24 жастағы Жансель Дениз Джакартада әйелдер арасында +67 келі салмақтың финалында 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы Дабин Лиден (Оңтүстік Корея) жеңілді. Спортшыны бұл жарысқа Оңтүстік Кореядан келген бапкер Ю Енг Джин дайындаған.
Азаттық тілшісіне берген сұхбатында спортшы Түркияда спортты қалай бастағанын, Қазақстанға оралуға не түрткі болғанын айтып берді.
Азаттық: - Жансель, Сіз Қазақстанға Түркиядан келдіңіз. Бұрын Түркия құрамасында жарыстарға қатыстыңыз. Спорттағы карьераңыз қалай басталды?
Жансель Дениз: - Негізі, Қазақстанда, Степногорск қаласында дүниеге келдім. Әкем де, шешем де қазақ. Ата-анамның қойған аты - Жансәуле. Командадағы достарым, бапкерлерім Сәуле дейді. Құжаттағы атым - Жансель. Анам Түркиядағы волейбол командасында дәрігер болып жұмыс істеді. Алты жасымда Түркияға кеттік. Басында волейболмен айналыстым. Кейін таэквондоға ауысып кеттім. Себебі олимпиада ойындарына қатысуды армандадым. Ал волейбол командалық жарыс болғандықтан олимпиадаға жолдама алу қиын болатын еді. Спорттағы жолым Түркияда басталды. Мені спортқа анам алып келді. Таэквондодан Түркия чемпионатында бірнеше рет алтын алдым. Еуропа чемпионатына қатыстым.
Азаттық: - Ал Қазақстанға қашан оралдыңыз?
Жансель Дениз: - 2014 жылы Қазақстан таэквондо құрамасына шақырту алдым. Анам да Түркиядағы жұмысын аяқтап елге қайтамыз деп жүрген. Қазақстан құрамасының өкілдері хабарласқанда қатты қуандым. 2016 жылдан бастап Қазақстан атынан жарыстарға қатыса бастадым. Азия ойындарының күмісі - Қазақстан құрамасындағы үшінші медалім. 2017 жылы Универсиадада күміс алдым. Ол жарыстың финалында дәл осы Оңтүстік Корея спортшысына жеңілген едім. Олимпиадалық іріктеу жарысында жүлде алдым. 2016 жылы Рио олимпиадасына қатыстым. Бірінші кездесуде жеңілсем де, олимпиадаға қатысу арманым орындалды.
Азаттық: - Қазақстанға ауысамын деген сәтте Түркия тарапымен келіссөз қалай жүрді?
Жансель Дениз: - Мені Түркия басында Қазақстанға жібергісі келмей, қарсы болды. Анам Түркияда көп уақыт жұмыс істеген соң, олардан бізді қинамай, жіберуді сұрады. Кейін олар (Түркия тарабы – ред.) келісім беріп, менің спорттағы жолыма, дамуыма кедергі келтірмейтіндерін айтты.
Азаттық: - 2016 жылдан бері өтіп келе жатқан халықаралық жарыстарға Қазақстан атынан қатысып келесіз. Қазақстанда сіз шығатын салмақта бәсекелестік төмен сияқты.
Жансель Дениз: - Кез келген елде бәсеке бар. Түркияда таэквондо мықты дамыған. Ел чемпионатына бір салмақта 25 адам қатысады. Қазақстанда да бәсеке баршылық. Бәсеке болу керек. Бәсекесіз өсу қиын. Бірақ мен өз жолыммен жүремін. Алда әлі талай жарыс бар. Азия ойындарынан кейін Гран-при кезеңдеріне қатысамын. Қарашада Фуджайрада (БАӘ-ред.) Гран-при финалы өтеді. Оған әр салмақтағы ең үздік 16 спортшы қатысады. Сол үздіктің қатарына енсем деймін. Қазір әлемдік рейтингте 26-орында тұрмын. Азия ойындарынан кейін рейтингім жоғарылауым керек. Гран-при жарыстарында да көп ұпай алуға тырысамын.
Азаттық: - Әңгімеңізге рақмет.
ПІКІРЛЕР