Accessibility links

Астана мен Париж келісімдері күдікке ілінді


Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Париж, 19 қыркүйек 2011 жыл.
Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Париж, 19 қыркүйек 2011 жыл.

Франция басылымы Қазақстан мен Франция жасаған келісімдердің күдікке ілінгенін хабарлады. "Заңсыз төлемге" қатысты мақалада ENRS компаниясы құрылтайшыларының да аттары аталған.

"Францияда Николя Саркози президенттік еткен тұста Қазақстан мен Франция үкіметі арасында жасалған құны екі миллиард еуро көлеміндегі келісімнен заңсыз комиссиялық төлем алу фактісі бойынша тергеу басталды" деп хабарлайды француздық Le Monde басылымына сілтеме жасаған BBC.

Басылым дерегінше, қаржы жымқыру күдігімен ресми тергеу 2013 жылдың наурыз айында басталған. Бұл іс бойынша күдікке Николя Саркозиге жақын бірнеше адам іліккен. Басылым тергеу Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы қазанда Парижге сапарында жасалған келісімдерге, оның ішінде Франциядан 45 Eurocopter тікұшағын сатып алу келісіміне қатысты болуы мүмкін деген болжам айтады.

Le Monde басылымы тергеуде Николя Саркозидің 2009 жылы қазанда Қазақстанға жасаған сапары назарға алынып отырғаны, Саркози сол сапардан соң Бельгиядағы қазақстандық олигархтардың мүддесін қорғағаны жайлы жазған.

Басылымның бұл іске қатысты мақаласында үш олигарх – Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алимжан Ибрагимовтың аттары аталған.

Александр Машкевич, қазақстандық кәсіпкер.
Александр Машкевич, қазақстандық кәсіпкер.

Саркозидің билігі тұсында министр болған, бұрынғы басқарушы "Халықтық қозғалыс одағы" партиясының мүшесі Тьерри Марьяни тергеуді Саркозидің саяси амбициясымен байланыстырады.

Николя Саркози Франция президенті қызметін 2007-2012 жылдары атқарған.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов Азаттық тілшісіне Le Monde жариялаған мәліметтерге қатысты «ешқандай ақпарат түспегенін» айтты.

Қазақстан мен Франция арасындағы үкіметаралық келісім-шарттар нәтижесінде пайда болған жобалардың бірі – Астана қаласындағы тікұшақ құрастыру және техникалық көмек көрсетуші «Еврокоптер Казахстан инжиринг» компаниясы құрған зауыт. Мекеме өкілінің Азаттыққа айтуынша, компания 2011-2016 жылдар аралығында мемлекеттік органдарға арнап 45 тікұшақ құрастыруы тиіс болған. 2014 жылдың аяғына қарай барлық құрастырылған тікұшақтар саны 26-ға жетпек. Ал қалған 19-ы 2016 жылға дейін құрастырылмақ.

- Компанияның негізгі үш функциясы бар: тікұшақ құрастыру, техникалық көмек көрсету және оқыту. Қазіргі кезде компаниямыздың өзіндік тарату аймағы бар. Оған Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Беларусь кіреді. Қазір Түркіменстан мен Әзірбайжанмен байланыстамыз. Біздің қызметімізді Моңғолия да қолданып жатыр, - деді компанияның Тимур есімді қызметкері Азаттық тілшісіне.

Іле алатау ұлттық паркінің өрттен кейінгі жағдайын бақылып жүрген ТЖМ-нің тікұшағы. Көрнекі сурет
Іле алатау ұлттық паркінің өрттен кейінгі жағдайын бақылып жүрген ТЖМ-нің тікұшағы. Көрнекі сурет

Бұған дейін ресми басылымдар бұл тікұшақтардың төтенше жағдай министрлігі, қорғаныс министрлігі және бұрынғы қоршаған ортаны қорғау және су ресурсы министрліктеріне арналып жасалғанын хабарлаған болатын. Біріккен компанияның құрылтайшылары - Қазақстан жағынан «Самұрық-Қазынаға» кіретін «Казахстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» және Франция тарабынан Airbus Helicopters компаниясы.

Саясаттанушы, бұрынғы дипломат Расул Жұмалының айтуынша, құны екі миллиард еуро болатын мұндай қымбат келісім-шарттар әділет министрлігі, қаржы министрлігі, сыртқы істер министрлігі сияқты ірі мемлекеттік органдардың араласуымен жүзеге асуы тиіс.

Бірақ іс жүзінде көп келісімдер жабық есік жағдайында жасалып, тек атауы қоғамға жетіп жатады.
Расул Жұмалы

- Қазақстанда келісімдердің ашық жағдайда өткізілуі сияқты тиісті заңдық талаптар бар. Конституция талабы бойынша, үкіметаралық келісімдерге қол қойылмастан бұрын немесе ратификациялаудан бұрын міндетті түрде біздің ресми БАҚ-та басылып шығарылуы, халыққа түсіндірулі тиіс. Бірақ іс жүзінде көп келісімдер жабық есік жағдайында жасалып, тек атауы қоғамға жетіп жатады. Бірақ олардың мазмұны нақты шарттары, көп жағдайларда белгісіз болып қалады, - дейді ол.

Батыстағы практикада үкіметаралық ірі келісім-шарттар қоғам мен БАҚ-тың бақылауында мейлінше ашық, анық жүргізіледі. Мәселен, Францияда түрлі жемқорлық істер бойынша айыпталған бұрынғы президент Николя Саркозиге қатысты «түрлі заңсыз қаржылық әрекеттер» туралы ақпараттың қоғамға жария болуы – соның нәтижесі. Қазақстанға тікұшақ сатуға қатысты Le Monde мақаласы Францияда 2017 жылы өтетін президенттік сайлауға Саркозидің қатысу ниеті белгілі болған тұста қызу қоғамдық талқылау туғызды.

Ал Қазақстанда 1990 жылдардың аяғында да шет мемлекетпен сауда-саттық жасауға қатысты осыған ұқсас жағдай туған еді. 1999 жылы Қазақстанның Солтүстік Кореяға «МиГ-21» әскери жойғыш ұшағын сату талпынысы жария болып, халықаралық дәрежеде дау-дамайға ұшыраған. Бұл оқиғадан соң ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев пен қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев отставкаға кеткен болатын. Саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, сол кезде де келісім-шарттар «жабық есік жағдайында» жасалған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG