Accessibility links

Президент сайлауына екі күн қалды. Электорат қалай өзгерді?


Қазақстан президенттігіне кандидаттар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Амангелді Таспиховтың сайлау жарнамалары ілінген жерден өтіп бара жатқан адам. Алматы, 13 мамыр 2019 жыл.
Қазақстан президенттігіне кандидаттар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Амангелді Таспиховтың сайлау жарнамалары ілінген жерден өтіп бара жатқан адам. Алматы, 13 мамыр 2019 жыл.

Сарапшылар «Әміржан Қосановты қолдаушылар мен сайлауға бойкот жасауды жақтайтындар арасындағы тартыс» бұл жолғы президент сайлауы науқанының басты ерекшелігі болды деп санайды. Олар «екі жақ тартысқанда билік өзін еркін насихаттағанын» айтады.

«ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ТАРТЫС»

Кезектен тыс президент сайлауына екі күн қалды. Сайлаудан бір күн бұрын, яғни маусымның сегізі - тыныштық күнінде президенттікке кандидаттардың үгіт-насихаты тоқтайды.

Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылар бұл жолғы президент сайлауының үгіт-насихаты кезінде электораттың белсенділігі бұрынғы сайлауларға қарағанда жоғары болды деп санайды.

Сарапшылар сайлау алдындағы электоратты негізгі бес топқа бөледі. Олар - «Нұр Отан» партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаушылар, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымы ұсынған кандидаты Әміржан Қосановты қолдаушылар, сайлауға бойкот жариялауға шақырушылар, Тоқаев пен Қосановтан өзге бес кандидаттың шағын электораты және бесіншісі – сайлауға бару, бармау мәселесін әзірге айқындамаған белсенділігі бәсең электорат.

Сарапшылардың пікірінше, алдыңғы үш электораттың басқаларға қарағанда белсенді жұмыс істейтіні байқалған.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның сөзінше Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әміржан Қосанов екеуінен өзге кандидаттардың үгіт-насихаты «сылбыр көрінеді, соңғы кездері әлеуметтік желідегі жарнамалары да саябырлады, жұртшылық аталған екі кандидат негізгі қарсылас деп біледі» деп санайды.

Толғанай Үмбетәлиева.
Толғанай Үмбетәлиева.

Үмбетәлиева бұл жолғы сайлау науқанының басты ерекшелігі - негізгі қарсыласты қолдаушылар арасында емес, Әміржан Қосановты қолдаушылар мен сайлауға бойкот жасауды жақтайтындар арасында өрбігені болды деп біледі.

- Сайлауға бойкот жариялауды қолдайтындардың, шетелдегі және Қазақстандағы оппозиция белсенділерінің Әміржан Қосановты мейлінше белсенді сынағаны Тоқаев командасының жұмысын жеңілдетті. Көшеде Тоқаевтың билборды көп болғанымен өте қызу үгіт жүргізбеуге тырысқаны да содан болар,-дейді ол.

Қазақстанда бұған дейінгі сайлауларды бақылап келген ол бұл жолғы сайлау электораттың белсенділігін күшейткенімен де ерекшеленді деп санайды.

- Бұл - өте жақсы белгі, халықтың өзгеріске құштарлығының белгісі,-дейді ол Азаттыққа.

Әлеуметтік желіні белсенді қолданушы, заңгер Руслан Түсіпбеков те қоғамда белсенділік күшейгенін байқаған.

- Сайлау әлеуметтік желіде ғана емес көшеде де, базарда да белсенді талқыланып жатыр. Менің ойымша, оған Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауға түспегені және Әміржан Қосановтың қатысқаны себеп болған сияқты. Қосанов факторы болмаса сайлау бұрынғыша ың-шыңсыз өтуі мүмкін еді. Қосановты қолдайтындар мен бойкотқа шақырушылар арасындағы тартыс сайлауды қыздырды. Ал, екеуі тартысқанда билік өзін еркін насихаттады,-дейді ол.

Руслан Түсіпбековтің сөзінше Қосановты қолдаушылар мен сайлауға бойкотты қолдаушылардың екеуі де билікке қарсылар. Бірі осы сайлауды келесі сайлауға дайындық ретінде қарастырса, екіншісі «Сайлау туралы» заңды өзгертіп барып сайлау өткізуді ұсынады.

Руслан Түсіпбеков «бойкотқа шақырушылар Әміржан Қосанов билікпен келісімге келді деп ойлайды. Бірақ халық арасында онымен келіспейтіндер де бар» деп санайды.

Сарапшы Руслан Түсіпбеков бірер күн бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзге кандидаттардан әлдеқайда жоғары дауыс алатынын көрсететін социологиялық сұрау нәтижелері шыққанына назар аударады. Мұны ол биліктің «үгіт-насихатының бірі, халықтың бойын үйрету тәсілі» деп бағалайды.

«БАҚЫЛАУШЫЛАР КӨБЕЙГЕН»

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша электораттың көңіл-күйін әлеуметтік желімен ғана өлшеуге болмайды. Желіден тыс қоғамда белсенділік аз. Ол өзінің айналасында жүрген адамдардың көпшілігі сайлауға сенбейтінін, биліктің кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевқа да, өзін «тәуелсіз кандидат» деп атаған Әміржан Қосановқа да күмәнмен қарайтынын айтады.

- Бұл электорат белгілі бір топты қолдағандықтан емес, «бәрібір ештеңе өзгермейді» деген бұрынғы инерциямен сайлаудан бас тартады. Ал бюджет қызметкерлері мен студенттерді және армияны билік өзінің электораты санайды. Билік оны қазірден-ақ дайындап отыр. Әлеуметтік желіде Қосановты қолдаушылар көп секілді көрінсе де биліктің электораты басым болуы мүмкін,-деп болжайды ол.

Тоқаевтың сайлауалды жарнамасы. Алматы, 3 маусым 2019 жыл.
Тоқаевтың сайлауалды жарнамасы. Алматы, 3 маусым 2019 жыл.

Сарапшылар бұл сайлауда негізгі екі кандидаттың сайлау бақылаушыларын көбірек дайындауға ұмтылып отырғанын, еріктілер де көбейе бастағанын айтады.

- Қалай болғанда он мың сайлау учаскесін толық бақылау қиын. Билік партиясы бәрін қамтуға тырысатын болар, басқаларының оған шамасы жетпейді. Билік кандидатынан өзгелер ірі сайлау учаскелерін қамтуға ұмтылады. Бірақ заң бұзушылықтар болған жағдайда фактілерді бір күнде қалай жинап үлгеретіні түсініксіз,-дейді ол.

Сарапшы Руслан Түсіпбековтің айтуынша, бұл жолы сайлауды бақылауға ынталылар көбейгені рас, бірақ олар нақты бір ұйымда жұмыс істемейтін бақылаушылар.

- Электораттың сайлауды бақылау тәжірибесі жоқтығы да сайлауда білінетін болады,-дейді ол.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл, сәуірдің 9-ы күні кезектен тыс президенті сайлауы өтетінін мәлімдеген. Осы мәлімдемесенде сайлаудың «ашық, әділ өтетінін» айтқан.

Қазақстан президентін сайлау бұған дейін бес рет өтіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың ширек ғасыр Қазақстанды басқарған. Биыл наурыз айында ол президент қызметінен бас тартып, орнына парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынған.

Сайлаудың әділ өтетініне сенесіз бе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:04 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG