Accessibility links

Қазақстанның бас ботаникалық бағын қалай жаңартпақ?


Ботаникалық бақтың 2014 жылы түсірілген фотосы. Белсенділер мен алматылықтар қазір де бақтағы жағдай өзгермегенін айтады.
Ботаникалық бақтың 2014 жылы түсірілген фотосы. Белсенділер мен алматылықтар қазір де бақтағы жағдай өзгермегенін айтады.

Белсенділер Алматыдағы ботаникалық бақтың қазіргі жағдайына алаңдап, бақты жақсылап абаттандыру уақыты келгенін айтады. Бақты жаңарту жұмыстары қаладағы қоғамдық тыңдау талқыланды.

Талқылауға ғалымдар, Алматы әкімдігінің өкілдері, қала басшылығы жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық белсенділер қатысты.

ДЕМЕУШІ КІМ?

Алматыдағы бас ботаникалық бақ 103,6 гектар жерді алып жатыр. "Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ" мәртебесі бар бақ Қазақстан білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің Ботаника және фитоинтродукция институтының бөлімшесі саналады. Институт пен ботаникалық бақты Гүлнәр Ситпаева басқарады. Оның айтуынша, ботаникалық бақта жаңарту жұмыстары соңғы рет 1955 жылы жүргізілгендіктен жаңа реконструкция жүргізетін уақыт келген.

Бірақ Гүлнәр Ситпаева "мемлекеттен бөлінген қаржы бақты жаңартпақ түгілі, бақты күтіп ұстауға да жетпейді" дейді. Оның айтуынша, "ботаникалық бақ және оның Жезқазған мен Бақанастағы филиалдарын қаржыландыруға бөлінетін негізгі қаржы көлемі - 123 миллион теңге. Бұған қосымша ғылымға, инфрақұрылымға және гранттарға 10 миллион теңге бөлінеді. Жиыны 200 миллион теңгеге жетпейді. Бұл экономикасы дамыған елдердегі ботаникалық бақтарға бөлінетін ондаған, жүздеген миллион долларлық қаржыландырумен салыстыруға да келмейді. Сондықтан демеушілер көмегіне үміт қылудан өзге амал жоқ".

Ботаникалық бақтың директоры Гүлнәр Ситпаева. Алматы, 28 маусым 2018 жыл.
Ботаникалық бақтың директоры Гүлнәр Ситпаева. Алматы, 28 маусым 2018 жыл.

Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры баққа демеушілік көрсетуге ниет білдірген. Forbes журналының қазақстандық нұсқасы жариялаған 2018 жылғы рейтингке сәйкес, Өтемұратовтың байлығы 2,5 миллиард доллар деп есептеледі. Ол елдің ең бай 50 бизнесменінің ішінде төртінші орында тұр. Алматыдағы ботаникалық бақты жаңартуға Өтемұратовтың қоры 15 миллион долларға дейін грант бөлуді жоспарлайды.

Ал бақты жаңарту жұмыстарын Өтемұратовтың инвестициялық портфелімен айналысатын "Верный Капитал" компаниясы жүргізеді. Ботаникалық бақты жаңарту концепциясы туралы компанияның бас директоры Ерлан Оспанов айтып берді.

Оқи отырыңыз: "Көкжайлау": жаңа параметрлер мен қарсыластар пікірі

Оның сөзінше, абаттандыру концепциясында бақтың инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары ғана қарастырылған. Ал жобаның өсімдіктер әлеміне қатысы жоқ. Компания қолдан суландыру жүйесін қалпына келтіру, жолдарды жөндеу, қазіргі бір қақпаның орнына баққа кіретін үш есік жасау, видеобақылау, полиция постарын орнатуды жоспарлайды. Күзет мәселесін жиынға қатысқан ботаник ғалым Гаухар Мұқанова да көтерді. Оның айтуынша, кезінде акадмик Аймақ Жанғалиев өсірген Сиверс алма ағаштары коллекциясын 2012 жылы белгісіз біреулер өртеп жіберген. Қасақана ұйымдастырылған өрт зардаптарын жойып, ал коллекцияны қалпына келтірудің сәті түскен.

Ерлан Оспанов бақты абаттандыру жобасымен таныстырып тұр. Алматы, 28 маусым 2018 жыл.
Ерлан Оспанов бақты абаттандыру жобасымен таныстырып тұр. Алматы, 28 маусым 2018 жыл.

Бұған қоса, бақтың ботаникалық коллекциясын толықтыру үшін де қаржылай көмек көрсетіледі. Жобаны жүзеге асыруға Қазақстан, Польша, Португалия, Ресей сәулетшілері, ландшафт дизайнерлері, биологтары қатыспақ.

Қазір бақты жаңартудың жоспары дайын тұр. Ерлан Оспанов жаңарту жобасын жұртшылыққа биылғы қыркүйекке қарай таныстыруға уәде етті. Оны мақұлдағаннан кейін жобаны іске асыруға кіріспек. Оспановтың жоспары бойынша, жөндеу жұмыстарына бір жарым-екі жыл кетеді. Яғни 2020 жылға қарай Алматыдағы ботаникалық бақтың келбеті мүлде өзгеруі тиіс. Ерлан Оспанов "жоба да, оны іске асыру жұмыстарын да барынша ашық жүргіземіз. Ботаникалық баққа тоқсан сайын пресс-тур ұйымдастырып тұрамыз" деп уәде етті.

Ол "Бақты абаттандыру - инвестициялық емес, қайырымдылық жоба. Бұл экология саласындағы алғашқы жобамыз" деп ескертті.

"ЖЕРДІ ЕШКІМ АЛМАЙДЫ"

Абаттандыру концепциясын талқылауға қатысқандардың бір бөлігі "ботаникалық баққа ақыры назар аударып, қалпына келтіретін болды" деп ризашылық білдіргенімен, қоғам өкілдері өз қауіптерін де айтты. Бірер күн бұрын қазақстандық басылымдар "2018 жылдың соңына дейін ботаникалық бақ территориясы Алматы қаласының коммуналдық меншігіне өтеді" деген хабар таратқан.

Алматы қаласы әкімдігі Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Масабаев пен Гүлнәр Ситпаева бұл хабарды жоққа шығарды. Олар "жерді ешкім алмайды. Бақтың ерекше қорғаудағы табиғи территория деген мәртебесі өзгермейді. Әкімдік қызмет көрсетіп, бақ территориясын күтуге араласатын болады. Бірақ ғылыми зерттеулерге тиіспейді" деп бірнеше мәрте қайталады.

Жиынға келген әкімдік өкілі Әсет Масабаев. Алматы, 28 маусым 2018 жыл.
Жиынға келген әкімдік өкілі Әсет Масабаев. Алматы, 28 маусым 2018 жыл.

Бірақ жиынға қатысушылардың бір бөлігі бәрібір сенбестік танытты. Мысалы, журналист Вадим Борейко әкімдіктің өз меншігі емес жерлерге деген көзқарасын "жасаусыз қыз ұзатуға" теңеді.

- Барлығымен қамтамасыз етеміз деп уәде етіп алады да, ең қымбат дүние жерді тартып алып, кейін жер қолдан қолға өтіп кетеді. Сіздердің уәделеріңіз жеткіліксіз. "Көкжайлаудың" (курорты – ред.) жанжалға ұласқаны да жетеді. Бәрі дұрыс болатынына өз басым сенбеймін. Әкімдіктің қарпып қалғысы келіп тұратын тәбетін білеміз ғой, - дейді Вадим Борейко.

Экобелсенді Абай Ерекенов бұдан да қатқыл сөйледі. Оның пайымдауынша, ерекше қорғалатын территорияларға шенеуніктерді де, олигархтарды да жіберуге болмайды. Ерекенов Баум тоғайы сияқты ботаникалық бақты да табиғат ескерткіші, ұлттық игілік деп жариялап, мемлекет бюджеті есебінен ғана қаржыландыруды ұсынды. Модератордың "ал бұған ақшаны қайдан аламыз?" деген сұрағына ол: "Көкжайлау" шатқалынан курорт салуға жұмсауды жоспарлап отырған 200 миллион доллар ботаникалық баққа толығымен жетер еді" деп жауап берді.

Жиында тәуелсіздік алғаннан бері бақ шамамен бес гектарынан айырылып, ол жерлерге жеке меншік үйлер салынғаны да айтылды. Гүлнәр Ситпаева "бұл - ерекше қорғалатын территориялар туралы заң шыққанға дейін болған жағдай" деп хабарлады.

Көлік тұрағы да – бақтың негізгі мәселесі. Ботаникалық баққа екі жақтан тірелетін Тимирязев көшесі мен Әл-Фараби даңғылы - көлік тым көп жүретін жолдар. Сондықтан талқылау кезінде қоғам өкілдері тұрақ мәселесін қазірден бастап шешіп алуды ұсынды. Ерлан Оспанов "ботаникалық бақта көлік тұрақтарын салуға болмайды" деп жауап берді. Әсет Масабаев тұрақ мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Белсенділер көлік тұрағы үшін "Атакент" көрме орталығының баққа тірелетін бөлігін пайдалануды ұсынды.

Ботаникалық бақ жобасын талқылауға келгендер. Алматы, 28 маусым 2018 жыл.
Ботаникалық бақ жобасын талқылауға келгендер. Алматы, 28 маусым 2018 жыл.

Бұған қоса, кейін ботаникалық бақта кафе, мейрамханалар мен өзге де қоғамдық тамақтану орындары қаптап, ол жер ойын-сауық аймағына айналып кетпей ме деген де қауіп айтылды. Бұл сұраққа Гүлнәр Ситпаева, Әсет Масабаев, Ерлан Оспанов "ары кетсе, кіре берістерде салқын сусындар ғана сатылатын болады" деп уәде берді.

БОТАНИКТЕР МЕН АРХЕОЛОГТАР

Талқылау кезінде ботаниктер мен археологтар арасында мүдде қайшылығы бар екені де мәлім болды. Бақ орналасқан территорияда Қазақстанның археологиялық ескерткіштері жинағына енгізілген сақтар дәуірінің үш қорғаны бары анықталды. Археологтардың айтуынша, олардың екеуі жартылай қираған күйде тұр.

Талқылауға келген археолог Марат Нұрпейісов Алматы мәдениет және мұрағаттар басқармасы инспекциясының қорғандарды күтіп ұстауға қатысты шағымы жоқ екенін айтты. Бірақ ол "археологтар ботаникалық бақта соңғы зерттеу 1969 жылы жүргізді" деп қынжылды. Марат Нұрпейісовтің айтуынша, қазіргі археологтар бақ территориясында не барын мүлде білмейді.

Ботаникалық бақтың іші.
Ботаникалық бақтың іші.

Марат Нұрпейісовтің сөзінше, бақта ортағасырлық қаланың ескі жұрты болған әрі оның шекарасы белгіленбеген. Ол "жаңарту жұмыстарын бастамас бұрын ол жаққа археологтарды кіргізу керек. Олар жерді қазбай зерттеп шығатын еді" дейді.

"Ботаника және фитоинтродукция институты" директоры Гүлнәр Ситпаева "археологтармен үнемі хабарласып тұрамыз" деп мәлімдегенімен, өзгелерден гөрі жақсырақ сақталған қорғанның жай-күйі туралы көбірек айтты. Оның сөзінше, "ол жақтан дүркін-дүркін көне қыш бұйымдардың жұрнақтары табылады. Сондықтан бақтың бұл бөлігін ары қарай дамыту мәселесі сараптама жүргізілгеннен кейін шешілетін болады".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG