Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында белгісіз жағдайда көз жұмған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің туыстарының адвокаты Ғалым Нұрпейісов қамау мекемесі қызметкерлерінің үстінен іс қозғауды сұрап прокуратураға шағым түсірді. Адвокат Азаттыққа марқұмның туыстарымен және пікірлес серіктерімен кездесіп, белсендінің көзі тірісінде құқық қорғау органдарымен арадағы конфликтілер туралы бірсыпыра айғақ жинағанын айтты.
- Дулат Ағаділ үйінен тірі кетіп, өлі оралды. Абақтыда оның өмірін қорғай алмаған қызметкерлерге қарсы "немқұрайлық" бабымен қылмыстық іс қозғалуы тиіс. Сол туралы өтініш түсірдік. Өлім фактісі болған соң оған кінәлі бар деп санаймыз, - деді адвокат Ғалым Нұрпейісов.
Ағаділдің өліміне байланысты қылмыстық іс ақпан айының соңында қозғалған. Содан бері марқұмның туыстары тергеуді әділ өткізуді сұрап, билік орындарына бірнеше рет жүгінген. Өткен аптада Ағаділдің өліміне байланысты қылмыстық істе оның отбасының мүддесін қорғайтын адвокат ауысқанын Азаттық хабарлаған.
Құқық органдары тергеу құпиясын алға тартып, ешқандай мәлімет бермей отыр.
Биылғы 24 ақпанда түнде қарапайым киімдегі бірнеше адам үйінен әкеткен 44 жастағы белсенді Дулат Ағаділ ертесіне Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында белгісіз жағдайда көз жұмды. Ішкі істер министрлігі белсендінің "жүрек талмасынан" қайтыс болғанын хабарлады. 27 ақпанда әлеуметтік желіде тараған Ағаділ мәйітінің видеосында оны түсірген адам марқұмның денесінде көгерген іздер барын айтады. Кейінірек жергілікті прокуратура "видео интернетке белсендінің туыстарының рұқсатынсыз жарияланды, денедегі дақтар - биологиялық өлім белгілері" деп мәлімдеген.
Дулат Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында өткен наразылық акцияларына қатысушылар белсендінің қазасына билікті кінәлады.
28 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді Дулат Ағаділ "жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеген. Ресми сараптама қорытындысы шықпай тұрып айтылған бұл тұжырымды қоғам өкілдері сынаған.
Дулат Ағаділдің полиция әкеткен соң жұмбақ қазаға ұшырауына байланысты АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі мен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Нұр-Сұлтанды тергеуді ашық әрі әділ жүргізуге шақырған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер Дулат Ағаділдің қазасын "саяси сипаты бар" деп санап, тергеуді әділ жүргізуді талап етіп келеді.
ПІКІРЛЕР