Accessibility links

Байқоңырдан ұшырылған "Союз" кемесінен ақау шықты


"Союз МС-10" қонған жер. Жезқазған аймағы. 11 қазан 2018 жыл.
"Союз МС-10" қонған жер. Жезқазған аймағы. 11 қазан 2018 жыл.

Байқоңыр ғарыш айлағынан 11 қазан күні ұшырылған "Союз" ғарыш кемесінен ақау шықты. "Роскосмостың" хабарлауынша, кемеде "штаттан тыс" жағдай болған.

"Роскосмос" агенттігі Халықаралық ғарыш станциясына бет алған “Союз МС-10” кемесінде штаттан тыс жағдай болғанын хабарлады. Агенттіктің дерегінше, авариялық құтқару жүйесі іске қосылып, экипаж мүшелері Қазақстан аумағындағы ұшу трассасына қонған.

“Кеме экипажы тірі және байланысқа шықты! Құтқарушылар Алексей Овчинин мен Ник Хейгті іздеп, эвакуациялау үшін бара жатыр” делінген мәлімдемеде.

Ресейлік ақпарат агенттіктерінің жазуынша, ғарыш кемесі ұшырылған соң зымыран тасығыштың двигателінен ақау шыққан. Экипаж отырған капсула одан ажырап, "баллистикалық төмен бағыт алу режимімен" Жерге қайта бет алған.

"ЭКИПАЖ МҮШЕЛЕРІ АМАН"

Халықаралық ғарыш станциясына ұшырылған "Союз МС-10" экипажында ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен NASA астронавты Ник Хейг болған.

Ник Хейг ракета ұшар алдында келушілердің бірімен қоштасып тұр. 11 қазан 2018 жыл.
Ник Хейг ракета ұшар алдында келушілердің бірімен қоштасып тұр. 11 қазан 2018 жыл.

Ресей ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, экипаж Жезқазған қаласынан 25 шақырым жерге қонған. 15 минуттан соң оларға құтқарушылар мен дәрігерлер жеткен. Экипаж мүшелері аман, ешқандай жарақат алмаған. Экипаж қонған аймаққа "Роскосмостың" бас директоры Дмитрий Рогозин де ұшып кеткен.

Ол Twitter-де "Аварияның себебін анықтау үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Ол жұмысына кірісіп те кетті. Телеметрия зерттеліп жатыр. Құтқару қызметі аварияның алғашқы сәтінен бастап жұмыс істеп жатыр. "Союз-МС" кемесінің авариялық құтқару жүйесі штатты жағдайда іске қосылған. Экипаж құтқарылды" деп жазды.

РОСКОСМОС "СӘТТІ ҰШУ" ТУРАЛЫ АҚПАРАТТЫ ЖОЙДЫ

Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, аварияның болғанына қарамастан "Роскосмос" агенттігі "Союз" зымыранының сәтті ұшырылғаны туралы видеожазба жариялаған.

Ролик компанияның Twitter желісінде жарияланып, бірақ сәл кейінірек өшірілген.

"Роскосмостың" бір хабарламасында 287-ші секундта ракетаның екінші басқышы штатты жағдайда бөлінгені айтылған. Ал екінші хабарламада 528-ші секундта кеме орбитаға сәтті түрде шығарылды делінген.

Агенттік бұған байланысты түсініктеме бермеді.

Ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин Халықаралық ғарыш станциясындағы ғарышкерлермен бірге қараша айының ортасында ашық космосқа шығып, "Союз МС-09" кемесінен жарықшақтың пайда болу себептерін анықтауды жоспарлаған. Тамыз айының аяғында Халықаралық ғарыш станциясында ғарыш кемесіндегі микросызаттың салдарынан ауаның сыртқа шығып жатқаны анықталған. Кейін ресейлік ғарышкерлер сызатты бітеген.

“Союз МС-10” ғарыш кемесін ұшыру 11 қазан Астана уақытымен сағат 14:40 белгіленген. Зымыранды ұшыру рәсіміне NASA жетекшісі Джим Брайденстайн де қатысқан. Ол бұған дейін "Роскосмос" басшысы Дмитрий Рогозинмен АҚШ пен Ресей арасындағы ғарышты игеру мәселесін талқылаған.

Азаттықтың "Настоящее время" жобасының дерегінше, "Союз МС-10" ғарыш кемесінің ұшырылуы 4,7 миллиард рубльге сақтандырылған.

Соңғы бірнеше жылдың ішінде "Роскосмос" ұшырған зымырандар бірнеше мәрте сәтсіздікке ұшыраған. Оның екеуі 2017 жылы сәуір айында болған. Екеуінде де “Союз" зымыран тасығышы қолданылған.

"Союз" зымырандарын Ресейдің Самара қаласындағы "Прогресс" зымыран-ғарыш орталығы шығарған. "Роскосмос" өкілі алдағы уақытта "Прогресске" тексеру жүргізілетінін айтқан.

"Союз" зымырандары бірде ұшырылған спутниктерді орбитаға шығара алмаған, ал бірде басқару жүйесінен ақау шыққан. Ал тағы бірінде ұшырылған спутникпен байланыс үзілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG