Accessibility links

Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Президент сайлауы күні наразыларды жаппай ұстады

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Жеті кандидат бәсекеге түскен бұл сайлауға соңғы отызға жылға жуық уақыт елді басқарып келген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспады. Елдегі кей оппозициялық күштер бұл сайлауға бойкот жариялаған. Сайлау күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразылық білдіріп көшеге шыққан жүздеген адам ұсталды.

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру елдегі сайлау учаскелерінде жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7.00-де басталып, сағат 20.00-ге (48 учаске таңертең сағат 6.00-да ашылды) дейін жалғасты.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.

ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. Сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

08:24 9.6.2019
№351 сайлау учаскесінде отырған бақылаушылар. Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр кенті. 9 маусым 2019 жыл.
№351 сайлау учаскесінде отырған бақылаушылар. Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр кенті. 9 маусым 2019 жыл.

Экономист Айман Тұрсынхан Алматы облысының Талғар ауданы Қызыл Қайрат ауылындағы №862 сайлау учаскесінде бір сайлаушыға екі бюллетень бергені туралы хабарлады. Бұл ақпаратты ҚазТАГ агенттігі таратты.

"Бір сайлаушыға екі бюллетень берді. Бюллетеньді жәшікке салуға қарсы болдым" деген "Сотталушылар құқығын қорғау коалициясы" атынан бақылаушы ретінде тіркелген Айман Тұрсынхан агенттікке.

Бұған дейін Азаттық тілшілері 9 маусымда таңертең осыған ұқсас оқиғаларға куә болған.

08:34 9.6.2019
Сайлау күні қоғамдық көлікте жол жүрудің тегін екені жазылған құлақтандыру. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Сайлау күні қоғамдық көлікте жол жүрудің тегін екені жазылған құлақтандыру. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы күні Алматы қаласында қоғамдық көлік жолаушыларға тегін қызмет көрсетіп жатыр деп хабарлайды Азаттық тілшілері.

08:45 9.6.2019

Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар биылғы кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялаған. Бұл бастаманы азаматтық белсенділер де қолдады. Олар "шынайы бәсеке жоқ бұл сайлау билік сценарийі бойынша жүріп жатыр" деп мәлімдеген. Бұған дейін Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы сайлау бәсекелі түрде өтіп жатыр деген пікір білдірген. Билік сайлауалды науқан барысында елеулі заңбұзушылық тіркелген жоқ, тек қоғамдық пікірді анықтау мақсатында жүргізілген сауалнама жүргізуге байланысты "санаулы ғана құқықбұзушылық" болды деп мәлімдеген. Заң бойынша, тек Орталық сайлау комиссиясының келісімін алған құрылымдар ғана әлеуметтік сауалнама өткізе алады.

08:49 9.6.2019

"Қазақстан кәсіподақтар федерациясы" ұйымынан кезектен тыс президент сайлауына түскен кандидат Амангелді Таспихов 9 маусымда Нұр-Сұлтан қаласындағы №111 сайлау учаскесінде сайлауға дауыс берді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG