Азаттық радиосы
Қамауда, тергеу назарында, күдікті. Назарбаевтың жақындары жайлы қазірге дейін не белгілі?

Қамауда, тергеу назарында, күдікті. Назарбаевтың жақындары жайлы қазірге дейін не белгілі?

Азаттық радиосы

Маусым 24, 2022

Кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан соң елде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақындарының бірі қамауға алынып, бірі "тергеу назарына ілінді". Қыздары жайлы да ақпарат тапшы. Назарбаев отбасы Қаңтар қырғынына дейін елдегі ең ықпалды әулет болған еді. Дәл қазір Назарбаевтың жақындары қайда? Олар жайлы не белгілі?

ҚАЙРАТ САТЫБАЛДЫ

Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды "Қазақтелекомның" қомақты қаржысын жымқырды және қызметін асыра пайдаланды" деген күдікпен 13 наурыздан бері қамауда отыр. Жемқорлыққа қарсы агенттік Сатыбалды Дубайға ұшпақ болған сәтте ұсталғанын хабарлаған еді. Агенттік оның үстінен мемлекетке қауіпсіздік төндіретін өзге де қылмыстарға қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын да айтқан.

Наурыздың ортасында жемқорлыққа қарсы агенттік Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының үстінен "бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу" күдігі бойынша тергеу бастап, оны изоляторға қамаған. 10 маусымда тергеу соты Қайрат Сатыбалды мен Гүлмира Сатыбалдының қамау мерзімін тағы бір айға ұзартты.

Қайрат Сатыбалды — Назарбаевтың туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы, 2018 жылы қазақстандық Forbes журналы оны елдегі ең бай елу бизнесменнің тізіміне енгізген. Қайрат Сатыбалдының дәулеті 163 млн долларға бағаланған. Ол 2000 жылдары Астана қаласы (қазіргі – Нұр-Сұлтан) әкімінің орынбасары, "KazakhOil" компаниясының вице-президенті, "Қазақстан теміржолы" компаниясының вице-президенті болған. 2010-2015 жылдары ағасы Нұрсұлтан Назарбаев басқарған "Нұр Отан" партиясында (қазіргі "Аманат") хатшы болды. Қайрат Сатыбалды қамауға алынғанға дейін бірнеше бизнес компанияларын басқарып, "Қазақтелеком" компаниясында үлесі болған еді. Қайрат Сатыбалды — Назарбаев президенттіктен кеткелі оның әулетінен әлдебір қылмыстық іс бойынша ұсталған алғашқы адам.

Сарапшы Виктор Ковтуновский Азаттыққа берген сұхбатында Қайрат "Қазақтелеком ісі" Сатыбалдыұлына нақты айып тағу үшін керек болғанын, оның ұсталуына Қаңтар оқиғасының қатысы бар болуы мүмкін деп топшылайды.

САМАТ ӘБІШ

Назарбаевтың тағы бір немере інісі Самат Әбіш (Сатыбалды Назарбаевтың кіші ұлы) қазір "тергеу назарында". Бұл туралы 22 маусымда ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмірханов айтты.

Биыл Қаңтар оқиғасынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары қамауға алынған. Биыл Қаңтар оқиғасынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары қамауға алынған. Оларға "билікті күшпен басып алуға талпынды", "ірі көлемде пара алды", "қызмет бабын асыра пайдаланды" деген айып тағылып, қамалған. Ал Мәсімовтің бірінші орынбасары болған 43 жастағы Самат Әбіш қызметінен босатылғанымен, оның үстінен қылмыстық іс қозғалмаған еді. Бұрында жұрт көзіне көп көріне бермейтін Самат Әбіштің қазір қайда екені белгісіз.

ҰҚК-да 2010 жылдан бері жұмыс істеген Самат Әбіш күш құрылымдарындағы ықпалды адамдардың бірі болған.

БОЛАТ НАЗАРБАЕВ

21 маусымда Қазақстан қаржы мониторингі агенттігі Назарбаевтың бауыры Болат Назарбаевтың үстінен "рейдерлік" айыбы бойынша шағым түскенін, бұл шағым тексерілетінін мәлімдеді. Бизнесмен Нұрша Кәкенов Болат Назарбаевты "Karuan компаниясын рейдерлік жолмен тартып алды" деп айыптап отыр. Қаңтар оқиғасынан соң Болат Назарбаевтың қазақ-қырғыз шекарасынан өтіп, Бішкек арқылы Дубайға "ұшып кеткені" айтылған.

Болат Назарбаевқа рейдерлік айып таққан Кәкенов қана емес. Сәуірде Алматы облысындағы Almaty Steklo зауытының иелерінің бірі кәсіпорындағы үлесінің жартысын Болат Назарбаев тартып алғанын мәлімдеген. Одан бұрын қаржылық мониторинг агенттігі Болат Назарбаевқа қатысы бар майнинг компанияларды анықтаған.

Бұған дейін Болат Назарбаев Алматыдағы "Алтын орда" базарының қожайыны екені айтылған еді. Ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы және Алматы облысының әкімдеріне үкіметпен бірлесе отырып, "Алтын ордада" тәртіп орнатуды тапсырған және екі ай мерзім берген. Ал 22 маусымда бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Алтын орда" базарына иелік ететін "Altyn Orda QazTrade LTD" компаниясына "монополия орнатып, бағаны қымбаттатқан" деген күдікпен әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады.

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА МЕН ҚАЙРАТ ШӘРІПБАЕВ

Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мәжілістегі мандатын тапсырып берген. Содан бері ол да жұрт алдына шықпады. Оның қазір қайда екені белгісіз. Назарбаева әкесі билікте отырған тұста елдегі ықпалды адамдардың біріне айналып, ірі ақпарат құралдарын бақылауда ұстады. Оның есімі Panama papers офшорлық құжатында аталды. Ұлы Нұрәлі Әлиев екеуінің Лондонда бірнеше қымбат үйі бары айтылады.

Назарбаеваның күйеуі делінетін Қайрат Шәріпбаев Қаңтар оқиғасынан соң елдегі газ саласындағы ықпалды QazaqGaz компаниясының төрағалығынан "өз еркімен" кетті. Шәріпбаев бұл компанияны 2014 жылдан бері басқарып келген еді. 6 маусымда QazaqGaz-дың қазіргі төрағасы Санжар Жаркешов компанияда биылғы жылдың 14 қаңтарына дейін 937 млрд теңгеге (2,2 млрд доллар) заң бұзушылық болғанын мәлімдеді.

ӘЛИЯ НАЗАРБАЕВА МЕН ДИМАШ ДОСАНОВ

Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева да жыл басынан бері ел көзіне көрінбей кетті. Ол 13 қаңтарда Назарбаев отбасынан алғашқылардың бірі болып Қаңтар қырғыны жайлы пікірін білдірді. Әлия Назарбаева желіде "Мұндай қатаң сабақ тарихымызда ендігәрі қайталанбасын. Бейбіт заманда халықтың опат болғаны дұрыс емес" деп жазып, түрлі аймақтан тұрғындардың әкесін қолдап, хабарлама жіберіп жатқанын айтқан. Кейін қоғам сынынан соң оның желідегі парақшалары жоғалып кетті. Ал Qumash telegram-каналы Әлия Назарбаеваның парақшасы сол кезде БАӘ-ден басқарылғанын жазған.

Қаңтардың ортасында Әлия Назарбаеваға қатысы бар утилизация алымын жинайтын "Оператор РОП" жеке компаниясы жұмысын тоқтатты. Қаңтарда Қазақстан президенті Тоқаев бұл компанияның ісіне қатысты "көп сұрақ бар" деп, утилалыммен "мемлекеттік компания айналысуы керек" деген.

Бұған қоса Әлия Назарбаеваның күйеуі Димаш Досанов 15 қаңтарда "ҚазТрансОйл" компаниясының басқарма төрағасы қызметінен кетті. Билік Досанов қызметінен "өз өтінішімен" кеткенін мәлімдеді. Ол 2004 жылдан бастап елдегі мұнай мен газ саласындағы ықпалды "ҚазМұнайГаз", "ҚазТрансОйл" компанияларында қызметте болып, карьерасының шарықтау шегі "ҚазТрансОйл" төрағалығына жетті.

ДИНАРА НАЗАРБАЕВА МЕН ТИМУР ҚҰЛЫБАЕВ

Динара Назарбаева да Қаңтар оқиғасынан соң жұрт алдына шыққан жоқ. Оның қайда екені белгісіз. Ал оның күйеуі бизнесмен Тимур Құлыбаев Қаңтар оқиғасынан соң "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы төрағалығынан кетті. Бірақ ол қаңтарда Тоқаев өткізген бизнесмендермен кездесуге қатысты, 10 маусымда Нұр-Сұлтанда шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында төбе көрсетті.

Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Назарбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев Қазақстандағы ең бай адамдардың қатарында. Forbes журналы Құлыбаевтар отбасының капиталын 7,6 миллиард доллар деп бағалайды. Олар Forbes журналына енген 2668 адамның ішінде 778-орында тұр. Екеуі елдегі ең ірі банк – "Халық банкті" бақылауда ұстайды.

ҚАЙРАТ БОРАНБАЕВ

Назарбаевтар әулетінің экс-құдасы, елдегі ең бай бес бизнесменнің қатарындағы Қайрат Боранбаев наурыздың ортасынан бері қамауда отыр. Қаржы мониторинг агенттігі бизнесменнің "квазимемлекеттік секторден аса ірі көлемде қаржы жымқырды" деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған.

Боранбаев - елдің экс-президенті Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. Боранбаевтың қызы Алима Боранбаева Дариғаның ұлы Айсұлтан Назарбаевқа (2020 жылы қайтыс болған) тұрмысқа шыққан. Кейін Айсұлтан мен Алима ажырасып кеткен.

Forbes Kazakhstan есебі бойынша, Боранбаевтың байлығы – 519 млн доллар. Ол 2000-2002 жылдары "ҚазТрансГаз" компаниясының атқарушы директоры және "Intergas Central Asia" компаниясының коммерциялық директоры, 2006-2014 жылдары "ҚазРосГаз" компаниясының бас директоры болды.

Боранбаев – Алматының "Қайрат" футбол командасының иесі. Fitnation фитнес клубының, "Рахат Палас", Comfort Hotel Astana қонақ үйлерінің иесі, Esentai Mall, Esentai Tower бизнес орталығын, "Алмалы" сауда орталығын, Латвиядағы Jurmala Golf Club & Hotel қонақүйін серіктестерімен бөлісіп басқарады. McDonalds тамақтану орнының Қазақстандағы франчайзинг иесі. Оның Британия, Чехия, Ресейде қымбат үйлері бары да белгілі болған.

НАЗАРБАЕВ НЕ ДЕДІ?

Назарбаев пен оның әулеті 2022 жылдың басына дейін елдегі барлық саланы бақылауда ұстап отырған еді. Қаңтар қырғынан соң елдегі ең ықпалды әулет әлсіреді. Назарбаевтың өзі жақындарының бірі ұсталып, енді бірі қызметінен алынып жатқан тұста "туыстары атын жамылып заң бұзса заңға сай жазалану" керек деді.

Мамырда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа берген сұхбатында "Біз көп жылдан бері Қазақстанды құқықтық ел ретінде құрдық. Оның басты принципі – заң бәріне ортақ. Жақындарымның бірі атымды пайдаланып тасада заң бұзса, заңға сай жауапқа тартылуы керек" деген еді.

Бұл – Назарбаевтың Қаңтар оқиғасынан кейінгі және жақындары ұсталып я қызметтен кетіп жатқан тұста берген алғашқы сұхбаты.

Қазақстанды 30 жылдай басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кетіп, орнына Тоқаевты таңдаған. Бірақ ол Қауіпсіздік кеңесінің өмірбақи төрағасы ретінде билікке ықпал етіп отырған еді. 2022 жылы қаңтардағы дүрбелең кезінде Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын өз қолына алды.

11 қаңтарда Тоқаев Назарбаев тұсында "өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды. Халыққа тиесіліні халыққа беретін, жүйелі түрде көмектесетін уақыт келді" деп "Қазақстан халқына" қорын құрған. Кейін бұл қорға елдегі бай бизнесмендер қаржы аударған еді.

Сарапшылар Қаңтар оқиғасына Назарбаев кланы мен Тоқаев арасындағы тартыс себеп болды деп санайды. Назарбаев та, Тоқаев та "элита арасындағы қақтығысты" жоққа шығарған.

Назарбаев 19 сәуірде "Тұңғыш Президент музейінде" ұйымдастырылған картиналар мен қолөнер көрмесіне барып, Қаңтар оқиғасынан соң елдегі шараға алғаш рет қатысты.

Тоқаев наурыздағы халыққа жолдауында Қаңтар оқиғасын өзін қызметтен кетірмек болған кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер, әскери және арнаулы мемлекеттік қызметтердің басшылары ұйымдастырған деп мәлімдеп, оларды "отанына опасыздық жасағандар" деп атады. Тоқаев ешкімнің аты-жөнін атамады, бірақ ҰҚК-ның басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары қызметінен алынып, қаңтардан бері тергеу абақтысында қамауда отыр.

Қаңтар көтерілісінен соң елде Конституция референдум арқылы өзгеріп, Назарбаевтың "тұңғыш президент - елбасы мәртебесі" елдің бас заңынан алынып тасталды.

Оқи отырыңыз: Назарбаев әулеті мен Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім сарайлары