Азаттық радиосы

ЕҚЫҰ миссиясы Қазақстандағы парламент сайлауына қалай бақылау жүргізеді?

Әйгерім ТӨЛЕУХАН

Қаң. 7, 2021

10 қаңтарға белгіленген мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау қарсаңында Азаттық ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросынан (ДИАҚБ) Қазақстандағы сайлауға дейін және одан кейін немен айналысатыны, демократиялық елдердің бюродан неге «қолдауын» алуға тырысатыны, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қандай кеңестерін орындамай келе жатқаны туралы сұрап білді.

Неге сайлау өткізетін елдер ДИАҚБ/ЕҚЫҰ-ның «қолдауын» алуға тырысады?

ДИАҚБ: Миссия 1991 жылы еркін сайлау өткізу жөніндегі бюро ретінде құрылған. Көп ұзамай ұйымның мандаты кеңейіп, ЕҚЫҰ-ның жалпыға ортақ қауіпсіздік концепциясындағы «адами өлшемге» байланысты адам құқығы, демократия және заң үстемдігі сияқты мәселелерді қамтыды. Ұйымның атауы демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро деп өзгертілді.

ДИАҚБ – Еуропадағы сайлауды бақылау саласындағы жетекші институт. Жыл сайын миссия [белгілі бір] өңірдегі сайлаудың ЕҚЫҰ аясындағы және басқа да халықаралық міндеттемелерге, демократиялық сайлау стандарттары мен ұлттық заңнамаға сай өткенін бағалау үшін мыңдаған бақылаушының жұмысын ұйымдастырып, үйлестірумен айналысады.

Ерекше әдістеме сайлау процесін терең түсінуге мүмкіндік береді. ДИАҚБ сайлауды мақұлдамайды да, өтті деп танымайды да, тек ЕҚЫҰ-ға мүше елдерге сайлау процесін жақсартуға көмектеседі.

ЕҚЫҰ міндеттемелеріне келіскен елдер қандай құжаттар мен келісімдерге қол қойған?

ДИАҚБ: 1990 жылғы тарихи Копенгаген құжатында ЕҚЫҰ-ға мүше барлық мемлекет демократиялық сайлау өткізудің маңызды екенін мойындап, шынайы демократиялық сайлау өткізуге қажетті бірқатар міндеттемелерді орындауға келіскен.

1999 жылғы Стамбұл құжатында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер «ДИАҚБ-ның сайлауға берген бағасы мен кеңестерін дереу орындауға» келіскен. Бірақ әр елдің билігі сайлауды бақылау миссиясының қорытынды есебінде көрсетілген кеңестерді орындау я елеусіз қалдыру туралы шешімді өзі қабылдайды. Бұл есеп сайлаудан кейін шамамен екі айдаң соң жарияланады.

Қазақстан ДИАҚБ-ның сайлауға қатысты кеңестерін орындады ма?

ДИАҚБ: ДИАҚБ-ның алдыңғы кеңестеріне жартылай сәйкес келетін кейбір өзгертулер енгізілді. Бірақ ДИАҚБ-ның көп кеңесі назардан тыс қалды. Оның ішінде бейбіт жиын өткізу, пікір білдіру еркіндігі, сайлау комиссиясының әділдігін қамтамасыз ету, кандидаттарға қойылатын талаптар, сайлаушыларды тіркеу, сайлау науқанын өткізу еркіндігі, ақпарат құралдары, сайлау кезінде туған дауларды шешу және сайлау қорытындысын жариялауға қатысты кеңестер бар.

Қазақстандағы сайлау алдындағы жағдай туралы не айтуға болады?

ДИАҚБ: ДИАҚБ Қазақстан билігінен шақырту алғаннан кейін 8 желтоқсанда сайлауды бақылау жөніндегі шектеулі миссия құрды. Оны елші Ярослав Домански басқарады. Миссия құрамына Нұр-Сұлтандағы 11 адамнан тұратын негізгі команда мен Қазақстанның әртүрлі өңіріндегі 24 ұзақмерзімді бақылаушы кіреді. Миссия мүшелері ЕҚЫҰ-ға мүше 17 елден келген.

Миссия басшысы бірқатар жоғары лауазымды шенеунікпен, оның ішінде ОСК (Орталық сайлау комиссиясы – Ред.) төрағасы, сыртқы істер министрінің орынбасары және әділет министрімен кездесті. Ол сондай-ақ саяси партия басшыларымен және мүшелерімен, ақпарат құралдары, азаматтық қоғам, дипломатиялық және халықаралық қауымдастық өкілдерімен сөйлесті.

Біздің сайлауға қатысты аралық қорытындымызды мына жерден көруге болады (ағылшын тілінде).

ДИАҚБ бақылаушылары сайлау учаскесінде күні бойы болып, дауыс беру процесін бастан-аяқ бақылай ма?

ДИАҚБ: Миссия мүшелері сайлау күні бірқатар сайлау учаскелерін аралайды. Бірақ сайлауды бақылау жөніндегі шектеулі комиссия сайлау күні жан-жақты және жүйелі бақылау жүргізбейді. Сайлау күні сайлауды бақылау жөніндегі шектеулі комиссия мен ДИАҚБ ЕҚЫҰ-ның парламенттік ассамблея делегациясымен күш біріктіреді.