Accessibility links

"Қаңтар оқиғасы": Қаза болғандар тізімі. Азаттық арнайы жобаны таныстырды


Қаңтар оқиғасына арналған Азаттық жобасын таныстыру кезінде оқиға құрбандарының тізіміне қарап тұрған адам. Алматы, 1 маусым 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына арналған Азаттық жобасын таныстыру кезінде оқиға құрбандарының тізіміне қарап тұрған адам. Алматы, 1 маусым 2022 жыл.

Азаттық Қаңтар құрбандарына арналған арнайы жобаны таныстырды. Қанды оқиғадан бері бес ай өтсе де, билік қаза болғандардың тізімін жарияламады. Азаттық 5-8 қаңтарда Қазақстан қалаларында оққа ұшқан немесе сол кезде алған жарақаттан қайтыс болғандар жайлы ақпарат-деректі жинап, шағын сайтқа топтастырды.

"Қанды қаңтар құрбандары" деп аталатын арнайы жобада қазір 188 адамның аты-жөні бар. Ондағы арнайы категориялар арқылы құрбандардың жасы, оқиға орны, қазасының себептері жайлы ақпаратты іріктеп оқуға да болады. Жоба қаза болғандардың туыстары мен куәлардың баяндаулары арқылы қайғылы оқиғаның ауқымын ұғынуға мүмкіндік береді.

Жобадағы ақпараттар үнемі толықтырылып отырады. Қолданушылар ақпарат-деректі электрон пошта, Telegram және WhatsApp арқылы, сонымен бірге анонимді веб-форманы толтырып жібере алады.

1 маусымда Алматының Абай және Достық көшелері қиылысындағы Novotel қонақүйінде өткен жоба таныстырылымына ондаған адам жиналды. Олардың арасында Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың туыстары, азаптауға ұшырағандар, сонымен бірге құқық қорғаушылар, журналистер мен белсенділер бар.

Жоба авторы, Азаттық сайты редакторы Дархан Өмірбектің айтуынша, жоба Қаңтар құрбандарының санын анықтауды да көздейді, себебі билік 238 адамның қаза болғанын айтып отыр. Ал құқық қорғаушылардың пікірінше, опат болғандар одан әлдеқайда көп болуы ықтимал.

"Қанды қаңтар құрбандарының" авторы Дархан Өмірбек жобаның таныстырылымында сөйлеп тұр. Алматы. 1 маусым 2022 жыл.
"Қанды қаңтар құрбандарының" авторы Дархан Өмірбек жобаның таныстырылымында сөйлеп тұр. Алматы. 1 маусым 2022 жыл.

Өмірбектің сөзіне қарағанда, қаза болған полицейлер туралы толық ақпарат алу мүмкін болмаған, себебі олардың туыстары немесе әріптестері журналистермен сөйлесуге ықылас білдірмеді.

– Біз қаза болғандарды алаламаймыз. Біз үшін олардың барлығы бірінші кезекте – құрбандар, – деді Өмірбек.

Шараға Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай, Орталық Азия аймағы бойынша директор Хамид Исмаилов, Азаттықтың Қазақ қызметінің директоры Торокул Дооров қатысты.

Джейми Флай өз сөзінде Азат Еуропа/Азаттық радиосы журналистері қандай жағдай болмасын шындықты ашу үшін барын салатынын атап өтті. Ол Азаттық тілшілері жаңа жобасы арқылы Қазақстан қоғамында пікір туғызуға мүмкіндік ашады деп біледі.

АЕ/АР медиакорпорациясының президенті Джейми Флай "Қанды қаңтар құрбандары" жобасының таныстырылымында. Алматы. 1 маусым 2022 жыл.
АЕ/АР медиакорпорациясының президенті Джейми Флай "Қанды қаңтар құрбандары" жобасының таныстырылымында. Алматы. 1 маусым 2022 жыл.

Ал Торокул Дооров Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты. "Қазірге дейін біздің тілшілеріміз 188 марқұм жайлы деректерді жинай алды. Олардың ішінде ондағаны жайлы хикаялар мен репортаждар сайтымызда шығып тұр. Қаңтар оқиғасынан кейін жарты жыл өтсе де, ресми тізім шыққан жоқ. Бірақ, біз, журналист ретінде, құрбандардың аты-жөнін қоғам толық білгенге құқығы бар деп есептейміз" деді ол.

Қаңтар оқиғасы кезінде опат болған төрт жастағы Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханұлы да Азаттықтың шарасына қатысты. Оның сөзінше, оқиғадан бес ай өтсе де, "іс дұрыс жүрмей жатқанын", қызын атқандар анықталмағанын айтады.

- Барлықтарыңызға рақмет айтамын. Сіздердің арқаларыңызда Қазақстанда, біздің отбасымызда не болып жатқанын басқа жұрт біліп жатыр. Оқиғадан бес ай өтсе де, қызымның ісі полиция департаментінде ауада ұшып жүр. Кеше жаңа тергеуші тағайындады. Бұл тергеуші істі қалай жүргізетінін білмеймін, бірақ Айкөркемді кім атқанын табатынына сенеміз. Олар таппай жатса, сіздер көмектесесіздер, оған сенімдімін, - деді ол.

Қаңтар оқиғасында оқ тиіп, бір көзі көрмей қалған Ермек Әбдірешов те Азаттықтың шарасына қатысты. Алматы. 1 маусым 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасында оқ тиіп, бір көзі көрмей қалған Ермек Әбдірешов те Азаттықтың шарасына қатысты. Алматы. 1 маусым 2022 жыл.

Қаңтардың басында елде сұйылтылған газдың қымбаттауына қарсы митинг өтіп, наразылықтың аяғы қантөгіске ұласқан. Билік шетелде дайындықтан өткен "террористер шабуылы" туралы айтты, бірақ оған дәлел-айғақ келтірген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Ол сонымен бірге елде билікті күшпен басып алу талпынысы болғанын айтты, алайда оны кім ұйымдастырғанын нақтыламады.

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 230 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін және олардың қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпаратты жарияламады.

Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда болған жүздеген адам өздерінің азапталғаны жайлы айтып, 234 іс қозғалған. Алайда, әзірге күштік құрылымның тек 11 өкілі күдікті деп танылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG