Accessibility links

Дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Кезектен тыс президент сайлаудың толық хроникасы

Кезектен тыс сайлауға алты кандидат - қазір билікте отырған 69 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев пен көпшілік онша танымайтын бес адам түсіп отыр. Кей сарапшылар мен халықаралық талдаушылар Ақорданың берген уәдесіне қарамастан, сайлау шынайы саяси бәсекесіз өтіп жатыр деп есептейді.

20:20 20.11.2022
Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірінде. 20 қараша 2022 жыл.
Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірінде. 20 қараша 2022 жыл.

Астана уақытымен сағат 20-дағы жағдай бойынша, сайлаушы тізіміне енгізілгендерден жиынтығы 8 282 607 адам сайлау бюллетенін алған. Бұл туралы 2022 жылғы 20 қарашада Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.

Тізімдегі сайлаушылардың 69,31 пайызы дауыс беруге қатысқан деді ОСК.

Дауыс беру көрсеткіші бойынша ең көп адам Жетісу облысында тіркелген - 81,43 пайыз. Одан кейінгі орында тұрған Түркістан облысында сайлаушылардың 80,37 пайызы дауыс берген.

Ең аз көрсеткіш Алматы қаласында - 28,72 пайыз. Астанада - 48,67 пайыз.

ОСК жария еткен алдын ала мәлімет бойынша, барлығы 8 282 607 сайлаушы дауыс берген. Қазақстанда 11,9 миллион адам дауыс беру құқына ие. Сайлаушылар тізіміне енгізілгендердің жиынтық саны - 11 950 485 адам. Заңда сайлау өтті деп есептеу үшін сайлаушылардың белгілі бір пайызы дауыс беруі тиіс деген меже қойылмаған.

Дәл қазір Қазақстандағы барлық сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталып, сайлау бюллетеньдері саналып жатыр. Сайлау учаскесіндегі комиссия дауыс санауға кіріскен сәттен бастап он екі сағаттан асырмай оның қорытындысын шығаруы тиіс.

20:07 20.11.2022
Алматы қаласындағы 176-сайлау учаскесі. 20 қараша 2022 жыл.
Алматы қаласындағы 176-сайлау учаскесі. 20 қараша 2022 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі шетелде орналасқан сайлау учаскелеріндегі дауыс беру барысы жөнінде хабарлады.

Министрлік Астана уақытымен 19 сағаттағы жағдай бойынша, шетелдегі 10 сайлау учаскесінде (Оңтүстік Корея, Жапония, Пекин, Сингапур, Малайзия, Моңғолия, Гонконг, Шанхай, Таиланд, Индонезия) дауыс беру аяқталған, 7400 Қазақстан азаматы дауыс берген дейді. Ал 57 сайлау учаскесінде дауыс беру жалғасып жатыр.

СІМ дерегінше, барлығы 53 шет мемлекетте 68 сайлау учаскесі ашылған, олардағы тіркелген сайлаушының жиынтық саны - 12 841 адам.

Қазақстандағы сайлау барысын бақылауға 10 халықаралық ұйым мен 35 шет мемлекеттен барлығы 641 адамға аккредитация берілген деп хабарлады министрлік. Сайлауды 264 шетелдік журналист қадағалап отыр.

20 қарашада Астана уақытымен таңертеңгі сағат 7-дегі жағдай бойынша, елдің шығыс, орталық және оңтүстік бөлігінде 8150 сайлау учаскесі ашылған, 11 шет мемлекеттегі 12 сайлау учаскесінде дауыс беру басталған.

Астана уақытымен сағат 20-да Қазақстанның көп бөлігінде сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталып, бюллетень санау басталды. Ал батыс өлкелерде дауыс беру сағат 21-де аяқталды.

Кезектен тыс президент сайлау барысында тәуелсіз бақылаушылардан сайлау процесінің әділдігін белгілейтін заң ережелері бұзылғаны жайлы арыз-шағымдар түсіп жатыр.

19:12 20.11.2022

Түркістан облысы Ақсукент ауылында тәуелсіз бақылаушыны сайлау учаскесінен шығарып жібергені жөнінде "Еркіндік қанаты" қоғамдық бірлестігі хабарлады.

Түркістан облысы Ақсукент ауылындағы 531-сайлау учаскесінде түсірілген видеодан скриншот. 20 қараша 2022 жыл.
Түркістан облысы Ақсукент ауылындағы 531-сайлау учаскесінде түсірілген видеодан скриншот. 20 қараша 2022 жыл.

"Комиссия мүшелерінің үстеліне топтап қойылған бюллетендерді байқаған бақылаушы оларды көрсетуін сұраған. Комиссия оған учаскеде жүріп, фото-видео түсіруге тыйым салған. Ол жәшікке топтап салынған бюллетендер жайлы заң бұзу фактісі жөнінде акт толтырды" деді "Еркіндік қанаты" ұйымы құрылтайшыларының бірі Елена Швецова.

Оның сөзінше, әуелі бақылаушыны "прокурор шақыртамыз" деп қорқытқан, кейін 531-сайлау учаскеінен шығарып жіберген.

"Оны фото және видеоға түсіргені үшін учаскеден шығарды. Ал сайлау туралы заңның 20-бабы 1-бөлігінің 9-тармақшасына сәйкес, бақылаушының барлық процедураны қадағалауға құқы бар" деді Елена Швецова.

Бұл сағат 18.00-ге дейін тіркелген төртінші оқиға дейді Швецова. Бұған дейін "Еркіндік қанатының" үш бақылаушысын Астанада сайлау учаскесінен шығарған.

Түркістан облысы аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азаттық тілшісінің қоңырауына жауап бермеді. "Еркіндік қанатының" мәліметінше, аталған аймақтағы 804-сайлау учаскесінде бюллетенді топтап салу оқиғалары тіркелген, суреті мен видеосы да бар.

Бұған дейін "Еркіндік қанатының" тәуелсіз бақылаушылары мен Қазақстан жастар ақпарат қызметі (МИСК) түске дейін тіркелген заң бұзу фактілері жайлы хабарлаған еді. Олардың арасында сайлау комиссиясы мүшесінің қолы қойылмаған бюллетень үлестіру, бақылаушылардың қозғалысына шектеу қою, биліктегі "Аманат" партиясынан бір сайлау учаскесінде екі бақылаушының болуы сияқты фактілер бар.

18:15 20.11.2022

20 қарашаға қараған түні белгісіз біреулер Алматыдағы Elmedia редакциясы кеңсесі есігінің терезесін шағып кеткен. Бұл туралы басылымның бас редакторы Гүлжан Ерғалиева хабарлады.

Оның сөзінше, бұл осымен екінші рет болып отырған жайт. Қазан айында әлдекімдер редакция кеңсесі есігіндегі терезесінің бір бөлігін сындырып, кіреберіс жердегі асфальтқа Elmedia. Kz News деп жазып кеткен.

"Ғимараттың күзеті нашарлау, бақылау камерасы жоқ және ғимарат иелері кіреберіс жерді бақылауды дұрыс қамтамасыз етпейді. Полиция өткеннен бері ештеңені анықтаған жоқ. Ондай басқыншыларды интернет арқылы жалдау оңай деп айтылады, кез келген тапсырысты орындайды. Терезе шағуды өзіме жасалған ескерту деп қабылдаймын, сонымен бірге жұмысымызды қиындатып, бізді осы жақтан қуу әрекеті деп түсінемін" деді Ерғалиева Facebook желісінде.

Қазақстан халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" 180 елдің арасында 122-орында тұр. Құқық қорғаушылар елдегі сөз бостандығының жағдайын күрделі деп бағалайды.

Elmedia редакциясы "шабуылға ұшырады"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:18 0:00

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG