Мемлекеттік Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында Гете-институтының (немісше - die Grenze) "Шекара" көрмесі ашылды. Бұл көшпелі көрме – көп жылдық көркемөнер жобасының нәтижесі.
Алматы осы көрме өтіп отырған тоғызыншы қала. Бұған дейін көрме Мәскеу, Санкт-Петербург, Красноярск, Киев, Тбилиси, Минск, Дортмунд пен Екатеринбургте болды.
Бакуге де баратын еді, бірақ, көрме кураторының айтуынша, олар армян суретшісінің жұмыстарын алып тастауды талап еткен соң Бакуге сапардан бас тартқан.
ТАҚЫРЫП ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС
Көрмедегі жұмыс авторлары – негізінен постсоветтік кеңістіктен шыққан елдердің жас суретшілері (Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина) мен Еуропа суретшілері (Германия, Польша, Франция).
Көрмедегі шығармалар түрлі форматта – видео-арт, аудио-арт, инсталляция түрінде берілген. Жұмыс авторлары "Еуропа қай тұста аяқталып, Азия басталады? Азия қай жерден аяқталып, Еуропа басталады? Шекараға не ықпал етеді, оны кімдер жүргізеді?" деген сұрақтарға жауап іздейді.
Жобаны ұйымдастырушылар баспасөз мәлімдемесінде "Шекара" көрмесі шекараның түрлі формасы мен пайда болуын зерттеді және талдайды" деп жазыпты, яғни, ол "аумақтық оқшаулану ма, әлде керісінше, бірігу ме? Мәдени және әлеуметтік кедергі ме, "бізді" "басқалардан" бөліп қарайтын құрал ма немесе осы дихотомияны тудыратын құрал ма?" деген сауалдарға жауап іздейді.
Бұл жерде "шекара" сөзіне метафора ретінде қарау керек, ол шартты бейне; Ресей мен бұрынғы советтік республикалар үшін де, Германия мен Еуропа үшін де өте өзекті тақырып. Бұл жерде Еуропа мен Азия арасындағы мәдени шекара "қызыл сызық" болып тұр.
Алина Копица Украинада туған, қазір Швейцарияда тұрады. Бұл үйлену той көйлегінен оның болашақ күйеуімен жазысқан хаттарын көруге болады.
ЕҢБЕК МИГРАНТЫНА АЙНАЛҒАН ҚОЖАНАСЫР
Санкт-Петербург тұрғыны Ольга Житлина "Қожанасыр Ресейде" деген газетті ұсынды. 2014 жылы шыққан газет төрт-ақ рет жарық көрген. Газетті шығарушы авторлар тізімі ауқымды, Ольга Житлина солардың бірі, автор және редактор. Газетте ауыз әдебиеті кейіпкері Қожанасырдың Ресейге пайда табуға аттанғаны баяндалады. Бірінші бетте оның Санкт-Петербург еңбек мигранттары мен суретшілер тобының бірлескен жобасы екені айтылады.
Әр газетте карикатура, комикстер мен мәтіндер бар. Оқыған адам еріксіз езу тартады, бірақ тақырып салмақты, елеулі мәселені көтеріп тұр. Мысалы, БАҚ-тағы тіл тақырыбы туралы толғау бар. Бірнеше терминге түсініктеме бергенде ресейлік БАҚ-тың "адамдарды бөлетін қабырғалар" орнатқанын айтады.
Сондай "қабырға" сөздің бірі – гастарбайтер. Оған талдау жасағанда оңшыл популистік БАҚ-та гастарбайтер деп "шақырылмаған қонақтарды", "Оңтүстіктен, Орталық Азиядан келген қонақтарды" айтатыны атап өтілген, бұл жерде "қонақ" сөзі теріс мағынада берілген. Либералдық ортада оны саяси тұрғыда қате сөз деп қарап, "еңбек мигранты" деп атайды.
Газеттегі материалдардан мысал келтірейік.
Метро. Келбеті еуропалық адам Орталық Азияға тән дәстүрлі киім киген, түр-әлпеті азиялық адамға: "Ресей орыстар үшін!" дейді. Ал анау болса: "Мен – жаңа орыспын" деп қымсынбай жауап береді.
Тағы бір карикатурада Қожанасыр бейнесіндегі кейіпкер теледидар алдында отырып диктордың "Миграция – моңғол-татар езгісіне түскенмен бірдей" деген сөзін естиді. Қожанасыр экранның бер жағынан дикторға "Қалаңызды қайта салып, жөндеп беру үшін баса-көктеп келдік" дейді.
Көрмеге келушілерге газетті өзімен ала кетіп, оқуына болады.
Германиялық Вирон Эрол Верт шекараның берік саналуы бізге және біздің оған деген көзқарасымызға байланысты деп санайды. Автордың жұмысы "Шекара – біздің ішімізде" деп аталады. Келушілер түрлі-түсті шаш үлгілері басылған матаны кесіп алса болады. Солайша Еуропадағы мұсылмандарға тән бас киім үлгісін тағу туралы дауды шешу ұсынылады. Орамал тағуға қарсылар да, оны қолдайтындар да осындай орамалдан бас тартпас еді.
Жәшік маңына келушілер көптеп жиналып, матаны кесіп алып, бастарына тағып, суретке түсіп жатты.
"АЗИАТТЫҚ КӨЗБЕН ҚОШТАСУ"
Қарағандылық Наталья Дюдің "Азиаттық көзбен қоштасу" деген жұмысы консервативтік түсініктегі постсоветтік Азияда қалыптаса бастаған еуропашыл көңіл-күйді бейнелейді. Жұмыста екі видео бар: бірінде еуропалық қабақ жасау операциясы көрсетілсе, екіншісінде жібек құртының көбелекке айналғаны бейнеленген. Автордың пікірінше, операция қаншалықты сәтті өтсе де, азиялық бойжеткен еуропалық аруға айналмайды.
Алматылық Александр Угай америкалық Техас пен қазақстандық "Техаста" (Оңтүстік Қазақстан облысы) жасалған фотосуреттер сериясын ұсынады. Көрме кураторының айтуынша, олардың қай "Техаста" түсірілгенін анықтау қиын. Угайдың пікірінше, жаһандану процесінде "Батыс-Шығыс" дискурсы басымдыққа ие, бірақ шын мәнінде шекара әділдік пен әділетсіздік арасынан, жергілікті тұрғындар мен бөтендер арасынан, "Солтүстік" пен "Оңтүстік" арасынан өтеді.
СОВЕТТІК КЕЗЕҢНЕН ҚАЛҒАН БЕЛГІЛЕР
Көрмедегі біраз жұмыстар советтік кезеңнен белгі береді. Алла мен Алексей Румянцевтер Душанбеде тұрады, сонда жұмыс істейді. Олар "Мен бір қызды кездестірдім" деген жұмысты видео түрінде ұсыныпты. 1957 жылы жарық көрген "Мен бір қызды кезіктірдім" фильмінде жастардың дамуға деген ұмтылысы, қоғамның өткеннің қалдығынан арылуға тырысуы баяндалады.
Қазір бәрі керісінше. Қоғам қайтадан патриархалдық дәстүрді қолдайды. Алла мен Алексей Румянцевтер фильм оқиғасын қазіргі Тәжікстанмен байланыстырады. Түрлі жастағы әйелдер арасында сауалнама жүргізіп, олардың арман-тілегін сұрайды. Егде жастағы әйелдер тұрмысқа шыққан соң оқуын жалғастыра алмағанын айтып, жоғарғы оқу орнында қайтадан оқығысы келетінін жеткізеді. Жас қыз елден кетуді армандайды. Бір қызығы "Қайда?" деген сұрауға "Қазақстанға" деп жауап берді.
Катя Исаеваның "Жүз кесе" деген жұмысын келушілердің көбін қызықтырды. Қарағандыда туған Катя бірнеше жыл бұрын Мәскеуге кеткен. Өз айтуынша, бір күні қонақта сервантқа салынған кеселерді көреді, ал үй иелері басқа ыдыстан шай ішіп отыр екен. Суретшінің өз отбасы үнемі кесемен шай ішетін. Содан бері ол кесе жинай бастайды.
Олар бұрынғы СССР-дің түрлі зауыттары мен фабрикаларында – Ригада, Қапшағайда, Ресей қалаларында, т.б. жерлерде жасалған. Катя тіпті Совет одағының фарфор фабрикаларының қысқаша каталогын жасайды, оны да көрмеден көруге болады. Ол кесе ғана емес, оған қатысты тарихи жайттарды жинайды. Ескі заттарды сататын базарлар мен "Авито" қызметінен іздейді. Катя Исаеваның пікірінше, кесе – шекараны жоятын тұрмыстық мәдениет құралы.
Екатеринбургтік "Куда бегут собаки" арт-тобының "Фобия иного" жұмысында буындар арасындағы шекара мәселесі зерттелген. Авторлардың бірінің досы иығында шешекке қарсы егілу белгісі жоқ адамдармен сөйлесе алмайтынын айтады. СССР-де ондай екпені бәріне жасайтын. СССР тараған соң оны міндетті екпелер санатынан алып тастаған. Авторлар бұндай қорқынышты басқа биологиялық түрдегі фобия деп санайды.
Барлық жұмыс туралы (барлығы жиырма үш) баяндап жату артық болар. Дұрысы көрмені көзбен көру. Сол арқылы музейдің негізгі залдарын аралап шығуға болады, жәшіктер түрлі залға орнатылған.
Кураторлар "Шекара" көрмесінің жұмыстары әр залдағы суреттер мен орнатылған мүсіндерге тақырып жағынан жақын болуын да ойластырған. Мысалы, "Жүз кесе" Абрам Черкасскийдің "Дина Нұрпейісова мен Жамбыл Жабаев" (1946) атты картинасына жақын орналасқан, бұл суретте де кесе бар.