Қанат Ислам бір жарым жылдық үзілістен соң, тек биыл шілденің басында ғана шаршы алаңға оралды. 5 шілдеде Алматыда 37 жастағы Хулио Де Хесуспен (Доминикан республикасы) жекпе-жекке шығып, 10-секундта қарсыласын нокаутпен жеңді. Бір жарым жыл жекпе-жек өткізбеген Қанат Исламды WBA, WBC, WBO бокс ұйымдары өз рейтингтерінен алып тастаған еді. Қазір ол кәсіпқой бокстағы әлемдік рейтингтердің бірде-бірінде жоқ. Қазақ боксшысы чемпиондық атақ иеленуге тағы бір мәрте талпынып көрмек. 26 қазанда өтетін Ислам – Уолтер жекпе-жегінде жеңген боксшы орта салмақта (70 кг) WBO International тұжырымы бойынша екінші дәрежелі белдікті иеленеді.
"ГОЛОВКИНДІ ЕЛБАСЫ ҚОЛДАДЫ"
Қанат Ислам Қытайдан Қазақстанға келген соң жеке бизнесмендердің қолдауымен 2012 жылы АҚШ-қа кеткен. Ол жақта Ислам Нельсон Лопес деген промоутермен келісім-шартқа отырды. Бірақ Лопес Қанат Исламды чемпиондық жекпе-жекке шығара алмады. 2017 жылдың соңында Қанат Ислам Лопеспен келісім-шартты үзіп, елге оралды. Қазір ол қазақстандық промоутер Дархан Мұхтарбекпен бірге жұмыс істеп жүр. Боксшыны 26 қазанда өтетін жекпе-жекке Роджер Рома (АҚШ-тан келген) мен Багаудин Бек дайындап жатыр.
Қазақстандық жанкүйерлер кәсіпқой бокста жүрген Геннадий Головкин мен Қанат Исламды бір деңгейге қойып, екеуінен де жеңіс күтеді. Қос боксшы да бір салмақта бокстасып жүргендіктен екеуінің боксын, деңгейін жиі салыстырады. Қанат Ислам кәсіпқой бокстың бизнес екенін, бизнесте әркімнің шамасы ақшамен өлшенетінін айтады.
- Жарақаттанып, артқа шегіндік. Головкинді мемлекет қолдады, елбасымыз (Нұрсұлтан Назарбаевты айтады. Назарбаев президент болып тұрғанда Головкинді бірнеше рет қабылдаған. Головкиннің өзі "Нұр Отан" партиясының мүшесі – ред.) қолдады. Ол Америкаға барды. Демеушілер болды. Қымбат қарсыластар сатып алды. Маған осындай мүмкіндік берсе шығар едім. Канело (Головкинді жеңіп, оның чемпиондық белдіктерін тартып алған мексикалық боксшы-ред.) кім? Екеумізде де екі қол бар. Ол ұрса, мен де ұрамын. Жығылсам қайта тұрамын, - деді ол 3 қазанда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.
"25 жыл бокста жүрмін" деген Қанат Ислам "кәсіпқой бокста чемпиондық атаққа таласу үшін алдымен АҚШ-та танылу керек" деп санайды.
- Кез келгенімен бокстасуға дайынмын. Бірақ мен АҚШ-тағы жанкүйерлерге қызық емеспін. Мен қазақ жанкүйерлеріне ғана қызықпын. АҚШ-қа танылу үшін мықты демеуші керек. Ақша салу керек. Қазір Америкаға барып алып, төр менікі деу қиын, - дейді боксшы.
Қанат Ислам "әлсіз боксшылармен бокстасады, мықтылармен жекпе-жекке шықпайды" деген жанкүйерлер сынынан хабардар. 5 шілдеде Қанат Ислам Хулио Де Хесусты он секундқа жеткізбей жеңгенде жанкүйерлер "боксшыға мықты қарсыласпен бокстасуға кеңес берген".
– Бір бокс кешін өткізсек, мың адам сын айтады. Мықтымен не әлсізбен бокстасайын, рингте жүрмін ғой. Жарайды, чемпион болмайын. Бірақ артымнан еріп келе жатқан інілеріме спарринг қарсылас болып берейін. Мен үшін сол да – жеңіс, – деді боксшы.
Қанат Ислам чемпиондық жекпе-жектен әлі де үмітті. Ол «чемпиондық атақ алыс емес. Мен бола алмасам, арттан ерген інілерім бар» дейді.
Ал оның қазіргі бапкерлерінің бірі Багаудин Бектің сөзінше, Қанат Уолтерді жеңсе, келесі кездесуде америкалық Деметриус Андрадемен жекпе-жекке шығуға тырысады. Андраде – қазір орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстандық Prosport.kz сайтының сарапшысы Есет Төлеш Қанат Исламның кәсіпқой бокста әлем чемпионы болады дегенге күмәнмен қарайды.
- Уақыт аз, Қанат Исламның жасы да келіп қалды. Бірақ өзі чемпион болу үшін тырысып жатыр. Келесі қарсыласы Уолтер Каутондоква мықты. Оны сенімді түрде жеңсе, әлемдегі үздік жиырмалыққа енетін боксшылармен кездесуге жақсы мүмкіндік алады. Қанат Ислам кәсіпқой боксқа ауыса салып, осындай жоғары дәрежедегі боксшылармен кездескенде, бәлкім, қазір чемпион болар еді. Бірақ ол промоутер таңдағанда қателесті. Қанша уақытын өткізіп алды. Ол тек Қазақстанда ғана танымал. Шетелде оны ешкім танымайды. Бұған қоса, бір-екі жарақаты да мазалап жүр. Осының бәрін ескергенде әлем чемпионы болатынына күмәнім бар, - дейді ол.
Ал британиялық MMA Plus сайтының журналисті Бен Смит қазақстандық vesti.kz сайтына берген сұхбатында "Уолтер соңғы кездесуінде Деметриус Андрадеден жеңілді. Бірақ осындай мықты қарсыласпен соңына дейін бокстасты. Бұл оның мықты екенін көрсетеді. Ол 19 кездесудің 17-сінде қарсыласын нокаутпен жеңді. Уолтер Ислам үшін нағыз қарсылас болмақ. Қазақстандық боксшы ұзақ үзілістен кейін бокстағы жолын сақтап қалу үшін қалай да жеңуі керек. Егер Қанат Ислам жеңсе, чемпиондық жекпе-жекке жақындай түседі. Бұл – қазақ боксшысы үшін шешуші сәт" деді.
Қазақстандық кәсіпқой боксшылардың жекпе-жегін зерттеп, блог жазып жүрген спорт шолушысы Уәлихан Қосанбай "Қазақстандағы бокс кештерінен пайда аз" деп есептейді.
- Чемпиондық белдіктің көбі АҚШ-та сарапқа салынады. Қазақстандағы бокс кештерінде оған ешкім чемпион белбеуін әкеп бермейді. Чемпион болатын боксшы Америкаға келіп, мықты боксшылармен жұдырықтасуы тиіс, - дейді қазір АҚШ-та жүрген сарапшы.
ҚАНАТ ИСЛАМ КІМ?
Қанат Ислам Қытайдың Шыңжаң аймағында туып, Қытайдың әуесқой бокс құрамасында болған. 2008 жылы Қытай құрамасы сапында Пекиндегі олимпиадаға қатысып, қола медаль иеленген. Оның алдында 2007 жылы Чикагода (АҚШ) өткен әлем чемпионатында, Улан-Баторда (Моңғолия) болған Азия чемпионатында, 2008 жылы Дохадағы (Катар) Азия ойындарында да қола жүлде алған.
2010 жылы Қанат Ислам Қытайдан Қазақстанға келіп, осы елдің азаматтығын алған. Ол Қазақстан атынан Лондон олимпиадасына қатысуды жоспарлаған еді. Бірақ бұл жоспары жүзеге аспай, кәсіпқой боксқа ауысты. Жеті жылдай Флорида штатында жаттығып, сол жақта кәсіпқой бокста жиырмадан астам жекпе-жек өткізді.
ПІКІРЛЕР