Азаттық радиосы

"Заңсыз келдім, заңсыз жүрмін". Еуропадан босқын мәртебесін сұраған екі қазақтың хикаясы

Азаттық радиосы

20 желтоқсан 2021

18 желтоқсан – Мигранттардың халықаралық күні. Кейінгі жылдары Еуропадан, соның ішінде Чехия мен Швециядан босқын мәртебесін сұрайтын қазақстандықтардың саны артқан. Чехия ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2018 жылы 31 қазақстандық, 2019 жылы 109 қазақстандық осы елден босқын мәртебесін беруді өтінген. Ал Швециядан 2019-2020 жылдары 300-ден аса қазақстандық босқын мәртебесін сұраған. Олардың басым бөлігі бұл статусты ала алмаған. Азаттық Чехиядан босқын статусын ала алмаса да осында қалып, бір жылдан бері құжатсыз жұмыс істеп жүрген қазақтың және Швециядан босқын мәртебесін сұраған қазақтың хикаясын қаз-қалпында ұсынады. Кейіпкерлердің қауіпсіздігі үшін есімдері өзгертілді.

КЕНЖЕХАН, 29 ЖАСТА: ЕЛІМДЕ ЖАҚСЫ ЖҰМЫС БОЛСА ЕУРОПАҒА КЕЛМЕС ЕДІМ ҒОЙ

Еуропаға келгім келіп, 2018 жылы жолын іздестіре бастадым. Еуропаға келмес бұрын жұмыс қамымен Оңтүстік Кореяға барған едім, әуежайдан кіргізбей екі күн ұстады да, Қазақстанға қайтарып жіберді. Кейін Қазақстанда Еуропаға жұмысқа жібереміз деген Ortoclass агенттігін интернеттен таптым. Бұл компанияның басшысы Евгении Коломацкий кейін ұсталып істі болды. Бұл туралы қазір толығырақ айтамын. Сөйтіп агенттікке хабарласып едім, қай елді таңдайсыз деді. Швецияны таңдап, бір миллион теңге ақысын ұстаттым. Алдымен үш айлық виза жасап береміз, кейін Швецияға барған соң бір жылдық виза аласың деді. Агенттік паспорт жасауға көмектесті, Алматыға барар пойыз билетін алып берді, үш айлық виза жасауға көмектесті. Еуропаға ұшақ билетіп алып берді. Осы арқылы сеніміме кірген екен. Маған Швециядан екі айлық уақытша тұру құжатын (ВНЖ) әпереміз және Швецияда шоколад фабрикасынан жұмыс тауып береміз деген. Бірақ алдап кетті. Мені қалай алдады? Толығырақ айтайын.

2019 жылы 22 наурызда Прагаға келдік. Қолымда С виза (жұмыс істеуге рұқсат бермейтін туристік мақсаттағы виза – Ред.) болды. Мені Чехияның Градец Кралова деген қаласына жіберді, осында жұмыс істей тұр кейін Швецияға барасың деді. Екі айдан соң жұмыстан шығарып жіберді. Мен Қазақстандағы агенттіктің Еуропадағы делдалдарына хабарластым. Олар мені Прагаға шақырып, кейін Швецияға жіберді. Швецияда бір украиналық күтіп алды да бізді босқындар лагеріне апарып, босқын статусына өтініш жазыңдар, басқа амал жоқ деді. Сол кезде босқын дегенді бірінші рет естідім. Қазақстаннан шыққанда босқын мәртебесін сұрайсың деген сөз болмаған. Босқын дегеннің не екенін Еуропада білдім. Лагерьде он күн жатып, Швецияның миграциялық шешімін күттік. Кейін Швеция маған Чехияның визасын алғансың, босқын мәртебесін сол жақтан сұра деп мені Прагаға қайта жіберді.

Прагаға келген соң әуежайда мені екі полицей күтіп алды. Екі күн Прагада босқындар лагерінде болдым, іші түрме сияқты. Телефон, заттарымды алып қойды. Аяқкиімнің бауына дейін шешіп алды. Сыртымыздан құлыптап жүрді. Бірақ лагерьде үш уақыт тамақ, интернет, спорт зал, теннис бәрі бар. Дәрігерлер тексеріп, рентгенке түсірді. Кейін Брно қаласындағы босқындар лагеріне жіберді. Сол жерде босқын мәртебесін сұрап арыз жаздым, сұхбат болды. Еуропаға ақыр келген соң, ауылдағы жұртқа Еуропаға жұмысқа кеттім деген соң қайтқым келмеді. Не болса да босқындыққа өтініш жазайын деп шештім. Сұхбат болды, сонда "елде митингіге қатыстым, елге барсам мені аңдиды" деп айта салдым. Бізге солай айтыңдар деген еді. Бірақ елде митингіге қатысып көрмеген ем.

Өтінішім қаралғанша үш ай елде жүруге рұқсат беретін уақытша құжат берді, бұл құжатпен жұмыс істеуге болмайтын. Бірақ мен агенттіктің делдалдары арқылы Чехияда жұмыс таптым. Далада тракторда жатып, қияр тердік. Контейнерде жаттық, лас, ыстық, шыбын-шіркей... Агенттікке қайта хабарластым. Олар сәл шыда, Швецияға түбі барасың деді. Сөйтіп жүргенде 2019 жылы тамызда бізді алған компания жабылып, олардың басшысы Евгении Коломацкий ұсталды. Бұл компания Норвегиядан депортацияланған қазақстандықтарға қатысы бар. Коломацкийдің компаниясы бұл қазақтарды да біз сияқты алдап кеткен.

Евгений Коломацкий деген кім?

2020 жылы 2 шілдеде Интерпол Санкт-Петербург әуежайында алаяқтық жасады және заңсыз миграциямен айналысты деп айыпталған қазақстандық Евгений Коломацкийді ұстаған. Сол кезде басылымдар Коломацкий жүзден аса қазақстандықты туристік визамен Еуропаға жібергенін жазған. Ол клиенттеріне Еуропадан сағатына 10-20 доллар төлейтін жұмыс тауып беремін деп уәде етіп, қызметі үшін 3-5 мың доллар ақы алған. Ол Ortoclass деген компания ашып, 2019 жылы Қазақстаннан 142 адамды Норвегияға жіберген. Кейін 60 қазақстандық Норвегиядан депортацияланған еді. Осы шудан соң Коломацкий Норвегиядан қашқаны белгілі болған.

Норвегияда алданған қазақтар жайлы мына сілтемеде толығырақ айтылады

Содан соң Чехияда өз бетіммен қалдым. Осы елден босқын мәртебесін алу өтінішім қаралып жатқанда түрлі жерде жұмыс істеп жүрдім. Айлығымды дұрыс бермей кеткендер де болды. Тоғыз айдан соң шешім шығып, Чехия босқын мәртебесін бермейтінін айтты. Екі рет апелляцияға бердім, бірақ шешім өзгермеді. 2020 жылы желтоқсанда миграция өкілдері мен Чехиядан шығып кетуге полиция көмектеседі деп соларға жіберді. Полицияға барып босқын мәртебесін сұрағанымды, оны ала алмаған соң келгенімді айттым. Олар қолымды кісендеп, саусақ іздерімді алды да бірнеше сағат қамап қойды. Кейін полиция елден шығып кет деп, 39 күнге виза басып берді. 2021 жылы ақпанда Еуропадан шығып кетуім керек еді, бірақ заңсыз қалып қойдым, полициядан тығылып жүремін.

Қазір Чехияда заңсыз жұмыс істеп жүрмін. Басшылық заңсыз жүргенімді білмейді. Құжат болмаған соң коронавирусқа қарсы екпе де ала алмай жүрмін. Коронавирусқа байланысты шектеулер күшейіп жатыр, ұсталып қаламын ба деп қорқамын.

Чехияға келгелі он шақты жұмыс ауыстырдым. Чехияда жұмыс табу қиын емес, құжат болса жұмыс көп. Өз елімде жақсы жұмыс болса Еуропаға келмес едім ғой. Чехияда айына 600-700 мың теңге айлық табамын. Ал Қазақстанда мамандығым бойынша 70 мың теңге айлыққа жұмыс істедім.

Өз басым Чехияға келіп заңсыз жүрген он шақты адамды білемін. Венгрияның уақытша тұру құжатын алуға да талпынып, бірақ құжат жасап береміз дегендер 200 еуро алып, алдап кетті. Бар ойым – құжат алып, Еуропада жұмысымды жалғастыру. Заңсыз жүрмін, бірақ басқа заңдарды бұзбадым. Адал еңбекпен адал ақша тауып жүрмін. Елге түбі қайтамын, ата-анам сонда. Бірақ елге жағдайымды жасап, ақша тауып барсам деймін. Барынша жұмыс істеп елге аман есен оралғым келеді. Бір жағынан Еуропада саяхаттағым да келеді, бірақ Чехиядан құжатсыз шығу қиын.

Тапқан табысымның жартысын ата-анама елге жіберіп отырамын. Мұнда келген мигранттардың бәрі үйіне ақша салып тұрады.

Қазақстандықтарға айтар кеңесім, жұмыс тауып берем деген агенттіктермен келісім-шартқа отырғанда құжатты оқып, қандай құжатқа қол қойып жатқаныңды біліп алған жөн. Агенттікті барынша тексеріп алу керек, сол агенттік жұмысқа орналастырған адамдардың телефон нөмірін алып, сөйлесу қажет. Жұмыс берушімен байланысу керек.

ЖАНАБЕК, 42 ЖАСТА: БОСҚЫН ЛАГЕРІНЕН ҚАШЫП КЕТІП, БІР ЖЫЛ ЗАҢСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕДІМ

Еуропаға 2019 жылы сәуірде келдім. Ortoclass деген агенттікпен келдік. Чехияда жұмыс бар, екі жылдық құжат (ВНЖ) жасап береміз деді. Сөйтсек оның бәрі өтірік екен, алдандық. Қайдан білейік оны... Чехияға алып келді де, бізді Швецияға жіберді. Швецияда бізді күтіп алып, құжат жасайсыңдар да 15 күннен соң жұмысқа шығасыңдар деді. Бірақ он шақты қазақты Швецияның миграция қызметіне босқын мәртебесін сұрауға жіберді. Босқын дегеннің не екенін білмедік те. Қазақстанда агенттік "Чехияға келген соң Германияда екі жыл уақытша тұратын құжат алып береміз" деген еді. Кейін Германия болмай жатыр, Швецияға барасыңдар деді. Бәрі заңды болады, жұмыс та табылады деді. Сол үшін агенттікке 1200 еуро төледік.

Кейін түрлі сылтау айтқан соң құжат істелмейтінін түсіндік. Швеция "үш айлық визаны Чехия берген, сол жақтан босқын мәртебесін сұраңдар" деп бізді Прагаға жібермек болды. Біз сол кезде Швецияның босқын лагерінен қашып, бір жылдай заңсыз жұмыс істедік. Бір жылдан соң Швециядан "артқа қайтпаймыз" деп қайта босқын мәртебесін сұрадық. Маған бұл ел босқын мәртебесін беруден екі рет бас тартты. Қазір үшінші рет апелляцияға бердім. Адвокат айналысып жатыр. Апелляциядан оң шешім болмайтынын білем. Одан соң жұмыс визасын алып, осында қалуды жоспарлаймын. Адвокат жалдауым керек болады. Адвокат қызметіне де ақша керек. Қазақстандықтар, Еуропаға жұмысқа келем десеңіздер агенттіктерді мұқият тексеріңіздер. Үш айлық С категориялы виза ашамыз да, қалғанын Еуропада жасап береміз дегендерден қашыңыздар. Себебі үш айлық С виза туристік мақсатта, ол визамен жұмыс жасауға болмайды.

ЧЕХИЯ МЕН ШВЕЦИЯДАН БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІН СҰРАЙТЫН ҚАЗАҚТАР КӨБЕЙГЕН

Швеция миграция агенттігінің статистикасына қарағанда, 2010 жылдан бастап осы елден босқын мәртебесін сұрайтын қазақстандықтар көбейген.

Мәселен, Швециядан 2010 жыл 350 қазақстандық босқын мәртебесін беруді сұраса, 2016 жыл 368 қазақстандық өтініш жазған. 2019 жылы – 365 қазақстандық, 2020 жылы 307 қазақстандықтан босқын мәртебесін сұраған

Әдетте Швециядан босқын мәртебесін сұраған қазақстандықтардың 10-15 пайызының өтініші мақұлданады.

Ал Чехиядан босқын мәртебесін алғысы келген Қазақстан азаматтарының саны 2019 жылы күрт өскен. Мәселен, 2018 жылы 31 қазақстандықтан өтініш түссе, 2019 жылы 109 адам босқын статусын сұраған. Ресми Прага әр жылдары 3-4 адамның ғана өтінішін қабылдаған.

Еуропа одағы босқын мәртебесін беру ережесіне сай, Еуропа елдері нәсіліне, ұлтына, діни я саяси сеніміне, жынысына, жыныстық ориентациясына байланысты, немесе белгілі бір топқа мүше болғаны үшін өз елінде қуғын я қысым көргендерге, өз елінде өлім жазасы, азаптау, сотсыз түрмеге қамау қаупі төнгендерге босқын мәртебесін береді.

Еуропа елдері әдетте өз елінің билігі қорғай алмаған я қорғағысы келмеген адамдардың өтінішіне баса назар аударады.

Босқын мәртебесін сұрағандармен сұхбат өтіп, олардың айтқандары мен жеке бас деректері тексеріледі. Босқын мәртебесін алған адам сол елде үш жыл тұрақты тұрып, кейін азаматтыққа тапсыруға мүмкіндік алады.