Accessibility links

2019 жылы Қазақстанда қандай сот процестері өтеді?


Денис Тен өліміне қатысты сот тыңдауы
Денис Тен өліміне қатысты сот тыңдауы

Абай ауылындағы оқиға, қазақстандықтардың жиын өткізу құқығы үшін күресі, "ҚДТ" жақтастарының ісі, Қарағандыдағы адам өлімі. Азаттық биыл болатын немесе жалғасатын ірі сот процестеріне шолуды ұсынады.

ДЕНИС ТЕН ӨЛІМІ

Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта спортшы Денис Теннің өліміне қатысты сот отырыстары жалғасады. Айыпталушылар: Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаева.

Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновке Қылмыстық кодекстің "қарақшылық" және "кісі өлімі" баптары бойынша айыптар тағылған. Ал Жанар Толыбаева "қылмысты хабарламау" айыбы бойынша күдікке ілінген. Бұдан бөлек, Құдайбергеновке "бірнеше рет ұрлық жасады", ал Толыбаеваға "өзара келісіп ұрлық жасады" деген айып тағылған. Үш айыпталушы да тағылған айыптарды мойындамайды.

Полицияның болжамынша, Тен көлігінің айнасын ұрламақ болған ұрылардың үстінен түскен. Желтоқсанның 25-і күні өткен алдын ала тыңдауда жәбірленуші жақтың адвокаты Нұрлан Өстеміров қылмыстың тапсырыс бойынша жасалуы мүмкін екенін айтты. Заңгер істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады.

Күдікті: "Айна алғаным рас, бірақ кісі өлімі болады деп ойламадым" (3 қаңтар 2019 жыл)

2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен 2018 жылы шілденің 19-ы күні Алматыдағы ауруханалардың бірінде көз жұмды, спортшыны ол жерге пышақтан жараланған күйінде әкелген еді. Ол қанның көп кетуінен есін жимастан дүние салды.

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ЗОРЛАУ ОҚИҒАЛАРЫ

Қаңтардың 10-да Шымкенттегі Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сарыағаш ауданы Абай ауылында "зорланған баланың" ісі бойынша үкім шығарды.

Судья 2002 жылы туған, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде 8-сыныпта оқыған жасөспірімді Қылмыстық кодекстің 121-бабы ("Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер") бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Айыпталушының жақындары үкіммен келіспейтінін айтты.

"Зорланды" деген бала және оның апасы. Сарыағаш ауданы, Түркістан облысы, 13 наурыз 2018 жыл
"Зорланды" деген бала және оның апасы. Сарыағаш ауданы, Түркістан облысы, 13 наурыз 2018 жыл

2018 жылы наурыздың 13-і күні Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттыққа жеті жасар жиенін 2017 жылдың тамызынан бері жоғары сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағанын" айтқан. Ол жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын жеткізген.

Бұл хабар әлеуметтік желіде кең тарап, ақпарат құралдарының назарына ілініп, қоғамда қызу талқыланған. Бұл іс бойынша жабық сот процесі өткен жылы қыркүйектің 26-сы күні басталған.

"ҚДТ" ЖАҚТАСТАРЫНЫҢ ІСІ

Ақтау қалалық сотында Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік қозғалыс" деп танылған ҚДТ ұйымының Telegram-чаты арқылы "билікті күшпен тартып алуға шақырды" деп айыпталған Айгүл Ақбердиеваның ісі бойынша тыңдау өтіп жатыр.

Соңғы отырыс кезінде айыпталушы екі прокурорға қарсылық білдіргендіктен процесс 11-қаңтарға қалдырылды. Ақбердиеваның күйеуі – Абловас Жұмаев былтыр қыркүйекте үш жылға сотталған. Тергеу дерегінше, одан ҚДТ қозғалысының үндеу парағы табылған. Сот оны "әлеуметтік алауыздықты қоздыру" және "билікті күшпен тартып алуға шақыру" баптары бойынша кінәлі деп тапты.

Ерлі-зайыптылар тағылған айыптарды мойындамайды, екі істің саяси астары бар деп есептейді. 2018 жылы Қазақстанда БТА банктің бұрынғы басшысы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың оппоненті Мұхтар Әблязовтың идеяларын жақтаушыларға қатысты осыған ұқсас бірнеше іс қаралды.

Айгүл Ақбердиева және оның заңгері Жанар Сүндетқалиева. Ақтау, 2 қазан 2018 жыл
Айгүл Ақбердиева және оның заңгері Жанар Сүндетқалиева. Ақтау, 2 қазан 2018 жыл

МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫМЕН СОТТАСҚАН ЗАҢГЕР

Қаңтардың 14-і күні Алматыдағы Бостандық аудандық сотында заңгер Әлнұр Ильяшевтің қалалық мәслихат үстінен түсірген шағымы бойынша алдын ала тыңдау басталады.

Ильяшев соттан мәслихат депутаттарының 2005 жылғы шешімінің күшін жоюды талап етеді. Ол бойынша, барлық мемлекеттік емес қоғамдық-саяси сипаттағы іс-шараларды (митингілер) "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы саябақта өткізу керек.

Заңгердің пікірінше, мәслихаттың шешімі заңсыз. Ол азаматтардың жиын өткізу құқығын бұзады және оның заңдық күші де жоқ, себебі әділет мекемелерінде мемлекеттік тіркеуден өтпеген.

Бұған дейін сот Ильяшевтің Алматы әкімдігіне қарсы талап-арызын қанағаттандырмаған еді. Заңгер мен жақтастары мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімінен соң Ішкі істер министрлігінде реформа жасау туралы митинг өткізуге 32 рет рұқсат сұраған, бірақ әкімдік ешқайсысында да рұқсат бермеген. Заңгер соттан әкімдік шешімін заңсыз деп тануды сұраған еді, бірақ өтініші қанағаттандырылмады.

Желтоқсанның 28-і күні Алматының Бостандық аудандық соты Әлнұр Ильяшевтің әкімдікті атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайту міндетін орындату туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Заңгердің пікірінше, қала билігі экологиялық қауіпсіздік саласында тиісті шараларды қабылдамай отыр.

Алматы әкімдігін сотқа берген белсенді Әлнұр Ильяшев сот отырысы кезінде. 24 желтоқсан 2018 жыл
Алматы әкімдігін сотқа берген белсенді Әлнұр Ильяшев сот отырысы кезінде. 24 желтоқсан 2018 жыл

КОЛОНИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫНЫ СОТҚА БЕРУІ

Қаңтардың 15-і күні Павлодарда құқық қорғаушы Елена Семёнованың үстінен түскен ар-намыс пен іскерлік беделді қорғауға қатысты шағым бойынша алдын ала тыңдау өтпек. Семей қаласының ОВ-156/15 түзету мекемесінің қызметкері Сұңғат Абраев соттан моральдық залалға өтемақы ретінде Семёновадан 500 мың теңге өндіріп беруді және құқық қорғаушының әлеуметтік желіде жариялаған жазбасын жария түрде терістеуін сұрайды.

2018 жылдың ақпан айында сотталушылар құқығын қорғаумен айналысатын құқық қорғаушы Елена Семенова Facebook-те пост жазып, Сұңғат есімді колония қызмкеткері "сотталушыларды азаптауға қатысты түсініктемесінен бас тартуға мәжбүрлейді" деген болатын. Абраев Семёнова жалған ақпарат таратты дейді.

Құқық қорғаушы Елена Семенова
Құқық қорғаушы Елена Семенова

​Бұған дейін қылмыстық-атқару жүйесінің өкілдері Семёноваға қарсы бірнеше рет қылмыстық іс қозғады, оны колониядағы азаптау туралы жалған ақпарат таратты деп айыптады. Осындай бір іс былтыр желтоқсанның соңында тоқтатылды. Шілде айында Елена Семёнова Қазақстан түрмелеріндегі азаптау мен қысым туралы Страсбургте Еуропарламент мүшелерімен кездескенде айтқан еді.

БЕЛСЕНДІЛЕР СОТЫ

Астаналық екі азаматтық белсенді – Қайырлы Омар мен Сырым Әбдірахманов астаналық тергеу изоляторында тергеудің аяқталуын күтіп жатыр.

"Жер тағдыры" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайырлы Омар шілдеден бастап қамауда отыр. Астана ІІД баспасөз қызметінің дерегі бойынша, Омар пәтер иелерінің кооперативінің төрағасы болған және оған Көктал ықшамауданындағы тұрғын үй кешеніндегі тұрғындардың ақшасын жымқырды деген айып тағылған.

Қайырлы Омар өзін қамауға аларда қоғамдық қызметі үшін қудалап жатқандарын, жерді шетелдік инвесторларға сату мәсеселін көтергені үшін "кінәлі" болғанын мәлімдеді.

Былтыр желтоқсанда тіркелмеген халықтық социал-демократиялық "Алаш" партиясының жетекшісі Сырым Әбдірахманов екі айға қамауға алынды. Адвокатының айтуынша, Әбдірахмановқа қатысты "Көрінеу жалған ақпарат тарату", "Билік өкіліне қатысты күш қолдану", "Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуге кедергі жасау" және "Билік өкілін қорлау" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Белсендіні қамауға алған соң жақтастары желіде президент атына хат жолдады, онда хат авторлары "сыбайлас жемқорлық" туралы ашық айтатын Әбдірахмановтың "қудаланып жатқанына" шағымданған. Олар қудалауды тоқтатып, белсендіні босатуды сұраған.

Белсенді Қайырлы Омар "КСПК Азат шаңырағы" пәтер иелері кооперативін тінту кезінде телефонмен сөйлесіп тұр. Ақпан айы 2018 жыл
Белсенді Қайырлы Омар "КСПК Азат шаңырағы" пәтер иелері кооперативін тінту кезінде телефонмен сөйлесіп тұр. Ақпан айы 2018 жыл

ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ ТӨБЕЛЕС

Биыл Қарағандыда жаңа жыл түні "Древний Рим" мейрамханасында болған төбелеске қатысты іс қаралады. Төбелес нәтижесінде үш адам жараланып, бір адам қаза тапқан. Прокуратураның айтуынша, қазір "Адам өлімі" және "Бұзақылық" баптары бойынша тергеу жүріп жатыр.

​Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қаңтардың 2-сі күні мейрамхана ғимараты алдына ондаған адам жиналып, кінәлілерді табуды талап етті. Қаңтардың 6-сы күні Қарағандының орталық бөлігінде өткен акцияға 200-ден астам адам келді, олар биліктен тергеу барысына қатысты ақпарат талап етті.

Төбелес болған маң. Қарағанды, 8 қаңтар 2019 жыл
Төбелес болған маң. Қарағанды, 8 қаңтар 2019 жыл

Қаңтардың 8-і күні Ішкі істер вице-министрі Жанат Сүлейменовтың мәлімдеуінше, сегіз адам қамауға алынған, бір адамға іздеу жарияланған. Полицияның болжамынша, мекеме жабылатынын айтқан соң жиналғандар сөзге келіп қалған, содан төбелес шыққан. Қазақстан билігі қақтығыстың ұлтаралық сипаты бар екенін жоққа шығарады.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG