10 қаңтар, жексенбі күні Қазақстанның басқа өңірлеріндегідей Алматыдағы сайлау учаскелері де таңертеңгі сағат 7-де ашылды. Бірақ таныс фотограф айтқандай, сағат 9-дан ерте барудың еш мәні болмады, өйткені дауыс беруге сайлаушы әдеттегіден аз келді.
Сағат 9-да Ұлттық кітапханадағы сайлау учаскесіне барғанымда, дауыс беруге шынымен аз адам келгенін байқадым. Сайлау учаскесіне кіреберісте қорғаныш костюмін киген әйел дене қызуымды өлшеді. Кітапхана фойесінің оң жақ бетіне сайлаушыларды тіркеуге арналған үстелдер қойылған, сол жақ бетінде бақылаушылар отыр. Айналада мұқият бақылауды қажет ететін ештеңе болмағандықтан, бақылаушылардың бірі телефонына үңіліп, екіншісі жан-жағына қарап отыр. Бұлардың бәрі партиялардың атынан сайлауды бақылауға келгенін, арасында тәуелсіз бақылаушы жоғын кейін ғана білдім.
Сайлау комиссиясының мүшесі журналистік куәлігім мен редакциялық тапсырмама ұзақ шұқшиып, құжаттарымның көшірмесін алған соң ғана бюллетень салатын жәшік тұрған залдың ортасына шақырды. Осыдан кейін фотоға түсіруге рұқсат алдым.
Шын мәнінде бұл жерде суретке түсіретін ештеңе жоқ екен. Сайлау учаскесіне дауыс беруге келгендерден журналист көп, олар мұнда келген әрбір сайлаушыны суретке түсіріп алып отырды.
– Бұл жерге азаматтық борышымды өтеуге келдім. Елде болып жатқан оқиғаларды мұқият бақылап отырамын. Сондықтан барлық азамат дауыс беруге міндетті деп ойлаймын. Түсінесіз бе, сайлау – өте маңызды шара, сіз де бүгін дауыс беріп үлгеретін шығарсыз деп үміттенемін, – деді шашы күлгін түске боялған, қолына скандинавиялық жүріске арналған таяқ ұстаған қарт әйел.
Осыдан кейін Мәжит Бегалин атындағы гимназияда орналасқан сайлау учаскесіне бардым. Сайлау комиссиясы отырған күңгірт дәліз тар әрі қолайсыз екен. Бұл жерде де дауыс беруге келгендер аз болды: сайлау учаскесінде болған қырық минуттың ішінде он бес шақты адам ғана дауыс берді. Сайлау комиссиясы мүшелері түске қарай дауыс беретіндер көбейетінін, әзірге сайлаушы үйден шығуға асықпай отырғанын айтты.
– Түсінесің ғой, партиялардың бәрі жалған сөйлейді. Сондықтан "Дауыс беру керек пе, жоқ па?" деген дилеммаға тап боласың. Әрине, бюллетень бүлдіріп немесе ең аз дауыс жинайтын партияға қолдау көрсетуге болады. Ол – менің жеке шаруам, бірақ сайлаудан қалуға болмайды. Өйткені бюллетенімді менің орныма пайдалануы мүмкін, – деді қаракөл жағалы пальто киген орта жастағы ер адам.
Сайлау күнгі негізгі оқиғалар сайлау учаскелерінен алыстау жерде өтті. Бұл күні бірнеше қозғалыс белсенділері парламент сайлауының өтуіне наразылық білдіру үшін бейбіт митингіге шықты.
Түске қарай оппозициялық белсенді Жанболат Мамайдың жақтастары мен "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының мүшелері Тәуелсіздік ескерткіші тұрған Республика алаңына жинала бастады. Көп ұзамай полиция арнаулы жасағы жиналғандарды қоршап алып, шығармай қойды. Алаңға жақындаған белсенділердің тағы бірнеше тобы да осындай қоршауға түсті. Полиция оларды алаңға қарай өткізбей, бір жерде ұстап тұрды.
Қоршау ішінде қалған Жанболат Мамайдың жақтастары мен "Oyan, Qazaqstan" мүшелері сол жерде плакаттарын жайып, дауыс зорайтқышты алып, парламент сайлауына қарсы митинг өткізе бастады.
Полиция қызметкерлері қоршауға алған жердің ар жағында күтпеген жерден мүлде басқа митинг басталды. Ол жерге билеуші партия "Нұр Отанды" қолдайтын бірісыпыра адам жиналды. Олардың арасында Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Тахир Балықбаев, ғалым Рахман Алшанов, ақын Есенғали Раушанов, "Нұр Отан" партиясының қалалық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров болды.
Бұл адамдар мәртебе үшін және митинг қатысушыларының әрекетін реттеп, үйлестіру мақсатында келген сияқты көрінді. Өйткені митингіде негізінен "Polisia" деген жазуы бар дауыс зорайтқыштың көмегімен қоршауда тұрған белсенділердің сөзін басып тастауға тырысқан, маска таққан жастар мен қарт әйелдер белсенді қимылдады. Көзілдірік пен маска таққан аласа бойлы ер адам белсенділердің "Назарбаев, кет!" деген ұраны мен сайлауға бойкот жариялау туралы үндеуіне жауап қатып, "Мамай сатқын!" деп айқайлады.
– Мамандығым – педагог, өмірде көргенім аз емес, бұлар Украина мен Беларусьтегі жағдай қайталанғанын қалай ма? – деді қоршауда тұрған белсенділерді меңзеген қызыл күртеше киген қарт әйел.
Бір минуттан кейін дауыс зорайтқыш маска тағып, күләпараны көзіне дейін баса киген ер адамның қолына тиді. Ол жанында тұрған қарт әйелге Қазақстан әнұранын айтуды ұсынды. Осыдан кейін олар дауыс зорайтқышпен әнұран айта бастады.
Ер адамның көзі көрінетіндей етіп жақыннан суретке түсіріп алмақ болды, ол дауыс зорайтқышты тура бетіме тақап, "Сайлау!" деп айқайлағаны құлағымды тесіп жіберердей болды. Қоршауда тұрған белсенділер бұған жауап ретінде "Бойкот!" деп айқайлады. Полиция қоршауының екі жағында тұрғандар пинг-понг ойнағандай біраз уақыт осылайша кезекпен айқайлаумен болды.
Бір сағаттан кейін белсенділер полиция қоршауын бұзып-жарып, Тәуелсіздік ескерткішіне қарай өтуге тырысты. Бірақ полицияға қосымша күш келіп жеткендіктен, қоршаудағылар бұрынғы орнына қайтуға мәжбүр болды. Осыдан кейін полиция белсенділерді бұрынғыдан екі есе күшті қоршауға алып, іш жақтан ешкімнің шығуына мүмкіндік қалдырмай, тас қамалдай бітеп тастады.
Түске қарай алаңдағы азаматтарды күштеп әкете бастады. Полиция қоршауда қалғандарға тимей, алаңның Сәтбаев көшесі пен Назарбаев даңғылы жағында ұсталған азаматтарды арнайы көлікке күштеп салуға әкетіп жатты. Олар белсенділерді ұстап жатыр ма, жоқ әлде кездейсоқ адамдарды әкетті ме, ол жағы түсініксіз еді.
Полиция көлікке отырғысы келмей, қарсылық көрсеткен ер адамды аяқ-қолын төрт жаққа керіп көтеріп, күртешесі мен жейдесін етегінен басына көтере кигізіп (бұл кездейсоқ болды ма, әлде ұсталған азамат қарсылық көрсетпеуі үшін әдейі солай жасады ма, ол жағы белгісіз), автокөлікке күштеп салды.
– Басшыларыңды шақырыңдар! Бастықтарың болуы керек қой? Мені не үшін ұстап жатырсыңдар? – деп айқайлады қос қолтығынан қысып ұстап, көлікке қарай сүйрелей жөнелген екі полицейге қарт адам. Оның жай жүргінші я болмаса сайлауға наразылық білдіру үшін алаңға арнайы келген адам екенін айыру қиын еді. Ұсталған адаммен сөйлесу мүмкін болмады: полиция оны лезде көлік үшіне күштеп тығып жіберді.
Басқа басылым журналистерімен бірге көз алдымызда полиция қармаған 31 адамды санап шықтық.
Бұл кезде Төле би және Панфилов көшелерінің қиылысындағы Астана алаңында да осыған ұқсас оқиға болып жатқан. Сағат 14:00-ге қарай алаңға елде қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жақтастары жинала бастады. Әу баста белсенділерді біраз уақыт қоршауға алған полиция кейін оларды да ұстап алып, күштеп әкетуге кірісті. Кейбірін көптің арасынан жұлқып шығарып, көлікке қарай сүйрей жөнелді. Қарсылық көрсеткендерге күш қолданып, наразыларды көлікке сала бастады.
Біршама адамды осылайша көлікке кұштеп салғаннан кейін полиция жиналғандарды екіге бөліп, тағы да қоршауға алды. Қоршаудың ішінде жүрген әйел полиция қызметкерлерін суретке түсіріп, "бәріңді ұмытпаймын" деді.
Өзін медицина саласының қызметкерімін деп таныстырған белсенді полицияны айыптай сөйледі.
– Шіріген мемлекеттің батырлары, сендерді құттықтаймын! Не істеп жатырсыңдар? Кейін балаларыңның көзіне қарауға ұялмайсыңдар ма? Мемлекеттен қандай алғыс аласыңдар? Жылына екі рет стационарда емделесіңдер ме? Басқа елдің полицейлері сияқты шипажайда демаласыңдар ма? Мына жерде не үшін тұрсыңдар? Ешқашан ештеңеге қол жеткізе алмау үшін бе? Мен ештеңеден қорықпаймын. Түрмеге жапса да, тұтқындарға көмектесіп, дәрігерлік міндетіме адал боламын. Иә, иә, мына батырларды суретке түсіріп алыңдар, – деді ол жанындағы журналистерге қарап.
Азаматтарды полиция күштеп әкеткеннен кейін жалынды пікір айтқандар біртіндеп басылып, соңына полиция ерген белсенділер біртіндеп тарай бастады. Полиция қоршауда тұрғандарды да жөніне жіберді.
Ал Тәуелсіздік алаңындағы жағдай мүлде басқаша еді: "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері мен Жанболат Мамайдың жақтастарынан тұратын ондаған азаматты полиция сағат 21-ге дейін ешқайда шығармай, қоршап тұрды.
Белсенді Әсем Жәпішева Telegram арнасына "Әкімдіктегілер шарт қойып, екі-үш адамнан шығарамыз деп жатыр. Бірақ біз келіспедік. Бәрімізді түгел босатсын. Құқық қорғаушыларды бізге қарай өткізбей жатыр. Үсіп қалдық. Маған, тағы бірнеше адамға жедел жәрдем шақырдық" деп жазды.
Кейінірек Vlast.kz басылымы полицияның белсенділерді босатқанын хабарлады. "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы мүшелері Әсем Жәпішева мен Дархан Шәріповті суықта үсік шалып, екеуі жеңіл дене жарақатын алған. Полициямен алыс-жұлыста Әсемнің омыртқасына зақым келген болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, парламент және жергілікті мәслихаттар сайлауы өткен күні Ақтөбе, Орал мен Шымкентте де полиция белсенділерді күштеп алып кеткен. Ішкі істер министрлігі сайлау күні және оған дейін бүкіл елде қанша адам ұсталғаны туралы ақпарат бермеді.
Сайлауға елде ресми тіркелген алты партияның бесеуі (Қазақстан халық партиясы, "Нұр Отан", "Ауыл", "Ақ жол" және "Адал") түсті. Саяси науқанға бір де бір жаңадан тіркелген немесе оппозициялық партия қатысқан жоқ. Өзін оппозициялық ұйымбыз деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) бұл жолғы мәжіліс пен мәслихат сайлауына бойкот жариялаған.
ПІКІРЛЕР