"ҚАЗАҚСТАН БАСШЫЛЫҒЫНА ҰСЫНУ"
1940 жылдардан бастап советтік Қазақстан билігіне араласып, 1986 жылға дейін ширек ғасыр Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Дінмұхамед Қонаевқа арналған музей үйде өзі тұтынған заттармен қатар, "Өтті дәурен осылай", "Ақиқаттан аттауға болмайды" дейтін естелік кітаптар тұр. Бұл естеліктерінде ол өзі көрген советтік жүйе мен жоғары лауазымды тұлғаларға баға берген.
Түрлі тарихи деректер 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын Мәскеудің жергілікті кадрларды ескермей, Дінмұхамед Қонаевтың орнына орталықтан Геннадий Колбинді жіберуімен байланыстырады. "Қонаев өзін қызметінен босатқан кезде СССР компартиясы орталық комитетінің бас хатшысы Михаил Горбачевке жергілікті кадрлардың бірін ұсынбады" деген айыптаулар осы кезде шықты.
Қонаев естелігінде бұл айыптаудың орынсыз екенін жазады. "...Колбиннің айтуына қарағанда, мен Саяси Бюродан Қазақстанға қалайда орталық комитеттің бірінші хатшылығына ұлты орыс адамды ұсынуды және оны тек республикадан тысқары жерден алып баруды сұраппын. Бұл мүлде шындыққа жанаспайды. Колбиннің кезекті өтірігінің бірі. Оны Гейдар Әлиев "Комсомольская правда" газетіне берген сұқбатында толық растап берді" деп сол кезде КПСС орталық комитеті саяси бюросының мүшесі болған, кейін Әзербайжан президенті болған Гейдар Әлиевті де куәлікке тартқан.
Қонаевтың "Горбачев Қазақстан басшылығына кімді ұсынуды өзіміз шешеміз деп айтты" дегені, ал Горбачевтің "Қонаев жергілікті кадрлардан ешкімді ұсынбады" дегені өзге де бірнеше естелікте айтылады.
Қонаевтың "Хрущев кезінде қызметінен алынып, Брежнев келгенде қайта тағайындалғаны" туралы естелігінде осыған ұқсас дерек кездеседі. Онда былай деп жазылған.
"1964 жылы қараша айының соңғы күндерінің бірінде Қазақстан компартиясы орталық комитетінің барлық бюро мүшелерін, Қазақ ССР министрлер советі төрағасының орынбасарларын Мәскеуге шақыртты. Бірінші хатшының өзі қабылдады. Ол Юсуповтың қызметтен кеткелі жатқанын хабарлады. Сөз соңында "Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығына кімді ұсынасыздар?" деп сұрады. Бірінші боп Юсупов орнынан көтеріліп, бірінші хатшылыққа СССР компартиясы орталық комитетінің президиум мүшелерінің бірін жіберуді, сол арқылы Қазақстан партия ұйымын нығайтуды ұсынды. Брежнев бірден "жергілікті жерге, оның ұлттық кадрларына ондай сенімсіздік көрсетуге хақымыз жоқ. Бірінші хатшы республиканың өзі ішінен сайлануы тиіс" деп әңгіменің басын ашып берді. Қалған бюро мүшелері мен төраға орынбасарлары менің кандидатурамды қолдады".
СССР басшысы Никита Хрущев Исмаил Юсуповты 1962 жылы Қонаевтың орнына Қазақстан компартиясының бірінші хатшылығына ұсынған еді. Ол бұл қызметті 1964 жылға дейін атқарды.
Видео: Никита Хрущевтің советтік Қазақстанға сапары (1960 жыл)
"СССР КОМПАРТИЯСЫ БАС ХАТШЫСЫН САЙЛАУ"
Дінмұхамед Қонаев туралы естеліктерде ол Қазақстанда ғана емес, СССР аумағында да беделді болғаны, СССР компартиясының бағытын айқындайтын саяси бюро құрамында болғаны жиі айтылады. Ол СССР басшылары Никита Хрущев, Леонид Брежнев, Юрий Андропов, Константин Черненко және Михаил Горбачевпен қызметтес болды.
Бірақ Қонаевтың өзі естеліктерінде саяси бюроның санаулы мүшесінің бірі болса да, СССР компартиясы орталық комитетінің бас хатшысын сайлауға шартты түрде ғана қатысқанын, СССР жетекшісі етіп кімді тағайындау мәселесін Мәскеудегі шағын топ шешкенін жазады.
"1982 жылы қараша айында Мәскеуге саяси бюроға шұғыл шақырылып, Брежневтің қайтыс болғанын естіртті. Құлаққа ұрған танадай тыныштықты Черненконың сөзі бұзды. "Біз КПСС орталық комитетінің бас хатшылығына сайланатын адамның кім болатынын шұғыл шешуіміз керек. Мен Юрий Владимирович Андроповты ұсынамын" деді. Тіс жарған жан болмады. Бәрі де ұсынысқа келісіп, іштей қолдаған-ды" делінген естелікте.
Қонаев 1984 жылы ақпанның 9-ы күні Юрий Андропов қайтыс болғанда да саяси бюро шұғыл жиналып, Константин Черненконың кандидатурасын үнсіз қолдағанын айтады. "Сені еріксіз қолдауға мәжбүр ететін кесімді сөз осылай айтылады. Тырп еткізбес, тіл байлап тастар байлам бұл" деп жазады.
Осыған ұқсас сценарий 1985 жылы наурызда Константин Черненко қайтыс болғанда қайталанған. "Саяси бюро өтетін қабылдау бөлмесіне жиналдық. Андрей Громыко орнынан ырғалып тұрып, Михаил Горбачевті ұсынды. Бұл жолы мәжіліс залынан үнсіз қалған тірі пендені көрмедім. Бәрі бірауыздан мақұлдап сөйледі. Мен де қалысқан жоқпын, М. Горбачевті қолдадым" деп жазды Қонаев естелігінде.
"НАЗАРБАЕВТЫҢ СЫНЫ МЕН ӨКІНІШІ"
1986 жылы ақпан айында өткен Қазақстан компартиясының 16-съезінде Қонаев Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып тағы да сайланды. Бірақ осы съезде осыған дейін өзі қолдап келген Нұрсұлтан Назарбаев пен басқа да бірнеше жауапты қызметкердің сынына ұшырады.
"Қазақ ССР министрлер советінің төрағасы Н.Назарбаев республика ғылым академиясын және оның басшылығын, сондай-ақ қала үшін зор мәні бар Алматыдағы бірқатар құрылыс объектілерін жөнсіз сынады. Ол тарихи музей объектілерді және басқа да әлеуметтік тұрмыстық объектілер қала үшін қажеті жоқ, мол қаржы босқа шашылды дегенді айтты" деп жазды автор.
16-съезде Нұрсұлтан Назарбаев Дінмұхамед Қонаевтың інісі, сол кездегі Қазақ ССР ғылым академиясының президенті Асқар Қонаевты да сынады. Қонаев естелігінде ғылым академиясының президенті қызметіне Асқар Қонаевты тағайындауға қарсы болғанын, оның СССР компартиясы орталық комитетінің бас хатшысы Леонид Брежневтің қолдауымен сайланғанын айтқан.
Қонаев қызметінен босатылғаннан кейін билік тарапынан түрлі қысымға ұшырады. 1987 жылы Қазақ ССР компартиясы орталық комитетіне мүшеліктен шығарылғанда Колбиннің сынына шыдамай, қарсы тұрғысы келсе де өзін қолдайтындардың болатынына сенбеген.
"Сілкінсем қайтеді деген бір ой түрткіледі. Ашынған тілді келеді. Айтсам айтайын дедім, бірақ оның немен тынатыны аян. Оның үстіне жағдай басқа. Біреулер қолдаса жақсы, дұрысты дұрыс деп айтса жақсы. Әй, қайдам-ау. Іштей қолдаса қолдар, бірақ тар жерде қол созамын деп жеп отырған нанынан ешкім айырылғысы келмес. Сондықтан пленумда сөйлеуді артық көрдім" деп жазды естелігінде.
Видео: Назарбаевтың Қазақ ССР министрлер кеңесі төрағасы болып сайлануы
Арада бірнеше жыл өткен соң Қазақ ССР-інің президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевқа Қонаев тілектестігін былай білдірген.
"Тап бүгінгідей ай сайын төмендеп бара жатқан халықтың мүшкіл жағдайында, экономиканың құлдырап, Совет одағының ыдырау қаупі төніп тұрған тұста мен адал көңілмен Назарбаевқа табыс тілегім келеді. Қазақстан президенті ретінде ол қиындықтарды жеңеді, ауыр дағдарыстан тезірек шығудың жолын табады деп сенемін".
Естеліктерде 1986 жылы өткен 16-съезден кейін Қонаев пен Назарбаев қатынасының суығаны, өзі қолдап, билікке әкелген Назарбаевтың сыны Қонаевқа қатты тигені жайлы сөз болады. Бұл оқиғаны Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та ұмытпаған. Қонаев музейінде тұрған "Личность" деп аталатын кітапқа Назарбаевтың "Ірі саяси тұлға" дейтін естелігі қосылған.
Заманының шын мәнінде ірі тұлғасы, ширек ғасырға жуық түрлі жоғары қызмет атқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев психологиялық тұрғыдан және жасына байланысты (ол кезде 70-тен асқан еді) жаңа жағдайларға бейімделе алмағанын ескермеппін.Нұрсұлтан Назарбаевтың естелігінен.
Бұл естелікте Назарбаев "қарым-қатынасымыздың ең қиын кезінде де мен оған шынайы құрметпен қарадым. Жастық максимализммен айтқан сынымды түсіне алмады. Кейбір обкомдардың бірінші хатшылары мен министрлік басшыларын қатаң сынағанда өзімді Қонаев жағында тұрмын, сөзімнің шындығына көзі жеткен "бірінші" оңбағандардың бәрін қуып, Қазақстанда реформа жасаймыз деп ойладым. Бірақ мен бір жайтты, өз заманының шын мәнінде ірі тұлғасы, ширек ғасырға жуық түрлі жоғары қызмет атқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев психологиялық тұрғыдан және жасына байланысты (ол кезде 70-тен асқан еді) жаңа жағдайларға бейімделе алмағанын ескермеппін" деп жазады.
Нұрсұлтан Назарбаев республика басшысы болған соң Қонаевпен бірнеше рет кездескенін, оның өтініштерін түгел орындағанын, Қонаев парасаттылық танытқанын, республикадағы күрделі жұмыстарды қолдағанын айтады.
Нұрсұлтан Назарбаев естелігінде "Қонаевпен қайтыс боларынан бір ай бұрын кездестім" дейді.
"Расында біздің қатынасымызда проблема көп болды. Бірақ соңғы әңгімелескенімізде "Сенің айтқандарың мен ісің дұрыс болып шықты. Сенің бағытыңды қолдаймын" деді. Сол кезде "он жыл бұрын осылай неге бірге болмадық екен" деген ойдан торығып кеттім" деп жазды.
"ТӘҢІРЛІК КҮШ"
Дінмұхамед Қонаевтың музейінде тұрған кітаптың бірі "Таңғажайып Қонаев" деп аталады. 2011 жылы жарық көрген кітапта Қонаевтың Қазақстан басқарған кездегі қарапайымдылығы сөз болып, оған халықтың құрметі қызметте жүргенде де, одан кеткенде де үзілмегені әңгімеленген. Кітаптың кей тарауларында "Қонаев дүниеге келер сәттегі сәуегейліктің" "Назарбаев дүниеге келер алдындағы сәуегейлікпен" ұқсастығы айтылады.
Кітаптың "Нұр бала немесе сәуегей болжамы" дейтін бөлімінде автор Ораз Қауғабай жазушы Шона Смаханұлының 1984 жылы жарық көрген "Үміт жұлдызы" повесінде Дінмұхамед Қонаев туралы айтылған деп болжайды. Көркем шығарма кейіпкеріне айналған Азынабайға (Дінмұхамед Қонаевтың атасы) сәуегей "сенің не төртінші, не бесінші ұрпағың болар – бір бала Алатау етегінде нұрдың ішінде, елдің ішінде жүр. Мына балаға нұр-сәуленің төгіліп тұрғанын қарашы. Түбінде осы ұрпағың әулетке құт болып келеді" деп көріпкелдік еткен. "Таңғажайып Қонаев" кітабының авторы Ораз Қауғабай советтік кезеңнің өзінде Шона Смаханұлының Қонаев туралы осылай жазғанына таңырқайды. Автордың жазуынша, екі тұлға да (Қонаев, Назарбаев) дүниеге келер кезде әулие бабаларынан аталарына аян келген.
"Дінмұхаммед Қонаев өмірге келерде атасы Жұмабай қажы Қонайұлы түс көреді. Түсінде бесінші атасы Азнабай немересі Жұмабайға мылтық ұстатады. Аян түсті қажылықтан келе жатқанда кеме ішінде, су үстінде көреді. Түсті өзі жақсылыққа жорып, елге оралғанда айы күні жетіп отырған келіні, ұлы Меңдіахметтің (Қонаевтың әкесі – ред.) келіншегі Зәуре ұл туады.
Ал Нұрекең (Назарбаев – ред.) дүниеге келерде шешесі Әлжан осыған ұқсас аян түс көреді. Су ішінде оған Райымбек әулие мылтық береді. Өйткені әулие басына түнеп, құдайдан перзент сұраған ғой. "Дін" мен "Мұхаммед" және "Нұр" мен "Сұлтан" Алла тағаланың бір мұғжиза нышанын сездірген құбылысты ишаратттайды. Бір біріне үйлескен бір-біріне жақын есім – пайғамбар рухы мен "нұр-рух" тылсымы – Тәңірлік күш сияқты тәнті етеді" деп жазған автор.
"Таңғажайып Қонаев" кітабында Дінмұхамед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаевты қатар қойып, ұлықтайтын басқа да хикаялар жиі кезігеді. Алайда, мұндай хикаялардың көбі Қонаев өмірден озғаннан кейін пайда болғаны байқалады.
ПІКІРЛЕР