17 мамыр – гомофобия, трансфобия және бифобиямен халықаралық күрес күні. Азаттық қазақстандық ЛГБТ-қауымдастық өкілдерінің өз болмысын қабылдауы, ішкі сырын өзгемен бөлісуі және қазіргі өмірі туралы хикаяларын ұсынады.
Бала кезімнен өзіме қыздар ұнайтынын білетінмін. Негізі қыздарға сезімің ерекше болса, оны түсінбеу мүмкін емес. Қызға тән есімім барын білсем де, алты жасқа дейін өзімді Лёша деп атайтынмын. Табиғат әлдебір қателік жібергендей көрінетін. "Қыз болған жаман" деген пікір болған жоқ, "тек жігіттер ғана әйелдерді жақсы көру құқығына ие" деп ойладым, сол үшін ұл болғым келді. Өзімді Алёша деп таныстырып, ойын ойнасам, ата-анам бұған қарсы болған емес. Бірақ мектепте олай айтуға болмайды деп келістік. Сондықтан мектепке барған жылы ойыным да аяқталды.
Уақыт өте келе "Маған қыздарды жақсы көруге болмайды, бұл дұрыс емес" деген ойға көндіктім. Өзіммен күресу үшін көңіл білдірген жігіттерге жылышырай танытып, олармен достаса бастадым.
Университетте лесбиян қыздар тобымен таныстым. Өзімді қабылдаудың тағы бір кезеңі осылай басталды. Жалғыз емес екенімді, жыныстық ориентациясын жасырмай, өмір сүріп жүрген қаншама адам барын ұғыну біртүрлі болды. Әйелдерді жақсы көре алатынымды түсіндім. Бірінші күні-ақ осы топтың бір өкіліне ғашық болып қалдым. Оны көріп, сөйлесу үшін топ өкілдері күнде жиналатын саябаққа барып жүріп, жаңа ортаға араласып кеттім.
Бұл өмірімді түбегейлі өзгертті. Мұның кері салдары да болды: оқуымды, волейбол командамды, ағылшын тілі курсын, бұрынғы достарымды тастап кеттім. Жаңа ортада стигмаларға кезіктім. Олар "лесбиян қыздар тек "актив" және "пассив" деп бөлінеді, "актив" үнемі жігіт сияқты киініп, "пассив" боянып, белдемше киіп, өзін қыз сияқты ұстауы керек" деп ойлайтын. Мен аталған екі топтың ешқайсысына, бұл қарым-қатынастар жүйесіне қосыла алмадым.
Маған "Қыздармен кездескің келсе, "актив" болу керек, әйтпесе, ештеңе шықпайды" деп айта бастады. Осы сөзге еріп, ұзын шашымды қиып, жейде, белдемше, қызыл колготки мен кеды сияқты киімдерімді тастап, шалбар мен рэперлер киетін жейдеге көштім. Бірақ бұл да жеткіліксіз болды.
Осылай төрт жыл бойы стереотиптердің кесірінен біртүрлі киім киіп, өзімді басқаша ұстауға тырыстым. Кейін бір қыз жолығып, онымен кездесе бастағаным үшін тағдырыма разымын. Ол маған өз болмысым әдемі екенін түсіндірді.
Сырт келбетімдегі өзгерістер елеусіз қалмады. Анам басында "өткінші нәрсе" деп үміттеніп, ештеңе болмағандай кейіп танытуға тырысты. Бірақ өзгермейтінімді түсінген кезде әкеме хабарласты.
Ата-анам ерте ажырасқан, бірақ әкеммен, оның әйелімен және ініммен жақсы араласатынмын. Бәріміз – бір отбасымыз, ал әкем – біз үшін беделі жоғары адам. Ол менімен сөйлесуге келді. Қатты ұрысатын шығар, маған өз көзқарасымды, өмір сүру стилімді қорғауға тура келер деп ойладым. Өйткені әкеме көп қарсы сөйлеген емеспін.
Өзімі қыздар ұнайтыны үшін қанша уайымға салынғанымды, қанша уақыт бұл сезіммен күресуге тырысып көргенімді әкеме айтып бердім. Ол "Осылай өмір сүруге ұялмасаң, бәрі дұрыс. Өмір сүре бер. Ал біз сені жақсы көреміз" деді.
Осы әңгімеден кейін батылдығым артып, лесбиян екенімді бәріне жайып салғым келді. Солай істедім деуге де болады. Біраз уақыттан кейін бұл туралы айта берудің қажеті жоғын түсіндім. Қазір жеке өмірім туралы айтуды құп көрмеймін. Жасырмаймын, бірақ жария да етпеймін. Бұл буллингтен қорыққанымнан емес. Болашаққа үлкен жоспарларым бар, мақсатқа жету жолында кедергілер болғанын қаламаймын.
Біз Қазақстанда тұрамыз. Менің ойымша, біздің қоғам әлдеқайда толерантты. Тек оны құрметтеу керек: мұнда дәстүр мен дін бар. Уақыт өте келе қоғам бізді қабылдайды, тек оларға уақыт беру керек. ЛГБТ-қауымдастық өкілдері өзін агрессияшыл ұстаған сайын, көпшілік те оларды бұрынғыдан да қатты жек көре бастайтын сияқты көрінеді. Трансгендерлердің өз мәселесі бар екенін түсінемін, қазір мүлде олар туралы айтып отырған жоқпын. Бұл жерде гейлер мен лесбияндарды меңзеп отырмын: ешкім бірге тұруға, демалуға, саяхаттауға және жұмыс істеуге кедергі келтіріп жатқан жоқ. Некеге тұру, мүліктік құқықтарды қорғау жағы қиын. Бірақ бұл мәселелерді келісіп, қолхат беріп, қаржылық қарым-қатынастарды тіркеп шешуге болады. Бұл үшін сөйлесу керек, ал адамдар олай жасағысы келмейді.
Гей немесе лесбиян болу үшін батылдық керек. Одан бөлек, кәсіби білігі жоғары маман атанып, өз салаңда үздік болуға тырысу маңызды. Гейлер мен лесбияндардың арасында дамып, барлық салада үздік болуға ұмтылатын білімді адамдар көбейген кезде қоғам да оларды жақсы қабылдап, мойындайды деп ойлаймын. Өз басым қазір де жаман өмір сүріп жатқан жоқпын, құқығым бұзылып жатыр дей алмаймын.
Маған қыздар көбірек ұнайтынын сегізінші-тоғызыншы сыныпта түсіндім. Жігіттерге де жақсы қараймын. "Бисексуалмын", бірақ 30 жасқа келгенімде өзіме қыздар көбірек жақын екенін түсіндім.
Каминг-аут жасағаныма (бұл туралы ашық айтқаныма – Ред.) көп болған жоқ. Instagram-сторилер салып, жыныстық ориентациям туралы жаздым. Жақындарым біледі. Қазір олар бұған қалыпты қарайды. Ең жақын адамдарым — анам мен әжем. Қалған туыстарымның ойын білмеймін, бірақ олардың пікірі мен үшін аса маңызды емес.
Кей құрбы, туыстарым жыныстық ориентациям туралы білген кезде менімен бұрынғыдай жиі араласуын қойды. Мүлде араласпай кеткендер де бар. "Бұл уақытша, өтіп кетеді" дегендер де болды. Мұның уақытша емесін білемін, 18 жаста емеспін. Ондай адамдармен өзім араласпай қойдым.
Бес жылдан бері фотограф болып істеймін. Шымкентте туып, 29 жасқа дейін сол жақта тұрдым.
Шымкенттен Түркістан, Кентау, Шәуілдірге тапсырыспен суретке түсіруге барып жүрдім. Бірде Қызылордада әйелдер дәретханасына кірмек болғанымда, "Саған болмайды! Ерлер дәретханасына бар" деді. Жергілікті әжелер жабылып, "Еркекшора! Не істеп жүрсің, саған мұнда орын жоқ!" деп айқайлады. Қуып шығуға тырысты. Оларға "Әжелер, менің де омырауым бар" дедім.
Бірде Кентауда тойда фотограф болдым. Ішіп алған ер адам келіп, агрессия көрсетті. Шынымен маған тап бергісі келді. Жай ғана фотограф екенімді айттым. Ол мені "еркекшора" деп атап, "Тойымызды суретке түсірме" дей бастады.
Шымкентте діни адамдардың тойын түсірдім. Тойдағы қарт әйелдер маған жаңғақ лақтыра бастады. Жаңғақ басыма тиіп, біразы камераның жанынан ұшып өтті. Әйелдерге тән дәстүрлі киімде болмағаным үшін мені "шайтанның ықпалына түскен" адам санады. Тоғыз үстелде отырған әжелер жаңғақ лақтырды. Бір жарым килограмдай жаңғақ лақтырған шығар. Оларға қатты ренжідім. Кейін маған "тойға көйлек киіп келіп, өзіңді нағыз әйел сияқты ұстап, көзге көп түспей, жұмысыңды ақырын атқару керек еді" деп түсіндірді.
Бірақ әйел сияқты киініп барған кездің өзінде көпшіліктің алдында "саған қыздар ұнайды" деп қорлайтын. Жақтырмай қарап, саусақпен көрсететін. Сондықтан Алматыға көшемін деп шештім, бұл жақта өмір сүру әлдеқайда жеңіл. Жеке өміріңде ешкімнің шаруасы жоқ, өйткені адамдардың өз өмірін ойлаудан қолы босамайды.
Маған бұрыннан әдемі де сәнді, жинақы қыздар көбірек ұнайтын. Олар ерлермен салыстырғанда таңғажайып болып көрінетін.
Басында қыздармен бірге болу үшін ұл болуым керек деп ойладым. Кейін есейе келе денем өзгерген сайын "бұған төзу мүмкін емес" деген түсінік қалыптаса бастады. Бөксем, көкірегім… қатты ұялып, өзімді қабылдай алмадым. Бәрінен де отбасымның қысымы, үнемі жынысымды еске салып, "бүйтпе, сүйтпе" деген тыйымдары қатты тиді.
Мен көрікті қызбын, сондықтан әйел ретінде жақсы қарым-қатынас құруға мүмкіндігім көп. Бірақ маған керегі бұл емес. Бәрі жан тыныштығына келіп тіреледі: ешқашан өзімді басқаша қабылдаған емеспін. Ерлерге тән қасиеттер ұнайды және өзімді солай ұстауға үйреніп қалғанмын. Бірақ бұл маған ерлердің жыныс мүшесі керек дегенді білдірмейді. Мәселе өз денемде өзімді жайлы сезінуіме байланысты.
Өзіне ыңғайлы болғаны үшін арықтайтын адамдар, болмаса, мен сияқтылар бар. Өз денеңмен үйлесімде өмір сүру – қалыпты дүние. Тіпті, бұл үшін өзгеру қажет болса да. Неге екені белгісіз, арықтағысы келіп, тіпті, кейде дұрыс емес әдістерге жүгінетін адамдарды ешкім сөкпейді. Болмаса, ағза үшін әртүрлі ауыр заттарды пайдаланып, салмақ қосуға тырысатындар да сынға ұшырамайды. Имплант салатын адамдар бар. Бірақ көбі трансфобияны "денеге зақым келтіруге болмайды" деп ақтап алғысы келеді. Бірақ бұл олай емес. Бұған ештеңе істемеу әлдеқайда жаман. Оның соңы суицидке әкеліп соғуы мүмкін.
Менде сондай ойлар болған. Кейін әлеуметтік желіде ер адамның атынан парақша аштым. Бұл нағыз еркіндік болды. Сол кезде бірінші рет өзімді жайлы сезіндім. Әзірге шынайы өмірде өзімді ер адам ретінде таныстырудың сәті түскен жоқ. Мұндай мүмкіндік пайда болған кезде өмірім жеңілдей түсті. Суретші мамандығында оқыдым. Бұл ортадағылар мені түсініп, жынысымды дұрыс атайтын. Бір сөзбен айтқанда, жолым болды. Қазір жыныстық ориентациямды бірден айтып, адамдарды түзетуге тырысамын. Әрине, мұнымды бәрі бірдей мақұлдай бермейді. Көбі түсінбей, ашуланады. Туыстарымның көбі, әрине, бұған келіспейді. Анам дұрыс айтады, бірақ мұны мәселе көретінін білдіруге тырысады.
Каминг-ауттан кейін анам менімен бір жыл сөйлеспеді. Әлі күнге қысым көрсеткісі келеді, мені қабылдамайды. Ағам "ақылға салу үшін" зорлаймын деп қорқытты. Әжем үнемі шу шығарып, әпкем "ауру адам" деп атап, қоқан-лоқы көрсетті.
Оқу кезінде мәселелер болды. Колледжде жүргенімде психологқа жіберді. Жоғары оқу орнында бір жігіт мені ұрып-соғу үшін топ жинамақ болды. Әлі де арасында қоқан-лоқылар болып тұрады.
Өкінішке қарай, сексистер көп. Олар феминистер арасында да кездеседі. Бұл қозғалыс TERF (trans-exclusionary radical feminist – трансфобты көзқарастағы феминистер) деп аталады. Олар мені жыныстық ориентациясы үшін қауымдастықпен байланысуға құқығы жоқ деп есептейді.
Кезінде қолдау топтарының біріне [ЛГБТИК+] бардым. Нақты ниетке қарағанда, қызығушылық басым болды. Кейін ұнап кетті. Ұйымның еріктілер жинап жатқанын көргенде, бірден өтініш бердім. Бос уақытым көп болғандықтан емес, бала күнімнен әділдікті жақтайтындықтан бірнәрсе істеуге тырысып жүрмін.
Өзімнің басқаларға ұқсамайтынымды өте ерте, балабақшада білдім. Мысалы, неге қыздармен қуыршақ киіндіріп, үйдің ішін сәндеудің орнына ұлдармен қызықсыз "соғыс" сияқты ойындар ойнауым керегін түсінбейтінмін. Ол кезде үндемей отырып, балаларды сырттай бақылау деген әдіс тауып алдым. Ешкіммен ойнамай, үйге кететін уақытты күтіп отыратынмын.
Мектепте сынап-мінейтіндер көбейіп, жағдайым қиындай бастады. Әр күн сынақ болатын: үйден қоңырауға үш минут қалғанда шығып, көп адамды кезіктірмеу үшін арнайы белгіленген бағытпен жүріп, мектептің алдындағы бұзақы балалардың арасынан өту керек. Олар міндетті түрде "Гомик", "О, педик келді", "Қалайсың, гей?" деп айтатын. Сосын дәлізді бойлай отырып, сыныпқа жүгіріп кіремін. 10 жыл бойы күн сайын осы жағдай қайталанатын.
Бір қызығы, жақсы оқыдым. Ауырған кезде ғана сабақтан қалатынмын. Көп ауырдым. Жетінші сыныпта аяғым жүргізбей қалды. Сол кезде ағзам сондай реакция білдіргенін, невролог пен психологтың көмегі қажет болғанын қазір түсініп отырмын. Бірақ ата-анам аяғыма май жағып, жағдайыма алаңдаған да жоқ.
Ата-анам көп нәрсеге уайымдай бермейтін. Мысалы, үйде анамның көйлегі мен туфлиін киіп жүрсем де, назар аудармайтын. Олар мұны ойын, еркелік деп қабылдаған сияқты. Өзі балықшы, өзі аңшы, өзі әйелдердің көзіне түскіш, зауытта беделді жұмысшы, қысқасы "нағыз еркек" болған әкемнің өзі менің қылықтарыма мән бермейтін.
Ортаңғы сыныптарда өмір сүру қиындап, арқамда ауыр жүк тұрғандай сезімде жүрдім. Шамамен сол кезде клиникалық депрессияға түссем керек. Оны әлі күнге емдей алмай келемін. Бірде жұмыс үстеліме "Өлгім келеді" деп жазылған бір жапырақ қағаз қалдырдым. Әдейі анам көретіндей етіп қойдым. Ол қағазды тауып алып, "Мұндайыңды екінші рет көрмейтін болайын!" деді.
Бірінші рет мектеп бітіргеннен кейін каминг-аут жасадым. Екі құрбыма сырымды ақтардым. Осыдан кейін өзімді жылдар бойы арқалап келген жүгім жеңілдегендей бақытты сезіндім. Сол күні анама бәрін жайып салдым. Ол ұзақ жылап, сонша уақыт бойы ештеңе байқамағанына қапаланды. Кейінірек әкеме айттым. Өте қатал адам болса да, ол бәрін қабылдады. Мені құшақтап, ұзақ жылады. Кейін әпкем мен оның отбасына, жақын достарыма айттым.
Бірінші рет қарым-қатынас құруға талпынып көргеннен кейін қатты депрессияға түстім. Ол кезде әлеуметтік желі мен танысу сайттары жоқ еді. Жергілікті басылымнан дос іздеген ер адамның хабарландыруын көрдім. Хабарлассам, жігіттерді таныстыратын "жеңгетай" екен. "Бұл ер адам жігіт іздеп бірнеше рет келді, жасы үлкен, талайды көрген" деп, мені райымнан қайтармақ болды. Ол кезде 20 жаста едім. Бәрібір кездесуге бардым. Ол үйленген, балалары бар адам екен. Мен медколледжді жаңа бітіріп, енді жұмысқа тұрғанмын. Оның анасын, балаларын, әйелін емдеп, үйіне еркін кіріп-шығатын болдым. Бірде ол "Қарым-қатынасымызды тоқтату керек" деді. Көңілім құлазып, ауыр күйге түстім. Ас-су ішпей, ұйықтамай, 20 килограмм арықтап кеттім. Осындай күйде көрші елге барып, диплом қорғап келдім.
Жұмыста өзімді "нағыз ер адам" сияқты ұстаймын. Қимыл-қозғалысымнан, сөзімнен "ер адамға жат" қылық байқалмайды. Бала кезден басқа ұлдардан ерекшеленбеу үшін әр қозғалысымды, ым-ишарам мен дауысымды әбден жаттықтырғанмын.
Жұмыстағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Туыстары әріптесімнің жыныстық ориентациясын біліп қойып, оны үйге қамап, молда шақырған. Молда жын шығару рәсімін өткізген. Осыдан кейін ағасы әріптесімді көрші бөлмеге кіргізіп, әбден ұрып-соққан. Ол шыдай алмай, жастығының астына анасына сыйлық қалдырып, үйінен кетіп, асылып өлген. Мен оған көмектесе алар едім деп ойлаймын. Өйткені оның басқаларға ұқсамайтынын көріп жүрдім ғой…
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: