Accessibility links

"Қазақстанда қалдық бизнесімен айналысқаннан гөрі дөнер ашу оңайырақ". Қоқыс арқылы ақша табу неге қиын?


Қалалық тұрмыстық қалдықтар полигоны. Алматы, 2019 жыл.
Қалалық тұрмыстық қалдықтар полигоны. Алматы, 2019 жыл.

Қазақстанда қоқыстарды өңдеу және утилизациялау деңгейі әлі де төмен. Ресми мәлімет бойынша, елде шығатын тұрмыстық қалдықтардың шамамен 15 пайызы ғана өңдеуге жіберіледі. Қалғаны полигондар мен қоқыс алаңдарын толтырып жатыр.

Елде қоқыстарды өңдейтін кәсіпорындардың саны жүзге де жетпейді. Қалдық қабылдайтын компаниялар түрлі қиындықтарға байланысты азайып барады. "Осылайша қалдықтан ақша табу бизнесі Қазақстандағы ең қиын бизнестердің біріне айналды, ал қалдық өңдеу нарығы тұрақсыз, бұл саладағы проблемалардан сүрініп жығыласың" дейді онда жүрген кәсіпкерлер.

EcoKundelik-тің кезекті эпизодында кәсіпкер Айбек Рахиммен қалдықтан ақшу табу бизнесінің жай-жапсары жөнінде әңгімелесеміз.

Подкаст қонағы экокәсіпкер Айбек Рахим айтқан ойлардың маңызды тұстарын мәтін түрінде де ұсынамыз.

"ҚАЛДЫҚ СҰРЫПТАУ ЖОБАСЫН ЖАСАП, ӨМІРІМ ӨЗГЕРДІ"

Айбек Рахим – Алматыда тұрғындардан қайта өңделетін қалдық түрлерін жинап, сұрыптап, қоқыс өңдейтін компанияларға өткізіп, сол арқылы ақша тауып жүрген санаулы кәсіпкерлердің бірі.

Қалдық жинаумен айналысатын компанияның негізін қалаған кәсіпкер Айбек Рахим. Жеке архивтен алынған.
Қалдық жинаумен айналысатын компанияның негізін қалаған кәсіпкер Айбек Рахим. Жеке архивтен алынған.

"Экология мәселесімен мектеп кезінен бері айналысып келемін. 11 сынып оқып жүрген кезде бір жоба жасадым: тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау жобасы. Алматыда туылсам да Павлодарда өскенмін. Бізде көптеген үйлердің "қоқыс құбырлары" бар. Тұрғындар пәтерден шыққан кезде астыға түспей-ақ сол құбыр арқылы қоқыстарды тастайтын. Сол қалдық құбыры арқылы бір жоба жасаған едім. Адам әртүрлі батырманы басқан кезде астындағы жәшіктер ауысады. Сондай жоба жасап, инновациялық патент алдым. Содан өмірім өзгерді десе де болады. Алматыда халықаралық IT университетіне түскенмін. Программист болып оқығанмын. iOS дамытушы болдым. Бұрын қосымшамыз MyTazalyq деп аталған. Бірінші нұсқасын iOS қосымшасын өзім жасаған едім. Адамдар қолдана бастады. Бұл бізге шабыт берді" деді Айбек Рахим.

Оның сөзінше, әуел баста ол халықты қоқыс жинайтын компаниялармен байланыстыратын қосымша ғана жасағысы келген. Алайда қалада халыққа тұрақты түрде сапалы қызмет көрсететін ондай компания болмағандықтан сондай компанияны өздері құрған. Қазір қалада осындай әдіспен қоқыстарды қабылдайтын бір экостанция бар. Екеуі жақында ашылады.

Кәсіпкердің айтуынша, олар қайта өңдеуге келетін қалдық түрлерін қабылдап қана қоймай, жұртты, компанияларды экоәдеттерге баулумен де айналысады. Өйткені, қалдықтардың дұрыс сұрыпталған келуіне компания да мүдделі. Компанияның экостанциясына қалдық тапсырып, бонус алғысы келетіндер компанияның қосымшасын жүктеп алуға тиіс.

"Адамдар өздерінің тапсырған қалдықтарын өз аккаунттарынан көре алады. Бұған қоса, жүргізушілерді ақылы түрде үйлеріне шақырып, қалдықтарды тапсыра алады. Компаниялар бізбен бірге келісімшартқа отырып, мобильді қосымша арқылы жүргізушілерімізді шақыра алады. Адамдар бонус алады, компаниялар бонус алады. Егер адамдар ақша төлегісі келмей, керісінше бізден ақша алғысы келсе, олар біздің экостанциямызға келіп қалдық түрлерін тапсырып, бонус ала алады. Оларды сосын тауарларға алмастыра алады. Жұрт бізді қолдап жатыр" деді Айбек Рахим.

ЖҰРТ ӨТКІЗГЕН ҚОҚЫСТАР ДҰРЫС СҰРЫПТАЛА МА?

"Біз пластикті тастау үшін жинамаймыз. Егер өйтсек, баяғыда банкрот болар едік. Кейде адамдар өңдеуге келмейтін қалдық түрлерін әкеледі. Енді оларды біз полигонға жіберуге мәжбүрміз. Өйткені олар орын алады. Мен әрбір орынға ақша төлеймін. Біз қалдықтарды сұрыптап, сығымдап, қайта өңдеу компанияларына жүк көліктерімен жібереміз. Қайта өңдейтін компаниялар оларды өңдейді" дейді Айбек Рахим.

Кәсіпкер мемлекет қайта өңдеу компанияларын қолдауға тиіс деп санайды. Оның сөзінше, қазір олар Ресей мен Қытайдан келетін арзан пластиктердің салдарынан шикізаттарын өткізе алмай отыр. Ал бұл өз кезегінде қоқыс жинайтын компанияларға да теріс әсер етеді.

"Қайта өңдеу компаниялары бізден қалдықты бір кезде қабылдайды, бір кезде қабылдамайды, бір кезде өздерінің стандарттары пайда болады немесе бағаны қатты түсіріп жібереді. Бізде ондай компаниялар аз. Егер жүздеген компания болса, бізде де таңдау болушы еді. Мысалы, этикетка. Бізден полипропилен пластик қабылдайтын бір компания бар. Бізге төлейтін бағасы да көп емес. Полипропилен пластик әдетте жеңіл болады. Оны бізден этикеткасыз қабылдайды. Егер қағаз этикеткасы болса, өңдеу компаниясы бізден тұтас партияны "жарамсыз" деп қабылдамай қояды. Енді ойлаңыз, біз бір тонна полипропилен пластикті жинау үшін (бұл өте жеңіл пластик) оны екі-үш апта сорттаймыз. Оны төрт әйел сорттайды. Қағаз этикеткалары болса, оларды пышақпен кеседі, себебі оларды қолмен ала алмайсың. Одан кейін оның салмағы да түседі. Сосын біз оны жинаймыз. Оны көлікпен сол компанияға апарамыз. Қазір ол компания ақшаны бізге бірден бермейді. Оның өзінің шегеру мерзімі бар: 1-1.5 ай. Сонда біздің айналымда жүрген ақшамыз бізге бірден қайтып келмейді. Уақыт керек. Сол себепті менің ойымша, қайта өңдейтін компанияларға көмек керек. Бізге көмек бермей ақ қойса да, қайта өңдейтін компанияларға көмек беру керек. Өйткені, олар өздері жасап шығарған шикізаттарын біздің нарықта сата алмай отыр. Неге десеңіз, Қытай, Ресейден арзан пластиктер келіп жатыр. Демпинг жасап жатыр. Біздің зауыттар олар ұсынған бағамен күресе алмай, өндірістері тұралап тұр" дейді кәсіпкер.

Қалдық қабылдайтын Алматыдағы экостанция.
Қалдық қабылдайтын Алматыдағы экостанция.

"ЛИТИЙ-ИОНДЫ АККУМУЛЯТОРЛАР ҚҰР БОСҚА ТАСТАЛЫП ЖАТЫР"

"Бізде литий-ионды аккумуляторлар өңделмейді. Олар қоқысқа тасталып, айналаға қаншама зиян келтіріп жатыр. Біз оларды әріптестерімізбен бірге өңдегіміз келген. Инвестор таптық, жабдықтарын таптық. Литий-ион аккумуляторларын шығаратын компаниялармен сөйлесіп, олардың көлемін де алуға болатын еді. Бірақ келесі сатыға өткен кезде тығырыққа тірелдік. Оны қайта өңдеу үшін бірнеше бөлікке бөлу керек болады: бір жерге мыс, металл, "қара массаны" бөлек жинайды. "Қара масса" деген оның ішінде литий, кобальт бар, никель бар, олар асыл металл деп аталады. Бізде сондай асыл металлдарды Қытайда немесе Еуропада сатып алады екен. Бірақ біз оларда асыл металл болғандықтан Қазақстаннан шығара алмайды екенбіз. Ал оларды осында жинап, өңдейтін компанияларға берейік десек, ондай компания да жоқ. Осылайша тығырыққа тірелдік. Мемлекет осындай мәселелерді шешу керек деп ойлаймын. Қоқыстарды қайта өңдейтін және жинайтын компанияларға заңдық жағынан қолдау көрсетсе, жұмыс істеуге мүмкіндік берсе дейміз" дейді кәсіпкер.

Айбек Рахим Қазақстанда өнім қаптары мен қалдықтарына қатысты депозиттік-қайтару жүйесін енгізсе, қалдықтарды сұрыптау және өткізу деңгейі 50 пайызға жетуі (қазір шамамен 15 пайыз) мүмкін дейді.

"Мысалы мен супермаркетке барамын. 300 теңгеге бір бөтелке Сoca Сola сатып аламын. Оның 50 теңгесі – сол бөтелкенің бағасы. Сол жерде супермаркетте: "егер осы бөтелкені қайта өңдеуге тапсырсаң, 50 теңгесін қайтып аласың" деп жазылып тұрады. Бұл Еуропада қайта өңдеу деңгейі жоғары елдерде бар тәжірибе. Егер бізде де осы жүйе енгізілсе, қайта өңдеу деңгейі жоғары болушы еді.

Фандоматтар сондай механизм үшін арнайы шығарылған. Фандомат бұл қалдық жинаудың автоматтандырылған түрі. Қанша бөтелкені қандай компаниялардан қабылдағаны туралы статистика жүргізіп отырады. Бізде ондай жүйе болмағандықтан фандоматтар қатты сұранысқа ие болып жатқан жоқ. Өйткені бізде бөтелкені тапсырған кезде 1-2 теңге береді. Көбісі "ой, мен 10 теңге үшін 10 бөтелкені тапсырып жүремін бе, ол маған керек емес" деп ойлайды. Егер алыста болса, оған барып тапсырмайды. Ал ойлаңызшы, егер бізде бөтелкенің құны 1 теңге емес, 10-20 теңге болса, онда жұрт далада ақша жатыр деп ойлаушы еді. Сүйтіп, фандоматтарға немесе Ecosen сияқты компанияларға тапсырушы еді. Мысалы, қазір Алматыда көшеде металл жерде жатпайды. Өйткені, көше сыпырушы ма, басқа ма, сол металды алып, металлоломға тапсырады. Өйткені, металдың бағасы тұрақты, жоғары. Адамдар тапсырып, ақша алады. Ecosen сияқты компаниялар қазір тапсырылған бір бөтелке үшін 10 теңге бере алмайды. Неге десеңіз. біз оған қалай қараймыз. Біз пластикті бір бағаға сатамыз. Айталық, бір килограмда 17 бөтелке болса, бізге берілген бағаны 17-ге бөлеміз. Сонда бір бөтелкенің бағасы шығады. Ал ол 1-2 теңгеден аспайды. Егер мен 5 теңгеге қабылдасам, бітті, мен банкрот боламын. Егер мемлекет көмек берсе, біз 5 емес, 20 теңге қоя аламыз. Бірақ қазір онлдай қолдау жоқ" деді Айбек Рахим.

ҚАЛДЫҚ БИЗНЕСІНІҢ БОЛАШАҒЫ

Қалдық жинаумен айналысатын компания жетекшісі Айбек Рахим. Жеке архивтен алынған.
Қалдық жинаумен айналысатын компания жетекшісі Айбек Рахим. Жеке архивтен алынған.

"Мен қалдық бизнесінің болашағына сенемін. Мен ылғи да ойлайтынмын: егер мен бизнеспен айналысатын болсам, мен одан жақсы ақша тапқым келеді. Екіншіден қоршаған ортаға, адамдарға өзімнің көмегімді бергім келеді. Сондықтан осы бизнеспен тоқтатпай айналысып жүрмін. Еуропада қоқыс өңдейтін, қоқыс жинайтын компаниялар миллиондаған, миллиардтаған ақша тауып жатыр. Өйткені олардың механизмдері бар. Қоқыс басқарумен айналысатын компания Билл Гейтстің портфелінде екінші орында тұр. Оған миллиардтаған доллар инвестиция салынған. Себебі нарық үлкен. Халық көбейген сайын қоқыс та көбейеді. "Тұтыну ғасыры" дейді. Адамдар керек болмаса да, тауарларды ала береді. 1-2 күн қолданады, 1 минут қолданады, 5 минут қолданады. Қоқыс пайда болады. Біз Қазақстанның қалдық нарығында үлкен компания болғымыз келеді. Тек мемлекет қолдаса, жұмыс істеуге жағдай жасаса".

Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан, Spotify-дан тыңдай аласыздар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG