшін даулы мәлімдеме жасайды. Ол одақ деңгейінде тікелей эфирден көрсетілген съезд мінберінен Алматыда 1986 жылғы желтоқсанда Мәскеу шешіміне наразылық білдіріп алаңға шыққан қазақ жастарының шеруін биліктің басып-жаншуы және одан кейін республикада жүргізілген қуғын-сүргін туралы баяндайды. Ешкім күтпеген бұл мәлімдемесінде депутат Желтоқсан оқиғасын әділетті тексеру үшін комиссия құру қажеттігін айтқан.

Мұхтар Шаханов СССР халық депутаттары бірінші съезінде Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы мәлімдеме жасап тұр. Видеодан скриншот. Мәскеу, 1989 жыл.
Мұхтар Шаханов СССР халық депутаттары бірінші съезінде Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы мәлімдеме жасап тұр. Видеодан скриншот. Мәскеу, 1989 жыл.

Осы съезге дейін одақтық баспасөзде Желтоқсан оқиғасына біржақты баға беріліп келген еді. Шахановтың мәлімдемесінен соң бұл мәселеге қоғам мен билік басқаша қарай бастайды.

Бірақ Желтоқсан оқиғасы кезінде Қазақ ССР министрлер кеңесін басқарған Нұрсұлтан Назарбаев сияқты саясаткерлердің оқиға кезіндегі іс-әрекеті қандай болғаны әлі күнге белгісіз. Әуелде алаңға шыққандарды айыптаушылар жағында болған Назарбаев кейін "шеруді басқардым" дегенге дейін барады. Ал Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митингіде ол өзін желтоқсандықтардың жоқтаушысы ретінде көрсетеді.

Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі құрған Желтоқсан оқиғасын тергеу комиссиясына Мұхтар Шаханов жетекшілік етеді. Желтоқсан оқиғасы кезінде қуғын-сүргінге ұшырағандар да комиссия жұмысынан соң шағымданып, олардың кейбірінің ісі қайта қаралады. Комиссияның жұмысы туралы баспасөзде және кейінгі зерттеулерде көптеген дерек жарияланды. Бірақ Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен зерттеушілердің көбі ол комиссия өз жұмысын аяғына дейін жеткізе алмады деп есептейді.

Мұхтар Шахановтың өзі мұны "совет кезеңіндегі басшылардың әлі де билікте отыруына байланысты шындық ашылмай қалды" деп түсіндіреді.

Азаттық радиосы Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясының қорытынды құжаты туралы бірнеше бағдарламасында қамтыған. Комиссия жұмысына арналған тізбекті хабарды Азаттық радиосы "осы құжаттағы көптеген ұсыныс елеусіз қалғанын тыңдаушыларымыз білетін шығар" деп қорытады.

НАЗАРБАЕВ НЕ ДЕДІ?

Желтоқсан оқиғасына бес жыл толғанда Алматыда еске алу шарасы өтіп, оған қоғамның барлық қатпарының дерлік өкілдері қатысқан. Олардың арасында оппозиция да, билік өкілдері де, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев та болды.

Оқиғаның бес жылдығы алдында бір күн бұрын, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған еді.

Желтоқсан оқиғасы болған алаңда өткен еске алу шарасында ақын Мұхтар Шаханов "Бүгін – Қазақ республикасының тәуелсіздікке қол жеткізген күні. Желтоқсанның қақаған ызғырығында алаңға шыққан ұлтымыздың жас өркендерінің басты арманы орындалған күн" деп мәлімдеді.

Жаңадан жалпыхалықтық сайлау өткізіп, дара кандидат ретінде жеңіске жеткен Назарбаев Желтоқсан оқиғасының маңызы жайында айтады.

"...Жылдар бойы тұншықтырылып келген әділетті сөз ашық айтылғанына, жығыла жаздауға шақ қалған ұлттық намыс туы қайтадан желбірегеніне бес жыл толды. Жастарымыздың сол қайсар мінезі ұрпақтан ұрпаққа жетеріне өз басым еш күмәнданбаймын. Барлық жерде ұлттық сана-сезім оянып, егемендіктің, тәуелсіздіктің тулары бірінен соң бірі көтеріліп жатыр. Біздің Қазақстанда да көптеген игілікті іс атқарылды. Қазақ халқы, қазақстандықтар ел болып алғаш рет өз президентін сайлады. Өз билігіміз өз қолымызға тиді. Өз байлығымызға өзіміз ие болуға айналдық... Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарды ақтау туралы жарлық шығарғанымды, онда желтоқсанның 17-сі "Демократиялық жаңару күні" болып жарияланғанын сіздер жақсы білесіздер. Бұл жарлықты республика жұртшылығы ізгілік пен әділеттілік актісі ретінде қабыл алып отыр. Сонымен әділет салтанат құрды. Желтоқсан оқиғасына уақыттың өзі әділ бағасын берді. Бұл Қазақстанның егемен ел бола бастағанының белгісі деп білемін" дейді Назарбаев Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митингіде.

"Демократиялық жаңару күнін" белгілеу Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясы ұсыныстарының бірі болатын.

Назарбаев сөзінің аяғына қарай көпшілікті Қазақстанның тәуелсіздік жариялауымен құттықтайды. Бұл пікірін ол тікелей емес, "тәуелсіздік туралы конституциялық заңның қабылдануымен құттықтау" арқылы жеткізеді.

Сол күні Алматыда қар аралас жаңбыр жауып, жер лайсаң болып жатса да, алаңға мыңдаған адам жиналады. Азаттық радиосы Желтоқсан оқиғасын еске алу жиынынан толық репортаж жасаған.

Желтоқсан оқиғасына саяси баға беруді, бейбіт шеруді күшпен басып, бейкүнә адамдарды қудалағандарды жауапқа тартуды талап етіп, аштық жариялап жатқан белсенділер. Алматы, мамыр, 1990 жыл.
Желтоқсан оқиғасына саяси баға беруді, бейбіт шеруді күшпен басып, бейкүнә адамдарды қудалағандарды жауапқа тартуды талап етіп, аштық жариялап жатқан белсенділер. Алматы, мамыр, 1990 жыл.

Арада бір жыл өтеді. Қазақстан тәуелсіз елге айналады. Алайда 1992 жылы 17-18 желтоқсанда билік Алматының орталық алаңына адамдардың жиналуына кедергі жасай бастайды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданар қарсаңдағы жағдай еді. Азаттық радиосы сол кездегі "Желтоқсан" қозғалысының мәлімдемесін жариялаған екен. Мәлімдемеге қарағанда, Жоғарғы кеңестің тоғызыншы сессиясы ашылуы қарсаңында Конституция жобасында мемлекеттік тіл орыс тілі болсын деген ұсыныстар айтылған. Қазақстанның демократиялық күштері соған наразылық ретінде Алматы жұртшылығын парламент алдындағы алаңға (қазіргі Астана алаңы) митингіге шақырған.

"...Мемлекет қайраткері болып жүрген кейбіреулер 17-18 желтоқсанды мүлде тарихтан өшіріп, атын атамауға тырысып бақты. 17-18 желтоқсан күндері алаңға шығуға тыйым салып, "алаңға шыққандар жазаланады" деген қоқан-лоқы көрсетті. Елді алаңға шығартпауға тырысып, үкімет тарапынан жұмыс жүргізілді. Мәселен, студент жастарға 16-18 желтоқсан аралығында демалыс беріп, үйіне қайтару мәселесі сөз болды" болды делінген "Желтоқсан" қозғалысының Азаттық радиосы эфирінен тараған мәлімдемесінде.

КЕЛЕСІ ЭПИЗОДТА

Азаттық радиосының хабарларын тыңдап отырсақ, Қазақстанның тәуелсіздігін жариялау үдерісі Желтоқсан оқиғасының бес жылдығымен жалғасқанын көреміз. Алдағы эпизодтарда Азаттық радиосының Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күнгі хабарларына шолу жасалады.

"Азаттық радиосы – 70 жыл" подкасын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан жүктеп алуға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG