17 қарашада Алматыдағы Artmeken Gallery галереясында суретші Әсел Кенжетаева мен мүсінші Санжар Досмағамбетовтің Қазақстан қоғамындағы зорлық-зомбылық пен әйелдердің теңсіздігін саралайтын "Қауіпті байланыстар" көрмесі ашылды. Көрме 1 желтоқсанға дейін жалғасады.
Суретші Әсел Кенжетаева көрмеге "The burning kelin (zhasau)" сериясымен жеті еңбегін қойған. Әселдің суреттеріндегі әйелдер бір көрген көзге өте жарқын әрі көтеріңкі көңіл-күйде сияқты көрінеді. Ал жіті назар салғанда күйеуге шыққан қазақ әйелдерінің кимешегі мен ұлттық бас киімдерінің тым ауыр екені байқалады, ал бас киімдеріндегі әшекейлер ауырлықты жасырып тұрғандай.
"Әсел Кенжетаеваның жұмыстарында сырғалар мен әшекейлер, қымбат маталар, бас киімдер мен аяқ киімдер махаббатпен әрі ыждағатпен салынған, бірақ бұлар келінді тұншықтырып, басып тастаған. Білезіктері кандала сияқты қылқындырып, үлкен түймелері қысып тұр. Қызға берілген жасау да қызды тарылтып тұр" дейді өнертанушылар.
Санжар Досмағамбетовтің "7УЯТOFF" сериялы жұмыстары мүсін негізінде жасалған. Мүсіндерге тез көз жүгірсек қолын кең жайып еркіндікте тұрған сияқты, бірақ зер салса қолы мен аяғы байланған адамды көруге болады. Досмағамбетов мүсіндерді құйған соң 3D-принтерден басып шығарған.
– Мүсіндер арқанмен 10-15 минут ғана ілініп тұрады, одан артық ілуге болмайды, себебі бүлінеді. Ал дайындық процесіне, байлауға, ілуге 50 минуттай кетті. Дайын мүсіндерді сканерлеп, компьютерде тазартылып, 3D принтерде басылды. Қазақстанда мүсіндерді 3D принтерде бірінші рет жасадық, – деді Санжар.
Бұл мүсіндерді жасауға жапонның шибари әдісімен сурет салатын суретші Мұрат Ділманов көмектескен.
Көрме кураторы, өнертанушы Валерия Ибраеваның сөзінше, Әсел Кенжетаева мен Санжар Досмағамбетов туындыларында сұрақ қоймайды және жауап бермейді, олар әйел еркін емес деген фактіні көрсетеді.
– Білезіктер, бас киімдер, әдемі матадан жасалған тақиялар басып тұр. Көрмеге былай қарасаңыз мереке сияқты, әдемі, көңілді. Бірақ әр туындыға мұқият зер салсаңыз, қысымды сезесіз. Біз құр қол отырмай, мүмкіндік болса Қазақстан қоғамында әйел құқығы туралы айтуға тырысамыз, – деді Ибраева.
Әйел құқығын бұзу – Қазақстан қоғамындағы ауқымды мәселелердің бірі. 11 қарашада Астанада елдің бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі 31 жастағы Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деп күдікке ілінген соң бұл мәселе қоғамда қайта көтеріле бастады.
Бұл оқиғадан соң қоғамда жұрт әйелге зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтуді талап етіп жатыр. Елде әйел мен баланы зорлауға жазаны күшейтуді талап етіп петиция жарияланып, ондаған мың адам қол қойды.