Алматылық Ділшат Әбдусаттаров – Қаңтар оқиғасында аяғына оқ тиіп жараланғандардың бірі. Қазір жүре алмайды, аяғына төртінші рет операция жасалмақ. Ділшат ауруханада жатқанда, арнайы жасақ "жаппай тәртіпсіздікке қатыстың" деп, күштеп тергеу изоляторына жеткізген. Кейін оның үстінен қозғалған қылмыстық іс "айыбы дәлелденбеді" деп жабылған. Ділшатқа оқ атқандар да белгісіз күйі қалды. Азаттық Қаңтарда оқ тиіп, ауруханаға түскен, кейін палатадан изоляторға жеткізілген азаматтың бастан кешкенін баяндайды.
"45 ЖАСЫМДА МҮГЕДЕК БОЛЫП ҚАЛАМ ДЕП ОЙЛАМАППЫН"
Алматының тыныш аудандарының біріндегі шағын ғана жер үй. 45 жастағы Ділшат Әбдусаттаров отбасымен сол үйдің жартысында тұрады. Қалған жартысы басқа отбасына тиесілі. Үйдің алдында бір сотыққа жетер-жетпес аула екі отбасына ортақ.
Ескі үйдің шағын қонақ бөлмесінде теледидар мен диван тұр. Диванның шетінде орта бойлы, қара торы жігіт отыр. Сол аяғы тізесінен төмен қарай темір сақиналармен қоршалған. Сақиналар сүйекке кіргізілген темір инелерді ұстап тұр.
– Илизаров аппараты. Сонау елуінші жылдары ойлап тапқан екен ғой, бұл аппаратты былтыр алғаш рет көрдім, – деді Ділшат аяғына көзім түскенін байқаған бетте.
Ділшат сүйекке ілінген темір инелер босап кете беретінін айтады. Ол жараланған аяғына осы күнге дейін үш операция жасатқан, енді төртіншісін жасатып, аяғындағы инелерді қайта қатайтпақ.
Ділшат Қаңтар оқиғасына дейін көлік жөндеп, жақсы табыс тапқанын, қазір күні жәрдемақыға қарап қалғанын айтып, терең күрсінді.
– Алматыдағы Айнабұлақта ата-анамнан қалған жер үйдің ауласында көлік, оның моторын жөндейтінмін. Көлік жөндейтін орталықта 15 жылдай жұмыс істедім де, кейін өзіме жұмыс істейін деп, үйдің ауласында көлік жөндеп жүрдім. Табысым кейде 400 мың теңгеге дейін баратын. Қазір, міне, мүгедектігім үшін 46 мың теңге жәрдемақымен күн көріп отырмын, 45 жасымда мүгедек болып қалам деп ойламаппын, – деді ол.
Ділшат көңілі көтеріңкі екенін көрсеткісі келді, күліп, арасында қалжыңдауға да тырысты. Бірақ әңгімелесіп отырып көп күрсінді, өзінен басқа ешкімге сенімі жоғын жасырмады.
ТҰТҚИЫЛДАН АТЫЛҒАН ОҚ
Былтыр қаңтарда Алматыда наразылық басталғанда, ол ата-анасының үйінде көлік жөндеумен болған. 6 қаңтарда досы Ермек Кебекбаев келіп, "Есік қаласына бару керек, бірақ бензинім жоқ" дейді. Ділшат көлігіндегі бар бензинін құйып берген, бірақ бензин Алматыдан 70 шақырымдағы Есікке барып-қайтуға жетпейтін болған соң, Алматыдан жанармай бекетін іздеуге шыққан.
– Жолда Ермекке танысы телефон соқты, ақша ма, зат па – бірдеңе алып кететін болып, кешкі 6 шамасында алаң жаққа көтерілдік. Алматыдағы Желтоқсан көшесімен көтеріліп, Сәтбаев көшесіне бұрылып тоқтадық. Ермек шығып кетті. Мен көліктен шығып, шылым шегіп тұрдым. Алаңда адам көп жүрді, қазан көтеріп, тамақ жасап жатқанын көрдім. Арада 20 минут өткенде Назарбаев көшесі жақтан атыстың дыбысы естілді. Алаңдағы адамдар жан-жаққа қаша бастады. Досым келіп, екеуіміз көлікке отыра салып жүре бергенде, көлігімізге оқ ата бастады. "Әскери оқпен атып жатыр" деді Ермек. Оның соңғы айтқаны сол болды. Ол сол жерде көз жұмды. Ал мен басымды төмен тұқырып, бұғып қалдым. Көлік тарс-тұрс етіп сәл жүрді де, тоқтап қалды. Қарасам, Ермектің басынан қан ағып жатыр екен. Көліктің жарығын өшіріп, өзім ішінде 10-15 минуттай жаттым. Келіп, тағы атады-ау деп ойладым, – деп еске алды Ділшат.
Сәлден кейін атыс тоқтайды. Ал Ділшат аяғына оқ тигенін біліп, жолдың арғы бетінен шыққан бірнеше адамнан көмек сұрайды. Олар Ділшатты қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер тобығына оқ тиген жігіттің табаны шыбық сүйегінен ажырап қалмас үшін темірмен біріктіріп берген.
"АУРУХАНАДАН АВТОЗАКПЕН ИЗОЛЯТОРҒА ЖЕТКІЗДІ"
Ділшат ауруханада жатқанда, арнайы жасақ 9 қаңтарда түске жақын келген. Оның айтуынша, екеуінің қолында автомат болған, үшіншісі "ұлттық қауіпсіздік қызметіненмін" деген.
Ділшат "қара киімдегі адам телефонын тартып алғанын", тағы бірі "мародерсің, мойында" дегенін айтады.
– Жауабымды тыңдайтын олар жоқ. Ақыры сүйреп, палатадан алып шықты. Үстімде футболка мен ішкиім ғана болды. Шықсам, дәлізде мен сияқты жаралы он шақты адам тұр екен. Бәрімізді сыртқа шығарып, көліктерге тиеді де, изоляторға апарды, – дейді ол.
Қаңтар оқиғасынан соң арнайы жасақ жаралыларды ауруханадан күштеп шығарғаны түсірілген видеоны Азаттық та көрсеткен еді.
Қаңтар оқиғасында оқ тиіп жараланған адамдар ауруханадан балдаққа сүйеніп, ақсаңдап әрең шығып, полиция көлігіне отырып жатады. Кейбірі жеңіл киіммен, жалаңаяқ шығып барады. Ділшат сол адамдардың арасында болған.
– Автозакқа тиеген кезде балдағымыз жерде қалды. Автозак ішінде 7-8 адам болды. Бәрі жаралы, бірінің қолы, екіншісінің аяғы, тағы бірінің денесі таңылған. Бірінде бинт, ендігісі гипспен отыр. Ешкімде сырткиім болмады. Арамызда тіпті операция кезінде кигізетін жұп-жұқа халатпен отырған жігіт те болды. Арнайы жасақтың қолында автомат, бірдеңе десең, сол жерде атып өлтіретіндей көрінді. Шыны керек, өлімге іштей дайын болдым, – дейді кейіпкеріміз.
Ділшат автозакпен өздерін тергеу изоляторына апарып, камераға емес, жертөлеге кіргізгенін айтады. Ол изолятордағы алғашқы сәтті "40 метрдей болатын дәлізден жалаңаяқ, бір аяқпен секіріп, әрең өттім" деп еске алады.
– Жүре алмайтындар еңбектеп, шынтағымен жылжуға мәжбүр болды Тоқтағандарын автоматтың дүмімен ұрғанын көрдім. Осылайша 30-дан астам адамды 36 шаршы метр жерге қамады. Іші суық, қабырғасы бетон, еденіне кафель төселген. Үстімізде киім жоқ. Бір-бірімізге жақын тұрып, жылынбақ боламыз. Сырттағылар кіріп, бізді тарасын деп, резеңке таяқпен ұрып-ұрып кетеді. Біз шашырап, сәлден кейін қайта жиналамыз. Өйткені басқаша жылыну мүмкін емес еді. Осылай түнге дейін сол жертөледе болдық, – дейді Ділшат.
Арада бірнеше сағат өткенде жертөледегілерді бір-бірлеп жауап алуға әкете бастаған. Ділшат соңғылардың бірі болып барғанын айтады. Тергеуші "кімсің, алаңға не үшін бардың, көлік өртеуге қатысың бар ма?" деп сұраған. Ал 14 қаңтарда тергеу соты Ділшат Әбдусаттаровты "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген күдікпен екі айға қамаған.
"АУРУХАНАДА ҚОЛЫМЫЗ КІСЕНДЕУЛІ ЖАТТЫҚ"
Әбдусаттаров тергеу изоляторында алғашқы 10 күн бойы медициналық көмек берілмегенін айтты. Аяғы ісіп, темір инелердің айналасы іріңдей бастаған соң, камераға "Спасатель" жақпа майын әкеп берген. Бұл жақпа майды басқаларға да берген. Ал Ділшаттың аяғын бір рет таза бинтпен орап кеткен.
– 18 қаңтарда оқ тигендердің бәрін Алматыдағы №4 ауруханаға алып барды, Менің аяғыма мына Илизаров аппаратын қойды. Палатада төрт жігіт жаттық, қолымыз кісендеулі. Бізбен бірге палатаның ішінде тапаншасы бар екі айдауыл, сыртында автомат асынған тағы бірнешеуі жүрді. Төсекке таңылған кісенді тамақ ішкенде, әжетханаға барғанда ғана шешеді. Қолың қатты талып кетсе, кісенді екінші қолыңа ауыстырып тағып қояды. Екі аптадай сонда жатып, қайта изоляторға алып келді, – деді Ділшат.
Ділшат біраз уақыт изолятордың санитариялық бөлімінде жатқан. Ал 18 ақпанда қолхатпен босап шыққан. Изолятор қызметкерлері ұсталғандарды "ұрып-соқты" деп еске алады Ділшат.
"ШАРШАДЫМ"
Былтыр қыркүйекте Ділшаттың үстінен "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен қозғалған қылмыстық іс "айып дәлелбенбеді" деп тоқтатылды. Бұған қоса, оқ ату дерегі бойынша "адам өлтіруге оқталу" бабымен қозғалған іс те жабылып қалған.
– Телефоным арқылы сол күндері негізінен үйде болғанымды, алаң маңында 15-20 минут қана болғанымды анықтаған екен. Сөйтіп, үстімнен қозғалған істі тоқтатты. Маған оқ атылып, жараланған соң, "адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша іс қозғалғанымен, жарты жылдан аса уақыт тергеу жүріп, айыптылар табылмады деп, ол істі де жауып тастады. Түсінесіз бе, іс ашылғанымен, ешқандай нәтиже жоқ. Егер билік шынымен кінәлілерді тапқысы келсе, табар еді. Сол күні кім қайда болғанын, қандай қару ұстап, қай жерде оқ атқаны белгілі ғой. Бірақ ол ешкімге керек емес. Мен енді оған уақыт шығындағым келмейді, шаршадым, – дейді ол.
Әбдусаттаровтың авдокаты Ғалым Нұрпейісов "адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша қозғалған іс тоқтағанын SMS-хабарламадан білгенін айтады.
– Іс тоқтатылды. Ділшаттың өзіне SMS-хабарламамен ескертілді, болды. Басқа ешқандай құжат берген жоқ. Істі бір тергеушіден екіншісіне жіберіп, ақыр аяғында жоғалғанын айтты, – дейді адвокат.
Дәрігерлер Ділшатқа аппаратпен әлі кемі бір жыл жүретінін, одан кейін сүйек қатса, балдақпен жүруге болатынын айтқан. Жұмыс істеп үйреніп қалған азамат кейде көлік жөндейтін достарына барып, машинаның моторын жөндеуге тырысып жүр.
– Қол қусырып отыра алмаймын, әйелімнің мойнында отыруға арланам, әттең аяғым кедергі болмағанда... – дейді екі баласы бар Ділшат.
2022 жылы қаңтарда Жаңаөзен жұрты сұйылтылған газ қымбаттағаннан кейін наразылыққа шықты. Жаңаөзендіктерді Қазақстанның басқа да қалалары қолдаған. 5 қаңтарға қараған түні наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласып, ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "елде 20 мың террорист жүр" деп күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Кейін әскерилердің оғынан бейбіт тұрғындар мен балалар қаза тапқаны белгілі болды.
Тәртіпсіздік күні алаңда болған адамдар ұсталып, көбі тергеу изоляторында азапталған. Билік тергеу кезінде алты адам азаптаудан қаза болғанын мойындаған. Азаптау, оқ ату фактілері бойынша қозғалған істердің көбі "дәлел жоқ" деп жабылып қалды.
Human Right Watch халықаралық ұйымы Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын біржақты тергеді, адам өлтіруге, адамдарды жаралауға, азаптауға қатысы бар орган қызметкерлері жауапқа тартылмады деп мәлімдеген. Астана ұйымның бұл мәлімдемесі мойындамады.
Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған, көзінен айырылған, жүре алмай қалған, мүгедек болып қалғандардың тізімі жасалған жоқ.
Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігіне Қаңтар оқиғасының жай-жапсарын анықтау үшін халықаралық тергеу жүргізуді бірнеше рет ұсынған, бірақ Астана ол ұсыныстарды қабылдамады.
ПІКІРЛЕР