17 наурызда Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы алдына қарақұрым адам жиналды. Бірнеше мың ресейлік президент сайлауға дауыс беру үшін ұзын-сонар кезекте тұр. Ресей президентін сайлау үш күн бойы – 15-17 наурыз аралығында өтті. Бірақ Қазақстанда ресейліктер дауыс беретін сайлау пункті тек жексенбі күні ашылды. Ресейлік оппозиционерлер уақыт, дауыс беретін жер және қарсылық шексіз екенін білдіру мақсатында дәл сол күнге "Путинге қарсы талтүс" ("Полдень против Путина") акциясын жариялаған. Ресей түрмесінде қаза тапқан саясаткер Алексей Навальный да көзі тірісінде осы қарсылық шарасын қолдаған еді.
"ӨЗІМДІ ҚАЙ КЕЗДЕ ҚАУІПСІЗ СЕЗІНГЕНІМ ЕСІМДЕ ЖОҚ"
Санкт-Петербургтен келген саяси журналист Андрей Окуньмен Алматының орталығындағы жайлы кафелердің бірінде кездесетін болып келістік. Одан кейін Андрей Ресей президентін сайлауға дауыс беру үшін Ресейдің Алматыдағы бас консулдығына барады. Андрей Петерборда "Эхо Москвы" радиостанциясында жұмыс істеген. Бірақ Ресей Украинаға шабуыл жасағаннан кейін Кремль билігі көптеген БАҚ қызметін тоқтатқанда, "Эхо Москвы" да жабылып қалды. 2022 жылдың күзінде "ішінара" мобилизация басталған кезде Андрей Қазақстанға көшіп келген.
– Әуелде өміріме қауіп төнбесе, принципті түрде ешқайда кетпеймін деп ойлаған едім, – дейді Андрей. – Тіпті қандай да бір саяси іс-әрекет үшін түрмеге қамалуға да дайын болдым. Тек соғысқа бармасам болды. Мобилизация басталған уақытта кез келген адамды әскерге алып кете алатынына көзім жетіп, әйелім екеуіміз елден кету керек екенін түсіндік.
Андрей Окунь Қазақстанда бір жарым жылдан бері тұрып жатыр. Мұнда өмір жайлы дейді: үйден жұмыс істейді, Telegram арнасын жүргізеді. Бірақ елінен бірнеше мың шақырым қашықта тұрып жатса да, өзін қауіпсіз сезінбейтінін мойындады.
– Ақырғы рет өзімді қай кезде қауіпсіз сезінгенімді ұмытып қалдым. Соғысқа дейін солай еді, соғыс кезінде де солай болды. Ресейдің қолы ұзын, Қазақстанға қоныс аударған ресейлікті кез-келген сәтте ұстап әкетуі мүмкін. Тек меніңше оларға қазір Андрей Окунь деген журналист аса біз маңызды тұлға емес. Бірақ репрессия деген сол, маңызды адам бол-болма, қай кезде алып кететінін білмейсің. Әрине, уайымдаймын. Соған қарамастан осында қалуға бел будым.
Андрейдің Ресейдегі президент сайлау туралы пікірі біржақты. Ол заңсыз өтеді дейді.
– Адамдардың дауыс беруге қатысатын себебі, қатыспау – тізе бүгумен тең. Бізде дауыс беруге мұнша сайлаушы қатысу керек деген тәртіп жоқ. Тіпті 140 миллион ресейліктің тек 100-і ғана дауыс беруге келсе де, сайлау өткен болып есептеледі. Сондықтан [дауыс беруге] бармасаң, бұл күреске қатыспайсың деген сөз. Қазір біздің қолымыздан келетіні – талтүсте бір жерге жиналу. "Путинге қарсы талтүс" – Ресейден тыс өмір сүріп жатсаң да, қарсылығыңды білдірудің жалғыз ғана заңды жолы. Бірақ мұның романтикалық жағы бар: жеңілетініңді білсең де, күрестен бас тартпайсың. Ең болмағанда арсыз адам емес екеніңді өзіңе-өзің дәлелдеу үшін барасың.
Андрей жылы жымиып: "Сөз жүзінде болса да соғысқа қарсы шығып жүрген жалғыз кандидат Даванковтың өзіне дауыс беруге дәтім бармайды. Сондықтан қазір барып, бюллетенімді жарамсыз етіп кетемін" деді.
"ШҰЖЫҚ АЛУҒА КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАНДАЙ"
– Мәссаған, шұжық алуға кезекте тұрғандай ғой! – деп таңғалды биік сұр қоршаудың ішіндегі кірпіштен соғылған төрт қабатты ғимарат – Ресей бас консулдығы жанына жақындай бергенде такси жүргізуші. Көрініс шынымен таңғаларлық еді. Ұзын-сонар кезек бір шақырымға дейін созылып жатты. Бас консулдық алдынан басталған адам тізбегі Жандосов көшесін бойлай, Манас көшесімен бұрылып, Бұқар жырау гүлзарына барып тірелген. Кезекте кем дегенде бір жарым-екі мың адам тұр. Дауыс бергендері дереу кетіп қалғанымен, олардың орнын басуға жаңа адамдар келіп жатыр.
Полицейлер тәртіпті бақылап жүр. Көпшілігі қақпаның маңайында: біреулер жиналған ресейліктерді күзетсе, тағы бірі кезегі келгендерді қақпадан ішке кіргізіп, енді біреулер сәл әріректе рациямен сөйлесіп тұр. Үстіне "Полиция" деген жазуы бар жилет кигізілген неміс овчаркаларына кезекті бойлай әрлі-берлі жүгіру міндеттелгендей. Иттер құйрығын бұлғаңдатып, бірдеңелерді иіскелеп, тіміскілеп қояды.
Бас консулдықтың бүйіріндегі дауыс беруге келген ресейліктер кіретін тағы бір қақпаға әдетте концерттер мен мерекелік шара кезінде алаңдарда пайдаланылатын металл қоршаулар қойылған. Ғимараттың негізгі есігіне жету үшін адамдар лабиринт тәрізді бұралаңдаған дәлізбен ұзақ жүруі керек.
Түске таман мен де адам ең көп жиналған консулдық ғимаратына ақырындап жақындадым. Сағат 12.00. Әуелі жиналған жұрт не істейміз дегендей, бір-біріне жалтақтап қарай бастады. Бір кезде әлдебір ер адам қол соқты. Сол-ақ екен, оны біреу іліп ала жөнелді, іле-шала тағы бір адам қосылды. Сөйтіп, қас пен көздің арасында жүздеген адам көшені басына көтеріп қол соға жөнелді. Шапалақ даусы кезекті бойлай алыстап барып, ауаға құмыға сіңіп жатты. Ал кезектің алдындағылар ештеңе болмағандай жайбарақат тұра берді. "Путинге қарсы талтүс" науқаны осылай өтті.
"ДАУЫС БЕРГЕН ЖОҚПЫН, БЮЛЛЕТЕНЬДІ БҮЛДІРДІМ"
Бас консулдықтың алдына осынша адам жиналғанына ресейліктердің өзі аң-таң. Бәрі кезекте тұрғандарды телефонына түсіре бастады. Менің қасымнан да камерасын қосып бір ер адам өтті. Ол видеоға жазумен қатар, сөйлеп келеді. Даусынан астарлы кекесін сезіледі:
– Осынша көп адам дауыс беруге жиналып тұр. Бұл бір қызық болайын деп тұр, үміткер көп, сайлауда кім жеңеді екен, ә?
Сол күні өзім сөйлескен ресейліктердің көбі "бұл сайлауда ешқандай шиеленіс жоқ, бірақ наразы азаматтардың көптігі сонша, бүгін Алматыдағы бүкіл антипутиншілер жиналғанға ұқсайды" деген пікір айтты.
– Дауыс беруге кезек күтіп тұрмыз, – дейді қақпаға жақын қалған Олеся есімді күлімкөз келіншек.
– Кімге дауыс бересіз?
– Әрине, есімі атауға тыйым салынған немесе құрметтен жұрдай, аты-жөні үнемі кіші әріптермен жазылатын адамға емес, – деп күлді әйел. – Ал басқа нұсқа мүлде жоқ. Мен "Путинге қарсы талтүс" науқанынан емес, сайлау процесінен бірдеңе күтемін. Қазір Ресейде болып жатқан нәрселерді құптамайтындар көп екені айтпаса да түсінікті. Мен мұнда азаматтық ұстанымымды білдіруге, Гаага соты болатын күн жақындай түссін деп келдім.
Бір жыл бұрын дәл осы күні, 2023 жылғы 17 наурызда, Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді "украин балаларын заңсыз депортациялағаны" үшін қамауға алуға санкция берген еді.
Консулдық ғимаратынан шыққан ресейліктерге экзит-пол командасының жігіттері тұра жүгірді. Олардан кімге дауыс бергенін сұрап жатыр. Көбі "Даванков" деп жауап берді. Ол әлгі "соғысқа қарсы екенін ең болмағанда сөзбен білдіріп жүрген" кандидат.
Мен де бас консулдық ғимаратынан шыға берген жас жұпқа жақындап, кімге дауыс бергенін сұрадым.
– Ешкімге дауыс берген жоқпын. Бюллетеньді бүлдірдім, – деп жауап берді қыз. Ер адам басын изеп "мен де сол" деді.
– Ал мен бүгін шіркеуге бардым, олар бүкіл шіркеудің атынан Путинге дауыс бер деп айтты! – деп әңгімеге араласты басына гүлді орамал таққан, күннен қорғайтын үлкен көзәйнек таққан, жас шамасы 65-тегі әйел. Бұл – мен әңгімелескен адамдардың ішіндегі Кремльді жақтаған немесе әйтеуір ойын жасырмай айтқан жалғыз адам еді.
Кезектің аяғында арба ұстаған жас отбасы тұр. Отағасы хаки түсті қалың жемпір киіп алыпты. Иығына орыстың баталист-суретшісі Василий Верещагиннің "Соғыс апофеозы" суретін бейнелейтін шеврон таққан. Суретте аңызақ кептірген сары дала, қураған ағаштар мен тау болып үйілген адамның бас сүйегі және оны айналып ұшып жүрген құзғын бейленген.
Түстерінің гаммасы Украинаның туына ұқсайтын сурет бір қарағанда адамды мұңға жетелеп, қасіретті еске салады. Верещагин – XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы орыс армиясының көптеген жорығына қатысқан суретші. Шығармаларында адамдардың азабын, соғыстағы қанды қасапты, мағынасыз кісі өлімін батыл бейнелеген. Суретші өз заманында патриотизм мен жеңіске құлшындырмайтын, көңілсіз шығармалары үшін жиі сынға ұшыраған.
Жемпірінде шевроны бар ер адамның есімі – Женя. Ол ІТ маманы. Басқалар сияқты Қазақстанға 2022 жылдың күзінде, Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін келген. Женя осы шевроны бар жемпірді соғыстың алғашқы айларында тіпті Мәскеу көшесінде киіп жүрдім дейді. Кез келген сәтте "патриоттар" тарпа бас салуы мүмкін екенін біле тұра үстінен тастамапты.
– Менде тіпті картина бар, – деді бір кезде Женя пакетінен жиегі бар, қарындашпен салынған суретті алып шығып. Суретте Медведев, Лавров, Қадыров, Шойгу, Соловьёв, Симоньян... тағысын-тағы Кремльдің танымал қайраткерлері мен насихатшылары бейнеленген. Картинадағы көріністі сөзбен жеткізу қиын, әрі айтқың да келмейді. Женя кезегі жеткенше осы картинаны көтеріп тұрғысы келіпті, бірақ полиция назарына түспей-ақ қояйын деп, ол ойынан айнып қалған.
Ал Даша есімді петерборлық суретші болса, керісінше, өзіне назар ауады деп қорықпапты: сайлау күні дауыс беретін жерге "Мынау – мақтабас, ал сен – адамсың" деген жазуы бар қалың күрте киіп келген. Айтуынша, суретші бұл концепцияны ұзақ ойластырған, алдымен сызбасын дайындап, тоқетерінде осындай жазу жазып шығамын деп ұйғарыпты. Енді бұл жай күрте емес, өнер нысаны дейді.
– Бүгін өзімді суретші ретінде ғана емес, азамат ретінде таныттым. Осы жерге жиналғанымызға қуанып тұрмын. Ресейде болып жатқан оқиғаларды жан-тәніммен жек көрсем де, өз бауырларымды жақсы көремін және олардың бүгін дұрыс таңдау жасайтынына сенемін. Өзгеріс – әрбіріміздің қолымызда. Қанша адам жиналғанын қараңызшы. Ешкім ешкімді шақырған жоқ, әрқайсысы өзі үшін келген. Бірдеңе өзгертуге деген ұмтылыс – ортақ мүдде. Жақсы елде өмір сүргіңіз келе ме? Онда мен үшін біреу келіп өзгертеді деп отыра бермей, бірдеңе істеу керек.
"ОЛАРДЫҢ ЖАНЫНДА ӨЗІМДІ ЕРКІН СЕЗІНДІМ"
Бас консулдық ғимаратына кіріп, бүлінген бюллетенін қорапқа тастау үшін журналист Андрей Окунь алты сағаттан аса уақыт кезекте тұрды. Ол үйге жеткенде сағат кешкі алты жарым болған еді. "Мен кеткенде кезекте адамдар әлі тұрған" дейді Андрей.
– Қуанышымда шек жоқ. Бәріміз кезекте тұрып әңгімелестік. Олардың жанында өзімді еркін сезіндім. Адамдар риза, өйткені не үшін жиналғанымызды түсініп тұр. Әңгімелестік, таныстық, біреулер тіпті эмигранттар чатына шақырып жүр. Бірге тұратын адам іздеп бір жігіт келді. Жалғыз өзіне пәтерді жалға алып тұру қымбатқа түсіп жатқанға ұқсайды. Бүгін күнім бос өткен жоқ, тарихи оқиғаға қатыстық. Бұл рас. Қазір бәрі Қазақстанда дауыс беруге сонша көп адам жиналды деп жазып, таңғалып жатыр. Керемет қой! – дейді Андрей шаттана.
Ресей президентін сайлауға дауыс берген Қазақстанның барлық қаласындағы учаскелердің алды кезекке толы болды. Астанадағы, Алматыдағы және Оралдағы Ресей бас консулдығында полиция күшейтілген тәртіппен кезекшілік атқарды.
Тәуелсіз бақылаушылар мен сарапшылар Ресейдегі сайлауға еркін емес және бәсекесіз өтті деген баға берді. Бірде-бір шынайы оппозициялық кандидат дауыс беру процесіне қатыса алмады.