Алматы қаласындағы №480 сайлау учаскесінде дауыс берген сәтін суретке түсіріп тұрған сайлаушы.
Кезектен тыс президент сайлауына түсіп жатқан Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Елдегі наразылықтан хабарыңыз бар ма? "Тоқаев біздің президентіміз емес" деген ұранға не айтасыз?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына:
- Оның бәрінен хабарым бар. Мен әртүрлі жаңалықтарды естіп отырмын. Бұл халықтың таңдауы. Егер кейбір азаматтар осындай ұрандар тастаса, енді олардың таңдауы сондай, - деп жауап берді.
Қазақстанда соңғы айларда билікке наразылық акциялары жиілеген. Ақпан айынан бері ел астанасы мен өзге де қалаларда әлеуметтік жәрдемге мұқтаж отбасыларға қамқорлық жасауды талап еткен көп балалы аналар жаппай акциялары өткен. Бұл наразылыққа ақпан айында түн мезгілінде Нұр-Сұлтанның шетіндегі уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы кәмелетке толмаған бес қыздың (ата-анасы түнгі жұмысқа кеткенде деп хабарланған) қазаға ұшырауы себеп болған.
Наурыз айында мемлекет астанасына бірінші президенттің есімін беру туралы биліктің шешіміне қарсы наразылық акциялары өтті. Билік оған қатысушыларды ұстап, кейбірін әкімшілік жауапқа тартты.
Сәуірдің соңында Алматыдағы марафон кезінде жол шетіне "Шындықтан қашып құтылмайсың #adilsailayushin #менің таңдауым бар" деген сөз жазылған баннер ілген белсенділер әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті ұстап, 15 тәулікке қамаған. Ал оларды сурет пен видеоға түсіргендерге "шеру өткізу туралы заңды бұзғаны" үшін айыппұл салған. Нұр-Сұлтанды жиын өткізу құқығы мен сөз бостандығын тұншықтырып отыр деп сынап жүрген халықаралық құқық қорғаушылар биліктің бұл іс-әрекетін айыптаған.
Төлесова мен Толымбековті қолдау акциялары Қазақстан қалаларында ғана емес, шетелде де өтті. Оны шетелде тұрып жатқан Қазақстан азаматтары, негізінен студенттер ұйымдастырған.
Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына "Ауыл" партиясы атынан түсіп жатқан кандидат Төлеутай Рақымбеков жексенбі күні таңертең Нұр-Сұлтандағы сайлау учаскесінде дауыс берді.
ПІКІРЛЕР