51 жастағы Санавар Закирова былтыр Астана қаласы әкімдігіне (қазір – Нұр-Сұлтан) 2018 жылдың қарашаның 6-сы мен желтоқсанның 25-і аралығында «Сот жүйесіндегі заңсыздықтар мен заңсыз сот актілеріне» қарсы бейбіт жиын өткізгісі келетінін айтып, арыз түсірген. Қала әкімдігі белсендінің арызын кері қайтарып, митинг өткізуге болатын жерде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын және мұз қалашығы салынатынын айтқан.
Осыдан соң белсенді бейбіт митингіге рұқсат бермеген әкімдікті наурызда сотқа берген. Шағымды қараған Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа аудандық соты белсендінің арызын қанағаттармады. Аудандық сот шешіміне көңілі толмаған Закирова апелляциялық сотқа шағым түсіреді.
2019 жылы маусымның 19-ы күні апелляциялық сот алқасы істі алғашқы сот инстанциясына қайта қарау үшін кері қайтарған еді.
Тамыздың 5-і күні қайта басталған бірінші сот инстанциясы кезінде Санавар Закирова сот пен прокурор "билікке жақтасты" деп санайтынын айтып, сенімсіздік білдірген. Бірақ оның арызы "дәлелін таппады" деп, судья Әлия Қасымова мен прокурор Дошаев істі қарауды жалғастырды. Арызданушылар қатарында Закировамен бірге алматылық тағы бір белсенді Марат Тұрымбетов бар.
Тамыздың 14-і күнгі сот процесінде Санавар Закирова мен азаматтық белсенді Марат Тұрымбетовтың өкілі Маржан Аспандиярова "сот істі дұрыс қарамай отыр" деп, бүкіл Сарыарқа аудандық сотына сенімсіздік білдіретіндерін айтты. Сол күні түстен кейін жалғасқан сот отырысында судья Әлия Қасымова Сарыарқа аудандық соты төрағасының "сотқа сенімсіздік білдіруге негіз жоқтығы" туралы қаулысын жазбаша тапсырып, іс ары қарай жалғасты.
Санавар Закирова соттан Нұр-Сұлтан тұрғыны Любовь Бейсембаеваны мәслихат шешімімен бейбіт шеру өткізуге рұқсат берілген Пушкин және Шәкәрім Құдайбердіұлы көшелерінің қилысындағы бақта былтыр қыста ешқандай мұз қалашығы болмағанын көрген куә ретінде жауаптауды сұрады. Судья қарсылық білдіргенімен Закированың "сот құқығымды бұзып отыр" деген талабынан соң куәні отырысқа шақырды.
Любовь Бейсембаеваның сөзінше, ол күнара сол маңдағы жанармай құю бекетінен көлігіне бензин құяды және бақта ешқандай мұз қалашығы да, ағаш қалашық та салынбаған. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілі Абзал Мәмбетов сотқа суреттер әкеліп, ол жерде ағаш қалашық болғанын дәлелдемек болды.
Сотта Санавар Закирова мен Маржан Аспандиярова бейбіт шеру өткізуге рұқсат сұраған басқа адамдардың арызына жауап берген әкімдіктің қызметкері Ерлан Өтеулиевті сотқа шақыртуды тағы сұрады. Сот бұл өтінішті де қанағаттандырмады.
- Егер мұз қалашығы болса және оған сот сенсе, бюджет ақшасы қайда кетті? Іс жүзінде қалашық жоқ. Оған астанадағы Алматы және Байқоңыр аудандары әкімдіктері жауапты болған. Ендеше бюджет ақшасына қатысты жемқорлыққа қарсы қызмет тексеру жүргізуі керек деп санаймын. Бұл туралы соттан бөлек қаулы шығаруды талап етемін. Бұл аудан әкімдері мұз қалашыған жұмсалған ақшаны қайда жібергендерін айтуы тиіс. Мен бейбіт шеруге рұқсат сұраған он шақты арыз түсірдім. Бірде-біріне рұқсат берген жоқ. Әкімдік менің құқымды бұзды, - деді Санавар Закирова.
Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова судьяға сотты кейінге шегеріп, конституциялық кеңеске жүгініп, бейбіт шеру өткізу туралы заңға өзгеріс енгізу керегін айтуды ұсынды.
Бірақ сот олардың ешбір өтінішін қанағаттандырмады. Судья Қасымова Аспандиярова мен Закироваға "бұрынғы өтініштерді қайталап, сотты әдейі созып отыр" деп ескерту жасады.
Мемлекеттік айыптаушы Дошаев "Закированың талабының заңдық негізі жоқ, митингіге рұқсат бермеу туралы қаулыға өкілетті тұлға қол қойғандықтан қанағаттандырудан бас тартуды сұрайтынын" айтты. Үзілістен соң сот шешімін жариялаған судья Әлия Қасымова "әкімдіктің митинг өткізуге рұқсат бермеу туралы қаулысының дұрыс жасалғанын мәлімдеп, Закированың арызы қанағаттандырылмағанын айтты.
Закированың өзі сот шешімімен келіспейді. Ол сот шешімі қолына тиген соң қайтадан апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Санавар Закирова мен Марат Тұрымбетов көктемде Алматы қаласы әкімдігін, полиция, прокуратура мен "Нұр Отан" партиясының Алматы филиалын "партия құруға кедергі болғаны үшін" сотқа берген еді. Бұл іс бойынша сот әлі өтіп жатыр.
Қазақстан заңына сай, азаматтар митинг, шеру немесе наразылық шарасын ұйымдастыру үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Билік өзі рұқсат берген митингіні ғана заңды деп есептейді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жиын өткізетін орынға рұқсат алу қиын
Қазақстан Конституциясына сай, халық қарусыз бейбіт шеру, жиын, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыруға құқылы. Бірақ Конституцияда "мемлекет қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке қауіп төнген жағдайда, денсаулыққа зиян келетін жағдайда, жеке адамдардың құқығы мен бостандығына қатер төнсе, бейбіт митингіге заңмен шектеу қойылатыны" жазылған.
1995 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет және наразылық шарасын ұйымдастыру шарты туралы қаулы қабылдаған. Заңдық күші бар бұл қаулы қазір қолданыста. 24 жылдың ішінде 12 баптан тұратын заң көп өзгермеді.
Осы заңның 11-бабында "әкімдіктер жергілікті жағдайды ескеріп, бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыру шарттарын қосымша реттеуге құқылы" деп жазылған. Бірақ Қазақстанда билікке сын айтылуы мүмкін митингілерге рұқсат берілмейді. Жергілікті әкімдіктер "митинг өткізуге бөлінген аймақта басқа шара өтетінін немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын" айтып, белсенділердің өтінішін кері қайтарады.
Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның дерегінше, 2012 жылдан бері елде бейбіт жиын саны бес есеге азайған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусымда батыс басылымдарына берген сұхбатында адамдардың бейбіт митингіге шығуына мүмкіндік беретін жаңа заңның қабылданатыны айтқан. Кейін маусымның соңында Алматы мен Нұр-Сұлтан әкімдігі белсенді Әлнұр Ильяшевтің, "Байтақ-Болашақ" экологиялық альянсының жетекшісі және "Нұр Отан" партиясының бейбіт митинг өткізуіне рұқсат берген. Осыдан соң бейбіт митинг өткізу келіп арыз жазған белсенділерге әкімдіктер рұқсат бермей жатыр.
Құқық қорғаушылар бейбіт шеру өткізу үшін әкімдіктен рұқсат алу және митингіге арнайы жер белгіленетіні көрсетілген Қазақстан заңын "халықаралық стандартқа сай емес" деп санайды.
ПІКІРЛЕР