Қазақстандық 12 суретші әйелдің әртүрлі жанрда және техникамен салынған туындылары Art Future жобасы ұйымдастырған «Сегіз жарым» («8½») көрмесіне қойылды. Вернисаж Esentai галереясында халықаралық әйелдер күні қарсаңында өтті.
«8½». Федерико Феллинидің 1960-жылдардың басында түсірілген шабыт іздеген кейіпкер туралы трагикомедиясы осылай аталады. Белгілі итальяндық кинорежиссер сияқты Фильм бүкіләлемдік кинематографияның классикасына айналған еді. Алматыда ашылған көрме қатысушыларының да жұмысынан олардың ішкі әлемі көрінеді. Көрмеден тамашалауға болатын туындылар заманауи (концептуалды) өнерге жатады. Авторлар — әртүрлі жаста, стилі мен жанры бір-бірінен ерекше. Олардың бірі өнер әлемінде танымал болса, енді бірі өнерге енді ғана қадам басып жатыр.
Көрмеге қойылған туындылар қатарында жіппен байланып, салбырап тұрған суретшінің бейнесі бар видео да көрсетіледі (авторы — Толқын Сақбаева). Көрме жетекшісінің айтуынша, бұл әр адамның бойында кездесетін еркіндік пен ұяңдықты, ішкі және сыртқы қысым, жеке және әлеуметтік қарым-қатынасты бейнелейді.
Суретші Зитта Сұлтанбаеваның көрмеге әкелген жұмыстарының ішінде Құмай құс туралы аңызға негізделген «Қазақ ертегілері» сериясына жататын туынды бар. Ертегі сюжетіне сәйкес, Құмай әр көктемде өмір ағашының басына 12 жұмыртқадан салған, бұл – жылдың 12 айын білдіретін белгі. Құс азық іздеп ұшып кеткенде, сұм жылан ағашқа өрмелеп, жұмыртқаларды жеп қояды, осылай бір ай екіншісіне ауысады. Аңыздағы құс — жаңғырудың белгісі.
Сұлтанбаеваның жұмысы екі бөлімнен тұрады. Бірі — ерлерге арналған және тарихи мазмұнға толы (соғыс, революция). Көрмеге жұмыстың бұл бөлімі қойылмаған. Көрермен назарына суретші туындысының уақытқа бағынбайтын образдар мен аңызға негізделген әйелдерге арналған бөлімі ұсынылған. Көрме қонақтары тамашалайтын әйелдердің фотосуреттері 20 жыл бұрын «Лица Азии» жобасының аясында түсірілген. Онда Алматының Барахолка базарындағы сатушылар мен базарда жүрген жұрттың суреті бар.
Көрме ұйымдастырушыларының айтуынша, қазақстандық суретші әйелдердің қолынан шыққан 30 туындыда әйелдің қоғамдағы рөлі, отбасы мен ана болу, дәстүр мен жаңа заман мәселелері көтерілген.
— Әйелдердің бойында сонша әлеует жиналып қалған! Бәрі бір-бірін қолдайды. Қоғамды толғандыратын мәселелер туралы айтатын жас әрі батыл қыздар пайда болғаны жақсы, — дейді Сұлтанбаева.
Аурелия Ақмуллаева —Зитта Сұлтанбаева мен суретші Абликим Ақмуллаевтың қызы (отбасылық ZITABL арт-дуэті). Ол шығармашылықтың әртүрлі саласында (поэзия, қойылым, графикалық композиция) бой көрсетіп жүр. Аурелия көрмеге арнап адамның қиялын басқа шынайылыққа жетелейтін, бәрін жұтуға айналған ғаламшарды еске түсіретін фотоарт жасаған. Суретші 8 наурыз мерекесін гендерлік теңдік пен әйелдерге қарсы зорлыққа қарсы күреспен байланыстыратынын айтты.
— Қазіргі мейрамда гүл беретін әдемі дәстүр бар. Бұл күні адамдардың көңіл күйі жақсы болса, солай бола берсін. Әркім бұл мерекеден өзіне керек мағына тауып алуға құқылы. Бірақ бұл мерекенің қалай пайда болғанын естен шығармау керек. Біздің қоғамда әйелдерді жиі қысымға ұшыратып, кейде тіпті әйелдер өзін ерлерден нашар санайды. [Қазақстан қоғамында] қыз алып қашып, әйелді ұрады. Жылына бір рет гүл бергеннен ештеңе өзгермейді. Сондықтан бұл күннің мән-мағынасын табу керек, — дейді Аурелия Ақмуллаева.
Көркемсурет колледжінің студенті Дария Темірхан көрме вернисажында «Нұрлы жол» перформансын таныстырды. Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуы туралы мемлекеттік бағдарлама мен былтыр президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан атанған темір жол вокзалы да осылай аталады.
Ақ қағаз бетіне бейнеленген торкөздер арқылы Дария қағаздың соңындағы күнге қарай жол салды. Ол табанын түрлі түсті бояуларға батырып, бірнеше рет артқа қарай жүріп өтті. Жас суретші перформанс арқылы адамның бар тәжірибесін пайдаланып, күнге жеткісі келгенде, оның соңы немен аяқталатынын көрсетуге тырысқан.
— Өз мақсатыңа жеткенше, секіресің. Бұл – жалғасатын жол, — деді ол.
Перформансты электронды музыкамен өнер көрсетіп жүрген этнотоптың аккомпанементі мен Қаламқас есімді опера әншісі сүйемелдеді.
Бақыт Бүбіханованың триптихі — ню стиліндегі кескіндеме. Ер мен әйелдің жалаңаш денелері бейнеленген туынды «өнер мораль нормаларымен бекітілген шекараны кеңейтіп жатыр ма?» деген сұрақтың жауабын іздеуге шақырады.
Александра Калачева «Ол (ер) және ол (әйел)» диптихі арқылы ер мен әйел арасындағы қарым-қатынастан үйлесімділік іздеу мәселесіне назар аударады.
Шекер Шәкір көрмеге көрерменді көлеңкелер мен сызықтар әлемінің бір бөлігі болуға шақыратын инсталляциялар әкелген.
Муниса Гулиеваның кескіндемесі эмоция мен экспрессияға толы. Ол өз туындыларында ер мен әйелге, шығыс пен батысқа тән дүниелердің үйлесімділігіне мән берген. Муниса Гулиева көп жыл бойы кинематография саласында қоюшы-суретші болып істеген. Соңғы уақытта сурет салумен айналысып жүр.
Суретші әйел болу оңай ма? Муниса бұл сұраққа былай жауап берді:
— Менің пікірімше, әйелдер әлемнің вибрациясын жақсырақ сезінеді және өнерге әлдеқайда жақын болады. Әйелдердің эмоциялық әлемі бай.
«8½» көрмесіне әртүрлі техника мен жанрдағы 30 жұмыс қойылған. Онда көрерменнің көзі үйренген кескіндеме мен графикадан бастап, инсталляция мен фото-видеоартқа дейін әртүрлі туындылар бар. Көрме сәуірдің 7-сіне дейін жалғасады.
ПІКІРЛЕР