Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр және басқа да мұсылмандардың қысым көріп, саяси лагерьлерге қамалып жатқаны жайлы ақпараттардың жария болғанына биыл үш жыл болды. 2017 жылы көктемде "Қытай билігі Шыңжаңдағы мұсылмандарды күштеп лагерьлерге қамап жатыр" деген хабар тарай бастаған еді. Пекиннің Шыңжаңдағы саясаттың салдарынан Қазақстандағы біраз адам жақынынан ажырап, әлі табыса алмай отыр. Солардың бірнешеуі Азаттыққа туысқандарынан қалай қол үзіп қалғанын баяндап берді. Ал Қытай қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген Қазақстандағы ұйымдар лагерьге қамалған қазақтардың біразы босап шыққанын, бірақ тәркіленген төлқұжатын ала алмай отырған қазақтар барын айтады.
"ДӘРІ ІШІП ҚАНА ҰЙЫҚТАЙМЫН"
Алматы қаласының тұрғыны Жеңіс Зарқан Шыңжаңнан Қазақстанға өте алмай қалған әйелі Сәуле Мелтайқызы мен үлкен ұлы Мұхтарды көрмегеніне үш жыл болғанын айтады. Әйелі 2017 жылы Шыңжаңға ұлына қонаққа барып, кері қайта алмай қалған.
- 2015 жылы отбасыммен бірге Қытайдың Алтай аймағынан Қазақстанға қоныс аудардым. Аудандық ауруханада дәрігер болып істейтін үлкен ұлым сонда қалып қойған еді. Әйелім балама жиі барып қайтатын. Ол екі ел арасында еркін жүру үшін Қазақстан азаматтығын алмай, тек ықтиярхатпен (шетелдік қазақтарға Қазақстанда азаматтық алғанша тұруға рұқсат беретін құжат - ред.) жүрген. Мен ғана Қазақстан азаматтығын алған едім. Әйелім 2017 жылы қыркүйекте Қытайға барғанда жергілікті полиция қолындағы құжаттарын алып, өзін кері қайтармай қойды. 2018 жылы Шыңжаңдағы саяси лагерьде бір жарым жыл болған Сәуле сал болып шықты. Қазір өзім екінші ұлыммен Алматыда тұрып жатырмын, - дейді ол.
Жеңіс үш жылдан бері Қазақстан билігіне де, Қытай жаққа да үздіксіз арыз жазып келе жатқанын айтады. Қазақстан тарабы арыздарына "басқа елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" айтып жауап берген.
- Әйелім – дәрігер. Қытайда дәрігер де мемлекеттік қызметкер болып саналады. Соны сылтау етіп әйелім мен ұлымның құжаттарын қолдарына бермей отыр, - дейді ол.
Жеңіс Азаттыққа биыл ақпанның соңында әйелімен видео арқылы сөйлескен сөзін жіберді. Жеңіс "әйелім" деп атаған адам видеода "мыналар күйеуіңнің аузын жаптыр, әйтпесе Қытайдан мәңгіге шыға алмайсың. Ұлыңды мүлдем көрмей қаласың. Төлқұжатыңа қара таңба басып тастаймыз деп қорқытады. Тыңдайтын бір адам жоқ. Алып кете ме деп сендерден ғана үміт қыламын. Мына жерде тыңдайтын құлақ жоқ. Ұлымды сағындым. Ұйқының дәрісін ішіп қана ұйықтаймын" деп жылайды. Видеодағы әйел ақшадан қиналып қалғанын, денсаулығының да сыр бергенін айтады.
Жеңіс әйелі мен ұлының Қазақстанға қашан оралатынын білмейді, бірақ үмітін де үзбейді.
"КҮЙЕУІМ ҮЙҚАМАҚТА ОТЫР"
Алматы қаласында тұратын Фарида Қабылбектің күйеуі Рахыжан Зейнолла 2003 жылы Қытайға сапарлап барып, кері қайта алмай қалған. Содан бері Рахыжан Зейнолла Қазақстандағы отбасына жете алмай отыр.
- Күйеуім 2003 жылы Қазақстан азаматтығын алғанымен, құжаты қолына тимеген. Қытай төлқұжатымен Шыңжаңға барып, қамалды. 2005 жылы Қытай күйеуімді "ақпарат тасушы саяси қылмыскер" деп, 13 жылға соттады. Бар жазығы – Қазақстанда оқығысы келген жиырмаға жуық жасқа құжат жасап көмектескен. Үрімжідегі түрмеде отырып, 2018 жылы қамаудан шыққан. Кейін бір жылға саяси лагерьге қамады. Қазір енді үйқамақта отыр, - дейді Фарида Азаттыққа.
Фарида Қабылбек Шыңжаңдағы күйеуін босатуды талап етіп, Қытай консулдығы алдында пикет өткізді. Алматы, 14 қаңтар 2020 ж.
Фарида Қабылбек күйеуін Қазақстанға қайтаруды талап етіп, қыста Алматыдағы Қытай консулдығы мен Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігі алдында бір адамдық пикет өткізген. Сөзінше, пикеттен кейін Қытайдың Қазақстандағы елшілігіндегілер "үш апта ішінде жауап беретінін" ауызша айтқанымен әлі күнге жауап жоқ.
- Қазақстанда екі баламмен тұрып жатырмын. [Күйеуімді Қытай] Қазақстанға жібереді деп үміттеніп отырмыз. Қазір "аман ба, аман" деп қана сөйлесіп тұрамыз. Мынау карантин (коронавирус пандемиясына байланысты қазақ-қытай шекарасы жабылған - ред.) басталып кетті де, шекара жабылып қалды ғой. Шекара ашылған соң босататын шығар, - дейді ол үмітін үзбей.
"МЕДРЕСЕДЕ ОҚЫҒАНЫМ ҮШІН ӘКЕМДІ ҚАМАДЫ"
Алматыда тұрып жатқан Данияр Бақтиярұлының да ата-анасы, ағасы мен қарындасы Қытайдан Қазақстанға өте алмай отыр. Ол "әкем мені Қазақстанда діни медресеге оқуға бергені үшін қамалды" дейді.
Анам, ағам мен қарындасым үйқамақта отыр. Ешқайда шығармайды.
- 2016 жылы Қытайдың Құлжа аймағынан Алматыға діни білім алуға келдім. Әкем өзі ертіп әкеп, Талғар қаласындағы медресеге табыстады. Ал әкем Қытайға қайта оралғанда жергілікті полиция қыспаққа алып, бір жылға жуық үйқамақта ұстады. Мені діни оқуға бергені үшін әкем 2018 жылы Қытайда сотталып кетті. Қазір қамауда отыр. Анам, ағам мен қарындасым үйқамақта отыр. Ешқайда шығармайды. Мен болсам жалғыз Алматыда қалдым. Туған-туысым жоқ. Қазір медреседе түнеп жүрмін, - дейді ол.
Бақтиярұлы Қазақстан сыртқы істер министрлігіне әкесіне араша сұрап бірнеше мәрте хат жазғанын айтады. Youtube желісі арқылы халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан көмек сұрап, жиі видеомәлімдеме де жасап тұрады.
- Шыңжаңдағы орган өкілдері Қытайдағы туыстарыма қысым жасап, менің аузымды жабуды талап еткен. "Егер арыз жазуды қойсаң, әкесін босатамыз" деп туыстарым арқылы уәде берді. Уәдеге сеніп алты ай үнсіз жүрдім, нәтиже шықпағаннан кейін адам құқығын қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдарға қайтадан шағымдана бастадым, - дейді ол.
"ТӨЛҚҰЖАТЫН ҚАЙТАРА АЛМАЙ ЖҮР"
Шыңжаң қазақтарының мәселесімен айналысып жүрген Қазақстандағы ұйымдар Шыңжаңдағы лагерьлер "тынышталғанын", бірақ төлқұжатын қайтара алмай жүргендер барын айтады.
Мысалы, "Нағыз Атажұрт" тіркелмеген ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлының сөзінше, Қазақстанда коронавирусқа байланысты карантин жарияланса да, "Қытайдағы туысым Қазақстанға өте алмай қалды" деп телефон соғатындар азаймаған.
- Карантин режиміне байланысты арызданушылардың шағымын видео арқылы қабылдап, шешуге тырысып жатырмыз, - дейді ол.
Қытай қазақтарының құқықтық мәселесімен айналысып жүрген тағы бір ұйым - "Атажұрт еріктілерінің" мүшесі Қайрат Байтолла коронавирус індеті салдарынан Шыңжаңнан хабар алу қиындағанын айтады. Сөзінше, халықаралық қауымдастықтың сынынан кейін Шыңжаңдағы "лагерь жабылуы мүмкін", бірақ "тәркіленген құжатын ала алмай жүрген қазақтар баршылық".
- Шыңжаңдағы кейбір аудандарда тұратын қазақтар әлі қысымнан құтылған жоқ. Өйткені олардың төлқұжатын жинап алып, қайтармай отыр. Төлқұжатын қолға бермегеннен кейін оларды қысымнан құтылды деп айта алмаймыз. Ал жалпы Шыңжаңда лагерь тынышталған сияқты, - дейді ол.
Қытай қазақтары мәселесін көтеріп жүрген "Жебеу" қоғамдық ұйымының жетекшісі Омарәлі Әділбек те "лагерьге қамалғандар босатылуы мүмкін, бірақ төлқұжатын ала алмай жүргендер, діни наным-сеніміне бола ұзақ жылға сотталып кеткендер бар" дейді.
Бұл ұйымдар Шыңжаңнан хабар алу қиындап кеткендіктен ол жақта нақты қанша қазақ құжатын ала алмай жүргенін дөп басып айта алмайды.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттыққа берген мәліметі бойынша, коронавирус пандемиясы кезінде Қытайдағы қазақтар мәселесі туралы арыз-шағым азайған. Министрлік жыл басынан бері Қытай азаматтығынан шығу туралы үш жүзге жуық өтініш, Қытайдағы туыстарын кері қайтаруды сұраған жүзге жуық өтініш келіп түскенін хабарлады. Ведомство келіп түскен өтініштер бойынша қандай жұмыс жасалып жатқанын айтпады.
Қытай билігі Шыңжаңдағы мұсылмандарды саяси лагерьлерге жаппай қамап жатқаны туралы ақпарат 2017 жылы көктемде тарай бастаған. Әуелде Қытай билігі лагерь барын жоққа шығарып, кейін оларды "терроризм мен экстремизмге қарсы күресетін, кәсіпке баулитын орталық" деп сипаттаған.
2018 жылы жазда БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман қамауда отыр" деп мәлімдеген. 2017 жылдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда "туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр" деген адамдар бірнеше рет жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған. Қазақстан билігі "бұл Қытайдың ішкі ісі" деп бірнеше рет мәлімдеген. Бірақ кейін сыртқы істер министрлігі дипломатиялық жолмен Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін шешіп жатқанын хабарлаған.
Биыл ақпан мен наурызда Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) және New York Times газеті Қытай билігі Шыңжаңдағы лагерьден мыңдаған адамды шығарғанымен, оларды үйіне қайтармай, лагерьге жақын жерде ашылған зауыт-фабрикаларда жұмыс істеуге мәжбүрлеген деп мәлімдеді. Олар бұл мәлімдемені ашық дереккөздер, спутниктен түсірілген суреттер, БАҚ материалдары мен зерттеу жұмыстары негізінде жасап, Шыңжаң тұрғындарын жұмысқа жегуді "Қытайдың мұсылмандарға қарсы саясатының келесі кезеңі" деп атаған.
ASPI институтының зерттеуі бойынша, 2017-2019 жылдар аралығында лагерьден шыққан 80 мың ұйғыр Шыңжаңнан Қытайдың 9 аймағындағы 27 фабрикаға күштеп жұмысқа жіберілген. ASPI есебінде Қытай билігінің ұйғырларды Apple, Samsung, Sony, Cisco, HTC, Dell, Google, Microsoft, Adidas, Nike, H&M, Uniqlo, Zara, Mercedes-Benz, Volkswagen, Lenovo, Asus, HP, LG, Land Rover сынды компанияларға серіктес қытайлық фабрика-зауыттарға жөнелткені жазылған.
Институт әлемдік брендтерді қытайлық серіктестерімен келісім-шартты үзуге шақырған еді.
Шыңжаңдағы лагерьде отырып шыққан қазақтар да Азаттыққа бостандыққа шыққан соң жұмысқа жегілгенін айтқан.
ПІКІРЛЕР