Куәгерлер 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында әскери киім кигендер бейбіт тұрғындарға оқ атқанын айтады. Ол кезде қалада "террористерге қарсы операция" жүргізіліп жатқан еді. Азаттық 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында оқиға қалай өрбігенін анықтап көруге тырысты.
Қалың тұман, ыс иісі, түнгі тәртіпсіздік пен бассыздықтың ізі. 5 қаңтарда мыңдаған адам қала әкімдігі мен президенттің Алматыдағы резиденциясына басып кірген еді. Ертеңіне қала ортасындағы телеарна мен радиостанция редакциялары талқандалды, дүкендер тоналып, Алматы тұрғындарының көбі үйінен шыға алмай қалды. Радио эфирінен елде "терроризмге қарсы операция" жүріп жатқаны ескертілді.
Өртеніп кеткен әкімдіктен бірнеше жүз метр жердегі Республика алаңында жүздеген адам тұрды. Олар бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның төңірегіндегілердің биліктен аластатылуын, оның ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаевтың отставкаға кетуін, Ресей басқаратын ҰҚШҰ көмегінен бас тартуды талап етті. Тоқаев "агрессивті терроршылармен" күресуге ҰҚШҰ-дан көмек сұраған еді. Алаңдағы жұрт тамақ әзірленіп жатқан отқа жылынып тұрды.
КУӘГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?
Алматы тұрғыны Ажар Бимамир Республика алаңына сағат 16:15-те келгенін айтады.
– Адам көп болды. Тіпті, таныстарымды да кездестірдім. Жұртта қару болған жоқ. Бұл адамдар ҰҚШҰ әскерінің елге кіргеніне қарсы болды. "Қаруы бар бітімгерлер бітімгер емес", "Халық – террорист емес", "Ұрма, атпа!" деген жазу ұстап алған. Олар ақ матаға "Біз – қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз" деп жазып, сағат 17:51-де оны бүкіл алаңға созып ұстап тұрды. Кешкі 6-да талаптарын айта бастады. Кешкі 4 пен 6 аралығында алаңда не әскерилер, не полиция, ешқандай әкімдік пен мемлекеттік орган өкілдері болмады. 18:15-те "Алмалы" [жерасты сауда орталығына] жаққа қарай жылжыдық. 18:30-да атыс пен граната дауысын естідік. Жай қорқытып жатқан шығар деп ойладық. Жолдан жүгіріп өткенде алаң орталығында жараланған адамдарды көрдік. Оларға оқ тигені анық, себебі қан ағып жатты. Олардың бірі орта жастағы ер адам еді. Бес адам оны алаңнан алып кетпек болып, сүйрей жөнелді. Атыс жалғасып жатты. Қорқып, аулаға қарай қаштық. Адамдар да аулаларға қарай жүгіріп, граната емес, оқ атып жатқанын айтып жатты, – дейді Ажар.
Оның сөзінше, Назарбаев даңғылы жағынан наразылар тұрған Тәуелсіздік монументіне қарай оқ атылған. Тұман кесірінен кімнің оқ атып жатқаны алыстан көрінбеген.
Қайсар Өзбек пен Қамалхан Қамбаров сол күні алаңда болған. Олар наразылар құрған ақсақалдар кеңесіне кірген. Бұл кеңес "Халық декларациясы" деген құжат құрған. Онда Қазақстан халқын атып жатқаны, күш қолданып жатқаны, адам өлімі бары, интернеттің өшіп қалғаны жазылған. Ақсақалдар билік органдарының бәрінің отставкасын, президент сайлауын ұйымдастыру, саяси тұтқындарды босату, интернетті қосу секілді мәселелермен айналысатын уақытша үкіметтің құрылуын талап еткен.
Зейнеткерлер "алдымен екі БТР-мен қазақ әскері келді" деп еске алады.
– Ақсақалдардан келіссөзге алты адам шығады деп келістік. Сол кезде жұрттың ішінен айғайлаған адамдар жүгіріп шықты. Атыс дауысы естілді. Ер адам құлап түсті. Аяғына оқ атып, жедел жәрдеммен алып кетті. Бір әйел танк алдына тұрып алып, "Атпаңдар!" деп айғайлады. Ешкім атпады. Сосын бізден үш ақсақал шықты. Қазақ әскерилері: "Сендер өртеген жоқсыңдар. Талқандаған жоқсыңдар. Бейбіт наразылыққа шыққансыңдар, оны білеміз. Бірақ араларыңда арандатушылар бар. Егер қолдарыңа қару алсаңдар, ескертусіз атамыз" деді. 15 минуттан соң кетіп қалды. Қуанып кетіп, бейбіт митингіге микрофон дайындауға кірістік. Бірақ кешке қарай алаңға Фурманов көшесі [2017 жылдан бері Назарбаев даңғылы деп аталады] жақтан әскери "Хаммерлер" келіп, ескертусіз ата бастады. Жан-жаққа тарап кеттік. Бір адамды жаралағанын көрдім. Бір әйелмен соны көтере бастадық. Оқ оның шынтағына тиген екен, өзі жүре алатынын айтты. Сосын қашып бара жатып жоғалтып алған етігімді іздей бастадым. Бірақ дәл жаныма құлақ тұндыратын граната түсті, әрі қарай аулаға жүгірдім. Алаңда бәрі түтіндеп, тұманданып кетті, ештеңе көрінбеді. Нағыз соғыс дерсің! Зорға дегенде үйге жетіп, ешқайда шықпадық, – деп еске алады Қамалхан Қамбаров.
– Әскери оқпен атты. Мыңдаған адам болды, арасында әйелдер мен балалар да бар. Бәрі бейбіт адамдар, ешкімде қару болған жоқ. "Халық – террорист емес" деген плакат ұстап тұрды. Оқ атып жатқандар тек орысша сөйлеп жатты, бұған дейін көрмеген "Хаммермен" келді. Атыс кезінде кейбірі құлап, өзгелері жаралыларды сүйреп жатты. Қаза тапқандарды көрмедім. Тұман болды. Алдымен бос оқпен атты, одан кейін снайперлер атты – сол кезде алаңда көп адам құлап жатты. Санын білмеймін. Атып жатқанда монументтің жанынан тұрғын үйлерге қарай жүгіргеніміз ғана есімде. Кейбірі ашық тұрған подъездерге тығылып қалды. Мен әрі қарай жүгірдім, – дейді Қайсар Өзбек.
АЛАҢДА БОЛҒАН ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ
Журналист Әйгерім Тілеубаева 6 қаңтар кешкісін алаңға барып, әртүрлі жастағы жүздеген адамды көрген. Олардың қолында қару болмаған. Ол қажет болып қалар деп дәке, антисептик пен дәрі-дәрмек ала барып, акцияға қатысушылармен сөйлескен.
– Ең белсенділері жиналып, журналистерге пікір білдіріп жатқанын, кім екенін, не қалайтынын айтып жатқанын көрдім. Тоқаевқа видеоүндеу жазып жатты. Жалпы, алаңда бейбіт және тыныш болды. Жиналғандар талаптарын жазып, оны қағазға шығарып беруді сұрады. Бұл кешкі алтыға қарай болды. Достарымызбен қағаз шығаруға кеткенде атыс дауысын естідік. Одан кейін үйге қайтып кеттік. Достық көшесіне түсіп, Абай даңғылымен қиылысына жеткенде қан іздерін көрдім, – дейді Әйгерім.
Қазақстандық Forbes журналының журналисі Ардақ Бөкеева 6 қаңтарда алаңға түскі уақытта барған. Ол да "басқарушысы" жоқ жүздеген адам лайықты өмір сүргісі келетінін айтып, талаптарын қойып жатқанын айтады.
– Байқауымша, ешкімде қару болмады. Ақсақалдар, елуден асқан ер адамдар болды. Олар беделі бар адам болуы керек, ОМОН-мен келіссөз жүргізіп жатты. Бейбіт тұрғынды қалай ажыратуға болады? Агрессия танытпауынан шығар. Бұл адамдарда агрессия болмады. Олар сөйлегенде, құрылым өкілдері оларға агрессиямен жауап қатты. Бір қыз [әкім] Сағынтаевтың шыққанын талап еткенде, оған "Ауызыңды жап! Сенімен ешкім сөйлеспейді" деді. Митингіге барғаны үшін жұмысынан қуылған медқызметкер жалақысының аз екенін айтып жатты. Сосын біреу бір сағатқа интернет беретінін айтты. Жылдамдатып үйге жиналдым, себебі интернет керек еді. Бірақ сол күйі қоспады, – дейді Ардақ Бөкеева.
Ардақ Бөкеева ертеңіне алаңда адамдарға оқ атылғанын естіген. Сол жерге барған журналисті әскерилер алаңға өткізбеген. "Журналист куәлігін көрсеттім, бірақ маған ескертусіз оқ атты. Көздемеген шығар, бірақ маған қарай атты" дейді ол.
Бірнеше оқ атылған соң алаңнан кетіп қалған Бөкеева жан-жақты қарап шыққан. Оқ ізі бар көліктерді көрген.
– Көлігімді қалдырған жерде оқтан сау-тамтығы қалмаған "Мазда" тұрды. Көлік қанға боялған еді. Сол жерде жүрген коммуналды қызметкерлерден "Бұл Қазақстанның немесе Ресейдің әскері ме?" деп сұрадым. Біреуі ештеңе айтпайтынын айтты, екіншісі бітімгерлер деді. Адамдар жүрген жаққа бардым. Олар ештеңе көрмегенін айтты. Одан кейін бір ер кісі алаңда болған адамдарды көрсететінін жеткізді. Төрт жігітке апарды. Олар атыс кезінде алаңда болған екен. Дінмұхамед есімді жігіт пікір білдіруге келісті. Ол әскерилер бейбіт тұрғындарға оқ атып, жараланған адамдарға жақындауға тыйым салғанын айтты. Алаңда айғай-шу болып, көп адам жараланған. [Алаңдағы] әр көлікте өлген адам барын айтып жатты. Көлікке жүгіріп бара жатқан адамдарды да атқан. "Мазда" көлігінде болған жігітті мәйітханаға апарған, яғни, алаңнан тыс жердегі адамдарды ғана алып кеткен. Ал алаңдағыларға өткізбеген, – дейді Ардақ Бөкеева.
Алматыда оққа ұшқан аспаз жігіт
КӨЛІКТЕГІ МӘЙІТТЕР. ЕРТЕҢІНДЕ НЕ БОЛДЫ?
Алаңға жақын жерде тұратын студент Анна 7 қаңтарда таңертең әкесімен бірге үйінен шыққан. Көмек қажет еткен зардап шеккендер болуы мүмкін деп ойлаған олар алаң маңында жансыз жатқан үш адамның денесін көрген.
– 7 қаңтарда алаңға кіргізбеді, Сәтбаев пен Фурманов көшелері қиылысына, Желтоқсан көшесіндегі ескерткішке және "Тұран" [университетіне] жете алдық. Одан әрі әскерилер тұрды. Резиденция үсті ашық болды, балкондарда қарулы адамдар тұрды. Алаң жағынан жасақ көрінді. Алаңға жақындап қалғанда атыс болды, біреулерді қуып жатқан болар дедік. Алаңды айналып өтіп, жерде қимылсыз жатқан үш адамды көрдім. Біреуі Байсейітова көшесіндегі 42-үйдің жақтауында жатты. Біреуі Желтоқсан мен Сәтбаев көшелері қиылысында көлікте болды. Төртінші мәйіттің болғанын растай алмаймын, ол туралы бізге өтіп бара жатқан адам айтты. Әкем көруге кетті, мен орнымда қалдым. Төртінші мәйіт Сәтбаев көшесінен жоғары Желтоқсанның бойында болды, – дейді Анна.
Бейбіт есімді алматылық (тегін көрсетпеуді сұрады – ред.) алаңның жанында тұрады. Ол 6 қаңтарда кешкі 7-де әскерилердің сыртына қалқаны бар бірнеше жүк көлігімен, беренді автокөліктермен келгенін айтты. Ол кешке атыс дыбысын естіген, одан кейін жұрт алаңнан қаша бастаған. Түнде ешкім болмаған, әскерилер кезегімен оқ атып жатқан.
– Көліктің төбесінен әскери адам көрініп тұрды. Фурмановтан өткен соң ол үйлердің терезелерін көрсетті. Сағат он бірге он минут қалған кез еді. Біз аулада болдық. Үйге жүгіріп барып, менің және көршімнің пәтерінің терезесінен оқ ізін байқадым. Менің тереземде екі із болды. Кешкі сағат 11 кезінде ешқандай наразылар болмады, бірақ олар бәрібір атып жатты. Төртінші қабаттан Фурманов көшесімен ақ жеңіл көлік келе жатқанын көрдім. Фурманов бойында тұрған әскерилер көлікке оқ ата бастады, – дейді Бейбіт.
Таңертең Бейбіт үйдің екінші, үшінші қабатындағы 15 пәтер терезесінен көптеген оқ ізін, аула сыпырушымен бірге түнде оқ атылған жеңіл автокөлікті көрген. Ағашқа соғылған көлікте екі адам өліп жатқан.
– Автокөліктің артында жеті оқ ізі болды. Бұл Ганди мен Фурманов көшелерінде жұмыс істейтін күзетшілер еді. "Рамсторда" істеген сияқты. Олар кезек ауыстырып, Фурманов көшесімен өткен. Жүргізушінің ағасы Талғардан келді, жылап жүрді. Әскерилер жазықсыз адамдарды өлтірді. Фурмановтан өтіп бара жатқан көлікті атқанда оқ жолдың арғы жағындағы ғимаратқа тиген. Кімнің әскері болғанын білмеймін. Бірақ беренді көлік Ресейдікі сияқты. Люгі бар, содан солдат шығып, атып жатты. Кешкі 7-де әскерилер келіп, бірден ата бастағанын көрдім. Бос оқпен немесе әскери оқпен ауаға атты. Адамдардың айғайлап жатқанын естідім. Бос оқпен атқан сияқты, жай жүрген адамдар қашып кетті. Сол жерде не істерін білмей қалғандарға оқ атқан сияқты, бірақ қан ізін көрмедім. Тұман басып, алыс болғандықтан, жерде жатқан немесе жараланған адамдарды көрмедім. Бірақ мен әскерилер жазықсыз адамдарды атқанын білемін, – деді Бейбіт.
6 ҚАҢТАРДАҒЫ ҚҰРБАНДАР
Билік 6 қаңтарда алаңда және соған жақын жерде нақты қанша адам қаза тапқанын айтпады. Сол маңнан кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарға оқ тиген.
Batyr Jamal журналистері Алматыда тұратын, үш баласы бар 30 жастағы Шолпан Бегайдаровамен сөйлескен. 6 қаңтарда балаға дәрі алуға Назарбаев даңғылы мен Сәтбаев көшесі қиылысындағы дәріханаға шыққан оның көлігі оққа ұшыраған. Аяғы мен ішіне оқ тиген Шолпан өлім аузынан қалған. Оған операция жасаған, әлі оңалуы қажет.
6 қаңтарда археолог, петроглифтерді зерттеуші Ерлан Жағыпаровтың туыстары онымен байланыса алмай қалған. Туған бауыры Нұрланның сөзінше, Ерлан кешке үйге келіп, көлікті қойып, алаңда не болып жатқанын көруге кеткен. 20 минуттан соң телефонмен досына оны Ұлттық гвардия қызметкерлері ұстап алғанын хабарлаған. Одан кейінгі күндері туыстары оны ауруханалардан іздеп, 12 қаңтарда мәйітханадан тапқан.
– Оны "ұлты азиат белгісіз адам" деп жазып қойыпты, қолында кісен болды. Қолдары сынған, денесі көгерген. Жүрегі мен ішіне оқ тиген. Сондықтан бауырымды қинаған деп ойлаймын, – дейді Нұрлан Жағыпаров.
"Каһарман" қорының құқық қорғаушысы Дана Жанай азаматтық белсенді Нұрәлия Айтқұлованың 6 қаңтарда сағат 19 кезінде алаңда кеудесіне екі оқ тиіп қаза тапқанын айтты. 7 қаңтарда туыстарына тергеуші хабарласып, Алматыдағы орталық мәйітханаға барып, марқұмды тануды сұраған. Туыстарының сөзінше, Нұрәлияны тануға барғандарды мәйітханаға автомат кезеп кіргізген. Нұрәлия 8 қаңтарда жерленді. Артында 20 жастағы қызы қалды.
Қазақстандық және шетелдік құқық қорғаушылар Қазақстан билігін бейбіт тұрғындар арасынан қаза тапқандардың нақты санын айтуға шақырды. 15 қаңтарда бас прокуратура ел бойынша тәртіпсіздіктер кезінде кемінде 225 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл ресми сан "алдын ала мәлімет" деді прокуратура. Полиция сөзінше, Алматыда 149 адам, оның ішінде 11 әскери қаза тапқан. Билік тәртіпсіздіктерге қатыспаған, бірақ оқ тиіп қайтыс болған бейбіт тұрғын қанша екенін айтпады.
ПІКІРЛЕР