Accessibility links

Салық қызметі Ashyq жүйесіндегі мәліметті бизнесті жазалауға пайдаланғысы келді ме?


Көпшілік қоғамдық орынға кіру үшін Ashyq қосымшасының көмегімен смартфонға QR-кодты түсіріп тұрған адам. Көрнекі сурет.
Көпшілік қоғамдық орынға кіру үшін Ashyq қосымшасының көмегімен смартфонға QR-кодты түсіріп тұрған адам. Көрнекі сурет.

Пандемия кезінде бизнес өкілдері азаматтардың эпидемиологиялық статусын көрсететін Ashyq қосымшасынсыз жұмыс істей алмайды. Бірақ жақында салық қызметі Ashyq-тағы деректерді кәсіпкерлерге қарсы қолданғаны белгілі болып, дау туды.

"КЕЙДЕ ӘЖЕТХАНАҒА КІРУГЕ РҰҚСАТ СҰРАЙДЫ"

Қазақстандағы дәмхана, мейрамхана иелеріне салық қызметінен түсініксіз хабарлама келе бастаған. Оларға "Ашық" қосымшасы арқылы дәмханаға кірген адамдар мен тіркелген төлем қағазының (чек) саны сәйкес келмейді деген кінә артылған.

– Салық қызметі шақырып, "жеке кәсіпкерліктің табыс салығы мен Ashyq қосымшасындағы деректер арасында сәйкессіздік бар" деген хабарлама бермесе мұны білмес те едік. Олардың салық есебін неге қосымшадағы деректермен салыстырып жатқанын түсінбедік. Өйткені Ashyq-ты енгізген кезде "қосымша "қызыл" және "сары" статустағы азаматтарды ішке кіргізбей, қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғана керек, деректер ешқайда кетпейді" деп сендірген, – дейді қостанайлық кәсіпкер Әсел Исламова.

Әселдің қала орталығында шайханасы бар. Кәсіпкердің сөзінше, дәмханаға көп адам кіргенімен олардың бәрі ас ішуге қалып, тапсырыс бермейді.

– Кей адамдар әжетханаға кіруге рұқсат сұрауы мүмкін. Біз жай кіріп-шығатын азаматтардан да Ashyq қосымшасындағы статусын көрсетуді сұраймыз. Арасында Ashyq-пен кіріп, бірақ баға не ас мәзірі көңілінен шықпай, кетіп қалатын қонақтар болады. Тамақ жеткізумен айналысатын курьерлер, тапсырыс берген асын өзімен алып кететіндер кіреді. Қызметкерлер де жұмысқа келгенде Ashyq-қа қосылады. Үстелге отырған қонақтар мен чек саны сәйкес келе бермейді, өйткені алты адам бірге отырып ас ішсе, оларға бір чек қана беріледі. Чекті адам санына бөле алмаймыз ғой. Сондықтан кассалық бақылау аппаратын Ashyq-пен қалай салыстыруға болатынын түсінбеймін. Бұл ақылға қонбайды, –дейді Әсел Исламова.

Кәсіпкердің айтуынша, басында Ashyq карантин кезіндегі жақсы жаңалық болып көрінген.

– Ұзақ уақыт жұмыс істемедік, қарызға кіріп кеттік. Тамақты өзімен бірге алып кету мен жеткізуден көп ақша түспейді. Табысқа енді ғана іліндік. Ғимарат жалдау ақысын да толық төлеген жоқпыз, тауар жеткізушілерге қарызымыз бен қызметкерлердің жалақысын ғана бердік, – дейді Әсел.

"БҰЛ БІЗ ОЙЛАҒАННАН ДА САЛМАҚТЫ МӘСЕЛЕ"

Ресторатор Александр Трофимов Ashyq қосымшасындағы деректердің салық қызметіне өтуінің өзі алаңдауға негіз боларлық дүние деп есептейді.

– Мұндай ақпаратты мемлекеттік кірістер басқармасына беруге рұқсат ететін нормативті актілер жоқ. Демек деректер басқарманың сұрауымен берілген. Бұл – заңсыз әрекет және қызмет құзыретін асыра пайдалануға жатады. Қазір Ashyq жобасының қызметкері мемлекеттік кіріс департаментіне кез келген мекемеге қанша адам кіргені жөнінде ақпарат беретін болса, ертең миллиондаған адамның қайда жүргені туралы деректер жеке тұлғалардың, оның ішінде теріс пиғылдағы адамдардың қолына түсуі мүмкін ғой. Бұл жеке өмір қауіпсіздігін бұзып қана қоймай, көп азаматтың өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан бұл – біз ойлағаннан да салмақты мәселе. Бұл деректерді сұраған және берген адамдарды анықтап, олардың басшыларын жауапқа тарту керек, – дейді кәсіпкер.

Трофимовты мемлекеттік кіріс басқармасының кәсіпкерлерге хат жібергені де таңғалдырған.

– Мемлекеттік кіріс басқармасының өкілдері қызмет құзыретін асыра пайдаланып, заң бұзып, бизнеске әкімшілік ықпал етудің жеке әдістерін ойлап тауып, қолданады екен. Басшылардың бұл хатқа неге қол қойғаны да қызық. Бұл осылар өз ісін қаншалық жақсы біледі деген күмән туғызады. Аталған фактілер бойынша қызметтік тексеру жүргізіп, кем дегенде тәртіптік және кадрлық мәселе жөнінде тұжырым жасалуы керек, – дейді Александр Трофимов.

Кәсіпкер дәмханаға кіру тамаққа тапсырыс беріп, чек шығару дегенді білдірмейтінін айтқан басқа азаматтардың пікіріне қосылады. Өйткені тауар жеткізушілер, курьерлер мен жай келген қонақтар да Ashyq-ты қосып кіреді, көбіне дәмханадан тамақтанған бірнеше адам ақшаны бірігіп төлейді. Ол шешім қабылдарда осы жайттар неге ескерілмеген деп қынжылады.

– Болмаса, хат иелері бәрін біле тұра кәсіпкерді шатастырып, әкімшілік ресурс арқылы заңсыз талаптарын орындатқысы келеді немесе қызметкерлердің біліктілік деңгейі төмен. Екеуі де қуанатын нәрсе емес. Мұндайға жол бермеу керек. Өйткені осындай жайттардың кесірінен ковидке қарсы шаралар мен билік органдарына деген сенім азаяды, – дейді кәсіпкер.

"ҚАНША АДАМ КЕЛГЕНІ ЖАЙЛЫ ДЕРЕК ҚАНА БЕРІЛЕДІ"

Мемлекеттік кіріс комитеті Ashyq жүйесіндегі деректерді беру заңды екенін айтып, "құпия ақпарат алмаймыз, тек адам саны туралы дерек ғана беріледі" деп мәлімдеді. Салық қызметкерлері хабарлама алған кәсіпкерлерде мүмкіндік барын айтты. Бұл үшін кәсіпкер деректер арасындағы сәйкессіздік себебін түсіндіруі керек. Сонда олардың түсініктемесі негізге алынады.

Қазақстандағы қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы төрағасының кеңесшісі, Ashyq жүйесіндегі деректердің салық қызметіне берілгеніне бірінші болып назар аударған Вероника Нұрпейісова мемлекеттік органдар бұл шешімді әлдеқашан қабылдағанын, ал кәсіпкерлер мұның заңсыз екенін айтып, қарсылық білдіргенін еске салады.

– Ashyq-ты "жазалау шарасына" айналдырып отыр. Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрадық. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Осы тақырыпта жазба жариялағаннан кейін ғана Тоғжанов (коронавирус инфекциясына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия төрағасы) реакция білдіріп, мәселе шешілді. Жазбаны өшіруімді сұрап, мәселені бір күнде шешуге уәде етті. Жазбаны өшірдім, уәдесінде тұрды, – дейді Нұрпейісова.

Осыдан кейін салық қызметіне кәсіпкерлерге жіберілген хаттарды қайтарып алу тапсырылған.

"ЕШКІМ ЖҰМЫС ІСТЕГІСІ КЕЛМЕЙДІ"

Нұрпейісованың айтуынша, Ashyq жүйесінде әлі күнге шешімі табылмаған мәселе көп.

– Ashyq-тың негізгі мәселесі: қосымша әлі күнге денсаулық сақтау министрлігінің базасына қосылмаған. Мысалы, денсаулығыма байланысты вакцина салуға болмайтыны жөнінде анықтамам бар, бірақ жүйеде әлі күнге көк статуспен тұрмын. Қазір ғимаратқа кірерде деректеріңізді қолмен енгізетін "күзетші" режимі ашылмайды немесе қате ашылады. Сол себептен кәсіпкерлер Ashyq бағдарламасының көшбасшысы бола алмайды. Төрт айдан бері осы тақырыпта пікір таластырып келеміз, бірақ нәтиже жоқ. Мемлекеттік органдар біресе бағдарлама жасаушылармен келісімшартқа қол қоя алмай жатқанын, біресе тағы бірнәрсені айтады. Ешкім жұмыс істегісі келмейді, бәрі доп қуғандай қылады, – дейді Нұрпейісова.

Ол мемлекетті қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істеп көрмеген кеңесшілерді тыңдамауға шақырады.

– Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағыдай белгілі бір саладағы сарапшылар комитетін құрып, солармен кеңесу керек. Бұл жағдайда біздің салада жүрген сарапшылармен сөйлескен дұрыс. Осы салада жүргендіктен, өзімізге зияны тиетін ештеңе жасамаймыз. Осындай әдіспен жұмыс істеу керек, – дейді Нұрпейісова.

Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салтанат Лесбаеваның сөзінше, мемлекеттік органдардың Ashyq деректерін алуға немесе үшінші тұлғаларға беруге құқығы жоқ. Өйткені мобиль қосымшасын жүктеген кезде қолданушы келісімі болады, онда ақпаратты үшінші тұлғаға беру туралы ештеңе жазылмаған. Лесбаева қазір бұл мәселе жабылған дейді. Ведомствоаралық комиссия барлық хаттарды қайтарып алуға тапсырма берген.

"МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР АСЫРА СІЛТЕП ЖІБЕРДІ"

Лесбаеваның пікірінше, қоғамдық тамақтандыру пандемиядан ең көп зардап шеккен салалардың біріне жатады. "Қызыл" және "сары" статусы бар адамдардың көпшілік орындарға кірмеуін қадағалаудан басқа мақсаты жоқ Ashyq жүйесі жағдайды өзгертуге көмектесуі керек еді.

– Бұл қосымша кәсіпкерлер салығын толық бақылауға алу үшін жасалмаған, сондықтан оны бұл мақсатта қолдануға болмайды. Мемлекеттік органдар осы жолы асыра сілтеп жіберді. Жағдайды жақсартпақ болған ісі әдеттегідей болып шықты. Салық органдары бизнеспен келісіп әрекет етуі керек, өйткені онсыз да сатып алу қабілеті төмендеп келе жатыр, бұл экономикаға әсер етеді, – дейді Лесбаева.

Биыл Ashyq жүйесіне байланысты бірнеше шағым айтылған. Мамырда Аshyq жүйесінде вакцина салдырған қазақстандықтар көрінбей қалған. Жазда Ashyq қызметінде ақаулар болған. Бұл "цифрландыру деңгейі төмен елге осындай қосымша қажет пе?" деген талқылауды күшейткен. Коммерциялық банктер өз қосымшаларын COVID-19 вирусын жұқтырып ауырған азаматтардың базасы қамтылған Ashyq жүйесіне енгізген. Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі "Азаматтардың жеке деректері банктердің қолына өтіп кетпей ме?" деген сұраққа "Банк қолданушылар туралы ақпаратты, яғни олардың жеке деректерін онсыз да біледі" деп жауап берген.

Әсел Исламова алдағы уақытта мемлекеттік органдардан ешкім күтпеген "тосын сый" болмайтын шығар деп үміттенеді.

– Карантиннен аман-есен шықтық. Онсыз да мемлекеттің көп шешімі түсініксіз болды. Мысалы, автобуста қарақұрым халықтың арасында жүруге болады да, ал ауаны тазарту құрылғысы мен санитайзері бар, ара қашықтық сақталатын, қызметкерлері вакцина салдырған мейрамханада жиын өткізуге болмайды. Барлық заң талабын сақтауға тырысып жатырмыз, бастысы, бізге тимесе болды, сонда жақсы жұмыс істейміз, – дейді Әсел Исламова.

Мақаланың орыс тіліндегі нұсқасын мына жерден оқи аласыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG