Accessibility links

Жарқыраған форум, наразылық "көлеңкесі” және Тоқаевқа түсер “салмақ”


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) және елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана экономикалық форумы кезінде. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) және елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана экономикалық форумы кезінде. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.

Осы аптада әлемдік баспасөз Нұр-Сұлтанда өткен халықаралық жиын мен елдің шынайы әлеуметтік-экономикалық ахуалы арасындағы контрасты талқылады. Сайлаудан кейінгі Қазақстанның болашағына көз жүгірткен халықаралық БАҚ қордаланған әлеуметтік-экономикалық мәселелер президентке “көп проблема тудырмақ, Ресей мен Қытай арасында тепе-теңдікті ұстап тұру да қиынға соқпақ” деп болжайды.

"СӘН-САЛТАНАТТЫ ФОРУМ" ЖӘНЕ БИЛІККЕ ҚАРСЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Ұлыбританияда шығатын The Independent интернет-басылымы Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанда өткен Астана экономикалық форумынан репортаж әзірлеген.

“Қазақстандағы жарқыраған экономикалық форумға үкіметке қарсы наразылық көлеңке түсірді” деп аталған репортажда журналист халықаралық жиынның сән-салтанаты елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуалға қаншалықты кереғар екенін сипаттап береді.

“Астана экономикалық форумы инклюзивтілік, тұрақтылық, қауіпсіздік және өзгеріс сияқты халықаралық саммитте айтылатын мәселелердің барлығын қамтыды. Бірақ конференция залының сыртында сызат байқалып тұрды” деп қорытады тілші.

Басылымның жазуынша, Астана экономикалық форумы өзін “жарқыраған, заманауи, қызылкүрең әрі ондаған жыл басқарып келе жатқан қатал басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесінде” көрсеткісі келетін "Қазақстанның айнасы іспетті".

“Бұл жолы шара олимпиадаға жетеқабыл салтанаттан басталды: артта цифрлық толқындар тербеліп жатқанда бишілер сихронды түрде айналып жүрді. Музыка тоқтап, сахна қайтадан қызылкүрең түске боялғанда, осы шоудың "жұлдызы" төбе көрсетті” деп жазған журналист Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдына шыққан сәтін сипаттайды.

Астана экономикалық форумында сөйлеп тұрған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.
Астана экономикалық форумында сөйлеп тұрған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.

Автордың айтуынша, маусымның 9-ында өтетін кезектен тыс сайлауда Назарбаев таңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев оңай жеңіске жетеді.

“Бұрынғы дипломаттың Назарбаевтың соңғы рекорды 98,8 пайызға (президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев жинаған дауыс – ред.) жақындай қоюы екіталай. Дегенмен танымал емес адамдардың бақылаудағы алаңы да Назарбаев таңдаған мұрагерге қарсылық таныта алмас. Бюллетеньдегі жалғыз оппозициялық тұлға – бұрынғы журналист әрі үкіметтің бұрынғы баспасөз хатшысы Әміржан Қосанов көп артта қалып, екінші келетін шығар” деп болжайды журналист.

Тоқаев тәуелсіз саясаткер ретінде таныла қоймады деп тұжырым жасаған журналист оның Назарбаев отставкасынан соң барлық қалалардың орталық көшелерін және ел астанасын бірінші президенттің атымен атау туралы ұсыныс тастағанын айтады.

“Астанада Қазақстанның тұңғыш президентіне құрмет жетіспейді деп айту қиын. Бұл – Қазақстанның солтүстігіндегі желді далада салынған экцентрикалық қала, құдды Лас-Вегас іспетті. Нақтырақ айтсақ, Назарбаевтың тірі музейі” деп жазады The Independent.

Форумға келген халықыларалық деңгейдегі лауазымды қонақтар ғаламның экономикалық мәселелерін талқылаумен қоса, жиынды ұйымдастырған Назарбаевқа алғыс айтып, оның көрегендігін сөз етіп жатты.

“Форумда Назарбаевтың соңғы көрегендігі – жақсы басқарылған транзит сәтті орындалмайды-ау дегенге меңзейтін еш себеп байқалмады. [...] Бірақ конференция залының сыртында, “қазақ монолитінің” қабырғасынан сызат байқалады” деп жазады журналист.

ВИДЕО: Форум өтіп жатқан кезде бір топ ана Тоқаев пен Назарбаевтың шығуын талап етті (16.05.2019).

Наразы аналар Назарбаевпен кездесуді талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

Газеттің жазуынша, мамырда Қазақстанның түрлі аймағында болған наразылық шараларының кейбірін “шетелге кетіп, қуғындалған, тыйым салынған ұйымдар” басқарса, кейбірі ел ішінде ұйымдасқан.

“Сайлау қарсаңындағы наразылықтар тізбегі – режимнің 2011 жылғы Жаңаөзен ереуілінен кейінгі ең үлкен сынағы. Мұнай шығаратын аймақтағы ереуіл күшпен басылып, кемінде 14 кісі опат болған еді (Жаңаөзен оқиғасында ресми дерек бойынша 16 адам қаза тапқан – ред.)” деп жазады The Independent.

Британ журналисі 13 мамырда Оралдың орталық алаңына жазуы жоқ плакат ұстап шыққаны үшін қамауға алынған Аслан Сагутдиновтің ісін “трагикомедия” деп атаған. Сагутдинов биліктің “әзіл түсінетінін” тексеріп көрмек болған, ал “постмодернді түсінбеген” полиция оны тұтқынға алған. Эко-белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековтің сәуірдің 21-і күні Алматыда өткен марафон кезінде көше бойына “Шындықтан қашып құтылмайсың” деген баннер ілгені үшін тұтқындалуы наразылықты күшейтті дейді тілші.

"Шындықтан қашып құтылмайсың" баннері үшін жазаланған Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков сот залында тұр. 21 сәуір, 2018 жыл.
"Шындықтан қашып құтылмайсың" баннері үшін жазаланған Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков сот залында тұр. 21 сәуір, 2018 жыл.

“Олар (билік – ред.) шегініс жасауға мәжбүр болды, себебі оның (Әсия Төлесова – ред.) месседжі елдің “көңіл-күйін дөп басты” деп санайды. Халық “демократияға қарсы транзитке және басқарылған сайлауға қарсылық білдіріп жатыр” дейді” деп жазады британ басылымы.

The Independent-ке берген сұхбатында президенттікке кандидат Әміржан Қосанов наразылыққа шыққандардың тұтқындалуын “авторитаризмнің гротескілі карикатурасы” деп атаған. Оның айтуынша, бұл сайлау елді өзгертуге үміт береді. “Режимнің мені не себепті тіркегенін түсінемін. Мен оларға қажет болдым. [...] Сайлауға қатыспау – оппозиция үшін өлім жазасы болар еді” деді Қосанов.

“ТОҚАЕВҚА ТЕПЕ-ТЕҢДІКТІ ҰСТАП ТҰРУ ҚИЫНҒА СОҚПАҚ”

АҚШ-тағы жекеменшік барлау және сараптау компаниясы Stratfor сайты “Қазақстанның жаңа президенті өз елінің ірі державалар бәсекесіндегі рөлін қалай анықтайды?” деген тақырыппен мақала жариялады. Онда сарапшы алдағы сайлау Қазақстанда билік транзитін бекіте түсетінін, ұзақ жыл ел басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнын Қасым-Жомарт Тоқаевтың басатынын айтады.

Сарапшының айтуынша, бұл транзит алғашында ың-шыңсыз, тыныш өтеді. Дегенмен экономикалық дамудың баяулауы, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің қордалануы Тоқаевқа көп қиындық тудырады. Оның үстіне Тоқаев сыртқы саясатта көп өзгеріс жасамаса да, оған Ресей мен Қытай арасында тепе-теңдікті ұстап тұру қиынға соқпақ.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин қол алысып тұр. Мәскеу, 3 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин қол алысып тұр. Мәскеу, 3 сәуір 2019 жыл.

Сарапшының айтуынша, Тоқаевтың қазіргі басты шаруасы – Қазақстанды ұзақ жыл басқарып, елдің ішкі-сыртқы саясатын анықтап келген аса ықпалды басшының орнын басу. Тәуелсіздік алғалы Қазақстанның экономикасы қарқындап өсіп, жалпы ішкі өнім ұлғайды.

“Бұл процестің көбінде Тоқаев Назарбаевтың қоластында болғандықтан оның позициясы күшті. 1994 жылы сыртқы істер министрі болып тағайындалғалы бері Тоқаев ішкі және сыртқы қарым-қатынас бойынша маңызды қызметтер атқарды, соның ішінде премьер-министр де, сенат төрағасы да, БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде бас директор да болды.

"Егер наразылықтың ауқымы кеңейіп, зорлық-зомбылық артса [...] Ресей мен Қытай қаржылық көмек және қауіпсіздік жөнінен қолдау көрсетіп, елдің мәселелеріне көбірек араласуы мүмкін"
Stratfor

Бұрынғы президент Назарбаевтың басқа кандидаттардың, соның ішінде өз отбасы мүшелері мен аса ықпалды қауіпсіздік қызметі өкілдерінің арасынан Тоқаевты таңдау себебі – оның тәжірибесіне, технократтық табиғатына және Назарбаевқа адалдығына байланысты болса керек” деп жазады Stratfor.

Сарапшының айтуынша, Тоқаевтың тәжірибесі мен Назарбаевтың ықпалының арқасында президенттік билікті тапсыру кезеңінде бірінші президенттің отбасы, энергетика және бизнес, қауіпсіздік кландары арасында тепе-теңдік сақталып, тұрақтылық қамтамасыз етіледі.

“Дегенмен Назарбаев биліктен толығымен кеткен не өмірден озған соң (ол қазір 78 жаста) Тоқаев саяси тұрақсыздық пен қазақ үкіметінің өз ішіндегі топтар (әсіресе Назарбаевтың өз отбасы) арасындағы тартысты басқарумен әлек болуы мүмкін. Оның үлкен қызы Тоқаевтың орнына сенат төрайымы қызметіне отырды, егер Тоқаевтың жұмысы дұрыс жүрмесе, президенттіктен келесі үміткер болып Назарбаева тұр” деп жазады сарапшы.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта), елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және сенат спикері Дариға Назарбаева.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта), елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және сенат спикері Дариға Назарбаева.

Жақын болашақта Тоқаевтың басты проблемасы – экономика болмақ.

“Назарбаевтың отставкасынан біраз бұрын, 2014 жылғы әлемдік энергия бағасының құлдырауы және сапасыз несиеден банк секторының қайраңдауы кесірінен Қазақстанның экономикасы шабандай бастаған. Қазақстанның жылдық ЖІӨ өсімі 2000 жылдардағы 10 пайыздай көрсеткіштен 2018 жылы 4 пайызға бір-ақ түсті. Оның үстіне, Қазақстан Ресеймен тығыз экономикалық байланыста болғандықтан, Ресейдегі экономикалық стагнация кері әсерін тигізді” деп жазады Stratfor.

Сарапшының айтуынша, жалақы мен жәрдемақының мардымсыздығына наразылық білдірген шаралардың ауқымы шағын болғанымен, бұл Назарбаевты ЖІӨ өсімін бес пайызға жеткізуді және банк секторын “тазалауды” талап етіп, премьер-министрді қызметінен алып тастауға мәжбүр етті. Сарапшының ойынша, бұл шаралар Қазақстанның шабандаған экономикасының басты мәселесі – мұнай мен газ экспортына тәуелділіктен құтқара алмайды.

“Тоқаев билікті алған соң мәселелерді шешудің салмағы оның мойнына түседі, ал оның наразылықтың бетін қайтару үшін Назарбаев жиі жүгініп келген саяси капиталы жоқ... Егер наразылықтың ауқымы кеңейіп, зорлық-зомбылық артса [...] Ресей мен Қытай қаржылық көмек және қауіпсіздік жөнінен қолдау көрсетіп, елдің мәселелеріне көбірек араласуы мүмкін”, – деп болжайды сарапшы.

“Назарбаев Ресей және Қытаймен бірдей интеграцияны белгілі бір деңгейде қолдап, Қазақстанның егемендігі мен автономиясын сақтап келген. Алайда елдегі кез келген саяси тұрақсыздық бұл тепе-теңдікке қауіп төндіруі мүмкін. Екі держава да өз ықпалын жүргізіп, аймақтық мүдделерін қорғап жатыр. Ал тұрақсыз Қазақстан ғаламдық энергетика нарығына әсер етуі, наразылықты, миграцияны және трансшекаралық қарулануды қоздырып жіберуі ықтимал. Наразылық, сондай-ақ, Ресейдің Қазақстанмен қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы тығыз ынтымақтастығына әсер етуі, Қытайдың елдегі инвестициясы мен инфрақұрылым жобаларына қатер төндіруі мүмкін. Қытайдың аймақтағы ықпалы өскен сайын Пекин Мәскеуге тікелей қауіп саналып, бұл билік тепе-теңдігін одан сайын шайқай түспек” дейді автор.

Stratfor сарапшысының айтуынша, Тоқаев әзірге Назарбаевтың сыртқы саясатын жалғастыруға бекініп отыр. Дегенмен Ресей мен Қытай арасындағы бәсеке артса, Тоқаев елдің экономикалық және саяси қарым-қатынасын әртараптандырып, елдің автономиясын сақтау үшін АҚШ не Еуроодақ сияқты үшінші күшпен байланысты күшейтуге мәжбүр болады. “Бірақ мұның бір проблемасы бар: Қазақстан әлемдік державалардың үлкен текетіресіне бұрынғыдан да көп араласа бастайды” дейді сарапшы.

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛҒАН МЕДИАФОРУМ

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайты “Қазақстан: медиаға арналған бос сөз жиынында баспасөз бостандығы талқыланбады” деген мақала жариялады. Бұл материал күні кеше Алматыда өткен тағы бір ірі халықаралық жиын – Еуразия медиафорумы (Eurasian Media Forum) мен жалпы елдегі баспасөз бостандығының жайын талдайды.

“Қазақстанда жыл сайын өтетін Еуразия медиа форумына келген шетелдік журналистер әлемнің төртінші билігі саналатын баспасөздің басты мәселелері турасында қызу пікірталасқа қатысамыз деп келеді. Бірақ олар сенат төрайымы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы – Дариға Назарбаева ұйымдастырған форумда Қазақстандағы баспасөз бостандығының өрескел бұзылуы туралы ешқандай сөз болмайтынын біледі. Шетелдік бақылаушылар “өте нашар” деп бағалап келген сөз бостандығы ахуалы соңғы кездері күрт құлдырап кетті” деп жазады журналист.

Дариға Назарбаева (оң жақтан санағанда екінші) Еуразия медиа форумында отыр. Алматы, 23 мамыр 2019 жыл.
Дариға Назарбаева (оң жақтан санағанда екінші) Еуразия медиа форумында отыр. Алматы, 23 мамыр 2019 жыл.

Алматыдағы Ritz Carlton қонақүйінде өткен жиында жаһандану, марихуананы заңдастыру, жалған ақпарат, “жұлдыздарға” бағытталған медиадағы бәсеке, блогерлердің рөлі мәселелері жан-жақты талқыланған. Бірақ онда Қазақстандағы не жалпы Орталық Азиядағы сөз бостандығы туралы сессия мүлде болмады.

Автордың айтуынша, ақпарат құралдарының цифрлық құқықтары туралы сессия жалпы әлемдегі құбылыстарға арналды. Ал сессия өтіп жатқан Қазақстанда Назарбаев президенттіктен кеткен наурыз айынан бері азаматтардың цифрлық еркіндігі мәселесі қатты ушығып кетті. Халықтың наразылығынан қорыққан билік адамдардың цифрлық еркіндігіне шек қойды. Халық наразылығы туралы жазған вебсайттар ашылмай қалды, шеру болып жатқан тұста 3G және 4G желілері істемей қалды.

Форум кезінде Eurasianet тілшісі спикерлерге Қазақстандағы осы ахуал туралы сауал тастағанда, олар “сөзден жаңылған”. Сессияда Қазақстан атынан қатысқан жалғыз спикер Salem Social Media студиясының өкілі Александр Аксютин “халық VPN қолдана алады, сонда проблема неде?” деп жауап берген.

Тек грузин журналисі Наталья Антелава мен Лондонда тұратын журналист-оқытушы Захера Харб сауалға жауап берген. Антелава Қазақстанда сөз бостандығы ахуалы нашар болғандықтан, форумға қатысу жайын “ұзақ ойланғанын” айтты. Ол жергілікті журналистерден көп адам мінберге шығып, “жағдай туралы айтып береді деп үміттеніпті”, осындай пікірталас арқылы саясатқа ықпал етуге болады деп ойлапты. Ал Захера Харбтың айтуынша, мұндай шараларға бойкот жариялағанның орнына, конструктив диалог жүргізген әлдеқайда тиімді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG