Азаттық тілшісі Байқоңырда болып, бір кездері ресейлік жабық қаланың қалайша қазақстандық кентке айнала бастағанын көрді.
Наурыздың 14-і күні кешке «Союз МС-12» ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясына ұшар алдында Байқоңырда күн тамылжып тұрды. Ал ертеңінде таңға жуық Сырдариядан суық жел соғып, бетімізге тұз аралас шаң болып тиді. Шағын қаланың барлық қуыс-қуысын аралап, қураған ағашты тербетіп, жалғызсырап тұрған көпқабатты сұр үйлердің терезелерін сабалап жатты.
Қаладағылардың көбі ауа-райының өзгеруіне ғарыш айлағынан ұшқан зымыран әсер етеді деп ойлайды, «аспанды ракета тесіп жатыр» дейді. Қазақ даласында желдің өтінде бұрыннан тұратындар мұндайды зымырансыз да көргендерін айтып, дауласады.
Ғарыш айлағы мен оның маңындағы жерлерді қамтитын қаланы Ресей 2050 жылға дейін Қазақстаннан жалға алып отыр, жыл сайын 200 миллион доллар төлейді. Сондықтан Байқоңыр Ресей аумағы саналады. Бұл жер ресейлік заңға бағынады, рубльмен есептеседі, әкімдіктің орнында мэрия тұр. Орталық алаңда әлі күнге дейін Владимир Лениннің тас мүсіні бар. Қазақстан қалаларының көбінде мұндай ескерткіштерді шетке шығарып тастаған.
Маңдайша жазулардың көбі орыс тілінде, дегенмен соңғы жылдары Қазақстанның ықпалы көбірек байқалады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ғарыш айлағында істеген ресейлік әскерилер басқару жүйесін Роскосмосқа тапсырып беріп, еліне кеткен соң Байқоңыр ашық қалаға айнала бастаған. Роскосмоста Қазақстан азаматтығы бар қызметкерлер пайда болыпты, қалаға жақын маңдағы ауылдардан адамдар келіп, базарда сауда жасайды, шағын бизнеспен айналысады, қызмет көрсету саласында даяшы, аула сыпырушы, я такси жүргізуші болып істейді.
Байқоңырға кіру үшін арнайы рұқсат қағаз алу керек. Оған таныстар арқылы (қалада танысыңыз болса) немесе туристік фирманың көмегімен қол жеткізуге болады. Шақырушы тарап рөлін атқарып, құжаттарды рәсімдеу әуресін өзіне алатын ұйымдар бар, оларға сыйақы ретінде орта есеппен 500 рубль (шамамен 3000 теңге) төлесеңіз жеткілікті.
Байқоңырдың қасында спутник ауылдар – Төретам мен Ақай орналасқан. Қаланы сырт әлем мен түбіндегі екі шағын ауылдан алып дуал бөліп тұр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, одан саңылау тауып, Байқоңыр аумағына еш тіркеусіз кіруге болады екен. Төретам мен Ақай тұрғындарының бәрінде қалаға кіруге рұқсат ететін ресми құжат бар, ауылдарда рубль мен теңге қатар жүреді.
Ауылдықтар ғарыш айлағын ұнатпайды, ол «ауа-райына ықпал етіп, даланы улайды» дейді. Гептилдің (зымыран жанармайының құрамындағы өте улы зат) зияны туралы тіпті балалар да біледі.
– Бізді қашанғы улауға болады? Маған да, балаларыма да ғарыш айлағы керек емес, одан өмірім жақсармайды, ал денсаулығыма кесірі тиеді, - дейді мені Төретамнан Байқоңырға өткізу бекеті арқылы алып өткен такси жүргізушісі.
ЖАБЫҚ АУМАҚТА
Байқоңырда танысқан Роскосмос қызметкері Артурмен бірге таңғы қаланы араладық. Артур – Шымкенттен. Туған қаласында жұмыс таппай 1995 жылы осында келіп, тұрақтап қалған. Ғарыш айлағына жұмысқа орналасу үшін Қазақстан азаматтығын ресейлікке ауыстырған.
– Қазақстанмен салыстырғанда жақсы ақша таптым, жалақыны жақсы төледі, теңгеге қарағанда рубль қымбаттау болды. 1990 жылдардың соңында Шымкентке барғанда өзімді миллионер сезіндім. Ресейлік азаматтығым болса да, өзімді қазақстандық санаймын, сондықтан қаланың қазақтана бастағаны үшін алаңдамаймын. Маргиналдардың пайда болғаны, қалада қылмыс деңгейі бұрынғыға қарағанда өсе бастағаны алаңдатады, - дейді Артур.
Өз жұмысы туралы Артур анық айтпады, жария етпеу жайында қолхат берген екен. «Менің жұмысым ғарыш айлағындағы нысанның бірін электр тоғымен үздіксіз қамтамасыз ету» деді де қойды.
Басқа қызметкерлер де осылай сөйлейді, Роскосмоста істейтіндер жұмыс орнын атауы мүмкін, бірақ анық-қанығын айтпайды. Біреулер мұның себебін нысанның құпия мәртебесінен көрсе, басқалары корпорацияда «шпиономанияның» күшейген-ау деп түсіндіреді, мифтік «сыртқы жаулар құнды деректерді ұрлауға» тырысады-мыс. «Сыртқы жаудың» кім екені туралы пікір әртүрлі, «бастапқы орында» өз ғарыш бағдарламасы бар державалар АҚШ пен Қытай тұр.
ГАГАРИН МЕН КӘДЕСЫЙЛАР
Қалада жүргенде ғарыш айлағының қасында екеніңді бір сәт ұмытпайсың, дүкеннің аты «Орбита», мейрамхана «Жұлдызды аспан» деп аталады, жарнама плакаттары мен баннерлерінен Юрий Гагарин күлімсіреп қарайды. Ғарышта болған алғашқы адам бұл жерде брендке айналған.
Барлық жерде кәдесый сатылып жатады. Қаладағы сувенир саудасына маманданған жалғыз үлкен дүкенде магнитті кәдесый мен салпыншақтардан бөлек ғарыш кемесінің бағасы удай макеттері, қазақ ұлттық кәдесыйлары, Роскосмос пен ресейлік триколордың символикасы бар күртелер мен футболкалар сатылады.
Қабырғадағы портреттер арасынан күлімсіреп қарап тұрған Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің суреттерін көре аласыз. Ресейлік премьер-министр Медведев те бар. Сатушының айтуынша, соңғы кездері Медведев «нашар сатылып жатыр».
– Ғарыш айлағынан зымыран ұшырғанда дүкенде ине шаншар жер болмайды, туристерден тәуір пайда түседі. Бірақ былайғы күнде де сауда жақсы жүреді. Зымыран ұшуына ғана қарап отырсақ, баяғыда банкрот болатын едік, - дейді сатушы.
Байқоңырда жер үйлер жоқ, баспананың дені – СССР тарағанға дейін салынған көп қабатты сұр үйлер. Бұл үйлердегі пәтерді сатып ала алмайсыз, олар қалаға қарайды, қала ұйымдарға жалға тапсырады, ал ұйымдар баспана қажет еткен қызметкерлеріне береді.
– Пәтер менің меншігім емес, тек коммуналды қызмет ақысын ғана төлеймін. Оны өзім жұмыс істейтін ұйымның әлеуметтік бөлімі берді. Жекешелендіріп алуға болады деп естідім, бірақ оған күмәнім бар. Бұрын Роскосмос қызметкерлеріне белгілі бір уақыттан соң Ресей аумағынан тұрғын үй аумағы берілетін немесе баспана алуға сертификат беретін. Қазіргі жағдайдан хабарсызбын. Байқоңырда тудым, осында, ғарыш айлағында жұмыс істеймін. Бірақ зейнетке шыққан соң Ресейге кететін шығармын. Неге дейсіз бе? Бұл жақта тәртіп нашарлады. Бұрын қала жабық болатын, еш уайымсыз тұратын едік, қазір базардағы сияқты біреулер келіп-кетіп жатыр, ешкім оны бақыламайды, - дейді Байқоңыр тұрғыны Елена.
Қаланың ең әдемі жаяу жүргіншілер серуендейтін көшесі Арбатта Махамбетпен таныстым. Ол – Ресей азаматы, Байқоңырда тұрады, полиция қызметкері болмақ.
– Бұл жерде болашағым бар, ал Қазақстаннан еш болашақ көрмей тұрмын. Әкем де Байқоңырда істеген, сондықтан әу бастан Ресей азаматымын. Мектеп бітірген соң Қызылордаға барсам деп ойладым, бірақ ол жақта перспектива жоқ. Осында жұмысқа орналасып, жақсы өмір сүруге мүмкіндігім бар, - дейді ол.
«СӘТСІЗДІКТІ ҰМЫТПАУ КЕРЕК»
Қала орталығынан қашықта, шаң басқан сұрықсыз саябақта ескерткіш тұр, мұнда 1960 жылы қазанның 24-і күні Байқоңыр ғарыш айлағында апат болған құрбандар жерленген. Октябрь революциясының жыл сайынғы мерекесі құрметіне арнап ұшырмақ болған Р-16 құрлықаралық баллистикалық зымыран техникалық қауіпсіздікке мән бермеу салдарынан жарылып, 78 адам (кейбір деректерде 128 адам деседі) опат болған.
Жалынның қуатты болғаны соншалық, куәгерлердің айтуынша, зымыран әскерінің қолбасшысы, зымыранды ұшыруды басқарған маршал Митрофан Неделиннен асфальтта қара дақ қана қалыпты. Совет үкіметі бұл ақпаратты дереу жасырып, құпия сақтаған, құрбандардың куәгерлері мен туыстарына жазатайым жағдай болды деп хабарлаған, маршал «әуе апатынан» қаза тапқан болып шыққан. Советтік БАҚ апат туралы тек 1989 жылы ғана жазды.
Бауырластар моласы – қалада мен болған соңғы жер. Байқоңырды аралатқан серіктесім Артурдың айтуынша, бұл қаладағы ең маңызды орын, құрбандарды ұмытуға болмайды, сонда қателік қайталанбайды.
– Кейде теледидар қарасам бәсекелесу, жарысу болып жатқанын байқаймын, ғарыш оны ұнатпайды, оған байыпты, тыңғылықты қарау керек, - дейді ол.
Қайтарда жол-жөнекей кетіп бара жатқан машина ала кетті. Көлік айдап отырған стаматолог дәрігер жергілікті ауруханада істейді екен. Ол Қазақстан азаматы, Қызылордада туған, Байқоңырда он жылдан бері жұмыс істеп жүр. Оның айтуынша, жыл сайын қазақстандықтар көбейіп келеді, ал Байқоңырдың өзі «жұлдызды» қаладан басқалардан еш айырмасы жоқ кәдімгі кентке айналып барады.